Accessibility links

Қысым мен қыспақ енді журналистерді арнайы қызметке тартуға талпыныс әрекеттерімен жалғасуда


Игорь Винявский, «Взгляд» газетінің бас редакторы. Алматы, 30 қыркүйек 2009 жыл.
Игорь Винявский, «Взгляд» газетінің бас редакторы. Алматы, 30 қыркүйек 2009 жыл.

«Взгляд» газеті мен «Stan.kz» интернет порталының журналистері өздерін белгісіз біреулер аңдып, қызметке тартуға тырысып, тіпті қоқан-лоққы көрсету туралы ескерту де жасағанын мәлімдеді. Ал ҰҚК журналистердің дәлел-айғақтары болса, сотқа берсін дейді.

30 қыркүйек күні Алматыдағы баспасөз-мәслихатында «Взгляд» газеті мен «Stan.kz» интернет порталының журналистері өздерінің сырттарынан жасырын аңдулар жүргізілетінін айтты.

«Stan.kz» интернет порталының журналисі Наталья Панованың айтуынша, өткен аптада белгісіз біреулер келіп, өздерімен «ынтымақтастық қарым-қатынаста» болуын өтінген.
Наталья Панова, «Stan.kz» интернет-сайтының тілшісі. Алматы, 30 қыркүйек 2009 жыл.

- Бұл жағдай Айнұр Құрмановты ұрып кеткен күннің ертесі болатын. Белгісіз біреу маған оңаша әңгіме барысында біздің басылымның аймақтарда журналистері бар ма, жалпы қанша қызметкер бар, продюсердің аты-жөні және жаңалықтарды кім тексереді деген сұрақтарға жауап алмақ болды. Менің берген жауаптарым оны қанағаттандырмаған соң, ол менімен басқаша сөйлесе бастады. Дауысы да қатты шықты. Ол әңгіме барысында «менің көмегім ақысыз болмайтындығын» ескертті. Алайда мен бас тартқан соң, «егер ертең саған Айнұр Құрманов сияқты бірлеулер тиісіп жатса, бізден көмек күтпеңіз!» деп қысқа қайырды, - дейді журналист Наталья Панова.

Ал «Взгляд» басылымының шығарушы редакторы Екатерина Беляева Құрмановқа қастандық жасалған күні үйіне кештеу келгендігін айтады.

- Үйге келісімен менің көршім «белгісіз 2 адамның журналист Беляеваны ұзақ уақыт күткендерін» айтты. Алайда көршілерім оларға полиция қызметкерлерін шақырамыз деп қорқытқаннан кейін олар кетіп қапты, - дейді Е. Беляева.

Екатерина Беляева, «Взгляд» газетінің редакторы. Алматы, 30 қыркүйек 2009 жыл.
Алайда олар ұзаққа кетпеген көрінеді.

- Өткен жексенбі күні маған кешкі сағат 7 шамасында өзін учаскелік полицеймін деп таныстырған азамат келді. Мен оған есік ашқан жоқпын. Ол маған куәлікке ұқсас бір құжатты көрсетті. Мен оған басшылығының телефонын беруді сұрап едім, ол «мен олай етуге міндетті емеспін» деп жауап берді. Осылай есіктің сыртында тұрып –ақ ол маған қайда жұмыс істейсіз, қандай қаржыға өмір сүресіз дегендей сұрақтар қойды. Ақыры ешнәрсе шықпаған соң кетіп қалды, - деп әңгімеледі журналист баспасөз-мәслихатында.

Беляеваның айтуынша, журналист Арбатта саяси екіжүзділікке қарсы акция өткізгелі бері осындай әрекеттерді жиі кезіктіре бастаған. Тіпті журналист сенімді ақпарат көздері арқылы, өзі турасында арнайы қызмет органдары мәлімет алуға қызығушылық танытып отырғандығын білген.

"ТӘУЕЛСІЗ БАҚ-ТАРҒА ҚАРСЫ ҚЫСЫМ ҮДЕП БАРАДЫ"

Қызметкерлеріне осылайша қысым көрсетіліп жатқандығын алға тартқан «Взгляд» және «Stan.kz» басшылары Алматыда арнайы мәлімдеме жасады.

- Біз қазір Қазақстанда жоспарлы түрде тәуелсіз БАҚ-тардың жойылып жатқандығын көріп отырмыз. «Тасжарған», «Алма-Ата Инфо» және «Республика» басылымдары бұл сөзіміздің дәлелі. Ендігі кезек біздікі болса, ертең басқа тәуелсіз басылымға да осындай күн тумайтындығына сенім жоқ. Ең сорақысы - Қазақстанның қорқақ қоғамы осының барлығына мойынсұнып, үндемей шыдап отыр, - дейді «Взгляд» газетінің бас редакторы Игорь Винявский.

«Stan Production» ЖШС директоры Бауыржан Мүсіровтың айтуынша, өздеріне қарасты «Stan.kz» интернет порталы жұмысқа кіріскелі бері қысым көрсету жалғасып келеді екен.
Бауыржан Мүсіров, «Stan Production» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры. Алматы, 30 қыркүйек 2009 жыл.

- 2007 жылдың наурызында ғана ашылған жас ақпарат құралымыз. Дегенмен алғашқы күннен бастап-ақ біз бірқатар порблемаларға тап болдық. Оның бірі – біздің ақпарат алуымызға шектеу қою, біздің журналистеріміз ресми шараларға аккредитация ала алмайды, әрине оған ешқандай ресми жауап берілмейді. Сондай-ақ біздің журналистерімізбен ара-тұра «әңгімелер» жүргізіледі, ол барысында қазметкерлерімізді қорқытып, тіпті оларды ақшамен сатып алғысы келген жайттар да орын алған, - дейді басылым директоры Бауыржан Мүсіров.

Осылай деген басылым басшылары елдегі саяси күштер мен азаматтық қоғамды тәуелсіз баспасөзді қорғауға, ЕҚЫҰ мүше елдердің дипломатиялық миссиясын өздерінің мемлекеттерінің басшыларына Қазақстанда БАҚ өкілдеріне қысым көрсету науқаны жүріп жатқандығын хабарлауға шақырып отыр.

ҰҚК ДӘЛЕЛ-АЙҒАҚТАРЫ БОЛСА СОТТАССЫН ДЕЙДІ

Осы мәлімделген жайттарға қатысты ҰҚК-нің Алматы қаласындағы департаментіне хабарласқанымызда, комитеттің баспасөз өкілі Болатбек Төлетаев мұндай сөздерді оппозиция өкілдерінен жиі еститіндіктерін айтты.

- Олардың қолдарында «журналистерді сатып алмақшы азаматтың» дауысы бар ма? Егер ондай болса сотқа берулеріне болады. Алайда ол болмаса жала жапқаны да...Ал тәуелсіз басылым өкілдерін аңду, немесе оларға қысым жасау сияқты жұмыспен біз айналыспаймыз. Ол –заңсыз. Ал заң бойынша біздің құзыретімізге қатысты заңды бұзса ғана біз оларға қатысты әс-шаралар жүргізе аламыз. Ал ешқандай заң бұзылмаса, біз ешнәрсе істей алмаймыз, біз олай істеген күнде де бізді тексеретін прокуратура бар, - дейді Азаттық радиосына түсініктеме берген ҰҚК өкілі.

Сондай-ақ ол «егер айтылған фактілерге қатысты қандай да бір айғақтары болып жатса, біз жауап беруге дайынбыз» дегенді қосып қойды.
XS
SM
MD
LG