Accessibility links

«Ромат» Ресейге салынған санкциялар салдарына сілтейді


"Ромат" компаниясы жұмысшылары. Павлодар, 29 қыркүйек 2016 жыл.
"Ромат" компаниясы жұмысшылары. Павлодар, 29 қыркүйек 2016 жыл.

Банктен алған қомақты несиесін қайтара алмай отырған «Ромат» фармацевтикалық компаниясы басшылығы мұны теңге девальвациясымен және Ресейге Батыс елдері салған санкциямен байланыстырады. Несие дауына бір тәулік «аштық» жариялаған ұжым қызметкерлері де іліккен.

Жекеменшік компания басшылығы несие берген банкпен дауласып жатқан тұста – қыркүйектің 28-інде Павлодардағы «Ромат» фармацевтика компаниясы қызметкерлері «аштық» жариялады. Компания банкке 3 миллиард 700 теңге қарыз болып қалған. Әлеуметтік желілерде жарияланған онлайн-трансляцияда қызметкерлердің кейбірі «бұл амал – кәсіпорынды банкрот деп тануға қарсы наразылығымыз» деп мәлімдеді. «Аштық» бір тәуліктен кейін аяқталды. «Ромат» басшылығы және Павлодар облысы әкімінің орынбасары Дүйсенбай Тұрғанов «сіздерді ешкім далада қалдырмайды» деген уәдемен компания қызметкерлерін акцияны тоқтатып, жұмыс орындарына оралуға көндірген.

– Жасымыз ұлғайған шақта жұмыстан айырылып қаламыз ба деп қорқып осындай шараға баруға бел будық. Ұжымдағылардың көбінің жасы 45-те, тіпті одан да үлкен кісілер бар. Сосын кім бізді жұмысқа алады? Бүкіл сотқа бардық, облыс әкімімен кездестік. Бәрі уәде беріп шығарып салады. «Көмектесеміз» дейді, аяйды. Бірақ шындығында ешқандай қолдау көрген жоқпыз, – дейді «Ромат» компаниясының қызметкері Лилия Зуева.

"Ромат" компаниясы. Павлодар, 29 қыркүйек 2016 жыл.
"Ромат" компаниясы. Павлодар, 29 қыркүйек 2016 жыл.

Қазір «Ромат» фармацевтикалық компаниясының есеп-шоттарына қамау салынған, ал несие берген «БанкЦентрКредит» банкі несиені төлеуді талай рет кешіктіргені үшін компанияны банкрот деп тануды талап етеді. Тамыздың 25-інде Павлодар облыстық соты банкті жақтап шешім шығарған. Компания басшылығы «несиені жабуға шамамыз келеді» деген уәжбен өндірісті тоқтатпау үшін есеп-шоттарын ашуды сұрайды. Соңғы дерекке сәйкес, қазанның 15-іне дейін жететін шикізат қалған, коммуналдық қызмет ақысының төленбеген қарызы бар, ұжымға жалақы төлеу керек, бірақ түсіп жатқан ақшаның бәрі бірден бұғатталады.

«Ромат» басшыларының айтуынша, компанияның қаржылық жағдайының нашарлауына кейінгі жылдардағы экономикалық және саяси оқиғалардың зияны тиген.

Бізге Ресейге салған санкциялар мен девальвация әсер етті.

– Бізге екі фактор – Ресейге [Батыс елдері] салған санкциялар мен [теңге] девальвация әсер етті. Фармацевтикалық нарық екені де, зауыттар өзіміздікі екені де түсінікті. Бірақ шикізаттың бәрін валютаға сатып аламыз, ал шығарған өнімімізді теңгеге сатамыз. Теңге құнсызданып еді, мемлекет бағаны қымбаттауға рұқсат бермейді, ал шикізат қымбаттап барады. Бұл біз ғана емес, Қазақстанның бүкіл фармацевтикалық нарығына тікелей әсер етті, – дейді компания вице-президенті Марат Оразғалиев.

Компания «БанкЦентрКредитке» 3 миллиард 700 миллион теңге қарыз болып қалған. Бірақ компанияның атқарушы директоры Тимур Сексенов компания қарызын қайтарудан бас тартпайды, сондықтан банкке «қорқатындай ешқандай негіз жоқ» деп мәлімдейді.

"Ромат" компаниясының атқарушы директоры Тимур Сексенов. Павлодар, 29 қыркүйек 2016 жыл.
"Ромат" компаниясының атқарушы директоры Тимур Сексенов. Павлодар, 29 қыркүйек 2016 жыл.

– Банк ақшаны тез арада қайтарғысы келеді. Бірақ банкке біз кепілге қойған мүліктің құны 6 миллиард 500 миллион теңгені құрайды, ал негізгі қарыз көлемі – 3 миллиард 700 миллион. Қазір дәрі-дәрмекті көтерме бағамен сатуды тоқтатып, шығарылатын өнім түрлерін қайта қарап, яғни сұраныс көп препараттарды ғана қалдырып жатырмыз. Ешкім кедергі келтірмесе, төлем қабілетімізді тез арада қалпына келтіре алатынымызға кәміл сенеміз, – дейді Тимур Сексенов.

Бірақ «БанкЦентрКредит» сайтында банк «Ромат» компаниясына қарызды қайтару шарттарын екі жыл ішінде 14 мәрте жеңілдетіп берген, бірақ борышкер 2015 жылғы ақпаннан бері бәрібір төлемеді деген ресми мәлімдеме жарияланған. Ресми мәлімдемеде «банк жеңілдік берген екі жыл ішінде «Ромат» ФК» ЖШС төлем қабілетін қалпына келтірудің ешқандай амалын жасамады» делінген.

«Ромат» фармацевтикалық компаниясы 1992 жылы көтерме-бөлшек саудамен айналысатын кәсіпорын ретінде құрылған. Қазір компанияда өнім шығаратын үш ірі зауыт бар. Компания шығаратын өнімдер тізімінде терапевтік мақсатта қолданылатын шамамен 150 түрлі дәрі-дәрмек бар.

XS
SM
MD
LG