Accessibility links

«Көкжайлаудың» дауы толастамай тұр


«Көкжайлау» тау шаңғысы курортын салуға қарсы белсенділер. Алматы, 11 қаңтар 2013 жыл.
«Көкжайлау» тау шаңғысы курортын салуға қарсы белсенділер. Алматы, 11 қаңтар 2013 жыл.

«Көкжайлау» тау шаңғысы курортын салуды жақтаушылар оның қала бюджетіне пайдалы болатынын айтты. Ал экологтар «оданша «Шымбұлақты» дамытқан жөн» дейді.

Қаңтардың 11-і күні Алматыда «Көкжайлау» тау шаңғысы курортын салу бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Шараға жоба жетекшілері мен экологтар қатысты.

Жоба директоры Александр Гужавиннің айтуынша, Үлкен Алматы көлі, Көкжайлау беткейі мен Құмкөл асуы аумағында салынатын демалыс орнының құрылысы 2016 жылы аяқталуға тиіс.

– Тау-шаңғысы трассаларының ұзындығы 63 километр болады. Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы 22,5 километр болатын 16 аспалы жол салынады. Курорт күніне 10 мың демалушыны қабылдай алады, – дейді «Көкжайлау» тау-шаңғысы курорты бас директорының орынбасары Ерлан Теміртаев.

«27 ГЕКТАР ЖЕРДІҢ АҒАШЫ КЕСІЛЕДІ»

Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының өкілі Алтай Рашымбетовтің айтуынша, «жоба дайын, құрылысқа қажетті жабдықтар бөлінді».
Көкжайлаудың шығыс беткейі. Қызылмен қоршалған - шабылатын орман. Қазақстан, Көкжайлау, 9 желтоқсан 2012 жыл.
Көкжайлаудың шығыс беткейі. Қызылмен қоршалған - шабылатын орман. Қазақстан, Көкжайлау, 9 желтоқсан 2012 жыл.

– Тау шаңғысы курортының құрылысы кезінде 27 гектар жердің ағашы кесіледі. Олардың орнына қонақ үй, кафе-мейрамханалар саламыз. Ал барлық құрылыс
аяқталған соң ағаштарды он есе көп мөлшерде қайта отырғызамыз. Су қоймаларын, жануарларлы сақтап қаламыз, – деді ол.

Қоғамдық тыңдауға қатысқан бұрынғы экология министрі, қазіргі мәжіліс депутаты Айткүл Самақова «жобаға бөлінген 120 миллиард теңгенің дұрыс жұмсалу-жұмсалмауына алаңдайтынын» айтты.

– Демалыс орнын саламыз деп Көкжайлау шатқалының әдемілігіне зиян келтіріп алмайық. Осыған дейін Кіші Алматыны демалыс орнына айналдырамыз дедік. Бірақ қазір ол аймақ коттедж үйлерге толы, көп жері жеке қолға өтіп кетті. Ал «Көкжайлау» халыққа және болашаққа қызмет етуі тиіс, – деді депутат.

«КӨКЖАЙЛАУДЫ» САЛҒАННАН «ШЫМБҰЛАҚТЫ» ДАМЫТҚАН АРТЫҚ»

Ал эколог Мэлс Елеусізов «Көкжайлау» жобасына қарсы екенін, оданша «Шымбұлақты» дамыту керек екенін айтты.
Қоғамдық тыңдауға қатысқан эколог Мэлс Елеусизов. Алматы, 11 қаңтар 2013 жыл.
Қоғамдық тыңдауға қатысқан эколог Мэлс Елеусизов. Алматы, 11 қаңтар 2013 жыл.

– «Керемет демалыс орнын салынады» деген тек сөз жүзінде қала ма деп күдіктенемін. «Медеу» мен «Шымбұлақ» не болды? Қазір сол демалыс
орындарының айналасы жеке меншік үйлерге толып кетті. «Көкжайлау» курорты да жеке қолға өтіп, тағы да қарапайым халыққа демалыс орнына бару арманға айналады. «Көкжайлау» курорты салынатын жерлер де дұрыс таңдалған жоқ. Табиғаты керемет Үлкен Алматы мен Құмкөл асуын бұзбау керек. Жобаның құны да қымбат. Одан да «Көкжайлаудан» гөрі «Шымбұлақты» дамытқан жөн, – деді эколог.

«Зеленое спасение» экологиялық қозғалысының жетекшісі Сергей Куратовтің пікірінше, «туризмді дамытамыз деп, табиғатқа зиян келтіріп аламыз».

– Әрі бұл жоба салық төлеушілердің қаржысына салынады. Сондықтан «Көкжайлауды» халықпен бірге ақылдасып салу керек. 27 гектар орманды жойып,
оның орнына он есе көп ағаш отырғызамыз деген де сөз жүзінде қалуы мүмкін, – дейді ол.
Қоғамдық тыңдау өткен зал. Алматы, 11 қаңтар 2013 жыл.
Қоғамдық тыңдау өткен зал. Алматы, 11 қаңтар 2013 жыл.

Алматы қалалық жер қатынастар басқармасы Владимир Яковлевтің сөзінше, Көкжайлау – қорғауға алынған аймақ.

– Бұл аймақты белгілі бір мақсаттарға пайдалануға және сатуға болмайды. «Көкжайлау» жобасы қаланы дамытуға үлкен мүмкіндіктер ашады, – деді ол.

Жобаны жақтаушылардың айтуынша, «курорттың құрылысы басталса, 5 мың 300 жұмыс орны ашылып, 20 жылдың ішінде қала бюджетіне 5 миллиард доллар пайда түседі және курорт өз шығынын өзі жауып отырады».

Көкжайлаудың картадағы орны


Картаны үлкейтіп көріңіз
XS
SM
MD
LG