Accessibility links

Астан қалған-құтқанға күнелтетін қариялар көбейіп барады


Қайыр сұрап отырған зейнеткер. Ақтөбе, қараша, 2009 жыл. (Көрнекі сурет)
Қайыр сұрап отырған зейнеткер. Ақтөбе, қараша, 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

Ақтөбеде анау-мынау мерекеден еш кем түспейтін ас беру рәсімі сәнге айналып барады. Жоқшылық қысқан қарт адамдар «ас беріледі» деген хабарды аңдып жүріп, аш қарынды жұбатып, қалған асты салып әкетуге тырысады.


Демалыс күні Ақтөбенің ортасындағы мұсылман мейрамханасына бірінен-бірі асып түсетін қымбат көліктер мінген қонақтар келіп жатты. Ас иесі оларды құрметтеп қарсы алып, дастарқанға шақырып жүрді. Осы асқа жеке адамның шақыруымен барып қалған Азаттық радиосы тілшісінің «Мұнда кедей-кепшік, жоқ-жітіктерді кіргізер ме едіңіз?» деген сауалына ас иесі «Орын жоқ» деп қысқа қайырып, кетіп қалды. Ас беру рәсімі аяқталған соң қонақтарға ішіне бір кітап, орамал мен тәтті-құтты, кәмпит салынған дорба таратты. Бұл кітапты балалары әкелерінің жылдығына орай естелік ретінде дайындаған көрінеді.


«ҚАЗІР НЕ КӨП – ҚАЗА КӨП»


Кезінде Ақтөбе қаласында басшылық қызметтер атқарған ақсақалдардың бірі Азаттық радиосы тілшісімен сөйлескенде мақалада өз есімін айтпай-ақ қоюды өтінді. Ақсақал бірнеше телеарнадағы жүгіртпе жол арқылы өтетін хабарландыруларды жіті қадағалап, қай жерде ас берілетінін біліп отырады екен.

– Мына біз, қарттар, бір-бірімізді жүзбе-жүз танимыз ғой. Бірақ кейде танымағансып, білмегенсіп жүре береміз. Біздікі – амалсыздың күні. Ары тартсаң бері жетпейтін зейнетақыға ет, қант-шай, жеміс-жидек сатып ала алмайсың. Кейінгі кезде мұндай астатөк асқа кемпірлер де баратын болды. Кейде бізді шығарып жібереді. Өйтетін болса хабарландыру беріп несі бар? Кейде бізді байқап қалған ас иелері қасымызға келіп, жаймен ғана шығып кетуімізді өтінеді. Бірақ өзге қонақтардың алдында шу шығарып, ыңғайсыздық туғызбас үшін үндемей қоя салады.

Қазір не көп – қаза көп. Жасы да, кәрісі де өліп жатыр. Бұрын бүйтіп даңғаза ас беру деген болмайтын еді. Қазір байлар мұндайда ақшаны аямай шашады. Мұндай астарда дастарқанның мұрты да бұзылмайды. Желінбеген асты қалтаға салып әкетуге тырысамыз. Ал ас иелері қайырымды адамдар болса, өздері-ақ дорбаға салып береді. Құдай ондайларға жар болсын, – дейді ақсақал.


«ЖҰРТ БІЗДІ РЕНЖІТПЕЙДІ»


68 жастағы Владимир Азамов шіркеу мен мешіт төңірегінде қайыр-садақа сұрайды. Орта есеппен күніне үш жүз теңге табады. «Бұрынғы Совет Одағында өмір сүру әлдеқайда оңай еді» деп еске алады ол кісі.

– Қазір дәрі-дәрмек те, коммуналдық қызмет те удай қымбат. Совет өкіметі құрыды. Ол кезде жұмыс та бар еді, тұрмысымыз да жаман емес еді. Қазір зейнетақы түкке жетпейді.
Қайыр сұрап жүрген қарт адам. Алматы, 31 наурыз, 2008 жыл. (Көрнекі сурет)
Балаларым баяғыда-ақ Ресейге кетіп қалған, Бірақ мен бармадым ол жаққа. Осы жерге, Қазақстанға үйренген адаммын.

Қазақтың біраз кемпір-шалдары әртүрлі астарға барып, тамағын тауып жүргенін білемін. Бұйырғанын салып әкетеді екен. Жүздеген адамның арасында кімді кім біліп жатыр. Ал біз жаңалықтарды бірімізден біріміз біліп отырамыз ғой, – дейді Владимир Азамов.

Оның айтуынша, осыдан бір ай бұрын қазақтың үш баласы келіп, мешіт төңірегінде жүрген бес адамды көліктеріне мінгізіп алып, мейрамханада өтіп жатқан асқа апарыпты. Дастарқанға шақырып, тойғызып, дұға оқылып, ас біткеннен кейін ас салынған бір-бір дорба ұстатып жіберген көрінеді.

– Жұрт бізді ренжітпейді. Жиналған ақшаға азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып аламыз. Кейде шіркеуге көмектесемін, төңірегін жинастырамын. Тапқан ақшасына арақ ішетіндер де бар. Ол дұрыс емес, – дейді Владимир Азамов.


«ШАРИҒАТТА ЖЕТІСІ, ҚЫРҚЫ, ЖҮЗДІГІ НЕМЕСЕ ЖЫЛЫ ДЕГЕН СӨЗ ЖОҚ»


«Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешіттің бас имамы Бауыржан Есмахан «асты, Құран бойынша, байлығын көрсету үшін емес бермеу керек, жоқшылықта жүрген адамдарға беру керек» дейді.

– Қазіргі астағы дастарқанға қарасаңыз, құстың сүтінен басқаның бәрі тұрады. Уылдырық дейсіз бе, торт дейсіз бе... Не керек, жұрт бар байлығын көрсетіп қалуға тырысатын сияқты. Ас беру дегеніміз той не мереке емес қой. Бұрын дастарқанға бауырсақ пен ет қана қоятын. Шариғат бойынша, өлген адамның соңынан кез-келген күні ас беруге болады. Шариғатта жетісі, қырқы, жүздігі немесе жылы деген сөз жоқ, – дейді Бауыржан Есмахан.

Азаттық радиосы тілшісінің «асқа шақырусыз келген қонақтарға не деу керек?» деген сауалына имам Бауыржан Есмахан «оларды дастарханға шақырар едім» деп жауап берді.

– Егер мұндай ас берсем немесе басқа себептермен дастарқан жайсам, әлгіндей адамдардың барлығын үстелге отырғызып, тамақ беріп, азық-түлік таратар едім. Мені асқа жиі шақырады. Сонда осындай кәрі-құртаң, ғаріп-қасірлерді көп байқаймын. Түстеп те танитын шығармын. Бірақ менің көзімше оларды ешкім қуған емес. Егер олар ас иесіне өздерінің асқа келіп тұрғанын айтса, ешкім кет әрі демейді ғой, – дейді имам Бауыржан Есмахан.

Ақтөбе облысында Қазақстандағы аса ірі бірнеше мұнай кен орындары бар екенін айтудың өзі артық болар. Алайда шикізат сатумен ғана шұғылданатын көптеген ел сияқты, мұнай мен газға бай осы өңірдің халқы да кедейшілікте өмір сүріп жатыр. Тіпті, кей адамдар жоқшылықтан тентіреп кетудің аз-ақ алдында жүр.
XS
SM
MD
LG