Accessibility links

Күтімге зәру жалғызілікті жандар


Қарағанды облысындағы музей алдында отырған мүмкіндігі шектеулі адам. (Көрнекі сурет)
Қарағанды облысындағы музей алдында отырған мүмкіндігі шектеулі адам. (Көрнекі сурет)

Алматыда жалғызілікті қарт әйел жаңа көршісі қарайласуды ұйғарғанға дейін жылдар бойы антисанитарлық жағдайда өмір сүрген. Оның пәтерін тазалауға бірнеше күн кеткен. Жалғызілікті жандарға көмектесетін әлеуметтік ұйымдар бар,бірақ кей адамдар олардың бар екенін білмейді.

Кемтар немесе ақыл-ес кемістігіне байланысты адам төзгісіз жағдайда, бірақ «дені сау әлеммен» қатар өмір сүріп жатқан адамдар бар. Көптеген алматылықтар жалғызілікті қарт адамдар мен мүгедек жандар сияқты өз-өзіне күтім жасауға дәрменсіз көршілеріне не істерін білмейді. Бірақ ондай адамдардың жағдайын заң негізінде жеке қарауға болады. Елде мүгедектер мен қарттарға көмектесетін мемлекеттік әлеуметтік қызмет органдары да бар.

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚПЕН ҮЙ ТАЗАЛАУ

Банк қызметкері Евгений Новикованың тура «төбесінде» сондай адам тұратын болып шыққан. Ол пәтер сатып алған кезде жоғарғы қабаттағы пәтерде қарт әйел антисанитарлық жағдайда тұрады деп тіпті ойламаған.

Кәрі әйелдің үйінің кіреберісінің жиналмаған кезіндегі және жиналғаннан кейінгі суреті.
Кәрі әйелдің үйінің кіреберісінің жиналмаған кезіндегі және жиналғаннан кейінгі суреті.

- Әлгі кісі пәтерін жылдар бойы жуып-шаймапты. Иесі үсті-басына қарамайды, жуынбайды. Иіс қолқаны қабады. Таракандар өріп жүр. Дәрігер емеспін, сондықтан ол кісінің ақыл-есі қандай күйде екенін айта алмаймын, бірақ өзі «аяқтарым ауырады, жуып-шаюға шамам жоқ» дейді. Оның сөзінше, туыс дегеннен немерелес бауыры ғана бар көрінеді, бірақ ол Ресейде тұрады екен. Пәтер нағыз «бомждың» үйіне айналған. Оны әлгіндей мүшкіл күйде қалдырғым келмей, пәтерін тазалап беруді ұйғардым, - дейді Евгения Новикова Азаттыққа.

Мұндай жұмысқа жалғыз өзінің шамасы жетпейтін болғандықтан, бойжеткен ақылы негізде үй тазалаумен айналысатын компанияларға телефон соққан. Көбі бас тартқан. Біреулері пәтердің антисанитарлық күйін көріп шошып кеткен, өзгелері ақысын қымбат сұраған. Евгения Новикованың айтуынша, Тop.kz фирмасына телефон соққан кезде оның бас директоры Алмас Кебекбаев жағдайды түсініп, пәтерді тегін тазалап беруге адамдар жіберген.

Алмас Кебекбаев Азаттыққа берген комментариінде мұндай қайырымдылық акцияларын енді үнемі өткізіп тұру мәселесі қаралып жатқанын айтты.

- Біздің фирмамыз үшін бұл түкке тұрмайтын шығын, ал әлгі ауыр жағдайдан кейін адамдардың тынысы кеңіп қалды, - дейді ол.

Оның сөзінше, компания қызметкерлері мен Евгения Новикова пәтерді екі күн бойы тазалап, 40 қапқа жуық қоқыс шығарған.

Іскерлік әлемінде компаниялар гуманитарлық, әлеуметтік және экологиялық акциялар жиі өткізеді. «Игі істер саясатын» қаржыландыру үшін бюджетте жеке бап қарастырылады. Негізі, компанияның да, қоғамның да жағымды имиджін қалыптастырып, жайлы орта құруды көздейтін мұндай акциялар корпоративті әлеуметтік жауапкершілік аясында өткізіледі.

ЖАЛҒЫЗІЛІКТІ ЖАНДАРҒА КІМДЕР КӨМЕКТЕСЕДІ?

Ас бөлмесінің жиналғанға дейінгі және жиналғаннан кейінгі суреті.
Ас бөлмесінің жиналғанға дейінгі және жиналғаннан кейінгі суреті.

Евгения Новикова пәтер сатып алған кезде көршілерімен таныспаған. Көп жылдар бойы лас әйел үй тұрғындары үшін проблемаға айналғанын ол енді естіп жатыр. Олардың сөзінше, әлгі пәтер антисанитария мен түрлі жәндіктердің ұясы болған.

Адвокат Жандос Тұяқов Азаттыққа берген комментариінде «үй тұрғындары прокуратураға арыз жазуы тиіс» дейді. Егер әйелдің туыстары жоқ болса, прокуратура оны өз әрекетіне есеп бере алмайтын адам деп тануды сұрап, әлгі арыз негізінде сотқа жүгінеді. Сот шешімімен оны психиатриялық сараптамадан өткізеді, егер дәрігерлер психикасында ауытқу бар деп тапса, әйелді мәжбүрлі түрде емдеуге жібереді. Ал дені сау болса, ол кісі көршілерінің денсаулығына қатер төндіре ме, жоқ па анықтайтын арнайы комиссия құру үшін прокуратура істі әкімдікке жолдайды. Бұл екі жағдайда да прокуратура шара қолдануы тиіс дейді ол.

Қазақстанда мемлекеттік әлеуметтік көмек орталықтары жұмыс істейді. Олар аудандық әкімдіктерге қарайды. Алматыда мұндай 29 орталық бар.

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Тимур Базарбаевтың айтуынша, әлеуметтік қызметкерлер күтімге мұқтаж адамға түрлі көмек, оның ішінде пәтерін, үйін тазалау, азық-түлік пен шаруашылық заттарын сатып әкелу, кір жуу, тамақ пісіру сияқты тұрмыстық көмек түрлерін де көрсетеді. Бұған қоса, оқыту, заң және экономикалық мәселелер бойынша көмектер де әлеуметтік қызмет түрлеріне жатады.

Өзіне күтім жасауға дәрменсіз қарттар арнайы әлеуметтік қызмет түрлерін алу үшін әлеуметтік қызметкердің көмегімен құжаттарын өткізе алады.

- Өзіне күтім жасауға дәрменсіз қарттар арнайы әлеуметтік қызмет түрлерін алу үшін әлеуметтік қызметкердің көмегімен құжаттарын өткізе алады. Бұл үшін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүгінуі тиіс, - дейді Тимур Базарбаев.

Қазір Алматыда әлеуметтік көмек бағдарламасы бойынша 2422 жалғызілікті зейнеткер мен мүгедекке қызмет көрсетіледі. 325 әлеуметтік қызметкер олардың үйіне барып көмектеседі.

XS
SM
MD
LG