Accessibility links

Егіс науқаны таяды, фермер ескі өнімін сата алмай отыр


Фермер Серік Ахмади шіри бастаған жүгеріні көрсетіп тұр. Алматы облысы, 17 наурыз 2014 жыл.
Фермер Серік Ахмади шіри бастаған жүгеріні көрсетіп тұр. Алматы облысы, 17 наурыз 2014 жыл.

Алматы облысы Панфилов ауданы фермерлері өнім сапасы төмен болып, былтырғы жүгеріні сата алмай отыр. Фермерлер «ескі өнімді сата алмай жатып, егіске қалай дайындаламыз» дейді.

Пенжім кентіне таяу маңда, ашық аспан астындағы қырманда жүгері собықтары тау болып үйіліп жатыр. Шаруалар өткен жылы сатылмай қалған өнімді қыс бойы полиэтиленмен жауып шығыпты. Бірігіп трактор жалдап, қырманды қардан тазартып отырған. Кейбір фермерлердің дұрыс сақталмаған жүгерісі қарайып, шіри бастаған.

Қарайып кеткен жүгері. Алматы облысы, 17 наурыз 2014 жыл.
Қарайып кеткен жүгері. Алматы облысы, 17 наурыз 2014 жыл.
Диқан Серік Ахмади Азаттық тілшісіне «Дымқыл тартып кеткен» деп жүгерімді ешкім алмайды. Ауданда егістікті суаратын су көпке дейін болмай, маусымның 10-ына қарай ғана берді де, жүгерім кеш гүлдеп, қараша айында ғана пісті. Сатып алушылар «сапасы нашар» деп алмай қойды» дейді.

Жергілікті қырмандарда Серік Ахмади сияқты алған өнімі қар астында қалған ондаған шаруа бар. Шаруалардың айтуынша, аудандық әкімдік шенеуніктері «жергілікті қырмандарда жатқан өнімдеріңді үйлеріңе алып кетіңдер» деп бұйырған. Мұның себебін жуырда ауданды аралауға келетін «мәртебелі» қонақтарға тау төбе болып үйілген ескі өнімді көрсетпеу керек деп түсіндірген.

- Үйімнің ауласында аяқ басатын жер жоқ, батпақ. Жүгеріні қайда апарам сонда? Ал мұндағы қар еріп кетті, қырманның маңайы асфальтталған. Облыс әкімі аралайды екен деп, жүгерімді әкетер жайым жоқ. Шенеуніктер әкім келгенде мына жер тап-таза болсын дейді. Одан да анау көшелерді тазаламай ма? – дейді ашынған фермер Нұрлан Қақшаев.

ЖҮГЕРІНІҢ САПАСЫ ТӨМЕН

Жүгеріні шикізат ретінде пайдаланып, крахмал-сірне шығаратын жергілікті зауыт өңірде жиналған бүкіл өнімді қайта өңдеуге күші жетпейді. Былтыр кәсіпорындар фермерлерден шамамен 38 мың тонна жүгері сатып алған.

Крахмал-сірне зауыты директоры Виллиям Халиковтың айтуынша, сатып алатын шикізат көлемі шектеулі болғанымен, билік зауыт басшылығынан шаруалардың жағдайын ескеруді сұраған. Ақыры бизнесмендер жатып қалған, сапасы нашар өнімнің бір килограмын шаруалардан 27 теңгеден сатып алуға мәжбүр болған.

- Жүгері ылғал тартып, сапасы нашарлап кеткеніне қарамастан, екі жарым мыңдай тоннасын сатып алдық. Кептіріп, қайта өңдеуге ақша жұмсап, шығынға баттық. Ақыры жүгерінің бір килограмы 27-28 теңгеге шығып кетті, - дейді Виллиям Халиков.

«Жаркент крахмал-сірне зауытының» директоры Виллиям Халиков. Алматы облысы, 17 наурыз 2014 жыл.
«Жаркент крахмал-сірне зауытының» директоры Виллиям Халиков. Алматы облысы, 17 наурыз 2014 жыл.
Крахмал-сірне зауыты директоры «жүгеріні қайта өңдейтін кәсіпорындарға мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы көлемі ұлғайса ғана шаруаларға көмектесуге болады» деп есептейді.

«Жаркент крахмал-сірне зауыты» компаниясы құрылтайшысы Зәкіржан Кузиевтің айтуынша, Қазақстанда өсетін жүгерінің сапасы еуростандарттарға сай емес. Бизнесмен жергілікті жүгері сапасының нашар болуының себебін ұсақ тауарлы шаруашылықтан көреді.

- Фермерлер техника сатып алуға, мамандар ұстауға, агротехникалық жұмыстарды жүргізе алатындай дәрежеге жету үшін ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру керек. Қазіргі жағдайда олардың бұған шамасы келмейді, - дейді ол.

Панфилов ауданында ескі жүгеріні сату қиындығы туралы кейбір республикалық газеттер де жазған. Бірақ жергілікті шенеуніктердің айтуынша, кейбір мақалаларда бұл проблема біржақты сипатталған. Панфилов ауданы әкімдігі қызметкері «кейбір журналистер шындықты бұрмалайды» дейді.

- Ақпарат құралдары шындықты жазбайды. Міне, «бүкіл өнім қар астында жатыр» деп жазыпты, ал онда алты тоннасы ғана жатыр. Кемшіліктерді жасырмасын, бірақ әділ жазу керек қой, - дейді Панфилов ауданы әкімінің орынбасары Шухрат Құрбанов.

Қазақстанда жүгері өсіру мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады. Мысалы, былтыр Панфилов ауданы жүгері өсірушілері егістіктің әр гектарына 6 мың 400 теңгеден дотация алған, ал биыл әр гектарына 32 мың теңгеден бөлуге уәде беріліп отыр.
XS
SM
MD
LG