Accessibility links

 
Қызылжарда да теңге "құлап", қарбаласқан жұрт абыржып-ақ қалды

Қызылжарда да теңге "құлап", қарбаласқан жұрт абыржып-ақ қалды


Петропавлдағы банктің біріндегі 4 ақпан күнгі валюта бағамы.
Петропавлдағы банктің біріндегі 4 ақпан күнгі валюта бағамы.

Ақпанның 4-і күні, барлық қалалардағыдай Қызылжарда да валюта айырбастау пункттеріндегі таблолар өзгеріп шыға келді. Кеше ғана 123 теңге болып тұрған доллар бүгін 160, еуро – 200, Ресей рублі – 5 теңгеге дейін көтерілді. Кей жерлерде сату мен сатып алудың арасындағы айырмашылық та айтарлықтай: 30-40 теңге.

Мұны көрген жұртшылық аң-таң, себебін бір-бірінен сұрасып жатыр, бар әңгімелері – осы жаңалық. Еті тірілер доллардың бағасы аспандап кетпей тұрғанда, оны шамасы келгенше көптеп сатып алмақшы. Бірақ, айырбастау пункттерінде де, банктерде де доллар жоқ. Бұл бүгін сатушылар ең көп қайталаған жауап болды.
Екінші деңгейдегі банктердің филиалдары долларды 122-123 теңгеден сатып алып жатыр. Кей банктердің таблолары бүгін мүлдем бос, ештеңе жазылмаған.

Ұлттық банк облыстық филиалының директоры Жомарт Қажырақымов:

«Біз теңгені қолдауды тоқтаттық. Бүгін Қазақстанның қор биржасында доллардың курсы 143 теңге. Айырбастау пунктерінде 150-160 теңгеден. Ал оны 170-ке дейін көтерген кейбір айырбастау пункттерінде бәрібір доллар жоқ, олардың қандай мақсатпен осылай жасап отырғандарын айта алмаймын. Халықты дүрліктіру үшін ғана шығар. Бірақ біздің өңірде бәрібір миллиондаған еңбекақы жоқ, сондықтан бүгінгі көріністен қобалжудың да қажеті жоқ. Мұның бәрі уақытша. Жақын арада бәрі де қалыпқа келеді. Таяу күндері доллар Ұлттық банктің қорына түседі. Теңге 25 пайызға құлады. Бірақ доллардың бағамы 150 теңгеден аспайтын болады, +/-3 пайыз немесе 5 теңге ауытқу болуы мүмкін.»

«ЦеснаБанк» филиалының атын атағысы келмеген бір қызметкері бүгін халыққа депозиттеріндегі ақшаларын беруге банктерге тыйым салынғанын айтты.

Ұлттық банк филиалының бөлім бастығы Күлжан Ыдырысова:
«2007 жылы 29 тамызда доллар аяқ астынан қымбаттап, үш күн бойы қымбатқа сатылғаны естеріңізде болар. Содан кейін тәжірибе жинақтаған айырбастау пункттері қазір демдерін іштерін тартып, күтіп отыр. Сол себепті қазір олар доллар сатып жатқан жоқ. Мұның бәрі долларды алып-сатуға жол бермеу үшін,-" деді.

Бірқатар сауда нүктелері, атап айтқанда, дәріханалар, киім-кешек және тұрмыстық техника дүкендері түстен кейін саудасын тоқтатты. Иелерінің айтуларынша, енді олар жаңа бағалармен ашылады.

Қызылжар қаласының тұрғыны Айымгүл Әбдірахманова: «Бұған дейін Үкімет апта сайын дағдарысқа қарсы кеңес өткізсе де, Қазақстанда дағдарыс жоқ деп сендіріп келген болатын. Енді бір-ақ күнде теңгені қолдауды тоқтатқаны бізді абдыратып тастады. Нағыз дағдарыстың дәмін халық енді татады деп ойлаймын. Ертең дүкендер қайта ашылып, бағалар шарықтап шыға келгенінің несі жақсы? Доллар 25 пайызға ғана көтеріледі деп жатыр ғой, ендеше бағалар да 25-30 пайызға көтеріліп қана қойса, жақсы» дейді.

Оқытушы Ғалия Алтыбаева: «Мен жуырда ғана пәтер сатып алып, кредитімді доллармен алғам. Енді оны қалай төлеймін,-» дейді.
Зейнеткер Людмила Зыкова: «Дағдарыс келді деген осы шығар. Ертең азық-түлік, жалпы, барлық тауарлар қымбаттап шыға келсе, оны сатып алуға біз сияқты зейнеткерлердің шамасы келе ме?» дейді абыржулы.

Студент Ажар Баязитова: «Бәрі доллар қымбаттады деп жүр ғой, дұрыс емес, шын мәнісінде теңге құлады деп түсінем мен мұны» дейді.

Ең соңғы рет доллар бағамы осылайша 2003 жылы өзгерген.
XS
SM
MD
LG