Accessibility links

Сатушылар «жұрт бағасы арзан құс етіне көшті» дейді


Құс етін сататын бөлімдегі кезек. Семей, 27 наурыз 2012 жыл.
Құс етін сататын бөлімдегі кезек. Семей, 27 наурыз 2012 жыл.

Қазақстанның кейбір аймақтарының тұрғындары өздері жақсы көретін еттен бас тартуға мәжбүр. Өйткені ет қымбаттады. Сондықтан Семей қаласындағы базарда құс еті арзандау болғандықтан сиыр не қой етіне қарағанда әлдеқайда көп өтеді.


Семей қаласының тұрғыны Игорь Кавтрев көптен бері құс пен балық жеуге көшкенін айтады.

«ЕТТІ МЕЙРАМДА ҒАНА ЖЕЙМІЗ»

Ол тауық етінің килограмы 570 теңге, ақтабан не алабұғаның килограмы 350-400 теңге екенін, ал сиыр етінің килограмы 1 мың 500 теңгеге дейін қымбаттағынын айтты.
Игорь Кавтрев азық-түлік бағасының өсіп бара жатқанына наразы. Семей, 26 наурыз 2012 жыл.
Игорь Кавтрев азық-түлік бағасының өсіп бара жатқанына наразы. Семей, 26 наурыз 2012 жыл.

- Үйде бес адамбыз: әйелім екеуміз, қызым, ағам мен енем. Мәселен, сиырдың сан етін алғыңыз келсе, килограмы - бір жарым мың теңге. Мейрамда ғана ет алатын болдық. Кейде Ресейден туған-туыс келеді. Олар мыңғырған малы бар Қазақстанға келдік, етке тоятын болдық деп ойлайды. Қонақ келген соң дұрыстап күтесің, ет аласың. Дастарханға банан, лимон, апельсин қоюға шама жоқ, алма қоямыз. Басқа кезде тауық еті - талғажау.

Игорь Кавтрев – музыкант. Әйелі Галина - автосервис қоймасында жабдықтаушы. Қыздары мектепте оқиды, енесі - зейнеткер. Игорьдің айтуынша, үйдегілердің бар табысын жиғанда 200 мың теңгедей болады. Бір аптада бұл үй бес килограмм тауық етін, үш-төрт килограмм балық алады.

Игорь Кавтрев қайын енесінің үш күнде бір рет алты литр сүт алатынын айтады. Сүттің литрі - 120 теңге. Бұл үйдің «бюджетінің 60 пайызы азық-түлікке кетеді» .

- Мен қазір құс пен балық етіне әбден үйреніп кеттім. Қазір сиыр етін жесем, асқазаным ауырыңқырайды, - дейді Игорь Кавтрев.

«ӘУЕЛІ - ӨКПЕ-БАУЫР, ІШЕК-ҚАРЫН...»

Орталық базардағы құс етін сататын бөлімде сауда қызу жүреді. Мұнда жергілікті және ресейлік құс фабрикаларының өнімдері тұр. Бағалары бірдей деуге болады.

Жанар Мұқашева, сатушы. Семей, 27 наурыз 2012 жыл.
Жанар Мұқашева, сатушы. Семей, 27 наурыз 2012 жыл.
Сатушы Жанар Мұқашева «адамдар бірінші кезекте малдың жүрегін, қарнын, бауырын алады. Олардың килограмы - 100-300 теңге. Одан кейін жіліктер өтеді. Ал құс етіне келсек, әуелі қанаттар сатылады. Әрине, қоңды балапанды да жақсы алады» дейді.

Құс етін сататын Жанар клиенттерінің негізінен зейнеткерлер мен студенттер, 30-40 жас шамасындағы әйелдер екенін айтады.

- Сөренің алдында, өздеріңіз көріп тұрсыздар, біраз адам кезекке тұрды. Ал мал еті сатылатын қатарларды қараңыз - нағыз дағдарысты байқайсыз. Сиыр, қой, жылқы етін сататындар елді ет алуға шақырып әуре болады. Жалынып-жалбарынуға сәл-ақ қалады, - дейді сатушы Жанар Мұқашева.

«БІЗДІҢ КЛИЕНТ – БИЗНЕСМЕН»

Айгүл Теміржанованың базарда ет сатқанына 15 жыл болған. Ол «ешқашан пайдасыз қалған емеспін» дейді.

- Біздің клиенттеріміз негізінен бизнесмендер. Мен Жаңа Шульбадан келген етті сатамын. Базарға келген кәсіпкерді бірден байқайсың. Олар бірден 10-15 килограмм алады. Зейнеткерлер мен бюджеттік мекемелерде істейтіндер айына бір рет қана ет алады. Олар бізге көп келмейді, - дейді Айгүл Теміржанова Азаттық радиосына берген сұқбатында.
Айгүл Теміржанова, сатушы. Семей. 27 наурыз 2012 жыл.
Айгүл Теміржанова, сатушы. Семей. 27 наурыз 2012 жыл.

Айгүл Теміржанованың айтуынша, ет сататын базарға студенттер сирек келеді. Студенттер көбінесе килограмы 1 мың 350 теңге тұратын фарштан 200-500 грамм ғана өлшеп алады.

Айгүл жергілікті құс фабрикасының сауда бөліміне кезекке тұрғандарға тесіле қарап алып, клиентсіз тұрған ет павильондарына көз тастады.

- Бұл қарбалас кез ғой, жұрт жұмыстан қайта бастады, - деп түсіндірді ол тауық етін алушылардың көбейгенін.

Кейбір деректерге қарағанда, Семей қаласы халқының саны - 330 мың. Семей - ауыл шаруашылығымен айналысатын аймақта орналасқан қала. Бұл жерде бір кездері Совет Одағындағы ең ірі ет-консерв комбинаты жұмыс істеген, ол комбинатқа көршілес Моңғолиядан да қора-қора қой айдап әкелетін.
XS
SM
MD
LG