Accessibility links

 
Прокурор соттан Руслан Күлекбаевқа өлім жазасын беруді сұрады

Прокурор соттан Руслан Күлекбаевқа өлім жазасын беруді сұрады


Руслан Күлекбаев сот процесі кезінде. Алматы, 17 қазан 2016 жыл.
Руслан Күлекбаев сот процесі кезінде. Алматы, 17 қазан 2016 жыл.

Алматыда шілдедегі он адамды мерт еткен қарулы шабуылға қатысты сотта прокурор айыпкер Руслан Күлекбаевқа өлім жазасын тағайындауды сұрады. Ал онымен бірге істі болған бес адамға 3 жылдан 12 жылға дейін түрме жазасын сұраған.

Алматының шетіндегі СИ-8 тергеу изоляторында (ЛА-155/18 мекемесі) Алматыда 18 шілдеде жасалған қарулы шабуылға байланысты қылмыстық іс бойынша сот процесінде бүгін прокурор Жарқынбек Бақашбаев сотталушы 26 жастағы Руслан Күлекбаевтың «кінәсі толық дәлелденді» деп мәлімдеп, судьядан оған өлім жазасын беруді сұраған.

«Руслан Күлекбаевқа өлім жазасын тағайындауды сұраймын», - деген прокурор.

Күлекбаевқа «террорлық акт жасаған», «құқық органдарының сегіз қызметкері мен екі бейбіт тұрынды өлтірген», «қару-жарақ, оқ-дәрі мен жарылғыш заттарды заңсыз әзірлеген, сақтаған және сатып алған», «автокөлікті заңсыз иемденген» және «адамды заңсыз бостандығынан айырған» деген ресми айыптар тағылған болатын.

Руслан Күлекбаев сотта отыр. Алматы, 25 қазан 2016 жыл. (Монитордан түсірілген фото)
Руслан Күлекбаев сотта отыр. Алматы, 25 қазан 2016 жыл. (Монитордан түсірілген фото)

Прокурор судьядан өлім жазасын тағайындауды сұраған кезде Күлекбаев оны күле отырып тыңдаған деп жазады Tengrinews сайты. Соңғы сөзінде Руслан Күлекбаев «өз пікірлестерін құқық органдары заңсыз еркіндіктен айырып, жазаға тартқаны» себепті қылмысқа барғанын мәлімдеген. Ол жасаған ісіне өкінбейтінін, бірақ «зардап шеккендердің жан қайғысын» түсінетінін айтқан.

Тергеу қорытындысы бойынша, Күлекбаев шілденің 18-індегі шабуылды «түрмеде болған жылдары үшін құқық органдарынан кек алу мақсатында» жалғыз өзі жасаған. Бұдан бұрын Руслан Күлекбаев «заңсыз қару сақтау» және «тонау» қылмыстары бойынша сотталған.

Сонымен қатар 18 шілдедегі шабуылға байланысты Руслан Күлекбаевпен бірге істі болған бес айыпкер - Роберт Лю, Жасұлан Сапарбеков, Дәурен Әсембекұлы, Ербол Құсайынов мен Нұрсұлтан Әбдімомынның да «кінәлары дәлелденді» деген прокурор.

Оның сөзінше, «заңсыз қару-жарақ сақтады» және «Күлекбаевпен бірге кәсіпкерге қарақшылық шабуыл жасады» деген айып тағылған бұл бесеуі Күлекбаевтың «іс-әрекеті мен пиғылын біле-тұра тоқтатуға тырыспаған». Олардың жазасын жеңілдететін ешқандай себеп жоғын мәлімдеген прокурор судьядан Лю Рафикті тоғыз жылға, Жасұлан Сапарбековті 12 жылға, Дәурен Әсембекұлы мен Ербол Құсайыновтың әрқайсысын 11 жылға, Нұрсұлтан Әбдімомынды үш жылға соттауды сұраған.

"Руслан Күлекбаевтың ісі" бойынша сотталушылар мен олардың адвокаттары. Алматы, 17 қазан 2016 жыл.
"Руслан Күлекбаевтың ісі" бойынша сотталушылар мен олардың адвокаттары. Алматы, 17 қазан 2016 жыл.

Қазақстан қылмыстық кодексінде аса ауыр қылмыс түрлеріне өлім жазасы қарастырылғанымен, 2003 жылы желтоқсанда қабылданған президент жарлығы бойынша, жазаның бұл түрін қолдануға мораторий жарияланған.

Бірақ 2016 жылы Ақтөбе мен Алматыда жасалған қарулы шабуылдарға жауапкершілікті билік «діни радикалдарға» артқаннан кейін қоғамда өлім жазасына жарияланған мораторийді алып тастау мүмкіндігі туралы талқылаулар өрбіген. Биыл маусымның басында Ақтөбеде жасалған қарулы шабуылдардан соң президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Қолына қару алып, кісі өлтірген адам өлім жазасына кесілуі тиіс» деп мәлімдеген.

Алматыда шілденің 18-і болған қарулы шабуылға байланысты сот процесі қазанның 17-інде ЛА-155/18 мекемесінде басталған. Шабуыл жасалған күні оған күдікті Руслан Күлекбаев ұсталып, оның үстінен қозғалған қылмыстық іс тергеуінің 61 томнан тұратын материалдары қазанның 12-і күні Алматының ауданаралық қылмыстық істер бойынша сотына түскен. Сот процесінің тергеу абақтысында өтуін билік «Күлекбаевтың тасымалдау кезінде қашып кетпесі үшін жасалған сақтық шарасы» деп түсіндірген. Сот процесі кезінде қауіпсіздік шаралары күшейтілген.

Құқық қызметкерлері полиция бөлімшесі мен ұлттық қауіпсіздік комитеті ғимараттарына жасалған шабуылға күдіктіні ұстап жатыр. Алматы, 18 шілде 2016 жыл.
Құқық қызметкерлері полиция бөлімшесі мен ұлттық қауіпсіздік комитеті ғимараттарына жасалған шабуылға күдіктіні ұстап жатыр. Алматы, 18 шілде 2016 жыл.

Алматыда 18 шілдеде Алмалы аудандық ішкі істер бөлімі мен ҰҚК департаментіне жасалған қарулы шабуыл салдарынан бірнеше адам қаза тапқан. Шабуылға күдікті ретінде 1990 жылы туған, бұған дейін екі рет сотталған деп сипатталған Руслан Күлекбаев ұсталған. Билік бұл шабуылды теракт деп атап, сол күні Алматыда «террорлық қауіптің қызыл деңгейі» жарияланған еді. Сол кездегі Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы Владимир Жұмаханов шілденің 18-і күні Астанада өткен қауіпсіздік кеңесі отырысында «қылмысқа күдікті Руслан Күлекбаев түрмеде болған кезінде салафилермен жақындасқан» деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG