Accessibility links

 
"Билік асыра сілтеп жатыр". Human Rights Watch пандемия кезіндегі Қазақстандағы адам құқығының жайына алаңдайды

"Билік асыра сілтеп жатыр". Human Rights Watch пандемия кезіндегі Қазақстандағы адам құқығының жайына алаңдайды


Human Rights Watch ұйымының Еуропа және орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон. Алматы, 10 қыркүйек 2012 жыл.
Human Rights Watch ұйымының Еуропа және орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон. Алматы, 10 қыркүйек 2012 жыл.

Human Rights Watch халықаралық адам құқығын қорғау ұйымы 23 сәуірде "Орталық Азия: Covid-19-бен күрес кезіндегі адам құқықтарының сақталуы" деп аталатын арнайы есебін жариялады. Азаттыққа берген арнайы сұхбатында ұйымның Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон Қазақстанда төтенше жағдай кезінде адамдардың ұсталып не тұтқындалып, бейбіт жиындар туралы заңға өзгерістер енгізіліп жатқаны жайлы пікір білдірді және мұндай жағдайда адам құқықтары мен азаматтық бостандықтарды қалай сақтауға болатынын айтты.

Азаттық: Пандемия өршіген тұста кей елдер төтенше жағдай кезіндегі шексіз билікті өз мақсатына пайдаланып жатқан болуы мүмкін деген пікір көбейді. Орталық Азиядағы, соның ішіндегі Қазақстандағы жағдай туралы не айта аласыз?

Хью Уильямсон: Әрине, мұндай кезде үкіметке азаматтардың денсаулығын сақтау, әлсіз топтарды, соның ішінде қарттар мен басқаларды қорғау бойынша жауапкершілік жүктеледі. Әрі олар аса қиын жағдайда жұмыс істеп келеді, сондықтан вирустың таралуына тосқауыл қою үшін ерекше шара қолданып жатқаны үшін оларға алғыс айтуымыз керек. Тек Орталық Азия ғана емес, әлемнің әр түкпірінде үкіметтер карантин не оқшаулау тәртібін енгізу арқылы адамдарды сыртқа шығу мүмкіндігінен айырып, олардың құқықтарын шектейтін ауыр шешімдер қабылдады. Бұлардың көбі – орынды шешім, себебі вирустың таралуын шектеуге бағытталған.

Кей жағдайларда, соның ішінде Орталық Азияда үкіметтердің қажеттілік шегінен асатын қадамдарға барып жатқаны байқалады. Мысалы, үкіметті сынаған адамдарды карантинге жабу, оқшаулау немесе олардың сөз бостандығын шектеу сияқты іс-әрекет бар. Мұндай жағдайлар Орталық Азияда, соның ішінде Қазақстанда болып жатыр. Яғни, бізде үкіметтердің тым қатты кетіп жатқанын дәлелдейтін кейбір айғақ-дәлел бар.

Азаттық: Сөз бостандығы жайлы айтсақ, белсенділердің қамалғаны туралы соңғы ақпараттан хабардармыз. Ал оқшаулау және карантин аясында адам құқықтарының бұзылуы туралы не айтасыз?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бір ұсынысы – түрмедегілер санын азайту үшін тұтқындарды бақылаудан шығармай, үйіне босату.

Хью Уильямсон: Бізде бар ақпарат бойынша, Қазақстанда 5 мыңнан астам адам карантин ережелерін бұзды деп айыпталған. Бұл – тым көп. Оның үстіне, Орталық Азияның басқа елдерімен салыстырғанда, Қазақстан үкіметі карантин ережелерін бұзғандарды жауапқа тартатын заңды қолдануда ерекше белсенділік танытты. Олардың қатаң ережелері бойынша тыйым салынған уақытта рұқсат етілмеген жолмен жүрсеңіз [жазаланасыз]. Осы үшін 1600-ден астам адам қамалған. Human Rights Watch ұйымының пікірінше, бұл – асыра сілтеу, Қазақстан бұлай істеуді доғаруы тиіс.

Аса салмақты себеп болмаса, адамдарды түрмеге қамамау керек. Мұның бір себебі, қазіргідей жағдайда үкімет түрме сияқты жабық орында отыратын адам санын азайтуға жауапты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бір ұсынысы – түрмеде отырғандарды азайту үшін тұтқындарды бақылаудан шығармай, үйіне босату. Бір таңқаларлығы, Қазақстан қазір түрмеге көп адамды қамап жатыр. Бұл карантин шараларын бұзуы мүмкін болғандықтан, осы мәселеге қатты алаңдаймыз.

Алматыдағы ауруханалардың бірінде. Көрнекі сурет.
Алматыдағы ауруханалардың бірінде. Көрнекі сурет.

Азаттық: Соңғы баяндамаларыңызда COVID-19 бен Орталық Азия мәселелері бойынша қандай тұжырымға келгендеріңізді қысқаша айтып берсеңіз?

Хью Уильямсон: Үкімет маңызды шешімдер қабылдады, олардың кейбірін атап өттім. Тағы қосатыным – елдегі жұмысынан айырылып, экономикалық қиын жағдайға тап болған табысы төмен азаматтарға көмектесу қадамы. Үкімет халыққа төтенше жағдайда қаржылай көмек көрсетудің өте маңызды схемасын жасады, оны Қазақстанда бірнеше миллион адам пайдаланып та үлгерді.

Екінші жағынан, сіз айтып өткен саяси белсенділердің қамалуы, бұл – өте алаңдатарлық жағдай. Бұл адамдар іс жүзінде өз ой-пікірін еркін білдіріп, үкіметтің іс-әрекетін ашық сынағаны үшін тұтқындалды. Олар түрмеге қамалмауы керек еді. Олардың ой-пікірін айтуына мүмкіндік берілуі қажет еді. Қазақстан Конституциясында жазылғандай, сөз бостандығын құрметтеу ләзім.

Қазақстан үкіметі COVID-19 жұқтырған адам бар болуы мүмкін деген бірнеше ғимаратты сыртынан жауып тастап, өте қатаң әрекетке барды. Бірнеше қалада көппәтерлі үйлер тұтасымен бекітілді. Бұл да – сол ғимараттарда тұратын адамдардың құқықтарын бұзу. Үкімет вирустың таралуын бақылау үшін бұдан әлдеқайда лайық шара қолдануы керек. Қазақстанда жалған ақпарат таратқаны үшін қудалау әрекеттері де болды, бұл да алаңдатады, себебі қазіргі жағдайда халық үшін сөз бостандығының болуы өте маңызды.

Азаттық: Төтенше жағдай кезінде Қазақстан парламенті елде көп талқыланған жиын бостандығы туралы заңға өзгертулер енгізіп жатыр. Қазір парламент саяси партиялар туралы заңды да қарай бастады. Бұған қандай баға бересіз? Бұл заңды ма?

Хью Уильямсон: Жиын бостандығы туралы заң жобасына Human Rights Watch ұйымының көңілі толмайды. Біз оны біраздан бері сынап келеміз. Жиын бостандығына келгенде Қазақстанның абыройы төмен. Өкінішке қарай, Қазақстанда біраз жылдан бері көшеде еркін де ашық наразылық өткізуге мүмкіндік жоқ. Негізінде, үкімет ол заңды қайта қарамақ болып жатыр.

Жаңа заң жобасында демонстрация өткізуге өте көп шектеу барын көріп, көңіліміз құлазыды.

Біз президенттің "жиын бостандығының аясын кеңейтетін жаңа заң қабылдау керек" деген былтырғы сөзін құптағанбыз. Жаңа заң жобасындағы рұқсат етілген демонстрация түрлері, тіркелу реті және басқа да шарттар бойынша өте көп шектеу барын көріп, көңіліміз құлазыды. Бұл заңның қазір парламентте тым жылдам және бәлкім, онша ашық емес жағдайда талқылануын күрделі мәселе деп есептейміз.

Біз Қазақстандағы азаматтық қоғам топтарымен байланыстамыз, бұрын берілген уәдеге қарамастан, олардың заң жобасы туралы пікір білдіріп, кеңес айтуына мүмкіндік берілмеді. Азаматтық қоғам бұл заңды қабылдауға атсалысады деген уәде айтылған еді. Пандемия кезіндегі шектеулер кесірінен мұны жүзеге асыру мүмкін болмады.

Сондықтан біз Қазақстан үкіметін азаматтық қоғамның пікір айтуына көбірек уақыт, көбірек мүмкіндік беруге, бәлкім пікірталасты пандемиядан кейінгі мерзімге қалдыруға, болмаса азаматтық қоғамның атсалысуына тиімді мүмкіндік жасауға шақырамыз.

Бұл заң Қазақстанның елде жиын бостандығын қамтамасыз етеміз деген халықаралық адам құқықтары аясындағы міндеттемелеріне сай болуы керек. Өкінішке қарай, қазір бұл заң ол талапқа сай болмай тұр.

Азаттық: Әлемде азаматтарының құқықтарын қорғап, әрі қоғамның денсаулығын сақтауда тепе-теңдікті ұстай алған елдер бар ма? Олар нені дұрыс жасап жатыр?

Хью Уильямсон: Жақсы сұрақ. Human Rights Watch ұйымы дүниежүзіндегі елдердің рейтингін жасап, бір-бірімен салыстырмайды, дегенмен кей мысалдар бар. Мәселен, Еуропа елдері... Айталық, Германияда азаматтардың жиналу және пікір білдіру бостандығы – тым даулы мәселе. Өткен аптада бірер адам Германияның орталығында, Франкфурт маңындағы қалада наразылық жиынын өткізбекші болды. Бірақ жергілікті билік "көшеге тым көп адам жиналады, бұлай істеуге болмайды" деді. Наразылық білдірушілер сотқа жүгінді, ақын соңында бұл іс елдің ең жоғары соты – Конституциялық сотқа жетті. Сот "аз адам жиналса, шерушілер бір-бірінен алшақ тұрса және басқа қорғаныш шарттарын орындаса", халықтың наразылық блдіруге қақысы бар деген шешім шығарды. Сөйтіп, наразылық жиыны өтті. Демек, елдің адам құқықтарын қорғау бойынша ымыраға келетін жолдары болады.

Сонымен бірге, басқа елдерде төтенше жағдай үнемі қайта қаралып отырады. Қазақстанда да солай деп ойлаймын. Бірақ ол тепе-теңдікті сақтайтындай болуы керек. Адамдардың жүріс-тұрысын шектеуге бағытталған қатаң шаралар тұрақты негізде демократиялық жолмен талқыдан өтіп, бұл іске парламент ерекше үлес қосуы тиіс. Әлемнің көп елінде солай болып жатыр, Қазақстанда да осылай тұрақты түрде жүзеге асуы керек.

Азаттық: Төтенше жағдай бітіп, дағдарыс аяқталған соң авторитарлы елдердің билігі ерекше күшейген жағдайлар бұрын болған ба еді?

Хью Уильямсон: Жақсы сұрақ. Мысалы, Ресейде мұндай жағдай болған. Үкімет төтенше жағдай кезінде заңдар қабылдап, ол заңдар кейін де күшінде қалып қойған. Осыған ұқсас оқиғалар басқа жерлерде, соның ішінде Орталық Азияда да бар. Мәселен, Өзбекстанда төтенше жағдай туралы заң қабылданып, кейін ол заң негізгі заңнамамен араласып кеткен.

Азаматтардың "Төтенше жағдай кезінде енгізілген билік тетіктері үкіметтің қолында қалып қолмай ма?" деп үкіметтен сұрап, алаңдауы орынды. Азаматтық қоғам мен саясаткерлердің міндеті – дағдарыс біткен соң шексіз билік жойылып, барлығы бұрынғы құқықтық нормаға қайтып келетініне көз жеткізу. Венгрияда үкімет төтенше жағдайда шексіз билікке ие болды, бірақ парламенттің бұл билікті заңды түрде қадағалап отыруына мүмкіндік бермеді. Венгрия үкіметі ондай билікті уысынан ұзақ уақыт шығармауға тырысып жүрмей ме деп қатты алаңдаймыз. Әлемнің көп жерінде осылай істеп жатқан үкіметтер бар, сондықтан құқық қорғаушы белсенділер және басқа топтар бұған қарсылық білдіруі керек.

Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан Румыниядағы революцияның 30 жылдығына арналған жиында сөйлеп тұр..
Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан Румыниядағы революцияның 30 жылдығына арналған жиында сөйлеп тұр..

Азаттық: Қазіргі пандемия мен төтенше жағдай кезінде қандай құқықтар жиі бұзылып жатыр?

Хью Уильямсон: Әртүрлі. Түрме – маңызды мәселелердің бірі. Жаңа айтқанымдай, көп елде сөз бостандығына шектеу қойылған және жалған ақпарат таратуға қарсы ережелер енгізілген. Қарт кісілердің құқықтарын қорғаумен айналысатын егде адамдарға көбірек назар аударамын, себебі олар тым әлжуаз. Сонымен бірге, қарт адамдардың үйін қорғау, оларға жәрдем жасау, тиісті қорғаныш заттарымен қамтамасыз ету – бүкіл әлемдегі үкіметтердің ең басты проблемасы.

Балалардың білім алу құқығына құрметпен қарау да өте маңызды. Балалар вирусты аз жұқтырады, дегенмен Қазақстанда және басқа елдерде олардың білім алу процесі үлкен кедергіге тап болды. Сондықтан, үкіметтер пандемия кезінде балалардың тегіс білім алып жатқанына, байлармен салыстырғанда кедей отбасылардың балаларына кері әсердің жоқтығына көз жеткізуі тиіс.

Азаттық: Сіздің ойыңызша, пандемия кезінде азаматтардың пікір білдіру, ақпаратқа қол жеткізу еркіндігін қамтамасыз етудің ең дұрыс жолы қандай?

Хью Уильямсон: Ең дұрыс жолы – сол құқығын бұрынғысынша пайдалана беру, ал Қазақстан үкіметі үшін дұрысы – пікір білдіру бостандығына құрметпен қарау. Қазір – физикалық қозғалыс, жүріп-тұру қиындаған кез. Сондықтан халықтың басқа әдіспен, интернет, әлеуметтік желі арқылы пікір білдіруіне мүмкіндік берілуі керек. Өкіметтің мұны қолдағаны ләзім. Жұрт алаңдаушылығы мен уайымын, үміті мен күдігін жеткізе алуы, ал үкімет мұны қабылдауы тиіс.

Ең басты талап - билік ашық болуы керек.

Сонымен бірге, үкімет вирустың табиғаты, оның таралуы, жұқтырғандар мен қайтыс болғандар саны жайында толық ақпарат беріп отыру туралы міндеттемесін орындауы шарт. Ең басты талап - билік ашық болуы керек.

Азаттық: Халық денсаулығын сақтау мақсатындағы қажетті шектеулер мен орынсыз құқық бұзу арасындағы шекараны кім белгілейді? Бұл мәселенің алдын алу үшін халықтың қолында қандай тетіктер бар?

Хью Уильямсон: Бұл шекараны әлем халқы белгілейді, олар халықаралық адам құқықтары стандарттарының негізінде бұдан бұрын белгіленіп қойған, Қазақстан адам құқықтарын қорғаудың бұл стандарттарымен келіскен. Ондай шекара сызығының тиісті жерден өтуіне көз жеткізу – үкіметтердің, соның ішінде Қазақстан басшылығының қолындағы шаруа. Сонымен бірге, азаматтық қоғам да сөз бостандығын, наразылық білдіру еркіндігін талап етуі керек әрі өздері далаға шықпай, карантин тәртібін сақтап, басқаларды қорғай отырып, әлгі шекараның дұрыс сызылып жатқанына көз жеткізудегі өз рөлін ойнауына үкіметтің мүмкіндік бергеніне мүдделі болуы тиіс.

  • 16x9 Image

    Әйгерім ТӨЛЕУХАНОВА

    Азаттықтың Прага кеңсесінің тілшісі. Esquire Kazakhstan, EurasiaNet, The Conway Bulletin, Foreign Policy, The Independent  сынды қазақстандық және шетелдік басылымдарға жазған. Associated Press және Agence France-Presse агенттіктеріне видео түсірген. KIMEP университетін халықаралық журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Лондон экономика мектебінде "медианы басқару" мамандығы бойынша магистратура оқыған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG