Accessibility links

Тоқаев та кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялады


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы мерзімін жариялаған президент Тоқаев сайлаудың "ашық, әділ өтетінін" айтты.

Қазақстанның уақытша президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сейсенбі, 9 сәуір күні ресми арналардан сөйлеп, Қазақстан халқына арнаған мәлімдемесін жариялады.

ТӨРТ ЖЫЛДАН КЕЙІНГІ САЙЛАУ

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтетінін мәлімдеген Тоқаев шешім қабылдарда бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевпен ақылдасқанын, билік тармақтары басшыларымен және парламенттегі саяси партия төрағаларымен кездескенін айтты. Айтуынша, президент Конституциялық кеңеске де жүгінген.

Қасым-Жомарт Тоқаев "Президент лауазымына кіріскеннен бастап өңірлерді аралап жүрмін. Халықтың көңіл-күйін жақсы білемін" дейді. "Әлеуметтік-экономикалық мақсат-міндеттерді лайықты жүзеге асыру үшін бізге айқындық қажет" деген президент Тоқаев сайлаудың "ашық әрі әділ өтетінін" айтты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезектен тыс сайлауды жариялап отырған сәті. Нұр-Сұлтан. 9 сәуір, 2019 жыл
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезектен тыс сайлауды жариялап отырған сәті. Нұр-Сұлтан. 9 сәуір, 2019 жыл

"Мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл – менің берік ұстанымым!" дейді президент Тоқаев.

Қазақстанда тағы бір мәрте кезектен тыс өтетін президент сайлауына бұл жолы екі-ақ ай уақыт беріліп отыр. Бұған дейінгі президент сайлауы 2015 жылы 26 сәуірде өткен. Конституция бойынша Қазақстанда президент бес жылға сайланады.

Елдегі президент сайлауы үнемі дерлік мерзімінен бұрын өтіп келеді. Конституцияда көрсетілген мерзімінде тек бір рет – 2005 жылы 4 желтоқсанда өткен. Бұған дейін Қазақстанда бес рет президент сайлауы және бір рет мемлекет басшысының өкілетін созуға арналған референдум өтіп, Нұрсұлтан Назарбаев басым дауыспен жеңіске жеткен.

ЕКІНШІ ПРЕЗИДЕНТ

Биыл 20 наурызда Астанада Орталық сайлау комиссиясының отырысында Қазақстан президенті өкілетінің мерзімінен бұрын тоқтатылғаны және президент өкілеті Қасым-Жомарт Тоқаевқа көшетіндігі туралы мәселелер нақтыланған болатын.

Конституцияға сәйкес президент өкілетін атқаруға көшкен Қасым-Жомарт Тоқаев сенат төрағасы қызметінен босатылған. Ант қабылдап, президент қызметіне кіріскенде Тоқаев алғашқы жарлығымен Нұрсұлтан Назарбаевты "Халық қаһарманы" атағымен парламент алдында марапаттап, "Алтын қыран" орденін тапсырды. Ол Нұрсұлтан Назарбаевты "саяси ұстазым" деп атап, өз алғысын да білдірген.

Бас-аяғы 20 күннің ішінде бір рет Түркістанға сапарлап, бір рет Ресейге ресми сапармен барып қайтқан президент Тоқаев барлық облыстағы басты көшелер мен ел астанасына тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атын бергізді.

Ал биылғы 19 наурызда сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев ресми теле-радио арналардан мәлімдеме жасап, президенттік өкілетін тоқтататынын жариялады.

Назарбаев осы мәлімдеме кезінде қол қойған "Қазақстан президентінің өкілетін атқару туралы" жарлыққа сәйкес, оның президенттік өкілеті 20 наурызда тоқтатылды.

Бүгінгі мәлімдемеде президент Тоқаев өзінің алдағы сайлауға қатысар-қатыспасын айтпаған. Алайда ол 2018 жылы сенат спикері кезінде ВВС арнасына берген сұхбатында "Назарбаевтың билікте ұзақ отыруы - тұрақтылықтың белгісі. 2020 жылға дейін билікте болады. Кейін сайлауға түсем десе өзіне байланысты" деген болатын.

Биылға дейін сенат спикері болып келген 65 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы істер министрі, премьер-министр қызметтерін атқарған. БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры болған. Төтенше және өкілетті елші дипломатиялық рангасына ие. Ол президент өкілетін атқаруға көшкенде, Тоқаевтың орнына сенат спикері болып Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева сайланған. Қазақстанда Конституция бойынша сенат спикері - президентттен кейінгі мемлекеттегі екінші тұлға.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG