Accessibility links

Интернетті бақылау заңы қабылданған күні Алматыда журналистер наразылық шарасын өткізді


"Свобода слова" газетінің бас редакторы Гүлжан Ерғалиева наразылық акциясында. Алматы, 24 маусым 2009 жыл.
"Свобода слова" газетінің бас редакторы Гүлжан Ерғалиева наразылық акциясында. Алматы, 24 маусым 2009 жыл.

Маусымның 24-і күні Қазақстан парламенті интернетке қатысты қоғамда дау туғызған заң жобасын түпкілікті қабылдап, президентке қол қоюға жіберді. Бұл уақытта Алматыда журналистер мен қоғамдық ұйымдар елде сөз бостандығына қысым жасамауды талап етіп наразылық шарасын өткізді.

ПАРЛАМЕНТ ИНТЕРНЕТКЕ БАҚЫЛАУДЫ ҚАТАЙТАТЫН ЗАҢДЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Қазақстандық тәуелсіз басылымдар мен оппозициялық партиялар, сөз бостандығын қорғайтын үкіметтік емес ұйымдар қатты сынға алып, қарсылық білдірген интернетке қатысты заң жобасына сенаттың ұсынған түзетулерімен келіскен мәжіліс маусымның 24-і жобаны түпкілікті қабылдап, президентке жолдады.

Бұған дейін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Қазақстан өкіметіне аталған жобада көрсетілген
Қазақстан парламенті мәжілісінің жалпы отырысы.
түзетулерді заңға енгізбеуге кеңес берген болатын.

Жобаға сын айтушылар ондағы баптар елдегі интернет пайдаланушы азаматтардың ақпаратты еркін алу және тарату құқығын, интернетте сөз бостандығын шектейді деп санайды.

Заң жобасы блогтар, чаттар, форумдар, порталдар, т.с.с интернеттегі барлық сайттарды бұқаралық ақпарат құралына теңестіріп, оларда Қазақстан заңдарына қайшы келетін ақпаратты орналастыруға тыйым салуды көздейді.

Сондай-ақ, аталмыш заң жобасында Қазақстанға хабары таратылатын шетелдік БАҚ-ына қарсы сот ісін арыз берушінің тұрғылықты жерінде және жауапкердің қатысуынсыз өткізе беру белгіленген. Сынаушылар осылайша Қазақстан билігі өзі жақтырмайтын шетелдік интернет ресурстарына ел ішінде тосқауыл-кедергілерді орнатуды заңдастырып алмақ, бұл жоба ел Конституциясы мен адам құқығы саласындағы халықаралық құжаттарға қайшы дейді.

Бірақ парламент депутаттары даулы заң жобасы Ата заңға және Қазақстан қол қойған халықаралық келісімдерге сәйкес келеді деп есептейді.

Биылғы жылдың басында үкіметтен парламенттің қарауына түскен заң жобасында заңға қайшы келеді деп табылған бұқаралық ақпарат құралының шығуын немесе хабар таратуын бас прокурор соттың рұқсатынсыз тоқтата алатындай өкілеттік беру көзделген еді. Алайда жобаны талқылау кезінде мәжіліс депутаттары осы толықтыруды заң жобасынан алып тастады.

ЖУРНАЛИСТЕР БИЛІКТЕН СӨЗ БОСТАНДЫҒЫНА ҚЫСЫМ ЖАСАМАУДЫ ТАЛАП ЕТТІ


Астанада парламент интернетке қатысты даулы жобаны қабылдап жатқан дәл осы күні Алматыда тәуелсіз журналистер мен оппозициялық партиялардың, сөз бостандығын қорғаушы қоғамдық ұйымдардың өкілдері наразылық акциясын өткізді.

Тараз сотында айыпталып отырған "Алма-Ата инфо" газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповтың зайыбы Раушан (сол жақта) наразылық акциясында. Алматы, 24 маусым 2009 ж.
Қазақстандық журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында митинг өткізуге Алматы әкімшілігінен 2 рет рұқсат ала алмаған олар маусымның 24-інде таңертеңгі сағат 11-де Ұлттық баспасөз клубының алдында жиналды. Әйткенмен, бұл жерге жиналған журналистер мен оппозиция өкілдерінен полиция мен арнайы қызмет органдарының қызметкерлері көп болды.

«Азат» партиясының төрағасы Болат Әбілов бұл жиыннның мақсаты – билікпен диалогқа шығу әрекеттері еш нәтиже бермеген соң енді елдегі тәуелсіз журналистиканың жағдайына қоғамның назарын аудару екендігін айтты.

Ол жұртшылықты тәуелсіз журналистика төңірегінде қалыптасқан жағдайға бей-жай қарамауға шақырды.

– Жаңа «БАҚ туралы» заң қабылданғаннан кейін «Хабар» мен «Қазақстаннан» басқа көретін телеарна, «Егемен Қазақстаннан» басқа оқитын басылым қалмайын деп тұр. Одан бөлек интернет ауыздықталса, әлеммен байланысымыз үзілмек, – деді Болат Әбілов.

Қазақстандағы сөз бостандығын бақылайтын «Әділ сөз» қорының президенті Тамара Калеева сөз бостандығы – адамның
Акцияға қатысушылардың қолындағы сөз бостандығына қысым жасамау туралы талап айтылған жазуларды полицейлер күштеп жұлып алып жатыр. Алматы, 24 маусым 2009 ж.
ажырағысыз құқықтарының бірі болып саналатындығын айтады.

– Сондықтан оны мүлдем жаншып тастауға болмайды. Билікке осыны түсінетін уақыт жетті – дейді Тамара Калеева.

Биылғы жылы сот шешімі салған 30 млн теңге айыппұл салдарынан жабылып қалған «Тасжарған» газетінің бас оқырманы Ермұрат Бапи, Қазақстандағы журналистиканы екіге бөліп қарау керектігін айтады.

- Алғашқысы үнсіз журналистика. Олар елдегі, қоғамдағы әлеуметтік, тұрмыстық мәселелерді жазады. Алайда саяси тақырыптар жоқ. Сол себепті елдегі болып жатқан жайттардың барлығына биліктің, елдегі саяси режимнің кінәлі екендігін ашып айтпайды. Сондықтан да оларға еш қысым жасалмайды. Ал екіншісі өз үнін білдіріп жүрген санаулы БАҚ-тарды айтуға болады. Олар биліктің кемшін тұстары мен әділетсіздіктерін ашып айтатын басылымдар. Дәл қазіргі таңда осы санаулы-ақ тәуелсіз басылымдардың үнін өшіру процесі жүріп жатыр, - дейді Ермұрат Бапи.

Алайда қазақта «қорқа қорқа батыр боласың» деген бар. Сондықтан бізді әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікпен қорқытқанмен біз күшейе беретін боламыз дейді сұхбаттасымыз.

"ЖАЛҒЫЗДЫҢ ҮНІ ШЫҚПАС, ЖАЯУДЫҢ ШАҢЫ ШЫҚПАС..."

Республикалық «31 арнаның» журналисі Қанат Тілеубай өткізілген наразылық шеруі - журналистердің өзара ынтымақтастығының жоқтығын байқатты деген ойды айтады.

Сөз бостандығын қорғаушы "Әділ сөз" қорының президенті Тамара Калеева (сол жақтан үшінші) әріптестерімен бірге журналистердің наразылық акциясында. Алматы, 24 маусым 2009 ж.
- Бұл жиын - елде әлі де саяси сауатсыздық пен шерулер өткізудің белгілі бір мәдениетінің жоқтығын көрсететін «жабайы» митингтің өзі. Тәуелсіз БАҚ өкілдері ғана жиналып өз наразылықтарын білдіріп жатыр. Ал басқа мемлекеттік ақпарат құралдарының қарасы да көрінбейді. Бұл журналистердің өзара ынтымағының жоқтығын аңғартады. Ал ынтымақ жоқ жерде қандай да бір реформа жасау мүмкін емес, – дейді журналист.

Шамамен 30 минутқа созылған жиынға қатысушылар өздерінің бұл әрекетінен қандай да бір жақсы нәтиже шығарына екіұдай көңілмен жұмыс орындарына асықты, ал олардан кейін полиция да өз міндеттерін адал атқарғандай қанағат сезімімен тарқап кетті.
XS
SM
MD
LG