Украинада соғыс басталғалы бері Ирланд теңізі аймағында ресейлік соққы жасайтын сүңгуір қайықтар кем дегенде екі рет операция жасаған. Бұл туралы Bloomberg агенттігі дереккөздеріне сүйеніп хабарлады.
Бірінші операция 18 ай бұрын болған, ал екіншісі жақында ғана өткен. Агенттік сұхбаттасқан дереккөздердің айтуынша, ресейлік сүңгуір қайықтардың жүрген жерінің ауқымы бұған дейін британ шенеуніктері көргеннен асып түскен.
Bloomberg агенттігі "Кремльдің бұрын-соңды жасамаған бұл қадамы" британ әскерилерін шара қабылдауға мәжбүр етті деп жазды.
Ақпаратқа қарағанда, операцияға барған қайық Kilo класына (636 "Варшавянка" жобасының Батыстағы атауы) жатады. Соққы жасайтын дизель-электрлі сүңгуір қайық "Калибр" қанатты ракеталары мен торпедалар ұшырып, теңіз миналарын орната алады.
Bloomberg сұхбаттасқан дереккөздердің айтуынша, ресейлік сүңгуірлердің қозғалысы туралы америкалық шенеуніктер біледі. Байден әкімшілігіндегі жоғары лауазымды шенеуніктің айтуынша, АҚШ Ресей флотының қызметін бақылап отыр. Ирландия қорғаныс министрлігінің өкілі ведомство басқа елдердің қарулы күштері өткізген операция бойынша пікір бермейтінін айтты. Ұлыбританияның қорғаныс министрлігі де пікір беруден бас тартты.
Агенттік сұхбаттасқан адамдардың пікірінше, Ұлыбритания мен Ирландия жағалауында ресейлік сүңгуірлердің пайда болуы британ қорғанысының әлсіз жақтарын анықтауға және Киевті қолдаған Лондонды қорқытуға жасалған қадам болуы мүмкін.
ПІКІРЛЕР