Accessibility links

Бишімбаев Назарбаевтан "сенімді ақтамағаны" үшін кешірім сұрады


Қуандық Бишімбаев сот залына келе жатыр. Астана, 8 қаңтар 2017 жыл.
Қуандық Бишімбаев сот залына келе жатыр. Астана, 8 қаңтар 2017 жыл.

"Ірі көлемде пара алған" деп айыпталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев бүгін Астанадағы сот процесі кезінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан кешірім сұрады. Ол өзіне тағылған айыптарды мойындамайтыны туралы мәлімдеді.

Қаңтардың 8-і күні Астананың мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотында өтіп сот процесінде сөз алған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев "ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен барша қазақстандықтардың сенімін ақтай алмағаны" үшін өзін кінәлі сезінетіні туралы мәлімдеді.

"Қоғамға және ең бастысы Қазақстан президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жеткізгім келеді. Барлық кәсіби жетістіктерім үшін мемлекет басшысының алдында міндеттімін... Қай жерде еңбек етсем де, "Самұрықта", "Бәйтеректе", министрлікте мен мемлекет басшысы қойған міндеттер мен тапсырмаларды орындауға тырыстым. Мен үшін ол әрқашан бірінші кезектегі басымдылық болды. Тұрғын үй, жұмыс орындары тәрізді президенттің тапсырмаларының барлығы Қазақстан азаматтары үшін жасалды... Мендей жас адамға сенім артып, өзіне және елге ең жоғары деңгейде қызмет етуге мүмкіндік бергені үшін президентке терең алғысымды білдіремін", - деген Бишімбаевтың сөзін келтіреді Tengrinews.

Соттағы сөзінде 37 жастағы Бишімбаев президент Назарбаевтың сенімін ақтамағаны үшін кінәлі екенін және сол үшін ұялатыны туралы мәлімдеді.

"Президенттің алдында кінәлі екенімді сезінемін. Өзім білетін және сенім артып жұмысқа шақырған адамдар – Жақсыбаев, Жақыпов пен басқалар онымды ақтамады, бұл үшін мемлекет басшысының алдында жауапкершілік арқалаймын. Президенттің сенімін ақтай алмағаным әрі жаныма батады, әрі ұят. Кадр таңдауда қателікке ұрындым. Жақын тұтқан адамдар мені және сенімімді пайдаланып кетті. Мемлекет басшысынан, барша халқымыздан бұл үшін кешірім сұраймын", - деген Бишімбаев.

Қуандық Бишімбаев сот залында отыр. Астана, 8 қаңтар 2017 жыл.
Қуандық Бишімбаев сот залында отыр. Астана, 8 қаңтар 2017 жыл.

​Сонымен бірге ол қылмыс жасағаны туралы өзіне тағылған айыптарды мойындамайтыны туралы мәлімдеді.

"Айыптау қорытындысында айтылған қылмыстарды жасаған жоқпын, оларды мойындамаймын. Мен мұны анық білемін, сіздерге, құрметті сот, өзіме белгілі жайттарға негізделген ұстанымымды жеткізуге тырысамын", - деген сотталушы экс-министр.

Бүгінгі сот процесінде ол бұған дейін өзіне тағылған айыптарға қатысты куәлік бермеуінің себебін айтты.

"Куәлік беруге қатысты заңды құқығымды тек БАҚ өкілдерінің қатысуымен өтетін сотта пайдаланып, маған тағылып отырған қылмыстар туралы өзіме белгілі жайттарды объективті, шынайы түрде баяндап, қоғамға жеткізуді ұйғардым", - деген Бишімбаев.

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот процесі Астананың мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында өткен жылы қарашада басталған. Онымен бірге айып тағылған 22 адамның арасында "Бәйтерек Development" компаниясы басшысы Бақыт Жақсыбаев, басқарма төрағасының орынбасары Аслан Жақыпов және басқалар бар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Бишімбаев және "Болашақтың" болашағы

Қуандық Бишімбаев 2016 жылы ұлттық экономика министрі қызметін сегіз ай атқарған. Ол 2017 жылдың 10 қаңтарында "топ болып алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі көлемде бірнеше рет пара алған" деген күдікпен ұсталған. Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы экс-министр Қуандық Бишімбаевқа жалпы сомасы 346 миллион теңге пара алған және 1,2 миллиард теңге көлемінде қаржы жымқырған деген айыптар тағылғаны туралы хабарлаған. Тергеу барысында Бишімбаевтің қамау мерізімі бірнеше рет ұзартылған.

Тергеу ісі 10 айға дейін жалғасып, қылмыстық іс 250 томға жеткен. Қазір Астана сотында ісі қаралып жатқан 23 айыпталушының әрбірінде кемінде екі адвокаттан бар.

Қазақстанда бұған дейін де түрлі коррупциялық қылмыс айыптары тағылған бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктердің сот процесі кезінде президент Нұрсұлтан Назарбаевтан кешірім сұрап, мәлімдеме жасағаны жұрт есінде қалған. Бұл жайлы деректі Азаттық инфографикасынан таба аласыз:

Президенттен кешірім сұраған шенеуніктер
Президенттен кешірім сұраған шенеуніктер

XS
SM
MD
LG