Accessibility links

Қазақстан футболының деңгейін әркім әртүрлі бағалайды


2012 жылғы Қазақстан футбол чемпионатының ойындарынан көрініс. Суреттер Қазақстан футбол федерациясының ресми сайтынан алынды.
2012 жылғы Қазақстан футбол чемпионатының ойындарынан көрініс. Суреттер Қазақстан футбол федерациясының ресми сайтынан алынды.
Қазақстандық футбол ардагерлері мен жанкүйерлер «ел чемпионатының деңгейі төмен» десе, кейбір мамандары «біріншілік ойдағыдай өтті» дейді.

Футболдан Қазақстан біріншілігі аяқталып, Қарағандының «Шахтер» командасы екінші жыл қатарынан чемпион атанды. Екінші орынды Павлодардың «Ертіс» командасы иеленді, қола жүлде «Ақтөбе» командасына бұйырды.

«ЧЕМПИОНАТТЫҢ ДЕҢГЕЙІН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАНЫҢ ОЙЫНЫ КӨРСЕТЕДІ»

1970-80 жылдары «Қайраттың» қақпасын қорғаған ардагер футболшы Құралбек Ордабаев биылғы чемпионатты бастан-аяқ қадағалап шыққанын айтты.
2012 жылғы Қазақстан футбол чемпионатының ойындарынан көрініс. Суреттер Қазақстан футбол федерациясының ресми сайтынан алынды.
2012 жылғы Қазақстан футбол чемпионатының ойындарынан көрініс. Суреттер Қазақстан футбол федерациясының ресми сайтынан алынды.

– Қазақстан чемпионатын бас-алты жылдан бері қадағалап келемін. Ауыз толтырып айтарлықтай өзгеріс жоқ. Деңгейі өсер емес. «Чемпионаттың деңгейі көтерілді» немесе «Қазақстан біріншілігі дұрыс бағытта келе жатыр» деп айтсақ, қателесеміз. Клубтардың Еуропа жарыстарында нақты нәтиже көрсете алмай келе жатқанына он жылдан асты. Әрине, чемпионат деңгейінің өсуін армандаймыз. Бірақ сол арманға жеткізер жұмыстар федерация тарапынан жасалып жатқан жоқ. Федерацияда чемпионаттың деңгейін өсіретін қаржы бар. Бірақ сол қаржы дұрыс жұмсалмай отыр, – деді ол.

Ардагер футболшының айтуынша, Қазақстан ұлттық құрамасының ойын деңгейінің төмендігі ішкі чемпионаттың нашарлығын көрсетеді.

– Қазақстан құрамасы Еуропада «ұпай таратушы» ел ретінде қалыптасқан. Бұл – шындық. Ішкі чемпионатымыздың деңгейі төмен болса, құраманың ойыны да жүрмейді. Мысалы, ішкі чемпионаты мықты Испания, Англия, Бразилия құрамалары қазір әлемде мықты. Өзбекстанның чемпионатының деңгейі бізбен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Ал осы елдің құрамасы қазір 2014 жылғы әлем чемпионатының іріктеу жарыстарында жақсы ойнап, жолдамадан үміті бар, – деді Құралбек Ордабаев.

«КОМАНДАНЫҢ ЖАҚСЫ ОЙНАУЫ - ӘКІМДЕР МЕН АҚШАҒА БАЙЛАНЫСТЫ»

Ал футбол бапкері Асқар Қожабергенов «Қазақстан чемпионатында бәрін ақша мен әкімдердің қас-қабағы шешеді» дейді.

– Қазақстан чемпионатындағы командалар өз облыстарының әкімдерінің қас-қабағына қарап отыр. Қай аймақтың басшысы командаға жақсы көңіл бөліп, бюджеттен қомақты қаржы бөледі, сол облыстың клубы чемпионатта жақсы ойнайды. Мысалы, екі жылдан бері Қарағанды облысының әкімдігі футболдан ақшаны алып жатқан жоқ. Ақтөбе облысында да сондай жағдай. Яғни, әкім көңіл бөлсе, команданың да ойыны жүреді. Ал әкімдіктері қарамаған командалар біріншілікте аутсайдер болады, – деді ол.

18 қазан күні Алматы облысы, Қаскелең қаласының «Сұңқар» командасының ойыншылары Азаттыққа төрт айдан бері жалақы алмай ойнап келгендерін айтқан еді. Осы команда биылғы біріншілікте соңғы орын алып, чемпионатқа қатысу құқығынан айырылды. Енді «Сұңқар» келер жылы төменгі біріншілікте ойнайды.

«ЧЕМПИОНАТТА БӘСЕЛЕСТІК АРТЫП КЕЛЕДІ»

Футбол жанкүйері Қуаныш Тыныбек «Қазақстан чемпионатының ойындары стадионға жанкүйер жинай алмайды» деген пікірде.

– Біріншіліктің ойынына көп дегенде он мың жанкүйер жиналады. Ал кей матчтарға екі мың адам келеді. Қазақстанда чемпионаттың ойындарына кіру көп қалада тегін. Кей қалаларда билет құны – 100 теңгеден 500 теңгеге дейін. Осыған қарамастан, стадион толмайды. Осының өзінен-ақ біріншіліктің деңгейін аңғара беріңіз, – дейді футбол фанаты.

1990 жылдары Қазақстан құрамасында ойнаған ардагер футболшы, қазір жаттықтырушылықпен айналысатын Болат Есмағамбетовтің ойынша, «Шахтердің» чемпион атануы – заңдылық.
Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті Сейілда Байшақов "Шахтер" командасының ойыншысына чемпиондық кубокты тапсырып тұр. Қарағанды, 21 қазан 2012 жыл. Сурет Қазақстан футбол федерациясының ресми сайтынан алынды.
Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті Сейілда Байшақов "Шахтер" командасының ойыншысына чемпиондық кубокты тапсырып тұр. Қарағанды, 21 қазан 2012 жыл. Сурет Қазақстан футбол федерациясының ресми сайтынан алынды.

– Дәл қазір Қазақстанда «Шахтер» мен «Ақтөбе» командаларының ойында тұрақты өсу бар. Чемпионаттағы бәсекелестік артып келе жатқандай. Мысалы, былтыр соңғы орындардың бірін алған оралдық «Ақжайық» командасы биыл үздік ондыққа енді. «Тараз» командасы араға алты жыл салып, төртінші орынға дейін көтерілді. Чемпионат басында соңғы орында тұрған қызылордалық «Қайсар» командасы чемпионат біткенде тоғызыншы орынға дейін жетті. Міне, осының барлығы чемпионаттағы бәсекелестіктің артып келе жатқанын көрсетеді, – деді бапкер.

Азаттық радиосына сұхбат берген Қазақстан құрамасының ойыншысы Жамбыл Көкеев:

– Қазақстан чемпионатын ұту жыл сайын ауыр болып барады. Кез келген команда чемпион болғысы келеді. Сондықтан біріншіліктің деңгейі төмен деп айта алмаймын, – деді.

Ал Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті Сейілда Байшақов «чемпионатты жоғары деңгейде өткізуге бар күшімізді салдық. Және үмітіміз толық ақталды» деп қысқа қайырды.

Халықаралық футбол тарихы және статистикасы ұйымы жақында әлем елдерінің ішкі чемпионаттарының рейтингін жариялады. Бұл тізімде Қазақстан чемпионаты 96-орында тұр. Рейтингке сүйенсек, Нигерия (37), Перу (39), Өзбекстан (43), Коста-Рика (46), Судан (69), Замбиядағы (70-орын) чемпионаттары Қазақстан премьер-лигасынан гөрі қызықты.

Бұл тақырыпты автордың Facebook-тегі жеке парағында да талқылай аласыздар.
XS
SM
MD
LG