Accessibility links

Шымкентте автогаз бағасы 64 теңгеден 70 теңгеге өсті. Қалада автогаз тапшы


Автогаз бекеті. Шымкент, 3 шілде 2024 жыл.
Автогаз бекеті. Шымкент, 3 шілде 2024 жыл.

3 шілдеде Шымкентте автогаздың бір литр бағасы 70 теңгеге жетті. Шілдеге дейін автогаздың бір литрі 64 теңгеге дейін сатылған. Азаттық тілшісі қаладағы бірнеше автогаз бекетіне барғанда "газ жоқ" деген тақтайша ілініп тұрды.

Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы Шымкентте газ тапшы екенін растады. Басқарма дерегінше, қалаға айына 9500 тонна автогаз қажет. Шілдеге бөлінген газ 6 мың тоннаға жетпейді.

Мекеме энергетика министрлігі Шымкент қаласына қосымша 726 тонна қосымша газ бөлгенін, қазір қала қорында 570 тонна автогаз барын айтады. Басқарма есебінде "қаладағы барлық 167 жанар-жағармай бекетінде автогаз сатылып жатыр" дейді. Полиция дерегінше, қалада 56 мыңға жуық көлік газбен жүреді.

"Жанар-жағармай қауымдастығының" төрағасы Қайыпбек Қамбаров автогаздың тапшылығын жанар-жағармай бекеттерінің бақылаусыз қалғанымен байланыстырады. Ол "мемлекет автогаздың өңделуінен бастап бөлініп, кімге сатылып жатқанына дейін бақыламаса, мәселе шешілмейді" дейді.

Қазақстандағы газдың басым бөлігі батыс аймақта өндіріледі. 1 шілдеде Ақтөбе облысында газ бағасы қымбаттаған. Ақтөбе қаласы мен оған жақын елдімекендерде 1 шілдеден бастап автогаздың бір литрі 59 теңгеден сатыла бастады. Ал облыс орталығы Ақтөбеден 200 шақырымнан әрі аудандар мен ауылдарда 64 теңге болды. Яғни, сұйытылған газдың бағасы Ақтөбе облысында 5 теңгеге көтерілді.

2022 жылы қаңтарда Жаңаөзенде жұрт сұйылтылған газ бағасының қымбаттауына қарсы наразылық білдіріп, мұны Қазақстанның басқа аймағы да қолдаған. Сұйылтылған газ бағасына қарсылық кейін басқа да әлеуметтік талаптарға ұласқан. Артынша наразылық елде тәртіпсіздікке ұласып, Қаңтар оқиғасы кезінде кемі 238 адам қаза тапты. Сарапшылар мен үкімет сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсылық пен 5 қаңтардан кейінгі тәртіпсіздікті екі бөліп қарастырады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG