Accessibility links

 
Коронавирус пандемиясы кезінде қазақстандық белсенділерге қысым күшейді

Коронавирус пандемиясы кезінде қазақстандық белсенділерге қысым күшейді


Белсенді Дулат Ағаділдің абақтыдағы жұмбақ өліміне наразылық білдірген азаматтарды полиция жасағы ұстап жатыр. Нұр-Сұлтан, 1 наурыз 2020 жыл.
Белсенді Дулат Ағаділдің абақтыдағы жұмбақ өліміне наразылық білдірген азаматтарды полиция жасағы ұстап жатыр. Нұр-Сұлтан, 1 наурыз 2020 жыл.

Қазақстан билігі коронавирус инфекциясы таралуының алдын-алу үшін енгізген шектеу шараларын біртіндеп жеңілдете бастады. Бұл адамдар қайтадан көшеде еркін жүріп, бизнес субъектілері кәсібін қайта бастап, қоғамдық өмір бұрынғы қалыпқа түсе бастайтынын білдіреді.

Бірақ карантин шаралары кезінде кей билік өкілінің азаматтық белсенділерді іздеуден қолы босамады. Евгений Жовтис – Алматыда тұратын белгілі құқық қорғаушы әрі адам құқықтарын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық бюроның директоры.

Жовтис пен оның ұйымы парламентте талқыланған бейбіт жиын туралы заң жобасына ұсынылған өзгерістерді сынаған. Парламент аталған заң жобасын Қазақстанның ірі қалалары карантинге жабылып, азаматтарда жаңа заң жобасы туралы ой-пікірін білдіру үшін жиналуға мүмкіндік болмаған кезде талқылаған (Қазақстан парламентінің төменгі палатасы – мәжіліс сәуірдің 8-і күні бейбіт жиын туралы заң жобасын мақұлдап, мамырдың 20-сына заңға ұсынылған өзгерістерді қабылдаған).

Бұл заңда бейбіт жиынға қанша адам қатысатыны, митинг қайда өтетіні және ұйымдастырушыларға қандай рұқсат алу керегі жазылады.

"ӘДІЛЕТСІЗ ШЕКТЕУЛЕР"

Адам құқықтарын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық бюро сәуірдің 20-сына жариялаған мәлімдемесінде жаңа заң жобасы адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкес келмейтінін, құжатта бейбіт жиын өткізу уақыты мен орнына қатысты әділетсіз, акцияны ұйымдастырушылардың мойнына қосымша жүк артатын шектеулер барын жазған. Бюро өкілдері Қазақстан билігіне заң жобасын ЕҚЫҰ-ның бейбіт жиын мен бірлестік еркіндігі жөніндегі сарапшылар тобы және БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссарының қарауына жіберуді ұсынған.

Қазақстандық құқық қорғаушы Евгений Жовтис.
Қазақстандық құқық қорғаушы Евгений Жовтис.

Құқық қорғаушыларды қорғау обсерваториясының мамырдың 11-і күнгі мәлімдемесіне сәйкес, "2020 жылы сәуірдің 22-сіне ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде бейбіт жиын туралы заң жобасын сынаған Евгений Жовтиске, адам құқықтарын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық бюро мен өзге де азаматтық ұйымдарға қарсы жала жабу науқаны басталған".

Құқық қорғаушыларды қорғау обсерваториясының дерегінше, 28 сәуір-2 мамыр аралығында әлеуметтік желі мен мемлекеттен тұрақты қаржы алып отырған онлайн басылымдарда бюроны "шетелдіктердің бейбіт жиынға қатысу құқығын қорғады" деп айыптап, ұйымның шетелдік донорлардан қаржы алатынын алға тартқан және "ондағы қызметкерлердің ұлтына назар аударатын" ондаған материал жарияланған.

Мәлімдемеде: "Жазба авторларының қатарында қарапайым интернет қолданушылар мен фейк парақша иелерінен бөлек, ұлтшыл көзқарасымен танымал қоғам қайраткерлері мен үкіметпен байланысы бар трольдер фабрикасын басқарушылар да бар" делінген.

Адам құқықтарын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық бюроның мәлімдемелері ұйымның ресми сайтында жарияланады. Сондықтан Қазақстан билігі бюроның сынын тез байқаған. Бұл сыни пікірді әлеуметтік желіге жариялағанның өзінде, билік оны бәрібір байқар еді. Соңғы апталарда коронавирус пандемиясына байланысты карантин кезінде үйден себепсіз шығуға тыйым салынған соң, әлеуметтік желінің қолданысы артты.

"СОТ АРҚЫЛЫ ҚУДАЛАУҒА СЫЛТАУ"

Азаттықтың Қазақ қызметі мамырдың 21-іне Қазақстан билігі азаматтардың әлеуметтік желідегі жазбалары мен пікірлерін бақылаумен айналысатын фирмаларды жалдағаны туралы жазды.

Келісімшарт бойынша, бұл фирмалар әлеуметтік-саяси тұрақтылыққа қауіп төндіретін ақпарат пен пандемия немесе үкіметтің коронавирус инфекциясына қарсы күресі туралы жалған деректерді табуы керек. Бірақ іс жүзінде олар үкіметті сынайтын жазбаларды іздеумен айналысады.

Көшеде кетіп бара жатқан азаматты тоқтатқан полиция қызметкерлері. Алматы, 25 сәуір 2020 жыл.
Көшеде кетіп бара жатқан азаматты тоқтатқан полиция қызметкерлері. Алматы, 25 сәуір 2020 жыл.

Құқық қорғаушыларды қорғау жөніндегі халықаралық обсерватория мамырдың 11-і күнгі мәлімдемесінде "Қазақстан билігі төтенше жағдайды өзін сынайтын белсенділер мен қарсыластарын қудалауға сылтау ретінде пайдаланып отырғанға ұқсайды" деп жазды.

Мәлімдемеде мамырдың 4-іне белсенді Даная Қалиева Facebook парақшасында COVID-19 вирусын жұқтырған науқастарға арналған аурухана құрылысы туралы ақпарат таратқаны үшін Қылмыстық кодекстің 274.4 (2) ("Көрінеу жалған ақпарат тарату") бабы бойынша тергеуге алынғаны жазылған. Бұл бап төтенше жағдай, соғыс уақыты мен қоғамдық шаралар кезінде қолданылса, cалдары да ауырлай түседі.

Азаттық сәуірдің 17-сіне белсенді Әлнұр Ильяшевтың әлеуметтік желіде биліктегі Нұр Отан партиясын сынайтын жазба жариялағаны үшін жалған ақпарат тарату айыбымен ұсталғанын жазды.

Әлнұр Ильяшев жергілікті билік рұқсат берген митингінде тұр. Алматы, 30 маусым 2019 жыл.
Әлнұр Ильяшев жергілікті билік рұқсат берген митингінде тұр. Алматы, 30 маусым 2019 жыл.

Ильяшев 2019 жылдан бері үкіметке қарсы митинг өткізуге 35 рет өтініш берген. Биліктен рұқсат ала алмаған соң ақыр соңында Алматы әкімдігін сотқа берген.

Құқық қорғаушыларды қорғау жөніндегі халықаралық обсерватория баяндамасына Қазақстандағы басқа жағдайлар да кірген.

ҚЫТАЙДЫҢ ӘРЕКЕТІН ӘШКЕРЕЛЕУ

Серікжан Біләш – Қытайдың батысындағы Шыңжаң-ұйғыр автономиялы өңірінен Қазақстанға қоныс аударып, азаматтығын алған этникалық қазақ. Ол 2017 жылы "Атажұрт еріктілері" тобын құрған.

Ұйым Қытай билігінің Шыңжаңдағы қайта тәрбиелеу лагерьлерінде этникалық қазақ, ұйғыр және өзге ұлт өкілдеріне қарсы жасаған қысымын әшкерелеуге көп үлес қосты.

Біләштың жұмысы Қазақстан үкіметінің шығыстағы ең ірі көршісі, елдің негізгі сауда әріптесі және экономикаға көп қаржы құятын инвестор – Қытаймен қарым-қатынасын қиындатып жіберді.

Белсенді Серікжан Біләш.
Белсенді Серікжан Біләш.

Қазақстан билігі Біләш пен оның тобының аузын жабуға айналғанда, 2019 жылы қыркүйекте "Атажұрт еріктілері" ұйымының бір фракциясы өз алдына жеке ұйым болып тіркелді. Біләш жұмысын жалғастырып, өзін үкімет қолына алған топтан ерекшелеу үшін жаңа ұйымды "Нағыз атажұрт еріктілері" деп атады.

Сәуірдің 25-іне Біләш Азаттыққа әлеуметтік, ұлттық, тайпалық, нәсілдік, топтық, діни араздық туғызды деген айыппен тергеуге алынғанын хабарлады. Ол осы айып бойынша 2019 жылы сотқа тартылып, қамауға алынды. Бірақ кейінірек билік оған $300 көлемінде айыппұл салып, босатқан.

Сәуірдің 29-ы күні Азаттық "Атажұрт еріктілері" ұйымының Біләштың тобына қарсы "Біздің ұйымның белгісін, символикасын, атауы мен өзге де меншік дүниелерін пайдаланды" деген мазмұндағы шағым түсіргенін хабарлады.

Біләш қайтадан тергеуге алынды.

Бірнеше елде тұратын кей азамат "билік коронавирус инфекциясының таралуын тоқтату үшін жариялаған шектеу шараларын ой-пікір, көзқарасы бөлек азаматтарды басып-жаншып, болуы ықтимал қауіптердің алдын-алу үшін пайдалануы мүмкін" деген пікір айтқан. Қазір Қазақстанға қарап, осы қауіптің қалай шындыққа айналғанын көруге болады.

Ағылшын тілінен аударған - Динара Тілеубек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG