Accessibility links

«Қарттар үйіне жатпайтын» қариялар орталығы

Asar орталығындағы Зейнеп апа немересі Маямен әңгімелесіп отыр. Алматы қаласы, Алғабас ықшам ауданы, 12 шілде 2016 жыл.
Asar орталығындағы Зейнеп апа немересі Маямен әңгімелесіп отыр. Алматы қаласы, Алғабас ықшам ауданы, 12 шілде 2016 жыл.

Алматыда Алғабас ауылында егде кісілерге арнап еріктілер ашқан Asar орталығы бар. Ұйымдастырушылар «өздеріне пайда түспейтінін, қарияларға көмектескендеріне риза» екенін айтады. Ал тексеріп келген әкімдік өкілі «қарттар үйіне ұқсамайтын, Қазақстан тәжірибесінде болмаған орталыққа қаржы бөлмейтіндерін» ескертіп кеткен.

Жұмыс істегеніне жарты жыл ғана болған Asar орталығын кәрі шешелері бар отбасы «альцгеймер сырқатына шалдыққан қарияларға көмектесу үшін құрған». Орталықты ашқан орта жастағы келіншек Гүлнар Асанова анасының соңғы жылдары ақыл-естен жаңылып, ауыра бастағанын айтады.

"Asar" қариялар орталығы
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:35 0:00
Жүктеп алу

- Өзіміз қала орталығында тұрамыз. Әуелде анамызды көршілерге тапсырып кетіп жүрдік. Бірақ есік алдына шыққанда адасып кететін болды. Жұмысты тастап анама қарауға бел будым, - дейді ол.

Алайда қаладағы мектепте қазақ тілі және әдебиетінен сабақ беретін ол 30 жылдай еңбек өтілі болғандықтан, мектептегі жұмысынан қол үзбей, зейнетке шыққысы келген. Ол көмекке бойжеткен екі қызы келгенін айтады.

- Қыздарым Сая мен Мая орталық құрайық деді. Ондай орталықтар Еуропада бар екен. Ол санамызда орныққан қарттар үйі болмауы керек, дертті кісілер қартайғанда қатарластарымен аралассын, әркімге жаутаңдамауы тиіс дедік. Сөйтіп ақпанда осыны аштық,- дейді ол.

Алғабастағы Asar орталығын тауып бару қиын. Орталық жетекшілері бұл қиындықты альцгеймер дертімен ауыратын егде кісілерге қолайлы болу үшін жер үй керек болғанымен түсіндіреді. Орталық қазір бұл үйді жалдап отыр.

Asar орталығы жалдаған үй. Алматы, 12 шілде 2016 жыл.
Asar орталығы жалдаған үй. Алматы, 12 шілде 2016 жыл.

Гүлнар бастапқыда таныстарының көзқарасы әртүрлі болғанын айтады. Бірі қарттар үйі деп санаса, бірі егде кісілер күтімін көрген соң қолдай бастаған. Орталық ашарда ол қызы Саямен бірге қаладағы альцгеймер клиникасы кеңесіне жүгінген. Клиника жолдаған төрт қарияны күтімге алған.

- Бізге анамызды емдеген дәрігер «мұндай кісілер жалғыз қалмай көпшілік арасында болғаны дұрыс» деді. Қазір альцгеймер клиникасы біздің қарияларымызды бақылауда ұстайды, кеңес береді, - дейді Гүлнар Асанованың қызы, Asar орталығы жетекшісі Сая Асанова.

«ҚАРТТАР ҮЙІН ҚАЛАМАДЫҚ»

Альцгеймер сырқатына ерекше күтім керек, ондай туыстары бар азаматтар оған көп уақыт пен күш жұмсайды. Сондай жағдайға тап болғанын Facebook-те белсенді Жанна Байтелова жазған еді.

- Емдетіп көрдік. Қазақстанда бұл дертке аса мән бермейді. Сапарға шыққанда кімге қалдыратыныңды білмейсің. Қарттар үйіне беруге ұялдым, туыстарым да қарсы болды. Таяуда Asar орталығына орналастырдым. Бірақ Талғардан Алғабасқа апарып-әкелу қиын, орталық дүйсенбіден жұмаға дейін қарауға келісті, - деп жазады ол.

Гүлнар Асанова науқас қарияларды күндізгі уақытқа (таңғы сағат 8-ден 18:30-ға дейін) қабылдауға тырысатындарын айтады. Оларға қарау үшін медбике алған. Раушан Әмірханова бұрын қарттар үйінде жұмыс істеген.

- Қарттар үйлеріне оралса екен деген ой сол кезде келетін. Сондықтан ұсынысқа ойланбай келістім. Үйіме де жақын, - дейді медбике.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Asar орталығы (суретті басыңыз)

Алғабастағы қариялар орталығы

Біршама уақыт бұрын көршілері Надежда Ивановнаны Asar орталығына әкелген екі зейнеткер орталық қызметін көріп қайтуға келген. Олардың сөзінше көршілері Надежда Ивановна пәтерінде көбіне жалғыз қалып, жағдайы болмаған. Алматы қаласы, Алғабас ықшам ауданы, 12 шілде 2016 жыл.
1/7 Біршама уақыт бұрын көршілері Надежда Ивановнаны Asar орталығына әкелген екі зейнеткер орталық қызметін көріп қайтуға келген. Олардың сөзінше көршілері Надежда Ивановна пәтерінде көбіне жалғыз қалып, жағдайы болмаған. Алматы қаласы, Алғабас ықшам ауданы, 12 шілде 2016 жыл.
Asar орталығы жалдаған үй. Бұрын көп қабатты үйде тұрып келген қарияларға жер үй ұнаған. Аулаға шығу оңай. Үйде тұрмысқа қажетті жағдай жасалған. Орталық жетекшілері қарияларға жайлы болғандықтан, қала шетінде болғанына қарамастан осы үйді жалға алдық дейді. Алматы қаласы, Алғабас ықшам ауданы, 12 шілде 2016 жыл.
2/7 Asar орталығы жалдаған үй. Бұрын көп қабатты үйде тұрып келген қарияларға жер үй ұнаған. Аулаға шығу оңай. Үйде тұрмысқа қажетті жағдай жасалған. Орталық жетекшілері қарияларға жайлы болғандықтан, қала шетінде болғанына қарамастан осы үйді жалға алдық дейді. Алматы қаласы, Алғабас ықшам ауданы, 12 шілде 2016 жыл.
Asar орталығында отырған Зейнеп апа мен немересі Мая. Мая қазір күйеуімен Нидерланд мемлекетінде тұрады. Алматыға демалысқа келген. Әпкесі Саямен бірге көбіне ол осы орталықта жүреді. Мая Еуропада қарттар үйі де, қариялар күндіз болатын орталықтар да бар екенін айтады. Алматы қаласы, Алғабас ықшам ауданы, 12 шілде 2016 жыл.
3/7 Asar орталығында отырған Зейнеп апа мен немересі Мая. Мая қазір күйеуімен Нидерланд мемлекетінде тұрады. Алматыға демалысқа келген. Әпкесі Саямен бірге көбіне ол осы орталықта жүреді. Мая Еуропада қарттар үйі де, қариялар күндіз болатын орталықтар да бар екенін айтады. Алматы қаласы, Алғабас ықшам ауданы, 12 шілде 2016 жыл.
Asar орталығын құрған Гүлнар Асанова (алда) мен орталық медбикесі Раушан Әмірханова. Гүлнар үйі Алматы орталығында болса да көбіне осында жүретінін айтады. "Жолдасым да, немерелерім де осында жиі келеді. Мұндағы әжелер сәбилерді сүйіп, олармен балаша ойнап мәз болады" дейді ол. Алматы қаласы, Алғабас ықшам ауданы, 12 шілде 2016 жыл.
4/7 Asar орталығын құрған Гүлнар Асанова (алда) мен орталық медбикесі Раушан Әмірханова. Гүлнар үйі Алматы орталығында болса да көбіне осында жүретінін айтады. "Жолдасым да, немерелерім де осында жиі келеді. Мұндағы әжелер сәбилерді сүйіп, олармен балаша ойнап мәз болады" дейді ол. Алматы қаласы, Алғабас ықшам ауданы, 12 шілде 2016 жыл.
Қариялар сағат 11-ге қарай жеңіл-желпі ас ішкен соң күтуші әрі медбике Раушан Әмірханова оларды ауладағы столға отырғызып, есте сақтау қабілетін қалпына келтіретін ойын ойнатады. Алматы қаласы, Алғабас ықшам ауданы, 12 шілде 2016 жыл.
5/7 Қариялар сағат 11-ге қарай жеңіл-желпі ас ішкен соң күтуші әрі медбике Раушан Әмірханова оларды ауладағы столға отырғызып, есте сақтау қабілетін қалпына келтіретін ойын ойнатады. Алматы қаласы, Алғабас ықшам ауданы, 12 шілде 2016 жыл.
Asar орталығындағы Зейнеп Айдарованың аяқ киімін немересі Мая кигізіп, аулаға шығарып барады. Зейнеп апа өзі сияқты егде кісілермен араласып, "жақсы болып қалғанын" айтады. Альцгеймер клиникасында емделген Зейнеп апа 87 жасқа шықса да ширақ көрінеді. Өмір бойы құрылыста жұмыс істегенін, тас қалаушы да, сылақшы да болғанын айтады. Алматы қаласы, Алғабас ықшам ауданы. 12 шілде 2016 жыл.
6/7 Asar орталығындағы Зейнеп Айдарованың аяқ киімін немересі Мая кигізіп, аулаға шығарып барады. Зейнеп апа өзі сияқты егде кісілермен араласып, "жақсы болып қалғанын" айтады. Альцгеймер клиникасында емделген Зейнеп апа 87 жасқа шықса да ширақ көрінеді. Өмір бойы құрылыста жұмыс істегенін, тас қалаушы да, сылақшы да болғанын айтады. Алматы қаласы, Алғабас ықшам ауданы. 12 шілде 2016 жыл.
Asar орталығы жалдаған үйдің ауласы. Аулада қариялар демалатын сәкі, орындықтар бар. Ортадағы шағын гүлзарды кейде қариялардың өздері суарады. Алматы қаласы, Алғабас ықшам ауданы, 12 шілде 2016 жыл.
7/7 Asar орталығы жалдаған үйдің ауласы. Аулада қариялар демалатын сәкі, орындықтар бар. Ортадағы шағын гүлзарды кейде қариялардың өздері суарады. Алматы қаласы, Алғабас ықшам ауданы, 12 шілде 2016 жыл.
Previous slide
Next slide

Бұрын ауруханада да жұмыс істеген Раушан қарияларға дәрілерін уақтылы беріп, аздап жаттығу да жасатады. 70-тен асқан төрт қария үш мезгіл диеталық тамақ ішеді. Қалаған сәтте ұйықтап, демалатын кереуеттері дайын.

- Төртеудің бірі - өз шешеміз. Анамызға қалай қарасақ, өзгелерге де солай қараймыз, - дейді Гүлнар Асанова.

Альцгеймер сырқаты

Альцгеймер сырқаты

​Бұл кесел көбіне 65-тен асқан адамдарда пайда болады. Алғашқы белгілері адамның дәл қазіргі жағдайды ұмытып қалуынан байқалады. Асқына келе науқастың сөйлеу және таным функциясы бұзылып, кейде тіпті бұрын білетін жерінен адасып кететін, өзіне қарамайтын күйге түседі.

Asar орталығында шілденің 12-сі өткен ашық есік күнінде Алматы шаштараз орталықтарының бірінің қызметкерлері келіп, қариялардың шашын қысқартып, тырнақтарын әрлеп жатты. Өзін «Раиса Федоровна» деп таныстырған егде кісі осы орталыққа табыстаған көршілері «Надежда Ивановнаның жағдайын білуге келгенін» айтты.

- Жағдайы нашар еді. Мұндағы қызмет оған да, бізге де ұнады, - дейді ол.

Азаттық тілшісі сырқат қарияларды мазалауды жөн көрмеді, Асановтар отбасының анасы, 87-ге келген Зейнеп Айдаровамен ғана тілдесті.

- Бұрын балаларым қарады. Мына орталықтары жақсы болды. Кемпір-шал көрсе жастар тыжырынады ғой, мұнда ондай жоқ, - дейді ол.

Ал қызы Гүлнар «бұрын жұмыстан келгенде әңгіме сұрайтын анасы қазір күнде өзі де жұмысқа баратындай киініп, кешке істеген «жұмыстарын», гүлге су құйғандарын, аспазға көмектескендерін әңгімелеп мәз болатынын» айтады. Азаттық тілшісі барғанда Asar орталығына келген Жүйке тозуы мен альцгеймер аурулары клиникасы бас директоры Жібек Жолдасова «есте сақтау қабілеті, сөйлеу дағдысы, мінез-құлқы қалпына келе бастаған кәрі кісілерді көпшілікпен жиі араластырған пайдалы» дейді.

«ҮКІМЕТТЕН ҚАЙЫР ЖОҚ»

Сая Асанованың айтуынша, Asar орталығында өзі, медбике және аспаз – үш адам тұрақты жұмыс істейді. Медбике мен аспаз жалақысын, орталық шығынын Асановтар отбасы көтереді. Ұйымдастырушылардың сөз ауанына қарағанда, бір адамды күту шығыны шамамен 70 мың теңге, бірақ орталық қариялардан ондай қаржы талап етпейді. Қосқан қаржысын сол қарияның өз күтіміне жұмсайды.

- Табыс көздейсіңдер дегендер болған. Бізге қаржылай пайда жоқ. Арасында іссапарға кеткендер қариясын әкеп тастайды. Ал тұрақты күтімдегі төрт кісіден табыс көрмейміз, - дейді Гүлнар Асанова.

Asar орталығын құрған Гүлнар Асанова (алда) және медбике Раушан Әмірханова.
Asar орталығын құрған Гүлнар Асанова (алда) және медбике Раушан Әмірханова.

Ұйымдастырушылар сөзінше, «орталыққа келгісі келетін адам көп» болғанымен, олардың орталықты кеңейту жоспары жоқ әрі «демеушілер табылмаған». Ал тексеруге келген қала әкімдігі өкілі бастаманы ұнатқанмен, «қарттар үйіне жатпайтын, балабақшаға да ұқсамайтын, Қазақстан тәжірибесінде болмаған орталыққа қаржылай қолдау көрсетудің әзірге реті жоқ» екенін ескертіп кеткен.

Азаттық тілшісі барған күні Asar орталығына бірнеше зейнеткер келді. Олар «әуелі орталықты көргісі келгендерін» айтады. Біреуі орталыққа келген шаштаразға маникюр жасатып та алды.

Қазақстанда еріктілер құрған мұндай шағын орталықтарды мемлекеттік қолдау практикасы әлі қалыптаспан.

Айдар
XS
SM
MD
LG