Accessibility links

Жәкішевтің басқа түрмеге ауыстырылғаны расталды


Мұхтар Жәкішев «Қазатомпром» компаниясының басшысы кезінде. 2 сәуір 2009 жыл.
Мұхтар Жәкішев «Қазатомпром» компаниясының басшысы кезінде. 2 сәуір 2009 жыл.

Туыстары "медициналық жәрдемге қолы жетпей отырған Мұхтар Жәкішевтің денсаулығы одан сайын нашарлауы мүмкін" деп алаңдайды.

«Қазатомпром» компаниясының бұрынғы басшысы, Алматы маңындағы Заречный кентінде түрмеде жазасын өтеп жатқан Мұхтар Жәкішевтің басқа колонияға ауыстырылғаны туралы екі күн бұрын шыққан ақпаратты билік орындары Азаттыққа ақпанның 14-і күні растады.

Республикалық қылмыстық атқару жүйесі комитетінің ресми өкілі Ғалымжан Хасенов қылмыстық кодекстің 15-бабына сүйене отырып, "сотталушының басқа колонияға ауысқаны туралы ақпаратты тек туыстарының ғана білуге құқығы бар" екенін айтты.

"Бұл сотталушының жеке өмірі. Ондай ақпаратты туыстарынан басқа ешкімге айтуға міндетті емеспіз" деді ол.

Комитеттің Азаттыққа жіберген жазбаша жауабында "сотталушының жазалау мекемесіне жеткізілгені", "бұл ақпарат туыстарына хабарланғаны" туралы ақпарат бар.

Мұхтар Жәкішевтің қызы Әйгерім Жәкішева. Астана, 5 қаңтар, 2010 жыл
Мұхтар Жәкішевтің қызы Әйгерім Жәкішева. Астана, 5 қаңтар, 2010 жыл
Қазақстанның бірнеше құқық қорғау ұйымы "саяси тұтқын" деп таныған Мұхтар Жәкішевтің қызы Әйгерім Жәкішева ашқан dzhakishev.org сайтында ақпанның 12-сі күні Мұхтар Жәкішевті Алматы маңындағы колониядан Қарағанды облысы Долинка елді мекеніндегі АК 159/6 түзету мекемесіне ауыстырғаны туралы ақпарат пайда болған еді.

Жақындары түрмеге түскен 2009 жылдан бері "қан қысымы жоғары" деген диагнозы қойылған Жәкішевтің денсаулығы нашарлағанын жазып, қазіргі кезде 30 градус аяз тұрған Қарағандыда оның халі тіпті нашарлап кете ме деп қорқады.

Әйгерім Жәкішеваның Азаттыққа айтуынша, әкесін шамамен екі апта бұрын Заречный түрмесінен Алматыдағы ҰҚК тергеу изоляторына жеткізген. Ал осы аптада Долинка түрмесіне жөнелтілгені анықталған.

«Бізге түрме әкімшілігі "Заречный түрмесінде жөндеу жүріп жатқандықтан ауыстырдық" деп айтты» деді Әйгерім Азаттық тілшісіне жіберген жазбаша жауабында. Оның хабарлауынша, Мұхтар Жәкішев жақындарымен соңғы мәрте былтырғы желтоқсан айында кездескен.
Біз оны Астанада ҰҚК тергеу изоляторында төрт жыл қамауда болған кездегідей көре алмай қаламыз ба деп қорқамыз.

«Біз оны Астанада ҰҚК тергеу изоляторында төрт жыл қамауда болған кездегідей көре алмай қаламыз ба деп қорқамыз. Астананың салқын ауа райы мен тергеу изоляторында жағдайдың жоқтығы оның денсаулығын құртып жіберді. Заречныйда жылырақ болатын, Алматының күні бар, оған қоса үйдің жақындығы да оған моральдық жағынан демеу болатын. Оны Қарағанды облысындағы түрмеге ауыстырған соң кездесу мүмкіндігі шектеле ме, және бастысы, әкемнің денсаулығына теріс әсер ете ме екен деп алаңдаймыз" деп жазады Әйгерім Азаттыққа.

Әйгерім желтоқсан айында әкесінің денсаулығы бұрынғыға қарағанда сәл тәуірлеу көрінгенін айтады. Бірақ Қарағанды облысына ауыстырылғаннан кейінгі жағдайынан бейхабар.

Туыстары мен адвокаттарының сөзінше, түрмедегі қатаң режим Мұхтар Жәкішевтің денсаулығын нашарлатып жіберген. Туыстары арыз-шағымдарына қарамастан сот кезінде де, сотталған соң да Жәкішевке тиесілі медициналық көмек көрсетілмеді деп санайды.

Dzhakishev.org сайтында: «Оған (Мұхтар Жәкішевке - ред.) жүйелі түрде медициналық көмек көрсетілмей келеді. Бұл - оған қатысты бұзылып отырған негізгі адам құқықтарының бірі ғана. Тіпті Азаптауға қарсы дүниежүзілік ұйым дәрігерлерінің Жәкішевтің денсаулығын міндетті түрде қарап шығуы туралы бұйрығы шықса да, билік оған медициналық көмек беруден бас тартып отыр. Сот отырыстарының бірінде Мұхтар Жәкішев есінен танып қалып, сіңірі тартылып қалшылдап кетті. Бірақ судья сонда да оны қарауға рұқсат берген жоқ болатын» деп жазылған сайтта.

Жақындарының жазуынша, қорғау тарабы жақында БҰҰ адам құқығы бойынша комитетіне алғашқы сот процесінде болған заң бұзушылықтарға қатысты шағым түсірген.

Азаттық тілшісі Долинка елді мекеніндегі АК 159/6 мекемесіне хабарласқанымен жауап алу мүмкін болмады.

Қазақстандық саяси тұтқындар: бірінші қатар солдан оңға қарай - Арон Атабек, Мұхтар Жәкішев, Владимир Козлов; екінші қатар солдан оңға қарай - Вадим Курамшин, Роза Төлетаева, Саят Ыбраев. Фото коллаж. 28 мамыр 2013 жыл.
Қазақстандық саяси тұтқындар: бірінші қатар солдан оңға қарай - Арон Атабек, Мұхтар Жәкішев, Владимир Козлов; екінші қатар солдан оңға қарай - Вадим Курамшин, Роза Төлетаева, Саят Ыбраев. Фото коллаж. 28 мамыр 2013 жыл.
Мұхтар Жәкішев 2009 жылы мамырда өзі 1998 жылдан бері басқарған «Қазатомпром» компаниясының басшысы қызметінен алынып, тұтқындалған еді. 2010 жылы наурызда Астананың Сарыарқа аудандық 2-соты Мұхтар Жәкішевті «қаржыны ысырап қылды және пара алды» деген айыппен 14 жылға соттап, жазасын қатаң режимді колонияда өтеуді бұйырған.

2011 жылдың соңында ҰҚК Мұхтар Жәкішевке қарсы екінші қылмыстық іс қозғады. Оған «ірі көлемдегі алаяқтық» және «өзіне сеніп тапсырылған бөтен мүлкін иемденіп, шығын ету» айыбы тағылды.

2012 жылы маусым айында Мұхтар Жәкішев тағы да 10 жылға сотталды, бірақ бұл мерзім алдыңғы жазамен «біріктіріліп» түпкілікті шешім - 14 жыл сол күйінше қалды.

Алғашқы сот процесіне бірнеше рет наразылық білдірген Мұхтар Жәкішев екінші​сотқа өзі де қатыспаған, адвокаттарына да қатысуға тыйым салған.

Мұхтар Жәкішевтің 2009 жылы аяқ астынан қамауға алынуын тәуелсіз сарапшылар екі түрлі себептен көрген. Алғашқы себеп ретінде оның 2003 жылы оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязовты түрмеден босатуды сұрап «кепіл болғандардың» ішінде жүргендігі аталады. Екінші себеп ретінде Жәкішевтің уран өндірісінде Ресей мүддесіне қайшы келетін әрекет жасап, «Қазатомпроммен» серіктес болғысы келген жапониялық Toshiba компаниясы арқылы канадалық Uranium One-ның жолын кеспек болғаны айтылады.

Қазақстандық құқық қорғаушылар өткен жылы жаңадан толықтырған «Саяси тұтқындар» тізіміне Мұхтар Жәкішевті де қосты. Олар бұл шешімге «Жәкішев ісінде» кейіннен жария болған мәліметтер әсер еткенін айтты.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG