Сайлауды бақылаушылардың бірі Урие Курташирова өзі барған сайлау учаскесіндегі санақ пен қорытынды хаттаманың сәйкес келмегенін айтады.
«НӘТИЖЕМЕН СӘЙКЕСПЕЙТІН ХАТТАМА»
Курташирова саналы түрде президент сайлауын бақылаушы ретінде тіркелгенін, негізгі кандидаттардың бірі болған Әміржан Қосановтың сайлау штабынан бақылаушы куәлігін алғанын айтады. Ол маусымның 9-ында Алматы қаласы Бостандық ауданында орналасқан «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорынындағы № 256 сайлау учаскесінде сайлау процесін соңына дейін бақылаған. Белсендінің сөзінше, ресми жеңімпаз Қасым-Жомарт Тоқаев – 70 пайыздан астам, ал екінші орынға шыққан Қосанов – 16 пайыздай дауыс жинады деп жариялаған орталық сайлау комиссиясының мәліметі жергілікті учаскелердегі хаттамалармен сәйкеспей қалып жатқан.
- Дауыс санағанда Қасым-Жомарт Тоқаевқа – 392, Әміржан Қосановқа – 291, Дания Еспаеваға – 47, Амангелді Таспиховқа – 8, Төлеутай Рақымбековке – 7, Сәдібек Түгелге – 5, Жамбыл Ахметбековке – 3 дауыс берілгені белгілі болды. Ал екі сағаттан кейін қолыма хаттама бергенде Дания Еспаеваның 15 дауысы, Қосановтың 53 дауысы азайып, Тоқаевқа 68 дауыс қосылғанын көрдім, - дейді ол.
Урие Курташированың Азаттыққа берген видеосында санақ беру сәті және кандидаттарға қанша дауыс берілгені көрінеді. Видеодағы деректер Урие Курташирова келтірген уәждермен сай келеді.
Урие Курташирова санақ қорытындысы хаттамамен сай болмаған соң Қосанов штабының өкілімен бірге акт жасағанын, бірақ сайлау комиссиясының мүшелері мен төрағасы қол қоймай кетіп қалғанын айтады.
- Олар хаттама толтырарда екі жарым сағаттай бөлек кетті. Сайлау комиссиясының барлық әрекеті дауыс нәтижесін бұрмалау және оған қарсылық білдіруді қиындатуға арналғандай көрінді, - дейді ол.
Ал «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорынындағы № 256 сайлау учаскесінің төрағасы, осы кәсіпорынның кадр бөлімінің меңгерушісі Сәбит Жетпісбаевпен «сайлау процесі әділ өтті» деп санайды.
- [Бюллетеньдерді] қайтадан санап, жарамсыз бюллетеньдерді алып тастадық, хаттаманы бақылаушылардың қолына бердік, - дейді Жетпісбаев.
«Бақылаушылардың актісіне неге қол қоймадыңыздар?» деген сауалға ол «Асығыс болған соң кетіп қалдық» деп жауап берді.
Алматы және Алматы төңірегіндегі аудандар бойынша Әміржан Қосановтың сенімді өкілі Серік Әбішев сайлау күні учаскелерді аралағанын және бақылаушы Урие Курташированың уәждерін көргенін айтады.
- Ондай заңбұзушылық көп болды. Бүкіл материалды жинап, ЕҚЫҰ мен басқа да адам құқығын қорғайтын ұйымдарға тапсырдым. Біздің қолымыздағы сайлау нәтижесі бойынша Алматы қаласы мен Алматы қаласындағы аудандарда сайлауға келгендердің 70 пайызы Әміржан Қосановқа дауыс берді, - дейді ол.
Facebook әлеуметтік желісін белсенді қолданушылардың бірі, Қазақстан президентіне кандидат Әміржан Қосановтың сенімді өкілдерінің бірі Айсұлтан Жақыпов бірінші рет сайлауда бақылаушы болып көрген. Қарағанды қаласының Октябрь ауданындағы сайлау учаскелерінің біріндегі процедураны қадағалаған Жақыповтың дерегінше 1190 сайлаушы дауыс берген.
- Президенттікке кандидат Жамбыл Ахметбековке – 18, Дания Еспаеваға – 28, Әміржан Қосановқа – 567, Төлеутай Рахымбековке – 5, Амангелді Таспиховқа – 5, Қасым-Жомарт Тоқаевқа – 521 дауыс берілді. Әріптесім Гүлім Оразбаева бақылаған учаскеде де Әміржан Қосанов көп дауыс жинады. Екі учаскенің де хаттамасы қолымызда тұр, - дейді ол.
Бақылаушы Гүлім Оразбаева маусымның 9-ы күні Facebook-та "Майқұдықтағы #142 сайлау учаскесі: Әміржан Қосанов - 728, Тоқаев - 650. Бұл жерде дауыстарды жеуге шанс болмады" деп жазып, видеосын да салып қойды.
Айсұлтан Жақыпов сайлау кезінде құнды тәжірибе жинағанын айтады. Ол болашақта бақылаушылардың сауатын ашып, сайлау комиссияларына да бақылаушылардың құқығы туралы трениг өткізу керек деген тұжырым қылған.
«ЖАРЫҚ ӨШІП ҚАЛДЫ»
Маңғыстау облысында Әміржан Қосановтың сенімді өкілдерінің бірі болған Уайс Ерсайынұлы сайлау кезінде Маңғыстау облысындағы 223 сайлау учаскесінде барлығы 300-ге жуық бақылаушы болғанын, әр учаскеге кем дегенді бір бақылаушыдан қойылғанын айтады.
- Оларға (сайлау комиссиясына – ред.) төрт қоғамдық ұйым атынан жолдама бердік. Бақылаушы болғысы келетіндер көп болды. Оларды уақыт аздығына қарамастан күн сайын оқытып үйреттік. Сайлау қорытындысын санағанда заң жиі бұзылды. Бақылаушыларды алысқа отырғызу, күштеп шығарып жіберу, хаттаманы бермей қою, сайлау комиссиясының қорытындыны айтпай қоюы секілді жайттар болды. Санақ кезінде көптеген сайлау учаскелерінде жарық өшіп қалды, - дейді ол.
Уайс Ерсайынұлы Маңғыстау облысы бойынша сайлау учаскелерінің 70 пайызының хатамасы қолдарына түскенін айтады. Ондағы қорытынды бойынша Әміржан Қосанов – 68,29 пайыз, Қасым-Жомарт Тоқаев – 29 пайыз дауыс жинаған.
- Біз бұл қорытындыны ресми түрде хабарлаймыз. Бірақ Әміржан Қосановтың өзі «жеңілдім» деп мойындағаны бақылаушылардың көңіл күйін түсірді. Сотқа беру пайдасыз, өйткені оған сенім жоқ, - дейді ол.
Бақылаушы қоғам белсенділігінің күшейгенін пайдаға жатқызады.
Азаттық тілшісі Қазақстан президенттігіне экс-кандидат Әміржан Қосановпен сөйлесе алмады, телефоны ажырап тұрды. Сайлау болған күннің ертесінде Қосанов өткізген шағын жиында тәуелсіз бақылаушылар, оны жақтаған азаматтар «ұрланған дауыстар үшін билікті сотқа бермедіңіз, халық сенімін ақтамадыңыз» деп сөкті.
Қазақстан президенттігіне кандидат ретінде тіркелген өзге кандидаттар штабының бақылаушылары сайлау процесіне байланысты заң бұзылғаны жайлы белсенді ақпарат таратқан жоқ.
Ал орталық сайлау комиссиясының қорытындысы Әміржан Қосанов штабының Алматы қаласы, Қарағанды және Маңғыстау облысындағы бақылаушыларының деректерімен сай келмейді. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Алматы қаласында Әміржан Қосанов – 8,57 пайыз, Қасым-Жомарт Тоқаев – 66,73 пайыз, Қарағанды облысында Қосанов – 17,49, Тоқаев – 70,12 дауыс, Маңғыстау облысында Қосанов – 32,73 пайыз, Тоқаев – 55,52 пайыз дауыс алған. Ал Қазақстан бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев – 70,96 пайыз, Әміржан Қосанов – 16,23 пайыз дауыс жинаған.
Өзін «оппозициялық тәуелсіз кандидат» деп атайтын саясаткер Әміржан Қосанов дүйсенбіге қараған түні экзит-полл қорытындысы шыққан соң іле-шала Тоқаевтың «қоғаммен диалог жүргізіп, өзгеше ойлайтындарға, әсіресе жастардың балама пікіріне төзіммен қарауға тағы да ниет танытып отырғанын» айтып, оны «жеңісімен» құттықтаған еді.
Қарай отырыңыз: Сайлау нәтижесіне қарсы шыққандарды полиция ұстады. (10.06.2019 жыл).
ПІКІРЛЕР