Accessibility links

"Комета S" баспасы мүлкінен айрылды, «Республика» қолмен түптеліп таратылды


Қаржы полициясының қызметкері "Комета S" баспасының есігіне арест қағазын жабыстырып жатыр. Алматы, 24 қыркүйек 2009 жыл.
Қаржы полициясының қызметкері "Комета S" баспасының есігіне арест қағазын жабыстырып жатыр. Алматы, 24 қыркүйек 2009 жыл.

Қаржы полициясы қыркүйектің 24-і күні түнде Алматыдағы "Комета S" баспасының барлық мүлкін тәркілеп, оның қызметі уақытша тоқтатылды. Бұл баспада «Голос Республики» газетінің жұма күнгі саны мен ресми тіркеуде жоқ «Алға» партиясының бюллетендері басылуы тиіс болған.


Баспа директоры Юлия Козлованың айтуынша, бейсенбі күні кешке Қаржы полициясының ондаған қызметкері мекеме ғимаратына кіріп, рұқсат қағаздарын көрсетпестен, барлық өнімдерді, есеп-қисап қағаздарын, баспаның құжаттарына дейін алып кеткен.
"Комета S" баспасының директоры Юлия Козлова. Алматы, 24 қыркүйек 2009 жыл.

- Барлығын да алды, макулатураны да қалдырған жоқ. Жұмысшыларды күштеп алып кетті, - деді баспа қожайыны, Қаржы полициясы өкілдерінің шамамен 4 сағатқа созылған жабық тексеруінен әзер босап шығып, көз жасына ерік берген Козлова.

Оның айтуынша, Қаржы полициясы ұзақ уақыт бойы баспа қызметкерлерін өндіріс цехынан шығармай, ғимараттың бір қақпасын құлыптап тастап, екінші жақтағы шығатын жолға жәй киінген бес жігітті қойып қойған. Бір ауыз сөзге келмеген бұл жігіттер оқиға орнына келген журналистерді де ішке кіргізген жоқ.
"Комета S" баспаханасына барар жолды бөгеп тастады. Алматы, 24 қыркүйек 2009 жыл.

Бұл уақытта баспахана ішінде психологиялық қысымға шыдай алмаған бір жұмысшының қан қысымы көтеріліп, жедел жәрдеммен ауруханаға жіберілген. Тағы төрт қызметкерді тергеу үшін қаржы полициясына алып кеткен. Оларды түнгі сағат 23-тер шамасында босатқан.

Ал одан бір сағат бұрын баспаның есіктері құлыпталып, мөр басылған қағаздар жапсырылды. Баспа мүлкін тәркілеушілер журналистердің сұрақтарына жауап беруден бас тартты.

«РЕСПУБЛИКАНЫ» ҚОЛМЕН ҚҰРАП...

"Комета S" баспасында БТА банкінің шағымы бойынша сот шешімімен жабылып қалған тәуелсіз «Республика» газетінің ұжымы дайындаған «Голос Республики» газеті басылуы тиіс еді. Ұжым өкілдерінің сөзіне қарағанда, Алматыда баспалардың барлығы дерлік, сондай-ақ Қарағанды қаласындағы баспа да тәуелсіз газетті басудан бас тартқан.
Қағазға толық басылып үлгермеген «Голос Республики» газетінің бас редакторы Татьяна Трубачева. Алматы, 24 қыркүйек 2009 жыл.


Оқырмандардың қолына тиіп үлгермеген «Голос Республики» газетінің бас редакторы Татьяна Трубачеваның айтуынша, газеттің баспаға басуға тапсырылған жұма күнгі саны ұжымның бұған дейінгі газеттерімен мазмұндас келеді. Сондай-ақ, бас редактор газеттегі ақпарат қағазға басылып тарамаған күннің өзінде ол өз оқырмандарына басқа да жолдармен жетеді дейді.

- Бүгінгі әрекеттердің барлығы технологиясы дамыған заманда күлкілі көрінеді. Интернет өз алдына, керек болса біз газетімізді MMS арқылы жолдаймыз, - деді Трубачева.

Газет ұжымы айтқан сөзінде тұрды. Жұма күні «Республиканың» тұрақты оқырмандары тәуелсіз газеттің кезекті санын электрондық пошта арқылы алды. Сондай-ақ «Голос Республики» газетінің қағазға басылып, қолмен түптелген нұсқалары Алматы қаласындағы сауда нүктелеріне жеткізілді. Газет тілшілерінің айтуынша, қолдан құрастырылған тираж оқырмандар тарапынан үлкен сұранысқа ие болыпты.

ҚАРЖЫ ПОЛИЦИЯСЫ БАСПАДАН «РЕСПУБЛИКАНЫ» ІЗДЕМЕГЕН

Алматы қаласы бойынша Қаржы полициясы бастығының орынбасары Айдын Жантелеев "Комета S" баспасы туралы баспасөз конференциясында. Алматы, 25 қыркүйек 2009 жыл.
Оқырмандар тәуелсіз газетпен танысып, осылай деп жатқанда Қаржы полициясы жұма күні түсте, «Республика» ұжымы шақырған жиыннан екі сағат бұрын, Алматыда баспасөз конференциясын өткізді. Алматы қаласы бойынша Қаржы полициясы бастығының орынбасары Айдын Жантелеев "Комета S" баспасындағы кешегі әрекеттердің шұғыл-тексеру шаралары екендігін айтып, «баспа ғимаратын тексеру барысында «Алға. ДВК»-ның қазақ тілінде 7 мың дана, орыс тілінде 12 мың дана басылып, таратуға дайын тұрған ақпараттық бюллетені» табылғандығын мәлімдеді.

- Баспа есептелген өнімді жасырып қалу мақсатында бюллетеннің саны туралы әуелгі мәліметті қарамен бояп, жаңа мәліметті енгізген. Тексеру мақсатында "Комета S"-ке бардық. Сол жерде «Алға.ДВК»-ның бюллетендерін шығару мәліметі өзгертілгені анықталды, - деді Қаржы полициясының өкілі.

Бұған қоса Жантелеев тексеру барысында бухгалтерлік есепке қатысты көптеген заң бұзушылықтар анықталды деп, соның негізінде
БАҚ өкілдері "Комета S" баспаханасын қақпадағы тесіктен бақылап жатыр. Алматы, 24 қыркүйек 2009 жыл.
"Комета S" баспасының қызметі уақытша тоқтатылғандығын мәлімдеді.

Сонымен қатар, Қаржы полициясының өкілі қазіргі таңда баспа қызметі Алмалы аудандық салық комитетімен бірге тексеріліп жатқандығын, «Алға» партиясын ұйымдастыру комитетінің қызметі тексеру нысаны емес екендігін және «тексерулер заң талаптарына сай жүргізілгендігін» айтып өтті.

Қаржы полициясы басшылары бейсенбі күнгі тексерулер барысында «Республика» газетінің тиражын баспадан көрмегендіктерін, ал бұл баспаға дәл сол газетті іздеп бармағандықтарын ерекше атап көрсетті.

«ҚАРЖЫ ПОЛИЦИЯСЫ ЖАЛҒАН МӘЛІМЕТ ТАРАТҚАНЫ МА?!»

Алайда қаржы полициясының бірқатар мәлімдемелерін баспагер мен тапсырыс беруші, сондай-ақ заңгер жоққа шығарып отыр. "Комета S" баспасының жабылуына байланысты өткізілген баспасөз мәжілісінде Юлия Козлова Қаржы полициясының тексеруі кезінде «Голос Республики» газеті өндіріске алынып үлгергендігін, яғни газеттің материалдары басылып жатқандығын айтып өтті.
Заңгер Сергей Уткин "Комета S" баспаханасының ауласын көру мақсатында петард атып тұр. Алматы, 24 қыркүйек 2009 жыл.

Козлова келген тексерушілерге газетке тапсырыс беруші алдын ала төлемді толығымен төлегенін түсіндіруге тырысқандығын, бірақ олар оны тыңдамағандығын жеткізді.

- Газеттің жеке-жеке беттері қағазға басылған болатын. Соның бәрін олар алып кетті, - деді баспагер.

«Яғни, Қаржы полициясы бүгінгі баспасөз конференциясында жалған мәлімет таратқаны ма?!» деген сауал тастады заңгер Сергей Уткин.

Оның айтуынша, Қаржы полициясының «тексерулер заң талаптарына сай жүргізілді» дегені де шындыққа сай емес».

- Қаржы полициясының әрекеттері заңға қайшы. Заң бойынша олар мұнда келу мақсаты мен оның себебін түсіндіруі тиіс. Ал бізде бәрі құпия. Менің пікірімше, олар «Республика» газетін біржола жоюды көздейтін секілді. Осындай күш көрсету әрекеттері арқылы олар «үйдің қожайыны кім» екендігін дәлдегісі келеді, - деді заңгер.

Осыған орай, Уткин атауын өзгерткен бұрынғы «Республика» газетін басуға келісімін берген жалғыз "Комета S" баспасын күш құрылымдары түбірімен құртуға бел байлаған болса керек деген ойын айтты.

КОЗЛОВТЫҢ 17 МЫҢ БЮЛЛЕТЕНІ 1 МЫҢ ДОЛЛАР ТҰРАДЫ

Бейсенбі күні баспаның жабық қақпасын торуылдағандардың ішінде «Алға» партиясын ұйымдастыру комитетінің төрағасы Владимир Козлов та бар еді. Қаржы полициясы жинап алып кеткен бюллетендерінің жалпы құнын Козлов шамамен 1000 долларға бағалайды. Сонымен бірге, "Комета S" баспасына бюллетень басуға әуелі 500 дана тапсырыс бергендігін, содан кейін барып, ұйымның республикалық жиыны жақындап келе жатқандығын ескеріп, оның санын 17 мыңға өсіргендігін растады.

Владимир Козлов, «Алға» партиясы ұйымдастыру комитетінің төрағасы. Алматы, 24 қыркүйек 2009 жыл.

- Бұл уақытта алғашқы тапсырыс бойынша жұмыстар басталып кеткен еді. Соған байланысты бюллетень тиражының мәліметін қарамен бояп, үстінен түзетуге келіскенбіз, - деді Козлов.

Оның сөзін баспагер Козлова да қостап отыр. "Комета S" директорының айтуынша, қаржы полициясының тәркілегені толық бітпеген, шикі өнім.

- Буклеттер әлі дайын болмаған еді. Сыртқы мұқабасында өрескел қате кеткендіктен, ол дәл өнім мәліметтері туралы болғандықтан, біз оны үстінен бояп емес, қайтадан басып шықтық: жоғарғы жағындағы қате мәліметті қарамен жүргізіп, төмен жағына шығару мәліметтерін келтірдік, - деді баспагер.

"КОМЕТА S" ҰШҚЫНЫ «АЗАТ» ГАЗЕТІН ДЕ ШАРПЫДЫ

"Комета S" баспасының жабылғанынан бір ғана «Республика» ұжымы емес, оппозициялық бағыттағы «Азат» газеті де зардап шегуі мүмкін. Өйткені «Азат» осы уақытқа дейін сөз болып отырған баспада тұрақты түрде басылып келген. Газеттің бас редакторы Назира Дәрімбеттің айтуынша, бейсенбі күні кешкісін газетті таратушы көлік жүргізушісіне Қаржы полициясының өкілдері келіп, оған «оның атында бір фирма жазылып тұрғандығын айтып», жүргізушіні өздерімен бірге еріп жүруін сұраған.

Тәуелсіз "Республика - деловое обозрение" газеті баспада тәркіленіп жатыр. Алматы, 18 қыркүйек 2009 жыл.
- Қаржы полициясында мекеме қызметкерлері жүргізушінің ұялы телефонын өшіруін талап еткен. Олар оны сол ғимаратта түнгі 1-ге дейін ұстады, - деді Дәрімбет.

Оның айтуынша, Қаржы полициясындағылар жүргізушіге әуелгі өздері шақырғанда айтқан фирма туралы емес, «Азат» төңірегінде, соның басшысы туралы көптеген сұрақтар қойған. Сонымен бірге, бас редактор жұма күні өздерінің кеңселеріне штаттық киімдегі бір кісілер келіп газет тиражын сатып алып кеткендігін, бұған қоса сауда нүктелеріндегі «Азат» газетін жинағандығын айтып өтті.

- Қаржы полициясындағылар бүгінгі баспасөз конференциясында өздерінің әрекеттерін салықпен түсіндіріп жатыр. Менің пікірімше, бұл салық проблемасына ұқсамайды, оның үздіксіз тарап жатқан басқа газеттерге де кесірі тиіп жатыр, - деді «Азаттың» бас редакторы.

Бұдан бұрын, 18 қыркүйек күні Алматыдағы «Время-принт» баспасында «Республика - деловое обозрение» газетінің сол күнгі саны тәркіленіп, ал "Комета S" баспасында тексеру жүргізілген болатын.
XS
SM
MD
LG