Өткен аптадан бастап Алматыдағы «Комета S» баспасханасына жасалған тексерулер мен оның уақытша жабылуын - «Алға» газетінің бас редакторы әрі «Алға!» халықтық партиясының ұйымдастыру комитетінің мүшесі Михаил Сизов « бұл "Республика" газетін қудалау емес, саяси партияны құрудағы -өз жұмыстарына кедергі келтіру» деп бағалап отыр.
- 5 қыркүйек күні «Алға!» халықтық партиясының ұйымдастыру комитеті партияның құрылтай сьезін өткізіп, қатарымызға қосыламын деушілерден өтініш жинауға кірісті. «Саяси партиялар туралы» ҚР заңында Ұйымдастыру комитетінің құқықтары мен міндеттері көрсетілген. Бұл заң саяси партияны құруға бағытталған ұйымдастырушылық, үгіттеу, ақпараттық-насихат және басқа әрекеттерін жүргізуге құқық береді. Осы мақсатта ең негізгі құралымыз – ақпараттық бюллетень болуы тиіс еді. Алайда, баспахананың жұмысын тоқтату арқылы – үгіт-насихат жүргізуден, оған қоса партияны «Алға» және «Азат» басылымдарын шығару мүмкіндіктерінен айырды, – дейді М.Сизов.
ҚАРАМЕН БОЯЛҒАН МӘЛІМЕТТІҢ ҚЫРСЫҒЫ
Бұның алдында Алматы қаласы бойынша Қаржы полициясы бастығының орынбасары Айдын Жантелеев "Комета S" баспасындағы орын алған әрекеттердің шұғыл-тексеру шаралары екендігін айтып, «баспа ғимаратын тексеру барысында «Алға.ДВК»-ның қазақ тілінде 7 мың дана, орыс тілінде 12 мың дана басылып, таратуға дайын тұрған ақпараттық бюллетені» табылғандығын мәлімдеген болатын.
- Баспа есептелген өнімді жасырып қалу мақсатында бюллетеннің саны туралы әуелгі мәліметті қарамен бояп, жаңа мәліметті енгізген. Тексеру мақсатында "Комета S"-ке бардық. Сол жерде «Алға.ДВК»-ның бюллетендерін шығару мәліметі өзгертілгені анықталды, - деген болатын Қаржы полициясының өкілі.
Алайда Михаил Сизов бұл айтылғандарға өз уәжін келтіреді.
- Біздің жұмысымызға қажетті бюллетендерді жасау үшін "Комета S"- баспаханасы тек Алматы қаласы үшін алдымен 1000 мың данаға тапсырыс берілген болатын. Ал басқа облыстарға тиражды сол жерлерде көбейту жоспарланған. Алайда, аймақтардағы баспаханалар қарсылық білдірген соң бюллетеннің тиражын 17 мың данаға дейін көбейтілді. Сәйкесінше, тапсырыс беру үшін баспаханаға алдын ала төлем жасалды, ол өз кезегінде кассадан өтті. Одан өзге, бұл бюллетендер – тегін таратылады. Сондықтан ешқандай салықтан жалтару туралы әңгіме болуы мүмкін емес, – дейді «Алға!» халықтық партиясының ұйымдастыру комитетінің мүшесі Михаил Сизов.
"АЛҒА" МЕН "АЗАТТЫ" БАСЫП ШЫҒАРАТЫН БАСПАХАНА ЖОҚ
Айта кету керек, жабық тұрған "Комета S" баспаханасында партияның екі бірдей – «Алға» және «Азат» газеттері де басылып шығарылатын. Енді басылым өкілдерінің сөзіне қарағанда газеттердің бейсенбі күнгі санына шықпай қалу қаупі төніп тұр.
«Азат» газетінің бас редакторы Назира Дарімбеттің айтуынша, басылымдарды басып шығаруға ешқандай баспахана келісім бермей жатқан көрінеді. Басылымдар төңірегінде соңғы уақыттары бірқатар «қызықты» жайттар орын алуда екен.
- Өткен аптада басылымның жүргізушісін қаржы полиция өкілдері бірнеше сағат бойы басылымдардың сатылымға қалай түсетіндігі мен оның бас редакторының жүріс-тұрысына қатысты сұрақтардың астына алған. Ал өткен бейсенбіде біздің басылымдар сатылатын барлық нұктелерде белгісіз адамдар көп данамен сатып алып кеткен. Талғар қаласында тіпті бір топ штаттық киімдегі «газет сатып алушылар» видеокамералармен келіп газеттерді түгелімен сатып алып кеткен. Меніңше бұл - біздің елдегі сөз бостандығын шектеуді көздейтін жоба, – дейді Назира Дәрімбет.
Осылай деген басылым өкілдері Қаржы полициясының заңсыз әрекеттеріне байланысты тиісті шара қолдануды талап етіп, Алматы қаласының прокуратурасына шағымданғандықтарын айтты.
Бұдан бұрын Қаржы полициясы "Комета S"-ке қатысы жүргізілген тексерістердің көздегені «Алға!» халықтық партиясының ұйымдастыру комитеті мен «Республика» басылымы емес екендігін мәлімдеген болатын.
«Азат» пен «Алға» газеттері бас редакторларының жаңа мәлімдемесіне қатысты түсініктеме алу үшін Қаржы полициясына қайта хабарласқан болатынбыз. Алматы қаласының Қаржы полициясының баспасөз хатшысы Әлия Тубина мекеме басшысының орнында жоқтығын алға тартып «кешірек хабарласуымызды» өтінді. Ал кешірек Қаржы полициясы баспасөз хатшысының телефоны мүлдем жауап бермей қойды.