Accessibility links

Әлеуметтік бастама ұсынған президент "жұмыс істей беретінін" айтты


Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың парламентте сөйлеп тұрған сәті. Астана. 5 наурыз, 2018 жыл.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың парламентте сөйлеп тұрған сәті. Астана. 5 наурыз, 2018 жыл.

Бүгін Қазақстан парламенті палаталарының бірлескен отырысы өтті. Отырысқа ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев келіп қатысып, өзінің жаңа әлеуметтік саясаты жайлы айтты.

Наурыздың 5-інде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел парламенті палаталарының бірлескен отырысына келіп жарты сағат шамасында сөйлеп, "халықтың әл-ауқатын көтеру үшін" жолындағы "бес әлеуметтік бастамамен" таныстырды. Президент сөзін әдеттегідей қазақ тілінде бастап, орыс тілінде сабақтап отырды. Қазақша сөйлегенде шегініс жасап, арасында тарихи жағдайларға да меңзеп отырды.

Парламент мінберінде сөйлеген сөзінің басында президент Назарбаев 1 наурыз – алғыс айту күні екенін еске алып, кезінде Қазақстанға қоныс аударып келген "босқындарды" жергілікті халықтың қалай паналатқанын атап өтті. Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев халыққа өзін "бірнеше рет сайлағанына" да алғыс білдірді. «Біздің халқымыз ертеңге сенімді қарау үшін жұмыс істеп келдім, жұмыс істеп те отырмын және жұмыс істей беремін" деді президент. Сөзінің кіріспесінен кейін ел басшысы дамуды бұдан ары жалғастыру үшін жасалатын әлеуметтік бастамаларын ұсынды.

Назарбаев бірінші бастама ретінде әр отбасының баспанамен қамтамасыз ету керегін және оған мүмкіндік қалыптастыру жайында айтты. Сол үшін берілетін несие пайызын жеті пайызға дейін, алдын ала төлемді 20 пайызға дейін азайтып, ал несиені өтеу мерзімін 25 жылға дейін ұзарту керегін айтқан президент бұл бағдарламаны "7-20-25" деп атады.

"Екіншіден, салыстырмалы түрде төмен жалақы алатын жұмысшылардың табысын молайту үшін салық жүктемесін он есеге азайтып, бір пайызға түсіру керек. Бұл бастаманы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асыруды ұсынамын" деді президент.

ВИДЕО: Назарбаевтың бес бастамасы.

Назарбаевтың бес бастамасы
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:02 0:00

Назарбаев бұған қоса үшінші бастама ретінде жоғары білімге қолжетімділікті арттыру және оның сапасын көтеру қажетін айтты. "2018-2019 жылдары әр жылға қосымша 20 мың грант бөлуді ұсынамын. Колледждер мен университеттер 2022 жылға дейін жекеменшік-мемлекеттік серіктестік негізінде кемінде 25 мың орындық жатақхана салуы керек" деді Қазақстан президенті.

Президенттің төртінші бастамасы шағын және орта бизнеске қолдау көрсету үшін жеңілдетілген шағын несие көлемі туралы болды. Назарбаев 2018 жылы жеңілдетілген шағын несие көлемін арттыру үшін қосымша 20 миллиард теңге бөлу керегін айтты.

Бесінші бастама деп Назарбаев Қазақстанның орталық және солтүстік аймақтарына газ тарту керегін айтты. Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлеріне ғана газ тартылғанын айтқан президент орталық және солтүстік облыстарға бір жарым жыл көлемінде газ тарту міндетін қойды. Газдандыру жайында айтқанда президент соңғы кезде Астананың да түтін құрсауында қалып қойғанын мойындады.

САРАПШЫЛАР ҚАЛАЙ БАҒАЛАДЫ?

Нұрсұлтан Назарбаев енді "орындайтын кезі келді" деп жариялаған бұл мәселелердің толғауы әлдеқашан жеткен болатын. Сарапшылардың пайымдауы - осындай.

Экономист Мағбат Спанов биліктің әлеуметтік түйткілдерді шешуді көп жыл бойы кейінге қалдырып келе жатқанын айтады. Президент бұл жағдайды неге бүгін күтіп отыр деген сауалға экономист былай деп жауап берді:

Экономист Мағбат Спанов.
Экономист Мағбат Спанов.

- "Транзиттік кезең" сөзін суқаным сүймесе де, қазір сол кезеңді өткеріп отырмыз. Экономикалық реформаларға қатты наразылардың бірі - жастар. Билік қалай болғанда да өз мәртебесін сақтап қалуды көздейді. Әлеуметтік наразылық болмас үшін билік жастарға бас изеп отыр. Жастар үшін баспана - ең басты мәселе. Өкінішке қарай, тұрғындардың жағдайы сайлау алдында немесе транзиттік кезеңде ғана еске түсетіні бар, - дейді экономист Азаттыққа.

Оның айтуынша, тәуелсіздіктің 26 жылында үнемі сыртқа көмірсутек сатып, өзінің ішкі қажетін өтей алмаған елдегі газдандыру туралы айтудың өзі ыңғайсыз. Елдің оңтүстігі Қытайға жүргізілген газ құбырының арқасында ішінара газдандырылған. Алайда орталық пен солтүстіктегі халық экологияға зиян келтіретін көмір жағып отыр.

Саясаттанушы Айдос Сарым "бастамаларды" қоғамда әлдеқашан пісіп жетілген талаптарға кеш берген жауабы деп бағалайды.

- Президент жолдауының неге үстірт екені түсінікті болды. Өйткені онда біржақты мәселелер ғана айтылып, әлеуметтік сала назарға алынбады. Менің байқауымша, үкіметтің экономикалық саладағы мәселелерімен үйлестіру үшін ұсыныстар жетілдірілсе керек. Қазір кейбір билікшіл саясаткерлер президенттің қоғамдағы мәселелерге жеке-жеке сала бойынша жауап беретіндігін айтып жүр. Идеологияды бұл «Рухани жаңғыру» түрінде көрініс тапса, саясатта өткен жылы реформалар болды. Экономикаға жолдау арналса, енді әлеуметтік сала да жеке қамтылып тұр. Енді оның әсері қалай болатынын көреміз. Дегенмен бұл ЭКСПО немесе Универсиаданы қаржыландырғаннан тәуір ғой, - дейді Айдос Сарым.

Cаясаттанушы Айдос Сарым.
Cаясаттанушы Айдос Сарым.

Оның айтуынша, санкциядан зардап шегіп жатқан Ресейде де президент сайлауы қарсаңында әлеуметтік мәселелер көтерілген. Көрші елге қарап бой түзейтін Қазақстанда да әлеуметтік жағдайға бетбұрыс керек болатын.

Айдос Сарымның пайымдауынша, бүгін президент көтерген бағдарламалар алдағы саяси шешімдердің негізі болуы ғажап емес. Саясаттанушы бір-бір жарым жылдан кейін жеңілдетілген ипотекамен үй алғандар шығып, әлеуметтік реформалар жүзеге аса бастағанда билік мерзімінен бұрын парламент сайлауын өткізуі мүмкін.

ВИДЕО: Президент бастамасын сынаушылар.

Президент бастамасын сынаушылар да бар
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:02 0:00

Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов болса, "бастамаларды" жаңа әлеуметтік жоба ретінде бағалайды.

- 26 жылдан бері осындай жұмыс атқарылып келеді. Бұл - жаңа бастамалар, жаңа әлеуметтік жобалар. Оны қолдап, іске асыруымыз керек, - дейді депутат.

Мәжілістің соңғы сайлауы 2016 жылы да мерзімінен бұрын өткізілген еді.

XS
SM
MD
LG