Accessibility links

Суретші тұңғыш көрмесін қайырымдылыққа арнады


Теміртаулық Ольга Павлова 75 картинаны жазуға бір жыл уақыт жұмсады. Енді оның шығармалары Теміртау қаласының тарихи-өлкетану музейіне қойылған. 30 маусым 2016 жыл.
Теміртаулық Ольга Павлова 75 картинаны жазуға бір жыл уақыт жұмсады. Енді оның шығармалары Теміртау қаласының тарихи-өлкетану музейіне қойылған. 30 маусым 2016 жыл.

Теміртаулық Ольга Павлованың өзі салған картиналардан қайырымдылық көрмесін ашу жайлы көптен бергі арманы орындалды. Жас суретші картиналарды сатудан түскен ақшаны науқас балаларды емдетуге жұмсамақ.

СУРЕТШІНІҢ АЛҒАШҚЫ КӨРМЕСІ МЕН МАҚСАТЫ

Теміртаулық 31 жастағы студент әрі екі баланың анасы Ольга Павлова үшін бұл – алғашқы әрі қайырымдылыққа арнаған жеке көрмесі. Ол мұны көптен бері армандаған, бірақ бала кезгі арманын іске асыруға үнемі әйтеуір бір бөгет кезігетін. Ол мүлде сурет салмай кеткен кездері болғанын айтады. Бірақ кейін шабыты оянған – ол шығармашылығы арқылы науқас балаларға көмектесуге шешім қабылдаған. Ольга суреттерін түнде салады.

Бір жылдан астам уақыт пен қылқалам, бояу сатып алуға, көбінесе акварель бояумен салынған 75 картинаға рама жасатуға жұмсалған жарты миллиондай теңгенің нәтижесі ақыры көрінген. Суретшінің бірнеше картинасы майлы бояумен салынған. Ольганың туындылары Теміртаудағы тарихи-өлкетану мұражайының үлкен залында ашылған «Жан жылуы» («Свет души») деп аталатын қайырымдылық көрмесіне қойылған. Мұражай басшылығы Ольгаға көмектесуге келіскен, бірақ шілденің ортасына дейін созылатын көрме кезінде 75 картина залда түгел тұруы тиіс деген шарт қойған. Картина сатып алғысы келетіндер оны көрме аяқталғаннан кейін ғана алып кете алады. Бұған дейін сатып алушыға арнайы сертификат беріліп, оның таңдаған картинасы «броньда» тұрады. Көрмеге келген жергілікті тұрғындар қазірдің өзінде жеті картинаны «броньдап қойған».

Ольга Павлованың картиналарынан көрме. Теміртау, 30 маусым 2016 жыл.
Ольга Павлованың картиналарынан көрме. Теміртау, 30 маусым 2016 жыл.

– Мен бірдеңемен айналыспасам, құр босқа жүрмін-ау деген ойдан өзіме ашуым келетін, күйзеліске түсетін адаммын. Ал бойымдағы қуатты тиісті арнаға бұрсам, жаным жай табады. Оның үстіне ақшаны желге шашып жатқан жоқпын ғой. Балаларға шапағатымды тигізсем, жалпы қоғамның кәдесіне жарасам, жұртқа үлгі көрсетсем болды, - дейді Ольга Павлова Азаттыққа.

Суретші келіншектің айтуынша, көрмеге қойылған картиналарды сатудан түскен ақшаның бәрі 2006 жылы еріктілер құрған әрі науқас балаларды емдету мен оларға операция жасауды ұйымдастыруға көмектесетін «Ерікті шапағат қоғамы» деген қайырымдылық қорының есеп-шотына аударылмақ. Картиналардың бағасы 6 мыңнан 30 мың теңгеге дейін. Ольганың айтуынша, картиналарға рама жасатуға 400 мың теңге кеткен.

ШАБЫТТАН ЛӘЗЗАТ АЛУ

Ольга сурет салуды бала кезінен жақсы көреді. Жасөспірім шағында үш жылдай Ғазиза Жұбанова атындағы жергілікті өнер мектебінде оқыған. Ол кәсіби суретші болмағанымен (бұрын банк саласында жұмыс істеген) суретті тез салатынын айтады.

Суретші Ольга Павлова көрмеге қойылған шығармаларын көрсетіп тұр. Теміртау, 30 маусым 2016 жыл.
Суретші Ольга Павлова көрмеге қойылған шығармаларын көрсетіп тұр. Теміртау, 30 маусым 2016 жыл.

– Бұрын суретті көбінесе майлы бояумен салатынмын. Кенепке жарты килограмм бояу жаға салсаң, картинаң дайын болып шыға келеді. Ал сосын күрделірек техниканы меңгерсем деген құлшыныс пайда болып, акварель бояумен сурет салғым келді. Акварель – күрделілеу техника. Майлы бояумен сурет салған кезде кей тұстарының бояуын қырып тастап, қайта жағып немесе өшіріп, тұтастай қайта салуға болады, ал акварельмен тез жұмыс істеу керек – суретті қайта сала алмайсың. Кейде бір сағаттың ішінде төрт картина салып тастаймын. Қиналып әрең салған суреттерім де бар. Картина тез әрі аяқ асты салынса, рахатқа бөленесің, - дейді Ольга Павлова.

Ольга үшін картина салу – бір кезде кәсіби мамандыққа айналуы мүмкін хобби. Сондықтан ол «педагогикалық бейнелеу өнері және сызу» мамандығы бойынша Қарағандыда екінші жоғары білім алып жатыр. Екі ай бұрын екінші сәбиін өмірге әкелген әрі бес жасар қызы бар суретші келіншек «қазіргі заман әйелі көп дүниеге үлгеруі тиіс» дейді. Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана Ресейден Қазақстанға қайта оралып, жаңа өмірге келген тұңғыш нәрестенің күтімі мен үйдің күйкі тірлігінен шыға алмай, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндігі болмаған Ольга өзін тұлға ретінде таныта алмағаны үшін күйзеліске түскен кезі де болған. Енді Ольга бала-шағасына қарауға да, көңілі қалаған іспен айналысуға да уақыт табады.

Ольга Павлова бұл туындыларына көп уақыт жұмсағанын айтады. Теміртау, 30 маусым 2016 жыл.
Ольга Павлова бұл туындыларына көп уақыт жұмсағанын айтады. Теміртау, 30 маусым 2016 жыл.

Картиналары қайырымдылық көрмесіне қойылған Ольга енді Теміртауда балалар мен ересектерге арналған еркін шығармашылық студиясын ашуға дайындалып жүр. Студия ашу үшін кең әрі жарық кабинетті жас суретшіге таныстары жалға бермек. Ольга «енді мольберт, үстел сияқты жабдықтар мен Қазақстанда табыла қоймайтын бояу, қылқаламдар сатып алу қалды» дейді.

Жас суретшіні жұбайы қолдап, келіншегінің шығармашылық бастамаларына шамасы келгенше демеушілік көрсетуге тырысады. Ольга Павлова «кейін картиналарымның көрмесін тым болмаса екі жылда бір рет ұйымдастырып тұрғым келеді» дейді. Олар бүтіндей немесе жартылай қайырымдылық көрмелері бола ма, жоқ па – оны суретші әзірше білмейді.

XS
SM
MD
LG