Accessibility links

Facebook-те Мұхтар Жәкішевті қолдау парақшасы ашылды


Facebook-тегі Мұхтар Жәкішевке арналған бет. 3 сәуір 2012 жыл.
Facebook-тегі Мұхтар Жәкішевке арналған бет. 3 сәуір 2012 жыл.

«Қазатомпром» компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевке қарсы қозғалған екінші қылмыстық іс бойынша сот тыңдаулары жалғасып жатқан тұста оның қызы Әйгерім Facebook («Фейсбук») әлеуметтік желісінде әкесін қолдау парақшасын ашты.


Наурыздың 31-і күні Facebook-те Әйгерім Жәкішева ашқан арнайы парақшаға осы уақытқа дейін 1 мың 300-ден астам адам қосылыпты. Ол парақшада «Қазатомпром» компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевке қатысты сот ісі туралы жаңалықтар жарияланған.

«БАТЫСТЫҢ НАЗАРЫН АУДАРТҚЫМ КЕЛЕДІ»

– Facebook-тегі парақша арқылы әкемнің ісіне Батыстың назарын аудартқым келеді және оны халықаралық деңгейге көтермекпін, – деді Әйгерім Жәкішева Азаттық радиосына берген сұхбатында

Қамаудағы Мұхтар Жәкішевтің денсаулығы туралы сұрағанымызда, Әйгерім Жәкішева «әкемнің денсаулығы біраз тұрақталды, дегенмен оның қан қысымы әлі де жоғары, мен осыған алаңдаймын» деп жауап берді.

– 2 сәуір күні таңғы сағат 10-да бір айлық үзілістен кейін Мұхтар Жәкішев ісі бойынша алғашқы сот тыңдаулары болып өтті. Мұхтар Жәкішев оған қатысудан тағы да бас тартты. Бұл туралы оның адвокаты Нұрлан Бейсекеев хабарлады, – деп жазады Әйгерім Жәкішева Facebook-те ашылған парақшада.

Әйгерім Жәкішева «сот отырысында сотталушы мен оның ресми қорғаушысы
Мұхтар Жәкішевтің қызы Әйгерім Жәкішева Сарыарқа аудандық сотының алдында. Астана, 5 қаңтар 2010 жыл.
Мұхтар Жәкішевтің қызы Әйгерім Жәкішева Сарыарқа аудандық сотының алдында. Астана, 5 қаңтар 2010 жыл.
болмаса да, ол басқа адвокаттың қатысуымен өтті» деп хабарлайды.

– Шалдықова Гүлмира Тоқановна 2011 жылдан бері адвокат болып жұмыс істейді. Шамалы ғана тәжірибеге ие болса да, ол үш апта ішінде Мұхтар Жәкішевтің құпия істеріне қол жеткізіп, онымен танысып үлгеріпті. Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл істі 3 жыл құрастырған болатын, – дейді Әйгерім Жәкішева.

Ол әкесіне қатысты сот отырысын «алдын-ала жасалған сценарий» деп атады.

Әйгерім Жәкішеваның хабарлауынша, келесі сот тыңдаулары сәуірдің 3-іне белгіленген. Бұл – Жәкішевке қарсы ұлттық қауіпсіздік комитеті қозғаған екінші қылмыстық іс бойынша «жабық есік жағдайында» жалғасып жатқан сот процесі.

Жәкішев пен оның жақтастары «қылмыстық істің саяси астары бар» екенін айтып, сот тыңдауларының ашық болуын талап еткен.

«ТАМШЫ ТАСТЫ ДА ТЕСЕДІ»

Қоғамдық белсенді, «Ар. Рух. Хақ» қоғамдық ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина «Мұхтар Жәкішевті қорғау науқанына өзінің қосылатынын» айтады.

– Біз Мұхтар Жәкішевтің талаптарына қолдау білдіретін қоғамдық науқан жүргізбекпіз. Ол сот процесінің ашық болуын және өзін сенімді адвокаттарының қорғауын талап етеді. Азаматтық қоғам ретінде біз биліктен Мұхтар Жәкішевтің
"Ар. Рух. Хақ" қоғамдық ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина. Алматы, 6 сәуір 2011 жыл.
"Ар. Рух. Хақ" қоғамдық ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина. Алматы, 6 сәуір 2011 жыл.
ашық және әділ сот отырысына деген құқығының орындалуын талап етеміз. Осы мақсатпен біз Жәкішевті қолдау науқанына қол жинаймыз, – дейді Бақытжан Төреғожина.

Оның пікірінше, әлеуметтік желілердегі мұндай акциялар саяси процестерді қоғамға жеткізу үшін қажет.

– Facebook – коммуникация құралы. Ол арқылы шешім қабылдайтын адамдарға ақпарат жеткізіледі. «Тамшы тасты да теседі» дейді ғой, сондықтан күресті жалғастырып, сот процесіндегі барлық заң бұзушылықтарды жұртқа жеткізу қажет. Осылайша әділеттікке жетуге болады, – дейді Бақытжан Төреғожина.

Қоғамдық белсенді бұл тұрғыда таяуда қамауға алынған «Взгляд» газетінің бас редакторы Игорь Винявскийдің әйелі Лана Винявскаяның әлеуметтік желідегі белсенді әрекетін «оң мысал» ретінде атап өтті.

– Лана Винявская Facebook-те күйеуін қорғау науқанын бастаған кезде, оны дереу қоғамдық ұйымдар қолдады. Нәтижесінде Винявский босатылды, – дейді Бақытжан Төреғожина.
Елге Мұхтар Жәкішев сияқты сауатты, парасатты адамдар керек.
Бақытжан Төреғожина

«Ар. Рух. Хақ» қоғамдық ұйымы жетекшісінің айтуынша, «елге Мұхтар Жәкішев сияқты сауатты, парасатты адамдар керек».

Мұхтар Жәкішев 2009 жылы 21 мамырда «Қазатомпром» компаниясының басшысы қызметінен алынып, 24 мамырда тұтқындалды.

2010 жылы 12 наурызда Астананың Сарыарқа аудандық №2 соты Мұхтар Жәкішевті «қаржыны ысырап қылды және пара алды» деген айып бойынша 14 жылға соттап, жазасын катаң режимді колонияда өтеуді бұйырған.

2011 жылдың соңында ұлттық қауіпсіздік комитеті Мұхтар Жәкішевке қарсы екінші қылмыстық іс қозғады.
XS
SM
MD
LG