Accessibility links

Атамбаевтың билік партиясына оралуы қазақ-қырғыз қатынасына әсер ете ме?


Алмазбек Атамбаевтың Қырғызстан социал-демократиялық партиясы съезінде сөйлеп тұрған сәті. Бішкек. 31 сәуір, 2018 жыл.
Алмазбек Атамбаевтың Қырғызстан социал-демократиялық партиясы съезінде сөйлеп тұрған сәті. Бішкек. 31 сәуір, 2018 жыл.

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев билік партиясына төраға болып сайланды. Партия съезінде ол Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековке «достық сын» айтты. Сарапшылар «бұрынғы және қазіргі президенттер арасында қайшылық байқалғанын» айтады. Кейбірі мұны «үлкен конфликті» десе, өзгелері «коллизияға» балайды.

ЕСКІ ЖАҢА ТӨРАҒАНЫ САЙЛАУ

Наурыздың 31-і Бішкекте өткен Қырғызстан социал-демократиялық партиясының (ҚСДП) съезін қырғыз баспасөзі елеулі оқиғалардың бірі ретінде көрсетті. Журналистердің кіргізілмейтіні алдын-ала белгілі болғанына қарамастан көптеген тілші съезд өтетін төңірекке ерте шоғырланғаны байқалды.

Тікелей эфирде көрсетілген хабарларға қарағанда, ҚСДП съезіне кей делегаттар кіргізілмеген. Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, 15 делегат партия жетекшілігінің ұстанымына қарсылық ретінде съезден шығып кеткен. Оларға «Алмазбек Атамбаевтың Сооронбай Жээнбековке «досым» деп бейресми қатынасын жиі білдіргені және оған «кеңес берем» дегені ұнамаған. Наразы делегаттар Қырғызстанның көрші елдермен қатынасы «Атамбаев тұсында нашарлап, Жээнбеков президент болғалы жақсара бастағанын» айтқан.


Бірер сағатқа созылған съезд соңында Алмазбек Атамбаевтың партия төрағасы болып сайланғаны хабарланды. Бұл партиядағы төраға орны 2011 жылы күзде Алмазбек Атамбаев президент болып сайланғаннан кейін бос тұрған. Съезден кейін өткен баспасөз мәслихатында Атамбаев «Билік партиясына төраға болуы арқылы билікке қайта оралуды көздейсіз бе?» деген де сауалға:

- Билікте қалғым келсе басымды ауыртпай-ақ екінші президенттік мерзімге де қала алатын едім. Екінші мерзімге қалу туралы көршілес елдердің басшылары ғана ұсынған жоқ, сонымен қатар қарапайым адамдардан мыңдаған хат келді. Саясатқа қызмет үшін оралғаным жоқ. Елдің стратегиялық мәселелеріне араласуға келдім. Билікке ықпал ету үшін жоғары қызмет иелену міндетті емес, - деп жауап берді.

Атамбаев көршілес мемлекет басшыларының мұндай ұсынысы туралы өзі президент кезінде де айтқан болатын.

ВИДЕО: Атамбаевтың Жээнбеков және оның туысы туралы айтқаны.

Атамбаев: "Мен айтпасам, кім айтады?"
please wait

No media source currently available

0:00 0:13:13 0:00

​Баспасөз мәслихаты барысында экс-президент билікте отбасылық кландық жүйе орнықтыруға қарсы екенін бірнеше рет атап айтты. Оның сөзінше, «Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековтің Жогоргу Кеңештегі інісі Асылбек Жээнбеков депутаттық мандатын тапсыруы керек. Әйтпесе жоғары билікте туыс адамдардың жүруі Сооронбай Жээнбековке ерте ме, кеш пе кесірін тигізуі мүмкін».

Атамбаевтың пікірінше, Асылбек Жээнбеков ҚСДП съезіне шақырылмаған. Сонымен қатар «Асылбек Жээнбеков мандатын тапсырсын, ағасы президент болып сайланса депутаттықтан кетемін деген уәдесін орындасын» деп талап қойған ҚСДП мүшесі, бұрынғы депутат Мээрбек Мискенбаев та съезге қатыстырылмаған.

Съезге дайындық қарсаңында Азаттықтың Қырғыз қызметіне осы мәселе бойынша жауап берген Асылбек Жээнбеков «өзін депутат мандатынан ел ғана ажырата алатынын» айтқан еді.

«КІНӘЛІ БОЛСАМ, АТЫП ТАСТАҢДАР»

Баспасөз мәслихаты кезінде Алмазбек Атамбаев Қырғызстанның қазіргі премьер-министрі Сапар Исаковты қолдай сөйледі. Оның сөзінше, биыл қыста даулы болған жылу электр стансасының (ЖЭС) жөндеу жұмыстарына байланысты Сапар Исаковты ғана сынауға болмайды.

- Сапар Исаков тамыз айының соңында болды. Ал ЖЭС-ті қайта жөндеуге арналған тендер Сооронбай Жээнбеков премьер-миниср болып тұрғанда өтті, - деді ол.

ҚСДП жиыны өтіп жатқан ғимаратты күзетіп тұрған полицейлер. Бішкек. 31 наурыз, 2018 жыл.
ҚСДП жиыны өтіп жатқан ғимаратты күзетіп тұрған полицейлер. Бішкек. 31 наурыз, 2018 жыл.

Атамбаевтың сөзінше, «президенттің айналасы Жээнбековке ойдан шығарылған ақпарат бере бастаған». Осыған байланысты Жээнбековтің өзіне де наразылығын жеткізгенін, ол «қаттырақ айтқан достық сынын түсіністікпен қабылдағанына» разы екенін және Жээнбековке «шындықты айтып көмектесу қажеттігін» мәлімдеді. Сонымен қатар Сооронбай Жээнбековтің «ісіне араласпайтынын, ал өзі сұраса кеңес беретінін» де айтты.

«Президент кезіндегі барлық шешіміме жауап бере аламын, Қырғызстаннан ешқайда кетпеймін» деген Атамбаев «Егер бір нәрсеге кінәлі болсам атып тастаңдар!» деп салды.

Бұдан өзге Атамбаевтың өзі басқаратын Қырғызстан социал-демократтар партиясын «2020 жылы өтетін сайлауға әзірлеймін» деген сөзі де назар аудартты.

«КОЛЛИЗИЯ МА, КОНФЛИКТ ПЕ?»

Алмазбек Атамбаевтың кезінде өзі құрған ҚСДП басшылығына қайта оралатыны ол президенттік қызметін аяқтаған кезде-ақ айтыла бастаған. Осыған байланысты «Атамбаев парламенттік басқару арқылы Жогорку Кеңеш төрағасы немесе премьер-министр болуы мүмкін» деген болжамдар шыққан.

Азаттық тілшісі экс-президент Атамбаевтың съезден кейін өткізген баспасөз мәслихатына қатысқан қырғыз саясаттанушысы Марс Сариевтің пікірін білді.

- Қауіпсіздік кеңесі жиынында президент Жээнбеков Атамбаевтың деректерімен сай келмейтін мәліметтер оқыған. Менің ойымша, бұрынғы және кейінгі президенттің командасы арасында әлдебір коллизия бар екені байқалады, - дейді ол.

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков (сол жақта) және бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев Жээнбековті ұлықтау рәсімінде. Бішкек. 24 қараша, 2017 жыл.
Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков (сол жақта) және бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев Жээнбековті ұлықтау рәсімінде. Бішкек. 24 қараша, 2017 жыл.

Марс Сариевтің сөзінше, экс-президент Атамбаевтың жиындағы сөзіне қазіргі президент Жээнбековтің реакциясы қандай болатыны белгісіз.

- Әсіресе, Атамбаевтың Асылбек Жээнбековті депутаттық мандаттан бас тартуға шақыруы түсініспеушілік туғызуы мүмкін. Әзірге Асылбек Жээнбековтің депутаттық мандатын өткізбегеніне президент Сооронбай Жээнбеков те қарсы емес сияқты. Өйткені інісі арқылы да парламенттегі ықпалын сақтап қала алады, - дейді сарапшы.

Марс Сариев «Атамбаев пен Жээнбеков қалай да консенсуқа келуге тырысады. Өйткені бір партиядағы екеудің дауы партияның өзіне тиімсіз. Оның үстіне оппозициялық көңіл-күйдегі партиялар қазір Жээнбековті қолдап отыр. Оларға билік партиясының әлсірегені тиімді» деп санайды.

Президент Сооронбай Жээнбековтің туысы депутат Асылбек Жээнбеков.
Президент Сооронбай Жээнбековтің туысы депутат Асылбек Жээнбеков.

​Қырғыз саясаткері Эдил Байсалов болса Атамбаев пен Жээнбеков қатынасында «үлкен конфликт бар» деп біледі. Мұның негізгі себебі «Атамбаевтың билікті ықпалынан шығарғысы келмейтіндігінде» дейді ол. Оның пікірінше, Атамбаев ықпалынан шыға бастаған президентті айтқанымен жүргізе алмаған соң оның інісін депутаттықтан кетіруге мүдделі болып отыр. Ал бұрын Жогорку Кеңеш төрағасы болған Асылбек Жээнбековті Байсалов «өз жолы бар адам» деп атайды.

- Осылай боларын баяғыдан айтқанбыз. Билік ауысқаннан кейін бұрынғы президент кетуі керек, - дейді ол.

Байсаловтың пікірінше, Атамбаев билік партиясына төраға болғанымен Жогорку Кеңешке төраға болуға да, үкімет басқару да мүмкіндігі жоқ.

- Өйткені Конституция бойынша Жогорку Кеңеш өз бастамасынсыз тарамайды. Қазіргі Жогорку Кеңеш президент Жээнбековті қолдайды. Ал премьер-министр болуға қоғамдық пікір де жол бермейді, - дейді Эдил Байсалов.

«ҚАЗАҚСТАНМЕН ҚАТЫНАСТЫ УШЫҚТЫРА МА?»

Алмазбек Атамбаев 2017 жылы күзде өткен Қырғызстан президентін сайлау науқаны барысында Қазақстан билігін бірнеше рет сынаған. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты «Қырғызстанның ішкі ісіне араласып, өзіне ыңғайлы кандидатқа қолдау көрсетті» деп айыптаған Атамбаевтың сынынан соң Қазақстан Қырғызстанмен арадағы кеден бақылауын екі айға жуық күшейткен. Тек жаңадан сайланған президент Сооронбай Жээнбеков қазақстандық әріптесі Назарбаевпен кездескеннен кейін ғана кедендегі жағдай қалпына түскен.

ВИДЕО: Атамбаев Рахмон, Каримов және Назарбаев туралы.

Атамбаевтың Рахмон, Каримов, Назарбаев және өзгелер туралы сөзі
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:14 0:00

«Атамбаев билік партиясына төраға болған соң Қазақстанмен қатынасқа тағы да ықпал ете ме?» деген сауалды Азаттық тілшісі Марс Сариев пен Эмил Байсаловқа қойып көрді.

Сарапшы Марс Сариевтің ойынша, «Қазақстанмен қатынасты қайта ушықтыру саяси дұрыс қадам болмайды. Сол себепті Алмазбек Атамбаев ара қатынасты қайта шиеленістіруге мүдделі емес».

Эдил Байсалов болса «Атамбаев тұрақты, сенімді сыртқы саясат жүргізе алмады» деп есептейді.

Оның Қазақстаннан өзге елдермен де қарым-қатынасы әртүрлі болды. Қазақстан президентін «ақсақал» деп ерекше сыйлап жүрді, ақыр соңында Назарбаев ешкімнен естімеген сөзін Атамбаевтан естіді. Оның деңгейін бәрі көрді, Қазақстан билігі де баға берді. Алдағы уақытта Қазақстан билігі Сооронбай Жээнбековке жәрдемдеседі деп үміттенеміз, - дейді ол.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Назарбаев пен Атамбаев.

2011 жылы Қырғызстан президенті болып сайланған Алмазбек Атамбаев бұл қызметте заңды өкілеті аяқталғанша, яғни 2017 жылдың қарашасына дейін отырды. Ол 2000 жылғы президент сайлауында елдің тұңғыш президенті Асқар Ақаевқа бәсекелес болған. Ақаев биліктен тайдырылған соң келесі президент болып сайланған Құрманбек Бакиевтің командасында премьер-министр қызметін атқарды. 2009 жылғы президент сайлауы қарсаңында біріккен оппозицияның ортақ кандидаты ретінде Бакиевтің басты бәсекелесіне айналды. 2010 жылғы сәуір революциясы нәтижесінде Бакиев шетелге қашып кеткеннен кейін Роза Отунбаева шамалы уақыт Қырғызстанның уақытша президенті міндетін атқарды.

Алмазбек Атамбаев 2017 жылғы президент сайлауында биліктегі ҚСДП кандидаты Сооронбай Жээнбековке қолдау танытты. Сайлауда жеңіске жеткен Жээнбековтің президенттік міндетін атқаруға кіріскен кезде қабылдаған алғашқы жарлықтарының бірі экс-президент Алмазбек Атамбаевқа «Қырғыз Республикасының Батыры» атағын беру туралы болды. Сарапшылар оны біртіндеп Алмазбек Атамбаевтың ықпалынан шығады деп болжаған еді.

Қазір Қырғызстан Жогорку Кеңешінде көпшілік орын алып отырған Қырғызстан социал-демократиялық партиясы 1994 жылы құрылған. Қырғызстанды Асқар Ақаев пен Құрманбек Бакиев басқарған кезде оппозицияда болған партия бұл екі президентті биліктен тайдырған төңкерістер кезінде ірі саяси күштердің бірі ретінде көрінген.

XS
SM
MD
LG