Accessibility links

Жәкішевке прокурор 14 жыл сұраса, адвокаттары айыптардың дәлелденбегенін айтады


"Қазатомпромның" бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев, сәуір, 2009 жыл.
"Қазатомпромның" бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев, сәуір, 2009 жыл.

Прокурор қатаң жаза талап еткенімен де, ҰҚК тағайындаған адвокат Жәкішевтің ісінде қылмыстық құрам жоқ деп отыр. Қырғыз дәрігерлері Жәкішевтің денсаулығын тексеріп, оны екінші топтағы мүгедек тобына жатқызу керек деген тұжырымға келген.

«Қазатомпром» ұлттық атом компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев пен оның оққағары Талғат Қыстаубаевқа қарсы қылмыстық іс бойынша сот процесі аяқталуға жақындап қалған тәрізді. Астана қаласы №2 Сарыарқа аудандық сотында өткен жұма күні тараптардың жарыссөздері басталып, сейсенбі күні әрі қарай жалғасты.

Соттың есігі іске қатысушылардан басқаларға жабық.

ОРДЕН МЕН ШЕННЕН АЙЫРУ

Топ-менеджердің адвокаты Нұрлан Бейсекеевтің хабарлауынша, мемлекеттік айыптаушы судьядан айыпталушы Жәкішевке 14 жыл қатаң режимдегі колония жазасын белгілеп, 7 жыл мемлекеттік қызметпен айналысуға тыйым салуды сұраған.

Ал, Қыстаубаевты прокурор 6 жыл бас бостандығынан айыру керек деген.

Сонымен бірге, мемлекеттік айыптаушы Жәкішевтен ел президентінің қолынан алған "Құрмет" орденін қайтарып алу қажеттігін, Қыстаубаевты полиция майоры шенінен айыру керектігін алға тартқан.

Жәкішевке Венада «Қазатомпром» компаниясының заңсыз өкілдігін ашу арқылы пайда тапқан, астыртын касса ұстаған, күзетшісі Қыстаубаевқа екінші еңбекақы төлеп келген деген айыптар тағылғандығы хабарланған еді.

ЖӘКІШЕВТІҢ ПРОКУРАТУРАҒА ЖАУАБЫ


Айыпталушылардың өздері, олардың туған-туыстары мен жақтаушылары бұл айыптауларға да, прокурордың соттан сұрағандарына да үзілді-кесілді қарсы шығып отыр.

- Олар тіпті жақтаушы келтірген дәйектерді тыңдап, ол бойынша тексеру жүргізгілері де жоқ, барлығына көзді жұмып қарап отыр. Олардың мақсаттары бір – Мұхтарды мейлінше ұзақ мерзімге түрмеге жабу, - деді топ-менеджердің зайыбы Жәмилә Жәкішева, сейсенбі күні Азаттық радиосына.

Жәмилә Жәкішеваның айтуынша, Бішкектегі қырғыз дәрігерлері Мұхтар Жәкішевтің денсаулық жағдайына қатысты тәуелсіз әлеуметтік-медициналық сараптамасы жүргізіп, оны ІІ-ші топтағы мүгедек қатарына жатқызған.

Бұл уақытта ҰҚК тарапынан Жәкішевке тағайындалған екінші бір адвокат Болат Исатаев, Азаттық радиосына берген сұхбатында, өзінің қорғауындағы азаматқа қарсы істің қылмыстық құрамы жоқ деп мәлімдеді.

- Істің Венадаға кеңсеге, астыртын кассаға, сондай-ақ Қыстаубаевтың жалақысына қатысты эпизодтарында ешқандай қылмыстық құрам жоқ. Өйткені Жәкішев «Қазатомпромның» стратегиялық жоспарлауына жауап береді, - деді Исатаев.

Адвокат Бейсекеевтің айтуынша, сейсенбі күнгі сот мәжілісінде сөз алған Жәкішев прокуратураның айыптауларына терең талдау жасаған.

- Менің ойымша, Мұхтар Жәкішев сот төрелігіне тапсырылған айыптаулардың тас-талқанын шығарды. Ол мемлекеттік айыптаушының айыптауларын жеке-жеке қарастырып, солардың әрқайсысына қатысты өзінің тұшымды жауабын берді, айыптаулардың негізсіз екендігін дәлелдеді, - деді Бейсекеев.

ПРОКУРОР ІСТІ САЯСИЛАНДЫРДЫ ДЕП БАСПАСӨЗДІ АЙЫПТАЙДЫ

Қорғаушы Бейсекеев топ-менеджердің сотта нақты қандай дәлелдер келтіргендігін айтудан бас тартты. Оның себебін адвокат бүгінгі сот отырысында прокурордың істі әдейі саясиландырып отыр деген уәжімен де байланыстырды.

- Мемлекеттік айыптаушы БАҚ-тың кінәсінен бұл іске саяси астар беріліп отыр дегенді айтып өтті. Осыған орай пікір білдірген Мұхтар Жәкішев прокуратураның, қылмыстық қудалау органдарының кінәсінен қоғамның назары ауған, шын мәнінде бұл істе мемлекеттік құпия делінетіндей ештеме жоқ деп атап көрсетті, - деді Бейсекеев.

Оның пікірінше, істің саяси астары бар делінуіне Бас прокуратураның өзі, атап айтқанда оның 2009 жылы 9 желтоқсандағы брифингте айыптауларда Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевтің аты аталып, ол Мұхтар Жәкішевпен қылмыстық байланыста болған деп таратқан мәлімдемесі түрткі болған.

«ҚЫСТАУБАЕВ БОСАТЫЛСЫН»

Сейсенбі күнгі сот отырысында Талғат Қыстаубаев пен оның адвокаты Ақан Байқановқа да сөз берілді. Қыстаубаев өзінің екінші жұмысы үшін алып келген жалақысының қосымша табыс көзі екендігіне судьяның көзін жеткізуге тырысты. Ал ҰҚК тарапынан тағайындалған адвокат Байқанов болса өзінің қорғауындағы азаматты «мүлде босату керек» деп мәлімдеді.

«Қазатомпром» ісі бойынша сот процесі 2009 жылы 22 желтоқсанда басталды. Істегі екі айыпталушы – Жәкішев пен Қыстаубаев 2009 жылы мамырда ұсталғалы бері ҰҚК-нің тергеу абақтысында отыр.
XS
SM
MD
LG