Accessibility links

"Бейберекет тағайындау", "саналы сабақтастық". Бақылаушылар Тоқаевтың кадр саясаты жайлы


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Бішкек, 14 маусым 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Бішкек, 14 маусым 2019 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев маусымның 12-сінде өткен инаугурациясынан соң кадрларын тағайындай бастады. Сарапшылар Тоқаевтың қолы байлаулы екенін айтса да, жемқорлықпен күрес күшейер деп үміттенеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев президент сайлауынан соң қызметіне кірісе сала кадр саясатын төмендегідей етіп жүргізе бастады:

КАДР САЯСАТЫ

  • Мемлекеттік қызмет істері мен жемқорлықпен күрес агенттігін екіге бөлді. Жаңа жемқорлықпен күрес агенттігі енді тіке президентке қарайды. Оның басшысы болып 61 жастағы Алик Шпекбаев тағайындалды. Жемқорлықпен күрес қажеттігі туралы Тоқаев бірнеше ай бойы айтып келе жатыр, "негізгі міндеті" деп біледі.
  • Президент әкімшілігінің жетекшісі Бақытжан Сағынтаев пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовті орнында қалдырып, қайта тағайындады. 53 жастағы Мәсімов бұл мекемені 2016 жылдың қыркүйегінен басқарып отыр. Оған дейін 2007-2012 және 2014-2016 жылдары арасында премьер-министр болған. Екі жыл президент әкімшілігін басқарған. 55 жастағы Бақытжан Сағынтаев – наурыздан бері әкімшілік жетекшісі. Бұл қызметке бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев премьер-министр қызметінен алып тастаған соң ауысқан. Назарбаев ресми түрде отставкаға кетсе де, "елбасы" мәртебесін пайдаланып, елдің шынайы билеушісі болып қала берді. Сағынтаевтың үкіметі әлеуметтік жәрдем сұраған көп балалы аналар наразылығынан кейін тараған еді.
  • Маусымның 13-інде Ақтау қаласының бұрынғы әкімі 55 жастағы Серік Тұрымовты Маңғыстау облысының әкімі етіп тағайындады. Бұл облысты 2017 жылдан бері Ералы Тоғжанов басқарып келген. Тұрымов 2012-2015 жылдар арасында Жаңаөзен қаласының әкімі болған.
  • 49 жастағы Ғали Есқалиевті Батыс Қазақстан облысының әкімі етіп тағайындады. Есқалиев қаңтардан бері осы облыс әкімінің орынбасары еді. Оған дейін Нұр-Сұлтандағы қалалық регенерациялау басқармасының жетекшісі болған.
  • 2016 жылдан бері Батыс Қазақстан облысының әкімі болған Алтай Көлгіновті Нұр-Сұлтан қаласының әкімі етіп тағайындады. Тоғыз ай астана әкімі болған 47 жастағы Бақыт Сұлтанов жаңа қызметке ауысты.
  • Білім және ғылым министрі қызметінде үш жарым-ақ ай тұрақтаған 60 жастағы Күләш Шәмшидинованың орнына Қарағанды облысы әкімінің бұрынғы орынбасары 37 жастағы Асхат Аймағамбетовті қойды.
  • Маусымның 17-сінде мәдениет пен спорт министрлігінің жетекшісін өзгертіп, осы мекемеде вице-министр болған 55 жастағы Ақтоты Райымқұлованы министр қылды. Кейбір мәдениет қайраткерлері жиі сынап келген Арыстанбек Мұхамедиұлы "басқа қызметке ауысуына байланысты" міндетінен босатылды.
  • Алматы мен Шымкент қаласының және қалған 12 облыстың әкімдері орындарында қалды.
  • "Сырбар" сыртқы барлау қызметі ҰҚК құрамына кіргізілді.

ЖАҢА МИНИСТРЛІКТЕР

  • Маусымның 17-інде президент жарлығымен екі жаңа министрлік құрылды. Соның бірі – Сауда және интеграция министрлігін Бақыт Сұлтанов басқаратын болды.
  • Жаңадан құрылған Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі басшылығына 40 жастағы Мағзұм Мырзағалиев келді. Ол бұрын энергетика министрінің орынбасары болған.
  • Үш министрлік қайта құрылды. Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі болып өзгерді. Ұлттық экономика министрлігі, Индустрия мен инфрақұрылымдық даму министрлігі де өзгеріске ұшырады.

САРАПШЫЛАР ПІКІРІ

Орталық Азиядағы демократиялық даму қорының жетекшісі, саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева, жаңа қызметке тағайындау үрдісін "бейберекет" деп сипаттайды, министрліктердегі өзгерісті дәл бағамдау қиын екенін ескертеді. Үмбетәлиева үкіметті бұрынғы президент премьер-министрмен кеңесе отырып құрғанына назар аударып, қазір ондай үрдіс байқамағанын айтады.

Үмбетәлиева саяси тұрғыдан алғанда парламент тарап, жаңа сайлау өтуі керек еді, одан кейін барып премьер-министр таңдалып, президенттің сайлауалды бағдарламасының негізінде жұмыс істейтін үкімет жасақталуы тиіс болатын деп санайды.

- Парламент сайлауы кезінде үкімет құрамы мен облыс жетекшілерін асықпай іріктеп алуға болар еді. Бұл жаңа президенттің саяси білім деңгейінен, жүйелі жұмысынан хабар берер еді, - дейді Толғанай Үмбетәлиева.

Оның сөзінше, елде басқаша ахуал қалыптасып жатыр.

Қазір билік тармақтарының қарым-қатынасы жүйесінде еш саяси қисын жоқ.

- Не көріп отырмыз? Министрлер жасарып барады. Жаңа президент сайланғаннан кейін премьер-министрдің бағдарламасы қандай екенін білмейміз, сол себепті министрліктердің атауын өзгертудің қисынын көріп отырған жоқпын. Қазір билік тармақтарының қарым-қатынасы жүйесінде еш саяси қисын жоқ. Әкімдерді шамасы бірінші президентпен келіскен соң тағайындайтын болуы керек. Олардың бәрі Нұрсұлтан Назарбаевқа берілген адамдар ғой. Саяси салмағы мен рөлі жоқ министрліктерде ғана жаңа адамдар тағайындалып жатыр. Бұл салада Тоқаевқа ерік берілсе керек. Сол себепті жас кадрларды байқаймыз,- дейді Үмбетәлиева.

Тоқаев жасаған алғашқы кадрлық өзгерістер жайлы Азаттықтың сауалына билікшіл Коммунистік халық партиясының парламент мәжілісіндегі депутаты Владислав Косарев жаңа президент жаңаша қимылдап жатыр деген сипатта жауап берді.

- Кадр ауыстыру – мәңгі қызмет жоқ екенін еске салу. Өмір бақи жұмыс істегісі келгендер болған, шаруалары тез біткен, - деді Косарев ешкімнің атын атамай.

Кадр ауыстыру – мәңгі қызмет жоқ екенін еске салу.

Депутат жемқорлықпен күрес қызметінің тікелей президентке бағынатынын дұрыс санайды, Тоқаев "шынайы күреске кірісті", жаңа агенттік басшысы жетекші мемлекет органдары мен олигархтардың ықпалына түспейді деп ойлайды.

Ұшқыш-ғарышкер, "Халық қаһарманы" Тоқтар Әубәкіров жаңа президенттің демократияландыру мен модернизациялау туралы сайлауалды бағдарламасын оң бағалағанын айтады. Бірақ елді "екі президент" басқарып отырғаны жаңа саясатқа кедергі болады деп болжайды.

Әубәкіров Тоқаевтың бұрынғы кадрларды түгел өзгертпегенін мақұл көреді. Осындай жолмен "саналы сабақтастық" сақталады және Тоқаев жемқорлықпен күресте табысқа жетеді деп үміттенеді.

Күллі әлемге күлкі болып отырмыз.

- Жұрт не істесе де, "жең ішінен бере қой" деген нәрсе алдынан шығады. Басқаша іс жүрмейді. Жуырда бір шетелдікпен кездестім. "Елдеріңізге [инвестиция ретінде] ақша әкелу үшін әлдекімге ақша беру керек екен. Миға сыймайды ғой" деді. Күллі әлемге күлкі болып отырмыз, - дейді Тоқтар Әубәкіров.

Қасым-Жомарт Тоқаевты "өкілеті кеңіген сыртқы істер министрі" деп атаған саясаттанушы Максим Казначеев үкіметтегі ауыс-түйісті "техникалық өзгеріс" деп біледі. Жаңа кадрлардың көмегімен Тоқаев елдің емес, жеке басының мәселелерін шешеді деп ойлайды.

Тоқаев жеке басын қолдайтын жоғары лауазымды шенеуніктер мен бизнесмендер тобын қалыптастырып жатыр.

- Билік басындағы күресте өзін тең сезіну үшін Тоқаев жеке басын қолдайтын жоғары лауазымды шенеуніктер мен бизнесмендер тобын қалыптастырып жатыр, - дейді ол.

Казначеевтің пікірінше, әлі ерекше іс бітіріп, көпке танылмаған кадрларды ауыстырудан нәтиже шықпайды.

Инаугурациядан кейін шетелдік БАҚ-қа берген сұхбатында Тоқаев "сайлаудың әділ өткенін" айтып, өзін "реформатор" деп атаған.

Наурыздың 20-сында Қазақстанды 30 жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кететінін жариялаған соң сол кезде парламент сенатының төрағасы лауазымын атқарған Қасым-Жомарт Тоқаев президент қызметін иеленген. Бірақ заңда бекітілген "тұңғыш президент" әрі "елбасы" деген мәртебелерге ие Назарбаев негізгі билікті сақтап қалған. Жаңа қызметіне кірісе сала Тоқаев Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертуді және бұрынғы президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваны парламенті сенаты спикері етіп сайлауды ұсынған. Бұл ұсыныстарды парламент бірауыздан қолдаған.

Сәуірде жарияланған кезектен тыс президент сайлауы маусымның 9-ында өтіп, Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Тоқаевты 70,96 пайыз дауыс жинап, жеңіп шықты деп жариялаған. Батыс пен жергілікті тәуелсіз бақылаушылар "дауыс беру тәртібі халықаралық стандартқа сай болмады, сайлау туралы заң бұзылды" деп мәлімдеген.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG