Accessibility links

СІМ:  Израиль, Иран, Ливанда қаза тапқан немесе зардап шеккен қазақстандықтар туралы ақпарат түскен жоқ


Бейруттың оңтүстік бөлігіндегі ғимараттардан көтерілген түтін. 2 қазан 2024 жыл.
Бейруттың оңтүстік бөлігіндегі ғимараттардан көтерілген түтін. 2 қазан 2024 жыл.

Израиль, Иран, Ливанда қаза тапқан немесе зардап шеккен Қазақстан азаматтары туралы ақпарат түскен жоқ. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров 2 қазанда Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты өткен брифингіде осылай деп мәлімдеді. Қазір министрлік репатриация рейстері бойынша ахуалды қадағалап отыр.

"Кейінгі бірнеше айда Таяу Шығыстағы жағдай едәуір ушықты, осыған орай Израиль, Иран және Ливандағы қазақстандық дипломаттар күшейтілген режимде істеп жатыр... Консулдықта тіркеуде тұрақты тұрған азаматтардың тізімі үнемі жаңаланып тұрады. Қазіргі кезде Израильде консулдық есепте – 120 қазақстандық, Иранда – 180, Ливанда 143 Қазақстан азаматы есепте тұр, бұл есепке қазақстандық дипломаттар мен олардың отбасы мүшелері де кіреді" деді Айбек Смадияров.

Смадияров Қазақстанның Израиль, Иран, Ливандағы елшіліктері сол елдердің уәкілетті органдарымен тұрақты байланыста отырғанын жеткізді.

Оның сөзінше, әскери-саяси жағдайға байланысты министрлік Орталық референдум комиссиясымен бірге осы елдердегі референдум учаскелерінің қызметін уақытша тоқтатуды жөн көрген.

Смадияров министрлік уәкілетті органдармен репатриация рейстері бойынша ахуалды қадағалап отыр деді.

"1 қазанға дейін Ливандағы жүзден астам шетелдік елшіліктің ешқайсы өз азаматтарын эвакуациялаған жоқ. Ливан билігі де нұсқау берген жоқ. Сондықтан Қазақстан азаматтарын эвакуациялау мәселесі талқыланып жатыр. Бұл мәселе министрліктің ерекше бақылауында" деді сыртқы істер министрлігінің өкілі Айбек Смадияров.

1 қазан кешке Иран Израильді ракетамен атқылаған. Тегеран мұны "Хезболла" мен ХАМАС жетекшілерінің өлімі үшін "кек қайтару" деді. Ал Израиль бұған міндетті түрде "жауап беретінін" айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG