Accessibility links

Агенттік: Бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаевтың ісі құпияланған


Марат Бекетаев әділет министрі болып тұста. 2020 жыл.
Марат Бекетаев әділет министрі болып тұста. 2020 жыл.

"Билік өкілетін асыра пайдаланды" деп күдікке ілінген бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаевқа қарсы қозғалған қылмыстық іс "құпияланған". 2 қазанда мәжіліс кулуарында журналистердің сұрақтарына жауап берген жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Ұлан Сарқұлов осылай деп мәлімдеді. Оның сөзінен "Власть" сайты үзінді келтіреді.

"Іс "құпияланған" істер санатына жатады. Себебі миллиондаған доллар кетіп, шешімін таппаған кезде, республиканың пайдасына қарай шешілмеген кезде, тиісті тергеу амалдары жүріп жатыр... Екі түрлі қылмыстық іс пе, біреу ме, қазір айта алмаймын. Бұл істерге міндетті түрде қылмыстық бағасын береміз" деді Сарқұлов.

Бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаевтың ұсталғанын былтыр қазанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлаған. Тергеу органдарының болжамынша, күдікті "қызметтерді көрсетуге келісімшарттар жасау арқылы үлестес компанияның мүдделерін қолдап", сол арқылы "мемлекетке үлкен зиян келтірген". Бірнеше күннен кейін бас прокуратура өкілдері экс-министр Қазақстаннан қашуға оқталған кезде ұсталды деп мәлімдеген.

"Власть" сайтының жазуынша, бұрын өзге елдерде Қазақстан мүддесін қорғаған Bolashak Consulting Group молдовалық кәсіпкер Анатол Статидің ісі бойынша да кеңес берген. Аталған компанияның нақты атауы – “БОЛАШАҚ" консалтингтік тобы" ЖШС деп айтылады. Фирманың тек Бекетаев қана емес, Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбекпен де байланыстыратындар бар. Байбек 2013 жылдың 15 қарашасы мен 2014 жылдың 20 наурыз аралығында ұйымның құрылтайшысы болған. Kozachkov offside телеграм-арнасының жазуынша, 2018 жылы желтоқсанға ұйым құрылтайшыларының бірі болған Айдос Балтабекұлы да Марат Бекетаев ісіне тартылған. 2023 жылы желтоқсанда әділет министрі Азамат Есқараев ведомство аталған компаниямен келісімшартты үзгенін хабарлаған.

46 жастағы Бекетаев 2016-2022 жылдары әділет министрі болған. Ол қанды Қаңтар оқиғасынан соң қызметінен босатылған, кейін оның премьер-министрдің кеңесшісі қызметіне тағайындалған еді. Бірақ Бекетаев кеңесші қызметінен бір жылдан кейін кеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG