Accessibility links

Оралда қоғам белсенділері журналистке салынған айыппұлды төлеуге ақша жинап жатыр


"Уральская неделя" газетінің тілшісі Лұқпан Ахмедьяров. Астана, 12 шілде 2012 жыл.
"Уральская неделя" газетінің тілшісі Лұқпан Ахмедьяров. Астана, 12 шілде 2012 жыл.
Оралда қоғам белсенділері «Уральская неделя» газетінің тілшісі Лұқпан Ахмедьяровқа ақша салынған үш банкі тапсырған. Сот оны жергілікті шенеунікке 5 миллион теңге төлеуге міндеттеген еді.

Азаттық Лұқпан Ахмедьяровпен хабарласқан еді. Ол адамдардың ақша салынған банкілерді тамыздың 3-і күні әкеп бергенін айтты.

«ӘЛ ҮСТІНДЕГІ ЖУРНАЛИСТІ СОТҚА БЕРГЕНІНЕ ҚАРАП ОТЫРА АЛМАДЫҚ»

– Жергілікті коммунистік партия мүшелері «Имашев үшін халықтан ақша сұрайық!» деп коробка, банкілер алып көшеге шығыпты. Негізгі идея - кісілерден тиын күйінде ұсақ ақша жинап, Имашевке тапсыру еді. Бірақ кейбір тұрғындар түсінбей қалған ба - ұсақ тиынның орнына ірі ақша да тастапты. Сол азаматтар өткен жұма күні келіп ақшаны тапсырды, - деді Лұқпан Ахмедьяров.
Лұқпан Ахмедьяровты қастандық жасалған түні жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізді. Орал, 19 сәуір 2012 жыл.
Лұқпан Ахмедьяровты қастандық жасалған түні жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізді. Орал, 19 сәуір 2012 жыл.

Оралдық қоғамдық белсенді Василий Шамин «Қоғамдық тәртіпке жауапты Имашев секілді жергілікті деңгейдегі шенеуніктің хал үстінде жатқан журналисті сотқа тартуына бейжай қарап отыра алмадық» дейді. Айтуынша, мамырдың 1-і күні басталған қолдау акциясына шамамен оннан астам азаматтық қоғам өкілдері қатысқан. Олардың арасында коммунистік партия мүшелері, зейнеткерлер болған.

2012 жылы сәуірдің 19-ында түнде «Уральская неделя» газетінің журналисі Лұқпан Ахмедьяровқа үйінің қасында қарулы қастандық жасалды. Оны жедел жәрдем Орал қаласындағы облыстық ауруханаға алып келген. «Уральская неделя» газетінің бас редакторы Тамара Еслямова Азаттық тілшісіне сол күні:

- Сегіз пышақ жарақаты болған. Қайта құдай сақтап пышақ жүрегіне тимей жанап өткен. Және оның желке тұсына ауыр соққы тиген. Ол жерде ашық жарақат бар. Бұған қоса, дәрігерлер оның денесінде травматикалық қару оғынан да тиген жарақат бар екенін айтты, - деген еді.

«ЕҢ БАСТЫСЫ - АДАМДАРДЫҢ АЗАМАТТЫҚ ПОЗИЦИЯСЫН БІЛДІРУІ»

Қоғам белсенділері бірнеше мәрте қаланың көшелеріне «Құдай сақтап, аман қалған Лұқпан Ахмедьяровтың жергілікті шенеунікке 5 миллион теңге төлеуіне көмектесу үшін ақша жинап жатырмыз. Бейжай қарамайық! Лұқпанды қолдайық!» деген жазуы бар хабарландыру ұстап шыққан.

– Көмектескен адамдар көп болды. Көшеге де шықтық. Адамдардың өздері партияның кеңсесіне келіп, ақша тапсырып жатты. Мейлі бір теңге болсын немесе мың теңге болсын, біз үшін бастысы - ақшаның көлемі емес. Ең бастысы - адамдардың азаматтық позициясын білдіруі. Кейбір азаматтар жай ғана келіп, өзінің тілектері жазылған хаттарды банкіге салып жатты, - дейді Василий Шамин.
Батыс Қазақстан облыстық әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бастығы Тілекқабыл Имашев журналистен 5 миллион теңге талап етіп, сотта тұр. Орал, 19 шілде 2012 жыл.
Батыс Қазақстан облыстық әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бастығы Тілекқабыл Имашев журналистен 5 миллион теңге талап етіп, сотта тұр. Орал, 19 шілде 2012 жыл.

Газет редакциясы әзірге, қанша ақша жиналғанын есептемеген. Василий Шаминнің айтуынша, қолдау акциясы әрі қарай жалғаса береді.

Лұқпан Ахмедьяровтың айтуынша, қазір олар сот шешімін апелляцияға беру үшін шағым дайындап қойған.

Шілденің 20-сы күні Орал қалалық соты Батыс Қазақстан облыстық әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бастығы Тілекқабыл Имашевтің журналист Лұқпан Ахмедьяров пен «Уральская неделя» басылымының құрылтайшысы үстінен түсірген арызын қанағаттандырған еді. Сот шешіміне сәйкес, жауапкер жақ (Лұқпан Ахмедьяров пен газет құрылтайшысы – ред.) жергілікті шенеунікке 5 миллион теңге төлеуге міндетті. Арызға газетте ақпан айында жарияланған Лұқпан Ахмедьяровтың «Брат, сват, блат» мақаласы түрткі болған еді.

«Жергілікті билік өкілдерінің туыстық қарым-қатынастары» туралы мақалада Тілекқабыл Имашевке қатысты үш сөйлем бар. Онда туыстық байланыстың арқасында «бұрынғы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, қазіргі облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Тілекқабыл Имашевтің карьерасының қалай өскені», оның «активінде» бұрынғы премьер-министр Иманғали Тасмағамбетовтің де бар» екені айтылған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG