Accessibility links

Автократиялық капитализм мен олигополия тарап тынуы мүмкін


Гүл Берна Өзжан, Лондон университетіне қарасты Ройял Холловей менеджмент мектебінің оқытушы-ғалымы
Гүл Берна Өзжан, Лондон университетіне қарасты Ройял Холловей менеджмент мектебінің оқытушы-ғалымы

Лондон университетінің ғалымы доктор Гүл Берна Өзжан Азаттық радиосына Орталық Азия мен Қазақстанда енді қалыптаса бастаған капиталистік жүйе мен базарлардың саяси экономиясы туралы сұқбат берді.


Гүл Берна Өзжан ханым Лондон университетіне қарасты Ройял Холловей менеджмент мектебінде Халықаралық бизнес пен стратегия пәні бойынша дәріс оқиды. Ғалым – Орталық Азия мен Қазақстандағы базарлардың дамуын зерттеп жүрген аз маманның бірі.

БАЗАРЛАР – АНЫҚ ПОСТСОВЕТТІК ҚҰРЫЛЫМ

«Мемлекет пен базар құрылымы: Орталық Азиядағы кәсіпкерліктің дамуы» атты соңғы кітабыңызда осы аймақтағы базарларды «экономикалық һәм саяси рөлі зор заманауи институттар» деп атаған екенсіз. «Заманауи» деп нені меңзеп отырсыз?

– Бұл кітабымда мен Орталық Азиядағы капитализмнің жаңа институттарына назар аудардым, ал базарларды жеке-дара бөліп алып зерттеп шықтым. Базарларға қатысты қызықты бір жайт, бұлар – советтік экономикалық институттарға қатысты жоқ жаңа құрылымдар. Олардың біразы шағын колхоз базарларынан бастау алған. Базар – Қытай мен Батыс Азияны бұрынғы Совет Одағына жалғап тұрған, негізінен тауар мен қызмет үлестіруші жаңа экономикалық қозғалыс.

«Базарлар» деген терминді қолданғанда көбіне оларды экономикалық институттар мен валюта айырбастау режимінің дәстүрлі, тек шығысқа тән және тіпті артта қалған түрі ретінде көреміз. Бірақ оларды қазіргі заманға сай көзқарас бойынша сипаттап жүрген ғалымдар да бар.
Базарлар – капитализмнің өзінше бір қалыбында қызмет істеп тұрған заманауи институттар

Жасаған сараптамамда аймақтағы үш базарды – Самарқандағы «Сиябты», Алматыдағы «Барахолка» мен Бішкектегі «Дордойды» зерттей отырып, олардың капитализм негізінде қызмет атқарып тұрған заманауи институттар екенін көрсеттім.

Бұл саладағы кәсіпкерлер нарық мүмкіндіктеріне ыңғайлана алған және арнайы ақпаратқа ие адамдар. Олар қажетті мәлімет жинайды, рационалды шешімдер қабылдайды. Олар өз таныстарымен ғана сауда-саттық жасамайды, жеке пайдасын еселеу үшін сауда қылады (академиялық ортада дәстүрлі шығыс базарларындағы сауда негізінен таныс-тамырдың арасында жасалады деген аксиома қалыптасқан – ред.). Бұл институттар алуан түрлі тауармен жұмыс істейді, олардың көпшілігі – аймақтың әр жағынан тасымалданатын фабрикалар мен индустриялық құрылымдардың өнімі.

Сөйтіп, мен қарсы пікір ұстанатын ғалымдардың тұжырымына қарсы шығып, «базарлар – капитализмнің өзінше бір қалыбында қызмет істеп тұрған заманауи институттар» деген уәж айттым.


«БАРАХОЛКА» САЯСИ-КОММЕРЦИЯЛЫҚ ЫМЫРА АЛАҢЫ

Сол кітабыңызда «Барахолканың» осы аймақтағы саяси белсенділігі ең аз, бірақ бір күндік түсімі ең көп (50 миллион АҚШ доллары) базар екенін жазыпсыз. Мұны қалай түсіндірер едіңіз?

– «Барахолка» конгломератына иелік етуге қатысты талас-тартыс болды. Бұл базарды конгломерат деп атайық, өйткені шұбатылып жатқан біртұтас базар болғанымен, әр тұсына әркім иелік етеді. Кейбір бөлігі жеке кәсіпкерлер мен отбасылардың меншігінде, кей тұсында жергілікті әкімшіліктің, тіпті үкіметтегі жоғары лауазымды топтардың үлесі бар. Жалпы айтатын болсам, «Барахолка» аймақтағы өзге базарлар сияқты саяси бәсеке алаңына айналған жоқ.

«Басқа базар» деп «Дордойды» мысал қылып отырсыз ба?

– «Дордой» да бар, «Қарасу» да бар. Әсіресе, Өзбекстандағы көп базар тартысқа түсті. Қанды қақтығыстар болды, кейде бейбіт наразылық ұйымдастырылды. Мұның көбі алым-салық пен меншік хақына қатысты талас еді. Қырғызстанда тіпті өзін-өзі басқаратын синдикаттар мен бәсекелес топтардың арасында ашық қақтығыс болды (Өзжан ханым аталған кітабында Қырғызстандағы бірқатар ірі базар иелерінің жоғары лауазымды шенеуніктер болғанын, олардың кейбірі саяси партияларды қаржыландырғаны туралы жазады – ред.).
Алматы базарларының бірі. Көрнекі сурет. 28 қараша 2010 жыл
Менің ойымша, «Барахолканың» үздіксіз өсуі мен дамуының бір себебі осындай талас-тартыстың аздығында жатыр. Өйткені [Қазақстанның] экономикасы жылдам өсіп келеді, шағын және орта бизнесті салық пен өзге де алымдар тұрғысынан келгенде бюрократиялық элита біржола иемдене алған жоқ. Бірақ жылдар өте келе жергілікті билік базарларды бюрократиялық жүйеге иліктірді – реттеу ісі қолдан қиындатылды, жер бөлу мен жобалау ережелері үнемі өзгеріп отырады.

Бақылау [тетіктері], әлбетте, күшті. Бірақ бәрібір кәсіпкерлік үшін [көрші елдермен] салыстырғанда жайлырақ жүйе қалыптасқан. Тағы бір себеп – «Барахолкада» көптеген тараптың мүддесі тоқайласып қалған. Қырғыз базарларында керісінше жағдай қалыптасып отыр. Бұған Қырғызстандағы режимнің өзгеруі және билікті заңдастыру жолындағы бәсеке көп әсер етті. Сондықтан да қырғыз мысалымен салыстырғанда қазақ мысалы кәсіпкерлікті дамытуға қолайлырақ, бейбіт болып көрінеді.


НАРЫҚ ИНСТИТУТТАРЫНЫҢ НАҒЫЗ ҚОЖАЙЫНЫ - ӘЛІ СОЛ МЕМЛЕКЕТ

Базарлардың саяси экономиясы туралы тарауда Алматының «Барахолкасын», Бішкектің «Дордойын» және Самарқанның «Сиябын» салыстыра зерттеп шығыпсыз. Осы аймақтағы жұрттың бәрі бұлардың алағай да бұлағай, адам құжынаған, қызмет көрсетуі ақсап жататын, санитарлық жағдайы нашар, негізінен, Қытайдың арзан тауарын сататын көтерме һәм бөлшек сауда орталықтары екенін біледі. Тіпті Алматыда жаңадан бой көтеріп жатқан супермаркеттер арзан базарлардың мәртебесі мен рөлін кеміте алмады.

Бірақ сіз «Бішкек пен Алматыдағы базарлар капитализмнің жаңа кезеңін бейнелейді» деп жазасыз. Бұл сонда қандай капитализм? Орталық Азия елдерінде капитализмнің классикалық модельдерінің (яғни кәсіпкерлік капитализм, әлеуметтік капитализм, ұжымдық капитализм, т.с.с.) нақты бір нышандары байқала ма?


– Меніңше, бұл жерде екі бөлек сұрақ тұр. Екеуіне жеке-жеке жауап берсем. Біріншісі «бұл базарлар кәсіпкерліктің дамуына негіз бола ала ма, жоқ па?» дегенге саяды. Менің жауабым – иә, негіз бола алады. Мұндай сауда орындарының көпшілігі күре жолдың бойы мен колхоз базарларының орнында кездейсоқ пайда болды. Өйткені бөлшек сауда үшін арнайы жоспарланған орындар жоқ болатын. Оның үстіне ұсақ саудагерлер ірі бизнес орталықтарын ұстап тұратындай бақуатты емес еді. Сондықтан да [базар саудасына] кездейсоқ кірісті.

Көтерме және бөлшек сауданың тиімді түрі ретінде базарлардың құрылымы институт ретінде сұлбаланып келеді. Бұл жағынан келгенде бұл алға басудың нышаны. Базарлар кәсіпкерлерге қажет мәлімет, құрал-жабдық пен ақпараттық ассиметрия ұсынады. Совет Одағы кезінде жеке сауда саласы көп зиян көрді. Көптеген кәсіпкерлер ұйымдастырушылық және құрылымдық мәселелерден зардап шекті. Сол кезде базарлар енді қалыптасып келе жатқан кәсіпкерлерге белгілі бір деңгейде қауіпсіздік, ақпарат алу жолы мен жаңа жобалар ұсынды.
"Дордой" базарынан бір көрініс. Бішкек, 2006 жыл
Осы тұрғыдан алғанда мен базарларды жаңа капиталистік дамудың маңызды бөлігі деп санаймын. Базарлар ірі бизнес иелерінің пайда болуына және олардың жаңашыл бизнес идеялар дамытуына түрткі болды. Кейбір тартымды бизнес жобалар базарлардан шықты. Кейін жаңа орындарға көшті. Бұл – менің сұрақтың алғашқы бөлігіне беретін жауабым.

Сауалдың екінші бөлігі өте маңызды. Бұл аймақта капитализмнің жаңа түрі байқала ма, жоқ па деген түп мәселені қозғап тұр. Егер капитализм болса, онда бұл Қытай мен Ресейдегі «мемлекеттік капитализмге» (state capitalism) ұқсай ма, әлде Батыс Еуропаға тән «көппартиялы демократиялық капитализмге» жуықтай ма? Меніңше, жиырма жылдық тарих үшін мұны айта қоюға әлі ерте. Біз батыстық капитализмнің ғасырлар бойы қалыптасқанын ескеруіміз керек.

Әйткенмен, бұл аймақта капитализмнің нышандары бар. Осы үш елдегі кәсіпкерлерден алған кең көлемді сұхбаттарымның негізінде жасаған қорытындым – бұл аймақтың бетке алғаны мүлдем демократия мен нарық капитализмінің батыстық үлгісі емес. Ресей мен Украинадағы жағдайға көбірек ұқсайды. Пост-советтік елдерде капиталистік дамуға қатысты ұқсас тенденциялар байқалады.

Бұл тенденциялардың ішіндегі ең назар аударуға тұратын маңыздысы – бюрократиялық жүйе мен мемлекеттік қызметтің нарық институттарымен тонның ішкі бауындай араласып кеткені. Бұл екеуі де әрі реттеуші, әрі тікелей немесе жанама қожайын ретінде (бұл – өте маңызды феноменон) осы аймақтағы капитализмнің жаңа институттарының даму бағытына ықпал етеді.
Бұл тенденциялардың ішіндегі ең назар аударуға тұратын маңыздысы – бюрократиялық жүйе мен мемлекеттік қызметтің нарық институттарымен тонның ішкі бауындай араласып кеткені.

Оның үстіне, біз олигополиялық нарық құрылымдарының пайда болғанына куә болып отырмыз. Бұлардың кейбірі алтын, мұнай, газ және мақта сияқты ірі ресурстан тамыр тартады. Қырғызстанның табиғи қазба байлығы аз. Бірақ бұл елдегі көтерме және бөлшек сауда жолына қарасаңыз, бұл маңызды сектордың кіру жолы мен шығу жолын бақылап отырған аз ғана тұлғалар мен бизнес топты байқайсыз.

Бір жағынан біз авторитаризмді саяси форма ретінде көріп отырмыз. Бірақ мемлекеттің нарық институттарымен һәм тікелей қожайын һәм реттеуші ретінде кіріккенін көреміз. Сөйтіп, мемлекет бір мезетте екі рөл ойнап отыр.

Екінші жағынан бизнес топтар мен олигархтардың негізгі экономикалық факторларды бақылау үшін мемлекеттің серіктері ретінде бой көрсетуін байқаймыз. Осы бір олигополистік құрылым және [саяси] элитаның бұлармен ымыраласуы белгілі бір кәсіпкерлік орта кластың пайда болуы үшін қолайлы жағдай туғызып отырғаны да рас. Бірақ басқа тұрғыда бұлар нарықтың кең қанат жаюына кедергі келтіріп, көп жағдайда жоғары деңгейдегі бизнес және саяси элитаның тек қана түсім іздеуге бейім мінезін бекіте түседі.


БІР ОТБАСЫНА БАҒЫНҒАН ЖҮЙЕ

Демократиялық емес режимдерді зерттеуші Пол Брукер есімді ғалым Орталық Азиядағы кейбір режимдерді «прото-демократиялар» (жартылай демократиядан толық демократиялануға өтер кездегі соңғы басқыш) деп сипаттайды.

Бірақ көптеген оппозиция өкілдері мен адам құқығын қорғаушылар Қазақстандағы режимге анықтама беру үшін Брукердің «жартылай диктатура» (диктатураның жартыкеш сайлау өткізуге рұқсат беретін ең әлсіз түрі) деген бұдан гөрі қатаңырақ терминін қолданар еді. Көбі Қазақстандағы саяси жүйені жай ғана авторитаризм деп атайды.

Ал laissez-faire (нарыққа қол сұқпау принципі) саясаты тұрғысынан келгенде Қазақстанда соңғы 19 жылда қалыптасқан экономикалық жүйеге Брукердің тілімен қандай атау берер едіңіз? Бұл «прото-нарық» па, әлде «жартылай базар экономикасы» ма?

– Мен Қазақстанды аймақтағы даму үрдісінің ішінде өзгеше реңкі бар прогрессивті тұрғыда қарастырар едім. Нарық пен қаржы реформаларын ұзақ жылдар бойы кешуілдетіп отырған және экономиканы ат төбеліндей топтың басқаруына жағдай жасайтын жабық режимдер тудырған Өзбекстан және Түркіменстан сияқты елдермен салыстырсақ, түрлі даукес топтар мемлекеттік билік пен билік заңдылығын қалыптастыра алмай жатқан Қырғызстан және Тәжікстанмен салыстырсақ, Қазақстандағы жағдай бөлекше.

Бірақ, басқа тұсынан келгенде, [Қазақстандағы режимнің] автократиялық жүйе екені анық көрінеді. Бұл билеуші отбасы басқарып отырған ел, бұл отбасының экономиканың әр саласында үлесі бар. Медиа, банк, мұнай және металлургиялық кешендерге ендей кірген. Оған еш шәк келтіруге болмайды.

Дегенмен, олардың (билік басындағы отбасының – ред.) бір артықшылығы – Қазақстан минералдық ресурсқа өте бай ел. Сондықтан олар қоғамның қалған бөлігі мен басқа да бизнес топтарға «сүйек-саяқ» қалдыратындай жеткілікті пайда тауып отыр. Бұлайша «кеңшілік жасау» арқылы, әлбетте, олар жеке бас қауіпсіздігі мен өз пайдасын сақтап қалу инстинктісіне жүгінеді.
Президент Назарбаев пен оның отбасы, 1992 жылғы сурет
Қазақстанда қалыптасқан жүйе – даму үрдісін қолдайтын авторитарлық капитализм. Бұл жүйе қазіргі заманға сәйкес заманауи мемлекет, заманауи қоғам болуға ұмтылады. Осы ұмтылыс кезінде, менің пікірімше, бұл жүйе бірнеше позитивті қадам жасап отыр.

Біріншісі, аймақтағы басқа елдер жасай алмай отырған нәрсе, жастарды түрлі стипендиялар беру арқылы шетелде оқыту. Меніңше Қазақстан жас буынды жаһандық геосаяси жағдай мен экономиканы жақсырақ түсінсін деп дүниенің басқа бөлігімен жалғауға тырысып жатыр. Бұл – өте позитивті жайт. Басқа Орталық Азия елдерінде жоқ нәрсе.

Екінші жағымды элемент (бірақ әлі дұрыс қызмет атқармай тұр) «Самұрық-Қазына» сияқты институттарды дамыту арқылы Қазақстан мемлекеттік капитализм (state capitalism) құруға талпынады. Бұл құрылымда да жемқорлық мәселесі бар екенін білемін. Бірақ ұзақ мерзімді мемлекет құру мен экономикалық даму үшін осындай институттарды дамытуға аздап болсын ұмтылу бар.

Үшіншіден, Қазақстан халықаралық ұйымдарда белсенді болу арқылы өзгелерден гөрі көбірек аймақтық жетекші рөліне ұмтылады. Азия мәселелеріне қатысты, Орталық Азия мен Еуропаның арасындағы қарым-қатынаста маңызды рөл атқарғысы келеді. Мұны позитивті даму деп білемін. Осы себептерге байланысты Қазақстанның болашағына көбірек үміт артамын.


АВТОКРАТИЯ МЕН ОЛИГОПОЛИЯҒА ЕРКІН НАРЫҚ ЕМЕС, КҮШТІ БИЛІК КЕРЕК

Неліктен Орталық Азия елдерінде «нарықтың көзге көрінбейтін қолы» (Адам Смиттің нарық экономикасының өзін-өзі реттеу рөліне қатысты белгілі сипаттамасы – ред.) мемлекеттің жуан жұдырығын ығыстыра алмады?

– Менің ойымша, «нарықтың көзге көрінбейтін қолынан» бәрі келеді деп ойламау керек. Бұл «қол» ешқашан бастапқы мағынасына сәйкес жұмыс істеген емес, тіпті Батыста да табысқа жетпеді. АҚШ-та басталып Еуропа Одағын түгел шарпыған қаржы дағдарысын мысалға алайық. Грекия мен Исландияның экономикалары банкрот болды. Евро аймағы мен Еуропа Одағының тиімділігіне қатер төнді.

Нарық экономикасы жауапкершілігі күшті мемлекеттің пайда болуына қолайлы жағдай жасайды деп сенуден сақ болуымыз керек. Бұл екеуінің арасында тіке байланыс бар деп ойламаймын.
Нарық экономикасы жауапкершілігі күшті мемлекеттің пайда болуына қолайлы жағдай жасайды деп сенуден сақ болуымыз керек.

Алайда, өз кітабымда талқылағанымдай, нарық ойыншыларының маңызды рөл ойнауы мүмкін. Басқаша айтқанда, жаңа кәсіпкерлер мен жаңадан бой көрсеткен жылжымайтын мүлік иелері тиімді түрде жұмыс істейтін мемлекет құру ісінде маңызды рөл атқаруы мүмкін. Әрі ол мемлекеттердің бірінші күннен бастап демократиялық болып құрылуы шарт емес. Бірақ, кем дегенде, заң мен тәртіпті, тиімді басқару ісін басшылыққа алуы қажет. Бұл демократия жайлы құрғақ ойға шомып, я жалған демократиялық алға басу жайында көпірме сөз айтудан гөрі маңыздырақ.

Тиімді басқару ісі осы аймақтағы мемлекет құру үшін және Совет Одағының ұзақ қанауы кезінде болған бұрмалаушылық пен жеке кәсіпкерлікті жаншудан арылу үшін өте маңызды деп ойлаймын. Бірақ бұл біраз уақытқа созылады. Жиырма жыл қуатты, жауапкершілігі күшті мемлекет құру үшін жеткіліксіз.

Олай болса пост-советтік Орталық Азия елдері үшін «үшінші жол» (еуропалық социалистердің капитализм мен социализмнен бөлек қалыптастырмақ болған экономикалық жүйесі – ред.) қайсы? Қазақстанға қатысты өзіңіз айтқан авторитарлық-олигополиялық модель ме?

- Бұл модельді табысты, сәтті үлгіге айналады дей алмаймын. Менің айтып отырғаным – қазір қалыптасып жатқан жағдайдың бастапқы диагнозы. Егер Жапонияның өркендеу тарихына қарасаңыз, Оңтүстік Кореяның дамуына көз салсаңыз, авторитаризм мен олигархиялық мәнерде дамыған бизнес мінез-құлқының белгілерін көресіз. Бұл процесс экономикалық өрлеу мен бақуатты қоғам орнатуға сеп болды.

Бірақ басқа бір ортада бұл процесс керісінше апатқа ұшыратуы мүмкін. Мысалы, Латын Америкасы мен Африкада, әсіресе, Нигерияда саяси қанат пен нарық қанатының тым жақындап кетуі ұзақ мерзімді дағдарысқа, әлеуметтік теңсіздік пен тұрақсыз саяси жағдайға апарып соқтырды.

Орталық Азиядағы постсоветтік саяси жетекшілердің түгелдей мұрагерлік арқылы ауысқанына куә болғамыз жоқ. Бір сценарий бойынша билікті мұрагерге тапсыру дамуға, саяси және нарық реформаларын жетілдіруге, экономикалық өрлеуге жеткізуі мүмкін. Бұл Қазақстанда болуы мүмкін жағдай. Бұған қарама-қарсы жағдай туса, әлеуметтік әділетсіздік тереңдеп, экономиканың өсуі тұтас қоғамды жарылқамай, жекелеген саясаткерлердің ашық түрде қақтығысуы ықтимал.

Бәлкім, осы екі сценарий негізгі болжам ретінде қала берер. Бұл советтік жетекшілердің жас буын саясаткерлердің қаншалықты еркін қимылдауына мүмкіндік беретініне және жоғарыда айтқан институттардың қалай дамитынына да қарауымыз керек. Сондықтан менің жауабым – жаңағы олигархиялық және авторитарлық құрылым тиімді басқару жүйесінің жетегімен прогрессивті бағытқа қарай да жүруі мүмкін, немесе әлеуметтік толқу мен теңсіздікке ұласқан ішкі тартыстың кесірінен бөлшектеніп тынуы да ықтимал.

Сұхбатыңыз үшін көп рақмет.
XS
SM
MD
LG