Accessibility links

Мүгедек жастар фестивалі пандусы жоқ ғимаратта өтті


Оқушылар сарайы қоларбадағы баланы баспалдақтан көтеріп түсіріп жүрген жігіттер. Астана, 18 қараша 2015 жыл.
Оқушылар сарайы қоларбадағы баланы баспалдақтан көтеріп түсіріп жүрген жігіттер. Астана, 18 қараша 2015 жыл.

Мүмкіндігі шектеулі жастардың шығармашылық фестивалі ондай азаматтарды қоғамға бейімдеуді көздейді. Бірақ шараға қатысқандар қоғамнан бәрібір оңашаланып қалғандарын айтады.

Астанада өткен «Көкейімде бар әлем» өнер фестиваліне «Ақ қанат арман» атты киносын ала келген 21 жастағы Арман Кенжебай – бірінші топтағы мүгедек. Туғаннан екі аяғы сал, қол буындары бүгілмейтін жігіт қоларба арқылы жүріп-тұрады. Арман 11 жасында әке-шешесі жол апатынан қайтыс болған соң Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданындағы «Көктерек» балалар үйіне түскен.

Қазір Кентау қаласындағы арнаулы кәсіптік колледжде білім алып жүрген жас жігіт фестивальге әкелген фильмінде басты рөлді өзі ойнаған.

– Фестиваль өтеді дегенде көп ойланбай кино жанрын таңдадық. Фильмді қарасаңыз, өткен шақтың бәрі – өз өмірім, он екі мүшесі сау емес жанға мына қоғамның көзқарасы. Осы фильмді түсіргеніме қатты қуандым. Ішімдегі шерім тарқаған секілді қазір, – дейді Арман Кенжебай.

«ӨМІРГЕ ҚҰЛШЫНЫС БАР»

Мүмкіндігі шектеулі жастардың «Көкейімде бар әлем» атты шығармашылық фестиваліне елдің әр өңірінен келген Арман сияқты 66 жас ата-ана не тәрбиешілерімен бірге қатысты.

«Қысқа метражды кино», «Фотосурет», «Графикалық дизайн» және «Сәндік-қолданбалы өнер» номинациялары бойынша өткен фестивальге 10-26 жас аралығындағы 200-ден астам азаматтың туындысы әкелінген.

Мүмкіндігі шектеулі балалар жасаған бұйымдар. Астана, 18 қараша 2015 жыл.
Мүмкіндігі шектеулі балалар жасаған бұйымдар. Астана, 18 қараша 2015 жыл.

Астанада өткен фестивальге жеткен ол шығармалар әуелі аймақтарда сұрыпталған.

– Байқауға келген жұмыстардың мазмұнында өмірге деген құлшыныс бар. Еңбекқорлықтары, қандай да болсын жұмысты шала тастамай, аяғына дейін безендіріп, істі толық аяқтауға деген ынта-жігерлері таңқалдырады, – дейді қазылар алқасының төрағасы, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Байқоңыр Ижанов.

Білім және ғылым министрлігі жастар саясаты департаментінің басқарма басшысы Досұлан Айтпаевтың сөзінше, республика бойынша бірінші рет өткізіліп отырған бұл фестиваль бұдан кейін де жалғаспақ.

Білім және ғылым министрлігі өкілі Досұлан Айтпаев. Астана, 18 қараша 2015 жыл.
Білім және ғылым министрлігі өкілі Досұлан Айтпаев. Астана, 18 қараша 2015 жыл.

– Жергілікті жерлерде қолөнер бұйымдарының үйірмесіне қатысып, керемет өнер туындыларын жасап жүрген жастар көп. Біздің мақсатымыз – сондай таланттарды тауып, өнер мен мәдениет арқылы қоғам мен өмірге бейімдеу, араластыру, таныстыру, насихаттау, – дейді ол.

«КӨРМЕДЕ ҚАРАПАЙЫМ ХАЛЫҚ ЖОҚ»

Астанадағы фестивальге Оңтүстік Қазақстан облысынан екі бала ертіп келген тәрбиеші Бабиржан Асаев «мүгедек жастарды қоғаммен араластыру» бастамасын қолдайтынын, бірақ бұл шара іс жүзінде басқаша өтіп жатқанын айтады.

– Мұнда, міне, көрме қойылған. Ана жақта фестиваль, марапаттау жүріп жатыр. Бірақ, мұғалім ретінде бақылап қарап отырсам, мүмкіндігі шектеулі жандар мен солардың қасында жүргендерден өзге ешкім жоқ. Қарапайым халық жоқ, депутаттар жоқ. Ақпараттық насихат жоқ. Сонда бұл жастардың еңбектерін кім мойындап, олар қоғамға қалай кірігеді? – дейді Бабиржан Асаев.

Фесивальге қатысушы Арман Кенжебаев. Астана, 18 қараша 2015 жыл.
Фесивальге қатысушы Арман Кенжебаев. Астана, 18 қараша 2015 жыл.

«Қысқа метражды кино» номинациясы бойынша бас жүлде алған Арман Кенжебай да өзінің қоларбадағы өмірі туралы киносын дені сау көпшіліктің көрмей қалғанына өкініш білдірді.

– Қоғам бізді бөліп тастайды. Бөліп келеді. Бұл қоғамға сіздер секілді он екі мүшеміздің теңдігімен қосылмаймыз - бар мүшесі түгел жандардың істей алмағандарын олардан асыра жасап теңесеміз. Арман өлтірмейді, – дейді ол.

ПАНДУСЫ ЖОҚ ҒИМАРАТ

Фестивальге келген балалардың бірінің анасы Айша қоғамда мүмкіндігі шектеулі жастарға жағдай жасалмай жатқанын айтып мұңайды. Ол шара өтіп жатқан ғимаратта – осыдан бес жыл бұрын ғана салынған Оқушылар сарайында мүмкіндігі шектеулі балалардың жүріп-тұруы қиын болғанын сөзіне мысал етті.

Оқушылар сарайындағы концерттік залдың баспалдағында тұрған қоларба. Астана, 18 қараша 2015 жыл.
Оқушылар сарайындағы концерттік залдың баспалдағында тұрған қоларба. Астана, 18 қараша 2015 жыл.

– Мүмкіндігі шектеулі жандардың көңілін осындай кедергілер одан ары жарымжан етеді. Осы көріністі көрген сау балалар оларға тең құрбысындай емес, мүсіркеп қарайды, – дейді ол.

Қоларбаға мініп қалған не өзгенің қолдауынсыз жүре алмайтын жастардың бұл сарайға кіріп-шығуы машақат болғанын Азаттық тілшісі де көрді. Ғимаратта қоларбаға арналған жол – пандустың жоқтығынан концерттік залға кірерде, одан кейін марапаттау кезінде сахнаға шығарда арбадағы жандарды бес-алты жігіт көтеріп-түсіріп жүрді.

Фестивальді ұйымдастырушылар бұл кемшілікті өздері де байқағандарын айтып, «алдағы уақытта мұндайға жол бермейтіндерін» Азаттық тілшісіне мәлімдеді.

Білім және ғылым министрлігі жастар саясаты департаментінің дерегінше, Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі 18 жасқа дейінгі балалардың саны – 70 мыңға жуық, 29 жасқа дейінгі жастардың саны – шамамен 130 мың.

XS
SM
MD
LG