Accessibility links

Айсұлтан Назарбаев неге көрінбей кетті?


Қолданушы Aisultan Nazarbayev-тың Facebook парақшасынан скриншот.
Қолданушы Aisultan Nazarbayev-тың Facebook парақшасынан скриншот.

Қазақстан президентінің жиені Айсұлтан Назарбаев туралы соңғы кездері мардымды дерек жоқ. Бір жарым жыл бұрын қоғам назарынан алшақтаған жігіт жайлы интернетте анда-санда жылт еткен алыпқашпа сөзден басқа ештеңе айтылмайды. Елдегі ең ықпалды отбасы Айсұлтан жөнінде әңгіме қозғамауға тырысады.

Дариға Назарбаева мен марқұм Рахат Әлиевтің екінші ұлы Айсұлтан нағашы атасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда билік басына келген соң бірнеше айдан кейін өмірге келді. Нағашы атасының фамилиясы берілген баланың есімін де соған ұқсатып қойды. Мемлекеттегі бірінші тұлғаның жиені, тасы өрге домалап тұрған ата-ананың ұлын да жарқын болашақ күтіп тұрғандай еді. Оның бюрократиялық кедергілерге тап болуы немесе қамауға алынуы мүмкін еместей көрінетін.

ҚАМАУДА ЖАТЫР МА?

Айсұлтан Назарбаевтың жұртқа көрінбей кеткеніне бір жарым жыл болды. Ол жақын туыстарының арасында немесе қоғамдық шараларда, соның ішінде өзі әрдайым қызығушылық танытқан спорт жарыстарында да көзге түспейді.

Былтыр жазда тұрмысқа шыққан қарындасы Венераның тойынан түсірілген суреттер интернетке тарап кеткен еді, бірақ Айсұлтан онда да байқалмады. Суреттерде анасы, сенат депутаты Дариға Назарбаева, жігіттің ағасы Нұрәлі Әлиев, Айсұлтанның жұбайы Әлима Боранбаева, оның әкесі, Айсұлтанның қайын атасы, кәсіпкер Қайрат Боранбаев пен Назарбаевтардың тойға шақырылған басқа да туыстары бар. Бірақ осы тойдан бір жылдан астам уақыт бұрын көпшілік назарынан жоғалған Айсұлтанның өзі жоқ.

Президенттің жиені кіммен тұрмыс құрды?

Президенттің жиені кіммен тұрмыс құрды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:40 0:00

Президент отбасынан шыққан жігіт Facebook парақшасында Aisultan Nazarbayev деген аккаунт атынан (аватарда Айсұлтан Назарбаевтың суреті бар) мойындау пост жариялаған соң көпшілікке көрінбей кетті. Пост авторы (кейін оны өшіріп тастады) есірткіге тәуелді болғанын, одан емделгенін және президент атасының қолдауы арқасында онымен күресіп жатқанын жазды. Автордың айтуынша, ондай жаман әдетке әкесі Рахат Әлиев пен атасы Мұхтар Әлиевтің қазасынан кейін күйзеліске түсуі себеп болған.

Академик Мұхтар Әлиевпен қоштасу рәсімінде марқұмның немерелері әрі Қазақстан президентінің жиендері Айсұлтан Назарбаев (сол жақтан бірінші), Нұрәлі Әлиев (сол жақтан екінші) отыр. Алматы, 13 қаңтар 2015 жыл.
Академик Мұхтар Әлиевпен қоштасу рәсімінде марқұмның немерелері әрі Қазақстан президентінің жиендері Айсұлтан Назарбаев (сол жақтан бірінші), Нұрәлі Әлиев (сол жақтан екінші) отыр. Алматы, 13 қаңтар 2015 жыл.

Рахат Әлиевтің серіктерінің бірі, бұрын Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарған, қазір Венада тұратын Әлнұр Мұсаев былтыр жазда және күзде Facebook парақшасына "Қазақстандағы ықпалды тұлғаларға қарсы шыққаны үшін Айсұлтанды түкпірдегі жеке түрмеге қамап қойды" деп жазды.

Рахат Әлиевтің шырғалаңы мен қазасы

Қазақстандық бизнесмен әрі дипломат Рахат Әлиев 2007 жылы қайын атасының қаһарына ұшырады. Австриядағы Қазақстан елшісі және ЕҚЫҰ-дағы Қазақстан өкілі болған Әлиевті атақ-лауазымы мен марапатынан айырып, өзінің келісімінсіз әйелінен ажырастырды. Қылмыс жасады деп айыптады. Мемлекетке опасыздық жасады, төңкеріс жасамақ болды, иелігіндегі банктің екі топ-менеджерін ұрлап, өлтірді деген айыппен отанында ұзақ мерзімге сырттай соттады. Еуропада тұрған Рахат Әлиев айыптауларды терістеп, оларды "президенттікке таласпақшы болған менен өш алу үшін тақты" деп мәлімдеді. Рахат Әлиев өзі қарсы шыққан Назарбаев туралы "Өкіл қайын ата" деген кітап жазды, Қазақстанда ол кітапқа тыйым салды. 2014 жылы ол Австрия билігіне беріліп, түрмеге отырды, сол жерде Астана таққан айыптар бойынша сот шешімін күтті. 2015 жылдың ақпанында Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласын жалғыз кісілік камерада асылып тұрған жерінен тапты. Тергеушілер ол өзіне қол жұмсаған деген қорытынды жасады. Әлиевтің қорғаушылары мен Дариға Назарбаевамен ажырасқан соң үйленген әйелі Эльнара Шоразова ол қастандықпен өлтірілді дейді.

Мұсаев Ресейде "Здоровая страна" атты коммерциялық емес қор бар, оның қасынан құрылған "Вершина-Орел" деген жеке мекемеге ақша төлеп, адамдарды сонда қамауға болады дейді.

Азаттық редакциясы Ресейде есірткі мен алкогольге тәуелді адамдарды емдейтін және сауықтыратын "Вершина-Орел" клиникалар желісі барын анықтады. "Вершина-Орел" телефон желісі арқылы Азаттық тілшісіне Айсұлтанның былтыр клиникада болғанын растады. "Бір жылдан астам уақыт бұрын" деді клиника қызметкері (оның аты-жөнін редакция біледі). Клиника өкілінің айтуынша, бұл жерде емделу үшін науқастың өз келісімі қажет және ем-дом алып жатқан сәтте емделуші изолацияда болады.

Желтоқсанның 14-і күні Aisultan Nazarbayev атты қолданушының парақшасында күлімсіреп тұрған Айсұлтанның әкімшілікке ұқсас ғимарат қасындағы дүңгіршек маңында түскен суреті жарияланды. Фотоның қашан және қайда түсірілгені белгісіз. Суретпен бірге Ресей бас прокуратурасы, сыртқы істер министрлігі, ішкі істер министрлігі мен федералдық қауіпсіздік қызметіне алғыс сөзі жарияланды. Онда "Мен бостандыққа қайта шықтым. Толық мағынада еркінмін" деп жазылған. Басқа ештеңе айтылмаған.

Осы аккаунттың келесі посты қаңтардың 23-і күні жарияланды. Онда автор Қазақстанға оралғаннан кейін жеке бас куәлігін қалпына келтірмек болғанда қиындыққа жолыққанын жазған. "Ресейлік жеке түрмедегі қамаудан шыққан соң үйге құжатсыз оралдым, бәрін ұрлап, жойып тастаған. Мені ол жаққа өзім сенім артқан жақындарым саналатын "ізгі ниеттілер" апарып қамады" дейді автор.

Азаттық тілшісі Facebook мессенджері арқылы Aisultan Nazarbayev атты қолданушыға пікірін сұрап, хат жазды. Хабарлама оқылғанымен жауап болмады.

Азаттық Ресей сыртқы және ішкі істер министрліктеріне, бас прокуратурасы мен федералдық қауіпсіздік қызметіне сұрау жолдап, Айсұлтан Назарбаевты Ресей федерациясы аумағында бас бостандығынан заңсыз айырған деген болжамға қатысты бірқатар сауалдар қойды. Олардың арасынан тек Ресей СІМ ғана жауап берді. Онда "Аталған мәселе бойынша Қазақстанның ресми билік органдарына хабарласуға кеңес береміз" деген жалғыз сөйлем жазылған.

Айсұлтан Назарбаевты мәжбүрлеп қамап, Ресей түрмесінде ұстаған және ол құжаттарын рәсімдеу барысында проблемаға кезіккен болуы мүмкін деген ақпаратқа байланысты Азаттықтың жолдаған сұрауына Қазақстан ішкі істер министрлігінің берген жауабында "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" заң бойынша, адамның жеке басына қатысты мәліметтерді субъектінің өзінің немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз таратуға болмайтыны айтылған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы. 1992 жыл. Оң жақта үстел басында отырған бала - Айсұлтан Назарбаев.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы. 1992 жыл. Оң жақта үстел басында отырған бала - Айсұлтан Назарбаев.

Президенттің отбасы Aisultan Nazarbayev атты қолданушының ашық мәлімдемесіне байланысты ештеңе айтпайды. Азаттық Дариға Назарбаевадан ұлының қайда екенін білуге тырысқанымен одан ештеңе шықпады.

Видео: Дариға Назарбаева ұлы туралы сұраққа жауап бермеді

Дариға Назарбаева ұлы туралы сұраққа жауап бермеді
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:32 0:00

АЙСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ НЕСІМЕН ТАНЫМАЛ?

Айсұлтан Назарбаев – "Сандхерст" британ корольдік әскери академиясының түлегі. Бұл оқу орнын Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Уинстон Черчилль, британ патшайымының немерелері Уильям мен Гарри бітірген.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жиені Айсұлтанмен президент сайлауы күні Астанадағы сайлау учаскесінде тұр. 10 қаңтар 1999 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жиені Айсұлтанмен президент сайлауы күні Астанадағы сайлау учаскесінде тұр. 10 қаңтар 1999 жыл.

Шетелдегі оқуын тәмамдап, еліне оралған соң Айсұлтан Қазақстан қорғаныс министрлігінің бас барлау басқармасының штатына қызметке тұрды.

2012 жылдың тамызында ол отанына адал болуға ант берді. Сол кезде "Хабар" телеарнасынан көрсетілген сюжетте тілшілер оның аты-жөнін атағанда "Рахатұлы" деген әкесінің атын "кесіп алып" тастады. Ол кезде Рахат Әлиев қуғында жүрген еді.

Aisultan Nazarbayev атты қолданушы кей адамдардың "өз бас пайдасы үшін" Рахат Әлиевтен бас тарту туралы берген кеңесіне қарамастан әкесінен теріс айналмайтынын бірнеше рет жазды.

2013 жылдың жазында Айсұлтан Назарбаев кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың (сол кезде "ҚазРосГаз" компаниясының бас директоры) қызы Әлима Боранбаеваға үйленді.

Алматының қымбат қонақ үйінде өткен тойда америкалық әнші Канье Уэст өнер көрсетті. Той өтіп жатқан күні кешке Алматының тағы бір тұсында полиция танымал әнші Қайрат Нұртастың концерті тоқтатылған соң жаппай тәртіпсіздікке қатысқан тұрғындарды қуып, ұстаумен болды.

Айсұлтан Назарбаев қоғам назарынан жоғалар алдында Екінші дүнижүзілік соғыстың аты аңызға айналған батыры, генерал Иван Панфиловтың шөберелері Ержан және Асқар Бірімжановтармен тіресіп көзге түсті. Айсұлтан мен оның қарамағында істеген Бірімжановтардың арасындағы келіспеушіліктің соңы қылмыстық іске айналды.

Панфиловтың шөберелерін жеті жылға соттады, бірақ олар бір айдан соң ақталды. 2017 жылы өткен сот отырысына Айсұлтанның өзі қатыспай, оның атынан қорғаушысы сөйледі. Ағайынды Бірімжановтарға айыптау үкімін кескен бірінші инстанция соты оларды қорғаған адвокаттарға да жеке қаулы шығарды. Бір қызығы, апелляциялық сот Панфиловтың шөберелерін толықтай ақтады, алайда әділ сотқа кедергі келтірді деп айыпталған адвокаттарды қылмыстық қудалау туралы жеке қаулыны күшінде қалдырды. Ағайынды Бірімжановтарды қорғаған адвокаттардың бірі Әсел Тоқаеваның Азаттыққа айтуынша, Жоғарғы соттың кассациялық алқасы адвокаттардың шағымын қабылдамаған. Әйткенмен төрт айдан соң адвокаттарға қарсы тергеу ісі тоқтатылды.

2015-2016 жылдары Айсұлтан Назарбаев сол кездегі Қазақстан футбол федерациясының президенті (ҚФФ) Ерлан Қожағапановқа қарсы шығуымен есте қалды, оны "қазақстандық футболды күйретті" деп айыптады. Қожағапановты қызметінен кетуге шақырған Айсұлтан өзі ҚФФ басшысы бола алатынын айтты.

2016 жылдың күзінде Қожағапанов қызметінен кететінін мәлімдеді. Бірақ 2016 жылдың қарашасында федерация басшылығына Айсұлтан Назарбаев емес, қазақстандық футбол ардагері Сейілда Байшақов келді.

Бір жылдан аса уақыт өткенде ҚФФ-ны сол кездегі президент әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбеков басқарды. Айсұлтан Назарбаев 2017 жылдың ақпанында ҚФФ вице-президенті міндетін атқарушы болды, бірақ ол лауазымда тек жеті ай отырды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев зайыбы Сара және жиені Айсұлтанмен (оң жақта) бірге ойын-сауық кешенін ашу рәсімінде. Алматы, 1997 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев зайыбы Сара және жиені Айсұлтанмен (оң жақта) бірге ойын-сауық кешенін ашу рәсімінде. Алматы, 1997 жыл.

Қазақстандық футболды дамытуға арналған шаралардың бірінде Айсұлтан Назарбаев басты лауазымы "президенттің немересі" болу екенін және ол міндетін тәулігіне 24 сағат бойы атқаратынын, себебі "Алланың қалауымен ұлт көшбасшысының отбасында дүниеге келгенін" мәлімдеді.

Aisultan Nazarbayev Қожағапанов ғана емес, президент Назарбаевтың төңірегіндегі өзге саясаткерлермен де тіресті, олардың арасында Әділбек Жақсыбеков, вице-премьер-министр Иманғали Тасмағамбетов, Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев пен топ-бизнесмен Болат Өтемұратов бар.

"Президентті осындай адамдардың қоршап алғаны және бүкіл елді бақылауға алуды көксейтіндері жанымды ауыртады. Осындай жоғары лауазымды тұлғалардың елдегі барлық жағдайды шексіз билеп-төстеуге ұмтылуы – болашағымызға төнген басты қатер" деп жазды ол 2016 жылдың қарашасында.

2017 жылы қаңтардың 17-сі күні Aisultan Nazarbayev Facebook парақшасында пост жариялап, "Ұлттық банк төрағасы Ақышев пен президент аппаратының жетекшісі Жақсыбеков әлі де қызметтерінде қала ма, себебі олардың тікелей бағыныштылары жемқорлық және мемлекеттік ауыр қылмыс жасағаны үшін айыпталады" деген сауал тастады.

"Аталған мырзаларды жақсы білемін, сондықтан оларға айтпай біреулердің әрекет етуіне күмәнім бар..." деп жазды Айсұлтан Назарбаев. Бірақ ықтимал "қылмыстың" егжей-тегжейін айтпады. "Тексеріс Өтемұратов пен Тасмағамбетов мырзалардың лас іске қолдарын былғады ма, жоқ па, соны көрсетеді" деді ол. Жарты айдан соң Иманғали Тасмағамбетов вице-премьер қызметінен алынып, Ресейге елші болып кетті. Әділбек Жақсыбеков президент әкімшілігі жетекшісі қызметінде ұзағырақ отырды, 2018 жылдың қыркүйегінде зейнетке шықты.

Тасмағамбетов пен Жақсыбеков қызметтен айрылып қана қоймай, өздері немесе туыстары "Қазкоммерцбанк" пен "Цеснабанкке" иелік жасауын тоқтатты.

Нұрсұлтан Назарбаев үкімет пен қаржылық реттеуді "экономиканың сапалы өсіміне нақты стимул жасай алмағаны үшін" сынаған соң Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев 2019 жылы ақпанның 25-і күні қызметінен кетті.

Бұрын президенттің іс басқарушысы болған Болат Өтемұратов (америкалық Forbes журналы былтыр оның байлығын 2,6 миллиард долларға бағалаған) әлі де жылжымайтын мүлік, банк секторы мен телекоммуникация және медиа саласында бизнеспен айналысады.


  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG