Accessibility links

 
Қазақстанның мемлекеттік қарызы бес жылда екі есе көбейді

Қазақстанның мемлекеттік қарызы бес жылда екі есе көбейді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстанға қарыз беруші негізгі елдер - Нидерланд, Ұлыбритания және Қытай. Ұлттық банк дерегінше, Қазақстанның бұл елдерге қарызы 72 миллиард доллардан асқан.

Осы аптаның басында Bloomberg агенттігі соңғы алты айда бүкіл әлем мемлекеттерінің қарызы 40 пайызға өскенін хабарлады. Әлемдегі бұл тенденция Қазақстанды да айналып өтпеді.

Ақпан айының соңында Қазақстанның қаржы министрі Бақыт Сұлтанов жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ) шаққанда мемлекеттік қарыз 12,8 пайызға өсіп, 4 триллион 400 миллиард теңге (28 миллиард 800 миллион доллар) болғанын мәлімдеді.

Қазақстан ұлттық банкі дерегінше, 2013 жылдың үшінші тоқсаны қорытындылары бойынша, елдің сыртқы қарызы 148 миллиард АҚШ доллары болған.

МЕМЛЕКЕТ ҚАРЫЗЫ

Қазақстанның бюджет кодексіне сәйкес, алынған (игерілген) және өтелмеген мемлекеттік қарыздар мен борыштық міндеттемелердің белгілі бір мерзімге есептелген сомасы мемлекеттік қарыз деп есептеледі. Мемлекет кепілдік берген және мемлекет кепілгерлігі бойынша алынған қарыздар да бар. Басқа сөзбен айтқанда, бұл - мемлекеттік басқару органдарының (биліктің) ішкі және сыртқы нарықта пайда болған қарыздары.

Соңғы бес жылда Қазақстанның мемлекеттік, мемлекет кепілдік берген және мемлекеттің кепілгерлігі бойынша алынған қарыз шамамен екі есе өскен.

Қазақстан қарызы өсімінің динамикасы
(Қазақстан қаржы министрлігі деректері, миллиард доллармен)

2013 жылғы барлық қарыздың негізгі бөлігі - 28 миллиард 600 миллион доллар (немесе 96,6 пайыз) үкіметтің қарызы.

СЫРТҚЫ ҚАРЫЗДЫҢ ҚҰРЫЛЫМЫ

Қазақстанның сыртқы қарызы есебі мен статистикасын ұлттық банк жүргізеді. Сыртқа қарызға мемлекеттік басқару органдарының (ішкі қарызды қоспағанда), ұлттық банктің, екінші деңгейлі банктердің (ЕДБ) қарыздары, фирма аралық берешектер, басқа секторлар мен кепілдік берілген мемлекеттік қарыздар жатады. Аталған қарыздар шетел резиденттерінен алынған. 2005 жылмен салыстырғанда Қазақстанның сыртқы қарызы 31,2 пайызға көбейген.

Қазақстанның сыртқы қарызы және оның сектор бойынша өсуі
(Қазақстан ұлттық банкі мәліметтері, миллиард доллармен)

Қазақстан ең көп қарыз алған елдер мен ұйымдар - Нидерланд (33 миллиард 800 миллион доллар), Ұлыбритания (22 миллиард 300 миллион доллар), Қытай (16 миллиард 600 миллион доллар), халықаралық ұйымдар (12 миллиард 500 миллион доллар) және АҚШ (11 миллиард 400 миллион доллар). Қазақстанның ірі инвесторлары ретінде көбінесе АҚШ пен Қытай аталғанымен, Қазақстанның ең көп қарыздар елі елі - Нидерланд.

2014 жылдың тоғыз айындағы есеп бойынша, халықтың жан басына шаққанда Қазақстанның сыртқы қарызы (фирма аралық берешектерді қоспағанда) 4 мың 400 долларды құрады. Сарапшылардың есебінше, 2013 жылы халықтың жан басына шаққанда ЖІӨ (жалпы ішкі өнім) 12 мың 886 доллардан келген. Яғни ЖІӨ-нің үштен бірі - елдің сыртқы қарызы.
XS
SM
MD
LG