Accessibility links

Саяси тұтқын болғандар түрме реформасы жобасын сынайды


Полицейлер мен тұтқындардың туыстары түрме қақпасының алдында тұр. Ақтөбе, 9 қараша 2013 жыл.
Полицейлер мен тұтқындардың туыстары түрме қақпасының алдында тұр. Ақтөбе, 9 қараша 2013 жыл.

Қазақстан ішкі істер министрлігі түрме жүйесіне өзгеріс енгізуді ұсынды. Түрмеде отырып шыққан құқық қорғаушылар бұл реформаны көзбояушылыққа балайды.

Ақпан айының басында парламент мәжілісі қылмыстық-атқару кодексі (ҚАК) жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Жаңа өзгерістердің ішінде тұтқындарға сәлемдеме жолдауға тыйым салу, ұзақ мерзімді кездесуді жою туралы тармақтар бар. Бұдан бөлек, ІІМ басшылығы жеке меншік түрме ашуды ұсынады және тұтқындардың ұялы телефонмен заңсыз сөйлесуімен күресудің «қарапайым әрі тиімді тәсілін тапқанын» хабарлады.

Түрмедегі тұтқын жағдайын өз басынан өткерген құқық қорғаушылар биліктің «түрмені реформалауға» ниетті екеніне сенбейді.

ЖЕКЕ МЕНШІК ТҮРМЕ ЕЛЕСІ

Парламентте ҚАК жобасын таныстырған ішкі істер министрі генерал Қалмұханбет Қасымов «түрме тамағына жарымаған тұтқындарға туыстары азық-түлік жолдау сияқты сонау ГУЛАГ заманынан қалған сәлемдеме дәстүрі қазір постсоветтік елдерде ғана бар. Қазір мұндай сәлемдеменің қажеті жоқ» деп мәлімдеді.

Қасымовтың айтуынша, «түрмеде тұтқындарды тіпті әскердегі сарбаздардан да жақсы тамақтандырады. Оның үстіне, сотталғандар ұялы телефон, есірткі сияқты тыйым салынған заттарды осы сәлемдемемен алады».

Министр тұтқындарға берілетін ұзақ мерзімді кездесулердің уақыты ғана қысқарады деп хабарлады.

КА-168/2 түзету мекемесін күзетіп тұрған қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкері. Ақтөбе, 9 қараша 2013 жыл.
КА-168/2 түзету мекемесін күзетіп тұрған қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкері. Ақтөбе, 9 қараша 2013 жыл.
– Жазасын жеңілдетілген тәртіптегі мекемеде өтеп жатқан тұтқындарға екі тәулікке дейін кездесу беріледі. Ал қазіргі кодекс бойынша үш тәулікке дейін рұқсат етілген, - дейді ол.

Қазақстанда түрме мекемелері қоныс-колония, жалпы режимдегі, қатал режимдегі, айрықша тәртіптегі колония және түрме (жабық) деп жіктеледі. Жалпы, қатал және айрықша тәртіптегі түзету колонияларында жаза мерзімін өтеудің жеңіл, жалпы және қатал деген үш түрі бекітілген.

Түрме жүйесін реформалауда жеке меншік түрме ашу жоспары да қарастырылған. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаевтың айтуынша, жеке меншік түрмелер ашылса, түрме салуға ақшасы шықпайтын мемлекет те, қызмет көрсету арқылы пайда көретін бизнесмен де ұтады. Кәсіпкер үшін бұл «қонақүй ашу» сияқты бизнес болмақ.

ІІМ басшысы депутаттарға «министрлік тұтқындардың ұялы телефонмен заңсыз сөйлесуімен күресудің қарапайым әрі тиімді жолын тапты» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, министрлік түрмені алты метрлік биік дуалмен айналдыра қоршап, үстіне тағы үш метрлік қоршау тұрғызу арқылы ұялы байланысқа тосқауыл қоймақ.

«ФОРМАСЫ – БАТЫСТЫҚ, МАЗМҰНЫ – ЖЕРГІЛІКТІ»

Кісі өліміне әкелген жол апатына қатысты айыпталып, үш жыл түрмеде отырып шыққан белгілі құқық қорғаушы Евгений Жовтис биліктің түрме тұрмысын батыс елдеріндегі стандартқа жеткізуге деген ұмтылысын құптайды. Бірақ ол «тұтқындарды сәлемдеме мен ұзақ мерзімді кездесуден айырмас бұрын немесе ұялы байланыспен күресті бастамай тұрып тұтқындарды тамақтандыру деңгейін батыс стандартына жеткізіп алу қажет» деп есептейді

Ол тұтқындардың тамақ рационына қатысты министр Қасымов келтірген цифрларға сенбейді. Қазақстан ІІМ жиі сілтеме жасайтын АҚШ-та тұтқынның таңдауына бірнеше тағам түрі ұсынылады. Ал Қазақстан түрмелеріндегі тұтқындарда «быламықтан басқа таңдау жоқ».Оның пікірінше, ұзақ мерзімді кездесуді алып тастауға да осы тұрғыдан қараған жөн.

Қазақстандық құқыққорғаушы Евгений Жовтис.
Қазақстандық құқыққорғаушы Евгений Жовтис.
– Батыста демалыс күндері немесе заңда қарастырылған басқа жағдайларда тұтқындарды үйіне жіберіп тұрады, - дейді құқық қорғаушы.

Құқық қорғаушының айтуынша, тұтқындардың ұстауына тыйым салынған ұялы телефонға қатысты дау-дамайды тоқтату үшін әуелі түрмелердегі таксофон байланысын реттеп алу қажет. Мысалы, батыс елдерінде тұтқынның белгіленген уақытта таксофон арқылы сөйлесуіне жағдай жасалған. Ал түрме әкімшілігі сөйлесіп жатқан тұтқынның әңгімесін тыңдауға құқылы, бірақ мұны да заң жүзінде бекіту керек.

Ал жеке меншік түрме ашылса, билік «күресіп жатқан» жемқорлық тіпті өршіп, тұтқындардан барынша пайда көруге тырысатын түрме қожайыны оларды іс жүзінде жалшысына немесе басыбайлы құлына айналдырып алуы мүмкін.

«ТҰТҚЫННЫҢ ӘР ҚАДАМЫ – ПАРА»

«Журналистер қатерде» құқық қорғау ұйымы президенті Рамазан Есіргепов «мемлекеттік құпияны жария етті» деп айыпталып, үш жыл түрмеде отырып шыққан. Биліктің түрме жүйесін реформалауға қатысты уәделеріне ол да сенбейді.

«Ең қауіптісі, билік ұсынып отырған түрме жүйесі реформасының кез келген тармағынан қазіргіден де асып түсетін жемқорлықты күтуге болады» деген Есіргепов сөзіне бірнеше мысал келтіреді:

– Мысалы, ұялы телефонмен күресті алайық. Қанша қоршап, бәсеңдеткіш құралдар орнатқанымен, ұялы байланыс ұстайтын жер түрме төңірегінен бәрібір табылады. Енді мұның пайдасын әкімшілік көріп, бұл жерді тұтқындарға ақысына «жалға» беретін болады. Ал ұзақ мерзімді кездесуге тыйым салуға келсек, ақшасын жақсылап төлесең, тұтқынды үйіне жібере салатын «тәртіп» бұрыннан бар.

Тұтқындарға сәлемдемеге тыйым салуға қатысты Есіргеповтің пікіріне сүйенсек, түрмеде бұл мәселені парамен реттеудің бұрыннан қалыптасқан жүйесі бар.

"Журналистер қатерде" қоғамдық қорының президенті Рамазан Есіргепов.
"Журналистер қатерде" қоғамдық қорының президенті Рамазан Есіргепов.
– Мысалы, сәлемдеменің жалпы салмағы 14 килограмнан аспауы тиіс. Бірақ «тиісті ақшасын» ұстатсаң, сәлем-сауқатты зонаға центнерлеп өткізе аласың. Тыйым салынған соң сәлемдеме құны тіпті шарықтайды, - дейді ол.

Құқық қорғаушы Қазақстанда жеке меншік түрме ашу идеясын да құптамайды. Оның айтуынша, жеке меншік түрме иелері көбірек пайда көру үшін тұтқындардың құқығын таптап, еңбегін қанап қана қоймай, оларды заңды-заңсыз жолдармен түрмеде ұзағырақ ұстауға тырысады.

«Түрме әкімшілігі қазірдің өзінде тұтқындарға өзінің басыбайлы меншігіндей қарайды, оларды пайда көзіне айналдырып алған. Енді министрлік ұсынған түрме реформасы мұны заң жүзінде бекітіп бермек» дейді жаза мерзімін соңғы минутына дейін қамауда өтеп шыққан құқық қорғаушы.

Ішкі істер министрлігінің дерегіне сәйкес, Қазақстан түрмелерінде қазір 49 мың тұтқын жазасын өтеп жатыр. Кейбір деректер бойынша, әр жүз мың адамға шаққандағы сотталған адам саны жағынан Қазақстан әлемде 31 орында тұр.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG