Accessibility links

Үйлерін тасқын шайғандар лашықта тұрып жатыр


Махамбет ауылының тұрғыны Дана Темірбаева "буржуйка" пешке от жағып отыр. Ақтөбе, 9 ақпан 2018 жыл.
Махамбет ауылының тұрғыны Дана Темірбаева "буржуйка" пешке от жағып отыр. Ақтөбе, 9 ақпан 2018 жыл.

Ақтөбедегі Махамбет ауданында өткен жылғы тасқыннан зардап шеккен бірнеше отбасы саман үйлерді қыстап отыр. Кейбірі бөлінген қаржы үй құрылысын аяқтауға жетпей қалғанына, енді біреулері жер телімін кеш алғандарына шағымданады. Әкімдік өкілі елді мекенді толық көшіру жоспары әзірленгенін айтады.

САМАН ЛАШЫҚТЫ ҚЫСТАҒАН ОТБАСЫ

Ақтөбе қаласының шеткері әрі кедей бөлігі саналатын Махамбет ауылы Жіңішке өзенінің жағалауында орналасқан. 2017 жылғы 15 сәуірде Жіңішке өзені тасып, Махамбеттегі жағалауға жақын жерде тұрған саман үйлердің бәрін су шайып кеткен. Қазір жағалауға жақын шеткері екі көшенің орны ғана бар.

Су тасқыны салдарынан зардап шеккен Махамбет ауылындағы тұрғындарға жергілікті билік облыс орталығына жақын ауылдардан жер телімі мен 40 шаршы метрлік баспана салуға есептеп миллион теңге көлемінде көмек берген болатын. Бірақ, "қол күші мен қаржының аздығынан" берілген жерге үй салып үлгермеген кей тұрғындар әлі ескі жұртта тұрып жатыр.

Махамбеттегі үйлерін тасқын су құлатып кеткен Айтжан мен Дана Темірбаевтар қазір көршісінің саманнан тұрғызылған лашығын паналап отыр. Тұрмысы тым жұпыны отбасы басқа пәтер жалдауға ақшасы болмағандықтан осында тұруға мәжбүр екендерін айтады.

2017 жылғы көктемгі су тасқынынан зардап шеккен тұрғын Айтжан Темірбаев. Ақтөбе, 9 ақпан 2018 жыл.
2017 жылғы көктемгі су тасқынынан зардап шеккен тұрғын Айтжан Темірбаев. Ақтөбе, 9 ақпан 2018 жыл.

Азаттық тілшісі олардың жағдайымен танысуға келген кезде 54 жастағы Айтжан Темірбаев есік алдында ағаш жарып отыр екен. Өкпе дертіне байланысты үшінші топтағы мүгедек деп танылған Айтжан да, 50 жастағы әйелі Дана да жұмыссыз. Кіреберісіне отын жиналған, төбесі жабық саман құжыраның ауызғы бөлмесінің ылғалдан жарылып кеткен қабырғаларынан жел соғып тұр. Төргі бөлменің босағасына "буржуйка" деп аталатын темір пеш қойылған.

- Осыны таңға дейін кезектесіп жағып шығамыз. Таңғы сағат төртке дейін отты күйеуім жағады, таң алдында мені оятады. От сөніп қалса үйдің іші азынап кетеді. Мұның алдында тоқпен істейтін жылытқыш пайдаланғанбыз. Бірақ бір айда тұтынған электрге төлем ақша он мың теңгеден асып кетті. Күйеуіме мүгедектігі үшін берілетін 25 мың теңгеге қарап отырған біз үшін ол өте көп ақша, - дейді Дана Темірбаева.

Оқи отырыңыз: Тасқын судан үйі қирағандар құрылыс бастады

Науқас жұбайы көп жұмыс істеуге әлі жетпей, тез шаршап қалатындықтан, Дана суық түскелі бері өзі ағаш жарып, отын тасығанын айтады.

- Кеше бір жерден бір шелектей көмір теріп әкелгем. Бірақ оны боранды күндерге сақтап отырмын, - деді ол жарылып, күстеніп кеткен қолдарымен "буржуйкаға" ағаш салып отырып.

2017 жылы көктемде су тасқынынан үйлері құлап, зардап шеккен Темірбаевтар отбасы уақытша паналап отырған саман үй. Ақтөбе, 8 ақпан 2018 жыл.
2017 жылы көктемде су тасқынынан үйлері құлап, зардап шеккен Темірбаевтар отбасы уақытша паналап отырған саман үй. Ақтөбе, 8 ақпан 2018 жыл.

Дананың сөзінше, 2017 жылы көктемде Жіңішке өзені тасығанда Темірбаевтар отбасындағы жиһаз атаулының бәріне су тиіп, іске алғысыз боп қалған. Кейін оларды кептіріп, күн суытқанда отын ретінде қажетіне жаратыпты.

- Үйден тек құжаттарымыз бен теледидарымызды ғана алып үлгердік. Оған дейін, 2003 жылы көктемде тасыған су есіктің алдына дейін келіп, кері қайтқан болатын. Бұл жолы да сөйтер деп ойлағанбыз. Бірақ топан су тірнектеп жиғанымыздың барлығын ағызып әкетті. Несиеге сатып алған тоңазытқышым, шешемнің көзіндей көріп, тұтынып жүрген кілем, көрпе-төсегімнің бәрі тасқынмен бірге кетті. Бұрын да шекеміздің шылқып отырғаны шамалы еді, қапелімде сіңірі шыққан кедейге айналдық, - дейді Дана Темірбаева.

ВИДЕО: Тасқыннан зардап шеккен тұрғындар шағымы

Әкімдік жәрдеміне наразы тұрғындар
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:10 0:00

"ҮЙДІ БІТІРУГЕ АҚША ЖЕТПЕДІ"

Тасқыннан зардап шеккен өзге жұртпен бірге Темірбаевтарға да өткен жазда Қурайлы ауылынан 8 сотық жер телімі мен 40 шаршы метрлік үй салуға қажетті құрылыс материалдары берілген. Отағасы Айтжан Темірбаев жаз бойы құрылыс басында болып, аумағы 45 шаршы метрлік үйдің іргесін тұрғызғанын айтады.

- Үйіміздің қабырғасын көтеріп, шатырын жауып қойдық. Бірақ газ құбырын тартып, ішкі жұмыстарын жасауға ақшамыз жетпеді. Күн суытып кеткен соң барар жеріміз болмай, Махамбетке қайтып келдік, - дейді Айтжан Темірбаев.

Күннің тезірек жылынуын тілеп, саман лашықты пана етіп отырған ерлі-зайыптылардың жалғыз ұлдары осыдан екі жыл бұрын істі болып, сотталып кеткен. Екі немересі аналарымен бірге нағашы жұртында тұрып жатыр. Тұрақты табысы жоқ Темірбаевтар отбасы "бұл жерде келер қысқа дейін қалмасақ жарар еді" деп уайымдайды. Дана қатты күйзелістен бірнеше айда өзінің 12 келі салмақ жоғалтқанын да айтады.

- Бұрын біреуден алақан жайып, бірдеңе сұрауға қысылатынмын. Қазір ұялатындай ештеңе де қалмады. Мүмкіндігі бар азаматтар Қурайлыдағы үйімнің ішкі жұмыстарын аяқтап, газ құбырын тартуға көмектессе деген өтініш айтқым келеді. Газ құбырын тартуға қажет 130 мың теңгені қайдан аларымызды білмей, басымыз қатты, - дейді ол күрсініп.

"МАХАМБЕТТІҢ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛМЕДІ"

Темірбаевтар тәрізді биыл Махамбетте қыстап қалған Фарида Галимзянованың сөзінше, ұлы Ильдар екеуіне өткен жылы тасқыннан зардап шеккен отбасы ретінде жер телімі елдің ең соңынан берілген. Суық түскенге дейін жаңа үйінің іргетасын ғана құйып үлгерген бұл отбасы да қазір Махамбеттегі біреудің саман үйшігін паналап отыр.

Фарида Галимзянова өзі паналап отырған саман үйдің құлағалы тұрған қабырғасын көрсетіп тұр. Ақтөбе, 8 ақпан 2018 жыл.
Фарида Галимзянова өзі паналап отырған саман үйдің құлағалы тұрған қабырғасын көрсетіп тұр. Ақтөбе, 8 ақпан 2018 жыл.

Фарида Галимзянова өздері отырған үй құлаудың аз-ақ алдында тұрғанын айтады.

- Көктемді үрейлене күтіп отырмыз. Ертең қар еріп, жауын жауса, күніміздің не боларын кім білсін? Ұлымыз екеуміз үйді айналдыра ағаш тіреп қойғанбыз. Соған қарап, баспананың шөгіп бара жатқанын аңғарамын, - дейді әйел.

Елуді еңсерген Фарида Галимзянова көлік жуатын орында жұмыс істейді. Жасы жиырмадан енді асқан ұлы Ильдар жеке көлігімен жолаушы тасып нәпақа табады. Екеуі жер қарайған соң Ақтөбеден 12 шақырым жерде орналасқан Сазды ауылынан өздеріне берілген жер теліміне үй тұрғызбақ.

- Құрылыс бригадасын жалдауға жағдайымыз жоқ. Сондықтан қол көмегіне мұқтажбыз. Әкімдер қарамағындағылардың есеп-қисабына қарап, "Махамбеттің мәселесі толық шешілді" деп отырған болар. Жоқ, шешілген жоқ. Махамбетте проблема әлі де көп. Қыс түскелі ұры-қары мазалап, әбден қиналып отырмыз, - дейді Фарида Галимзянова.

Оқи отырыңыз: Үйлерін су басқан мыңға жуық адам көшірілді

"ЖОБА ДАЙЫН, ҚОЛДАУ ҚАЖЕТ"

Ақтөбе қалалық әкімдігіндегі әскери жұмылдыру, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бекболат Нұрышевтың Азаттыққа айтуынша, былтыр көктемгі су тасқыны кезінде Ақтөбеде жалпы саны 907 үйді су алған. Үйлері жарамсыз болған 114 отбасына жаңадан жер телімдері берілген.

- Жер алғандардың 80-і үйлерін тұрғызып алды. Жер телімінен бөлек 20 пәтер берілді. Су тасқынынан кейін зардап шеккендерде көмек көрсету үшін құрылған "Қолғанат" қайырымдылық қорына 253 миллион теңге түскен болатын. Сол қаржыдан үйлері құламаған, бірақ суға кеткен 600 тұрғынға шығынына қарай көлемі әртүрлі жәрдем берілді, - дейді ол.

Ақтөбе қалалық әкімдігі әскери жұмылдыру, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бекболат Нұрышев. 12 ақпан 2018 жыл.
Ақтөбе қалалық әкімдігі әскери жұмылдыру, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бекболат Нұрышев. 12 ақпан 2018 жыл.

Жергілікті билік өкілінің сөзінше, тасқыннан кейін тұрғындардың арыз-өтініштері негізінде 85 үйге бағалау жүргізілген.

- Олардың да шығыны өтелді. Кейін жазылған 18 шағым бойынша да бағалау жасалып жатыр, жуырда оны да аяқтаймыз, - дейді ол.

Нұрышев тасқыннан зардап шеккендерге "Қолғанат" қорынан құрылыс салуға миллион теңгеден берілгенін айтады.

- Көлемі қырық шаршы метрлік үйге есептелген құрылыс материалдарының ақшасы берілген. Соған қарамастан 100-150 шаршы метр етіп үй салған азаматтар бар. Әрине, ондай көлемге әлгіндей есеппен берілген материал жетпей қалады. Сосын әкімдікке қайта арыз айтып келеді. Үлкен үй салатын адамның қосымша қоры болуы керек, - дейді ол.

Бекболат Нұрышевтың айтуынша, әкімдік есебі бойынша, қазіргі кезде Махамбетте 99 үй бар.

- Оларда мыңға жуық, бәлкім одан да көп адам тұрып жатыр. Өйткені, ол жерде пәтер жалдайтындар, тіркеуде жоқ адамдар өте көп. Былтырғы тасқында Махамбетте су алған 29 үйдің 13-і құлап қалды. Зардап шеккендердің 17-сіне жер телімдері берілді. Оған қосымша бес тұрғынға пәтер кілті ұсынылды, - дейді ол.

Оқи отырыңыз: Ауылды басқан тасқынды "аздап су жайылды" деп сипаттады

Нұрышев қазіргі кезде "адамдар тұруға жарамсыз, экологиялық жайсыз аумақ" саналатын Махамбетті толықтай көшіру мәселесі қаралып жатқанын айтты.

- Биыл қаржы мәселесі шешіліп, ұсынысымыз қолдау тапса ол жердегі адамдарды толық көшірілетін болады. Ал тасқыннан кейін жер телімін алған адамдардың бұрынғы Махамбеттегі жер телімдері мемлекет меншігіне көшеді, - дейді шенеунік.

ВИДЕО: Ақтөбедегі су тасқыны (17 сәуір 2017 жыл)

Ақтөбедегі су тасқыны
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:52 0:00

Ол Махамбеттің қалған тұрғындарын Сазды селолық округіне көшіру жоспары мен инженерлік коммуникация тарту жобасы да әзір екенін айтады.

- Саздыдан 523 участок сайлап отырмыз. Одан бөлек 366 үйдің құрылысын салу жоспарланып отыр. Оның да жобалары дайын. Тек қаржыға қарап отырмыз, - дейді Бекболат Нұрышев.

Былтырғы су тасқыны кезінде Ақтөбеде өзендердің жағалауына жақын орналасқан жүздеген үй су астында қалды. Кейін тасқынның зардабын есептеген қала басшылары 95 үйді тұруға жарамсыз деп тапқан. Үй иелеріне Ақтөбенің іргесіндегі Қурайлы, Сазды, Өрлеу, Қызылжар және Ясное ауылдарынан жер телімі мен 1 миллион теңгенің сертификаты берілген.

Шарт бойынша, тасқыннан зардап шеккендер әлгі қаржының 800 мың теңгесін құрылыс материалдарын сатып алуға, ал 200 мың теңгесін құрылысшылардың еңбегіне төлеуі тиіс болатын.

XS
SM
MD
LG