Accessibility links

Көпбалалы мүгедек ана «көзім тіріде үй кезегі келмей ме» деп қорқады


Гүлнәр Ыдырысова мен балалары (солдан оңға қарай): Алмагүл, Нұрсұлу, Әйгерім және Дулат. Астана, 14 наурыз 2016 жыл.
Гүлнәр Ыдырысова мен балалары (солдан оңға қарай): Алмагүл, Нұрсұлу, Әйгерім және Дулат. Астана, 14 наурыз 2016 жыл.

Көпбалалы мүгедек ана Гүлнәр Ыдырысованың пәтерін туысы уақытша жалдап беріп отыр. Оның баспана кезегіне тұрғанына алты жыл толғанымен, кезек жылжып мандымаған. Астана әкімдігі «үй кезексіз берілмейді» дейді.

Азаттықтың Астанадағы тілшісі тар пәтеріне барғанда 2006 жылы инсульт алған соң бір қолы мүлде сал болып қалған, таяққа сүйеніп жүретін 2-топ мүгедегі Гүлнәр Ыдырысова демікпеге (астма) шалдыққан кіші қызы Нұрсұлудың ем-домын жасап жатыр екен. Ал ас үйде медициналық маска киіп отырған үлкенді-кішілі үш бала фотоаппарат ұстаған тілшіні көріп, қарағыштай берді.

Көпбалалы мүгедек ананың уайымы
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:26 0:00
Жүктеп алу

«МҮГЕДЕК ОТБАСЫНА КІМ КӨМЕКТЕСЕ БЕРСІН»

Гүлнәр Ыдырысова.
Гүлнәр Ыдырысова.

Төрт баласы бар жалғызілікті ана Гүлнәр Ыдырысова «пәтерді немере інісі Ғабит 110 мың теңгеге жалдап беріп отырғанын» айтты. Балаларының денсаулығы нашар. Демікпе дертіне шалдыққан кіші қызы Нұрсұлу өткен жылы салмағы жетпей, мектепке бара алмай қалған. Ал Нұрсұлудан үлкен, 6-сыныпта оқитын Дулаттың жүрегіне үш жыл бұрын операция жасалған, 9 жасар Алмагүлдің асқазаны ауырады. Мүмкіндігі шектеулі ана «балаларыма да дәрі-дәрмек керек» дейді.

- Дәрігерлер жазып бергеннің біразы тегін дәрі тізімінде жоқ. Он шақты дәріні алу үшін айына 50-60 мың теңге кетеді. Мүгедектік жәрдемақы мен балалар жәрдемақысын қосқанда 40 мың теңгедей ғана болады. Қайта баспананы немере інім жалдап беріп отыр. 2006 жылдан бері (инсульт алған жылдан бері – ред.) пәтер жалдап келемін. Анда-санда демеушілер табылып, дәрі алып береді. Сонымен күнелтіп отырмыз, - дейді Гүлнәр Ыдырысова.

Көпбалалы отбасы оған дейін Гүлнар Ыдырысованың шешесінің үйінде тұрған. «Бірақ онда туыстар бала-шағасымен тұрады, сыймаймыз» деген ол балаларының да мүгедектік құжаттарын рәсімдегісі келетінін, бірақ әзірге ондай құжаттарды ала алмай жүргенін айтты.

Үлкен қызы Әйгерім кішкентай кезінде биіктен құлап, мектептегі оқуы ұзақ уақытқа үзіліп қалған. 21 жастағы бойжеткен 11-сыныпта оқиды. Қазіргі бар арманы - мектеп бітіріп, жоғарғы оқу орнына (ЖОО) түсу.

- Құрбыларым сияқты мамандық алғым келеді. ЖОО бітіріп, заңгер болсам деймін, - деді Әйгерім.

Ыдырысовтар отбасы мемлекеттік баспана тізімінде 2013 жылы 6651-кезекте болса, 2015 жылы кезек 5482-орынға ғана жылжыған. Алайда ол «алты жылдан бері мемлекеттік баспана кезегінің жақындайтын түрі жоқ» дейді.

- Бір жағынан бойдақ бауырыма обал. Маған көмектесем деп жиған-тергенін пәтеріме береді. Балаларымды дәрігерлерге апарысып тұрады. Ал демеушілер бірде бар, бірде жоқ. Мүгедек отбасына кім көмектесе берсін. Бөлек пәтеріміз болғанда балаларымды сауықтырып, оқуларын жақсы оқытар едім бе деймін, - дейді сырқатының кесірінен мүдіріп сөйлейтін мүгедек ана.

Гүлнәр Ыдырысоваға қамқор болып жүрген немере інісі Ғабит оның амандығына алаңдайды. «Инсульт алған апам алда-жалда бақилық болып кетсе, баспанасыз балалар не болады?» дейді ол.

ӘКІМДІК ЖАУАБЫ

Азаттық тілшісі Ыдырысовтар отбасына байланысты Астана әкімдігіне ресми сауал жолдады. Әкімдік жіберген жауап бойынша, отбасы «тұрғын үйге мұқтаждар есебінде «көп балалы отбасылар» санаты бойынша кезекте тұр. Қазір кезек нөмірі – 5246».

Астана. (Көрнекі сурет)
Астана. (Көрнекі сурет)

Мұнымен бірге, ресми жауапта «тұрғын үй заңнамасы бойынша 1 және 2-топ мүгедектеріне, кәмелет жасқа толмаған балаларды тәрбиелеуші отбасыларға коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйді кезектен тыс алу жеңілдігі қарастырылмағаны» жазылған. Астана қаласы тұрғын үй басқармасы басшысы орынбасары М. Байсүгірова қол қойған хатта Ыдырысовтар отбасының мемлекеттік баспанаға «кезек бойынша ғана» қол жеткізе алатыны ескертілген.

Қазақстан тұрғын үй қатынастары туралы заңы бойынша, коммуналдық тұрғын үй қорынан баспананы бірінші кезекте алуға Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен мүгедектері және жетім балалардың, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың ғана құқығы бар.

Гүлнәр Ыдырысова әкімдіктің дәл осындай жауабын өзі де алғанын айтады. Ол «көзім тіріде мемлекеттік баспанаға қолым жетпейтін болды» деп уайымдайтынын айтты.

- Кезек алты жылда әлі өгіз аяңмен келеді. Бауырыма салмақ сала бермеймін, жуырда бір үйдің жертөлесіне көшемін, - дейді Гүлнәр Ыдырысова.

Азаттық тілшісі заңгерге хабарласып, мұндай жағдайы ауыр отбасылардың баспана кезегін жылдамдатудың қандай амалдары бар екенін сұраған еді. Астаналық заңгер Гүлмира Шалдықова мүгедек адамдарға баспана кезегінде әкімдік айтқан жауаптағыдан басқаша жағдайлар жасалмағанын айтты.

- Адамгершілік мақсатта мүгедектерге бөлек тізім жасауға болатын еді. Мәселен бұл балалардың асыраушысы жоқ, өйткені жалғызілікті аналары – мүгедек, жұмыс істей алмайды. Алайда әзірге заң осындай - деді.

Ресми дерек бойынша, Астанада тұрғын үй кезегінде 41 мың 333 адам тұр. Олардың 5 мыңдайы мүгедек жандар мен көп балалы отбасылар. Қала әкімдігінің ресми жауабына қарағанда, 2014 жылы осы санаттағы отбасыларға 74 пәтер, 2015 жылы 373 пәтер берілген.

XS
SM
MD
LG