Accessibility links

Қос тағдыр – қайғылы екі хикая. Айсұлтан Назарбаев пен Рахат Әлиевтің өмірі мен өлімі


Қазақстан экс-президентінің бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев (сол жақта) пен оның Дариға Назарбаевамен некеден туған ұлы Айсұлтан Назарбаев.
Қазақстан экс-президентінің бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев (сол жақта) пен оның Дариға Назарбаевамен некеден туған ұлы Айсұлтан Назарбаев.

Қазақстандағы ең ықпалды отбасының мүшесі болған екі адамның жұмбақ өлімінің арасын бес жарым жыл уақыт пен Еуропадағы қос астананың арасындағы мың шақырымнан астам жол бөліп жатыр.

Ол 36 жасында салық полициясын басқарып, 40 жасында ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысының орынбасары болды. Дәрігер мамандығы бойынша білім алған, Қазақстан компартиясы орталық комитеті хатшысының қызын өзіне бір көргеннен ғашық қылған “көгілдір көзді жігіт” мемлекеттік қызметте жетістікке жетті. Негізгі қызметімен қоса бизнеспен де айналысты: 2000 жылдардың басында ол медиа, банк және өндіріс саласындағы маңызды активтерді қолына жинады. Совет Одағы тарағаннан кейін пайда болған жаңа мемлекеттің бірінші тұлғасына айналған бұрынғы партия басшысының ықпалды күйеубаласы үшін ашылмайтын есік жоқтай көрінетін. Бірақ оның өмірі Йозефштадтта кенеттен үзілді. Ол Қазақстанда тағылған айыптар бойынша сот отырысын күтіп отырған Венадағы түрме осылай аталады. Ресми нұсқада тұтқынның 2015 жылы ақпанда түрме камерасында суицид жасағаны айтылған.

Осыған ұқсас тамаша басталып, қайғылы аяқталатын тағы бір хикая бар. Ұлыбританиядағы беделді әскери академияның түлегі 20 жасында Қазақстан қорғаныс министрлігінің бас барлау басқармасының штатына алынған-ды. 27 жасында ұлттық футбол федерациясы басшысының орынбасары болды. 29 жасында Лондонда өлі күйінде табылды. Марқұмның өліміне жүрегінің тоқтауы себеп болған деп хабарланды.

Екі хикаяның кейіпкері де – Қазақстандағы ең бай және ықпалды отбасының мүшелері. Біріншісі – елді отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның күйеуі, екіншісі – оның ұлы.

Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы, 1992 жыл. Оң жақтан екінші отырған —Дариға Назарбаева, оның ту сыртында сүйеніп тұрған — Рахат Әлиев. Үстел басында оң жақта отырған бала — Айсұлтан Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы, 1992 жыл. Оң жақтан екінші отырған —Дариға Назарбаева, оның ту сыртында сүйеніп тұрған — Рахат Әлиев. Үстел басында оң жақта отырған бала — Айсұлтан Назарбаев.

Назарбаеваның күйеуі де, ұлы да өмірінің соңғы кезеңінде “өзін өсірген” жүйені қатты сынап, елде ондаған жыл бойы жеке басы ерекше құрметке бөленіп келген “ұлт көшбасшысы” – “елбасы” беделіне нұқсан келтірген.

ТАСЫ ӨРГЕ ДОМАЛАУМЕН БАСТАЛЫП, ҚУДАЛАУМЕН БІТКЕН ҒҰМЫР

2000 жылдардың басында президенттің күйеубаласы қазақстандық бизнеске “қоқан-лоқы” көрсетіп, оппозицияны қудалап, баспасөзді қысымға алып жатыр деген шағымдар айтыла бастады. Бірақ 2007 жылы билікке мастанған туысы Назарбаевтың қаһарына іліккенге дейін “жоғарыдағылар” мұның бәріне “көз жұма қарап келді”. Күйеубаласы өзіне қарсы басталған қудалауды саяси мақсаттарынан көрді, қайынатасы мұны оның жасаған қылмыстарымен байланыстырды.

Рахат Әлиев шетелде жасырынып жүрген кезінде әйелінің әкесін жемқор деп айыптады. Ол жоғары шенді тұлғаларды әшкерелеп, олардың телефон әңгімелерінің жазбасын жариялады. Қазақстан басшысының көпшіліктен құпия ұсталатын жеке өмірі туралы жазылған “Өкіл қайыната” (“Крестный тесть”) кітабын шығарды. “Хат алмасу мен телефонмен сөйлесу құпиясын бұзады”, “мемлекеттік құпияны ашады” деген себеппен Әлиевтің “деректі туындысына” Қазақстанда тыйым салынды. Әлиевті сырттай әйелімен ажырастырып, оған мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыну, адам ұрлау және кісі өлтіру айыптарын тағып, сырттай 20 жылға түрме жазасына кесті.

Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева күйеуінің араласы бар үлкен дау-дамайдан соң саяси сахнадан кетті. Бірақ 2012 жылы қайта оралып, жеті жыл депутат болды. Әкесі президент қызметінен кетуді ұйғарған кезде қызы парламенттің жоғарғы палатасының спикері болып тағайындалды. Бұл қызметін 13 ай атқарып, ұлымен байланысты даудан кейін тағы да қоғам назарынан жоғалды.

Айсұлтан Назарбаев қолында өз отбасының мүшелерінің қатысуымен қазақстандық газды сатуға байланысты миллиардтаған доллардың жемқорлығын әшкерелейтін дәлелдері барын мәлімдеді. Жас жігіт журналистерге анасының белгісіз бір сиқыр қолданатынын, өзін әйелінен (бай кәсіпкердің қызы) еркінен тыс ажырастырғанын айтқан. Айсұлтан Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына “анам атамды мен оның ұлы болғаным үшін үнемі уысында ұстап келді” деген мазмұндағы жазба жариялаған.

Саяси режимнің қорғаушысы, сол кездегі ақпарат министрі Дәурен Абаев Айсұлтанның мәлімдемелерін “есірткіге тәуелді адамның сандырағы” (Айсұлтан есірткіге әуестігін 2017 жылы мойындаған, 2019 жылы Лондон соты оны наркологиялық емханада емделуге міндеттеген) деп атағанымен, бұрынғы президент пен оның отбасының беделіне айтарлықтай нұқсан келді.

“Oyan, Qazaqstan” оппозициялық жастар қозғалысы белсендісі, саясаттанушы Димаш Әлжанов саяси жүйесі жабық, билігі ашық әрекет етпейтін елде жоғарыда болып жатқан процестер туралы ақпараттың қоғамды алаңдатпауы мүмкін емес деп есептейді.

– Назарбаев отбасының мүшелері немесе олар жасаған келісімдер туралы сол ортадан шыққан кез келген ақпарат қоғамда үлкен дабыра туғызады. Тіпті мұндай ақпаратты есірткіге тәуелді Айсұлтан айтса да оған деген қызығушылық кемімейді. Қоғамда Назарбаев отбасының беделі туралы иллюзия жоқ, – дейді Әлжанов.

ТАРИХ ҚАЙТАЛАНА МА?

Қазақстандық саясаттанушы, “Тәуекелді бағалау тобының” директоры Досым Сәтпаев Айсұлтан Назарбаев белгілі бір деңгейде әкесінің тағдырын қайталады деп есептейді.

– Рахат Әлиев те шетелде жүргенде билікті тұрақты сынап, әртүрлі мәлімдеме жасап, желіде бірінші президенттің отбасы мен Қазақстан билігіне соққы болып тиген әшкерелеуші материалдар жариялаумен болды. Яғни Айсұлтан белгілі бір деңгейде дәл осы жолмен әрекет етті. Ол (Айсұлтан – ред.) Назарбаев отбасындағы “ішкі кикілжіңді сыртқа шығарып”, құпияларды ашуға бел буған аз адамның бірі болды, – дейді саясаттанушы.

Журналист әрі адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюро қызметкері Сергей Дувановтың пікірінше, Рахат Әлиев пен Айсұлтан Назарбаев екі түрлі деңгейдегі адамдар болғандықтан, оларды салыстыру дұрыс емес.

– Рахат Әлиев – негативті образына қарамастан, бәрібір саясаткер адам. Әлиев мықты тұлға еді және өмірде өз мақсатына қол жеткізгісі келді. Айсұлтан есірткіге ғана емес, анасы мен атасына да тәуелді адам болды. Ол өз алдына жеке әрекет ете алатын тұлға болған жоқ, сондықтан әкесі мен ұлын салыстырмас едім, – дейді Дуванов.

ЫҚТИМАЛ “КҮРЕС ҚҰРАЛЫ”

Қазақстандық HOLA news басылымының бас редакторы, Facebook-тегі түсініксіз жазбаларынан кейін Айсұлтан Назарбаевтан сұхбат алған Гүлнәр Бажкенова президент немересінің хикаясы елді басқаратын элитаның дағдарысын көрсетті деп санайды.

– Бұл бірінші кезекте моральдық, адамгершілік тұрғыдағы дағдарыс. Айсұлтанның буыны туған елі білімі мен арына сенім арта алатын көзі ашық элита, ұлттық аристократияға айналуы керек еді. Бірақ бұл буынның әкелері мен аталары оларға “ең нашар мұра” қалдырған болып шықты, – дейді ол.

Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан президенті болып тұрған кезде үлкен қызы Дариға Назарбаеваның балалары Нұрәли (сол жақта) және Айсұлтанмен бірге түскен суреті.
Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан президенті болып тұрған кезде үлкен қызы Дариға Назарбаеваның балалары Нұрәли (сол жақта) және Айсұлтанмен бірге түскен суреті.

Нұрсұлтан Назарбаев үлкен күйеубаласының қайтыс болғанына бір жыл толған кезде өзінің 75 жылдығына орай түсірілген фильмде президент пулына кіретін журналиске “Неге адамдар үш немеремнің әкесін түрмеге отырғызғанымды ұмытып кетті? Олар анасымен бірге алдыма жылап келмеді деп ойлай ма? Келді. Мен уайымдамады дейсіңдер ме? Әрине, уайымдадым. Бірақ мұның шектен шығушылық екенін көргенде, тоқтаған жоқпын” деген.

Айсұлтан қайтыс болғаннан кейін Назарбаев жария түрде ешқандай реакция білдірген жоқ. Мамыр айында парламент сенатының спикері қызметінен кеткеннен кейін көпшіліктің алдына шықпай жүрген Дариға Назарбаева қоғамды “өз қайғысына түсіністік танытып, құрметпен қарауға” шақырды.

Назарбаевтар отбасы Рахат Әлиевтің кітабы жайлы пікір білдірмегені секілді, Айсұлтан Назарбаевтың даулы жазбалары туралы да жақ ашқан жоқ. Қоғам жарияланған ақпараттың қайсысы рас, қайсысы өтірік екенін тек жорамалдап қана біле алады.

– Қазақстанда болашақта былтырғыдай сайлау өткендей кейіп таныту, саяси тұралауды сақтап қалу әрекеттері (былтыр наурызда Назарбаев президент қызметін өзінің көп жылғы серігі Қасым-Жомарт Тоқаевқа өткізіп берген, ал маусым айындағы кезектен тыс президент сайлауы кезіндегі жаппай наразылық акциялары басып-жаншумен аяқталған – ред.) емес, салмақты билік ауысымы болса, Айсұлтан мен өзге элита өкілдерінің мәлімдемелері мен әшкерелеуші ақпараттары саяси күрес құралы ретінде қолданылуы мүмкін, – дейді қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG