9-10 маусымда Алматы мен Нұр-Сұлтанда полиция президент сайлауына қарсы болған жүздеген адамды ұстады. Бұл оқиға шетелдік сарапшылардың назарынан тыс қалмады. Зерттеушілердің жазуынша, полиция ұстағандардың арасында құқық қорғаушылар, журналистер және шетелдік тілшілер бар.
11 маусым түнде Алматының Төле би көшесінде арнайы жасақтың жастарды қуған видеосы да желіде тарап кетті.
«Биліктің қолдан ұйымдастырған сайлауынан кейінгі кезең постсоветтік елдердің авторитарлы билігі үшін қауіпті уақыт болуы мүмкін. Болотный алаңындағы оқиғаны, Роза революциясын, Сарғылт және Барқыт революциясын еске алайық. Қазақстанда да өзгеріске уақыт келген сияқты» деп жазды АҚШ-тың Қазақстандағы алғашқы елшісі, америкалық зерттеуші Уильям Кортни.
Вашингтондағы ұлттық қорғаныс университетінің профессоры, Грузия, Қырғызстан мен Моңғолиядағы полиция қызметін реформалау бойынша сарапшы Эрика Мараттың ойынша, бір ай бұрын Қазақстан билігі жағдайды өзгертіп, қоғаммен диалог жүргізуге мүмкіндігі болған, бірақ қазір жағдай шегіне жетті.
«Қоғам мен полиция арасындағы қақтығыс жағдайды ушықтырды. Кейбір қоғам белсенділері қандайда бір өзгеріс болмайынша тоқтар емес» деді Эрика Марат.
Шотландияның Глазго университетінің Орталық Азия бойынша сарапшысы Лука Анческидің жазуынша, Назарбаев кеткен соң Қазақстан халқы саяси жүйеде өзгеріс болады деп ойлаған.
«Халыққа қолдан жасалған бюллетень мен «оппозиция» кандидатын ұсынды. Назарбаевтың мұрасы – тұрақсыздық пен қанау. Қазақстан тәуелсіздік алғалы 20 жылдан астам уақытта Жаңаөзендегі қантөгіс еске түседі. Ал Назарбаевсыз алғашқы сайлау наразылық, қамау, ұстаумен есте қалады. Ал билік сайлауға басқадай жоспар құрған еді...» деп жазды Анчески Twitter парақшасында.
Human Rights Watch (HRW) ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша зерттеушісі Мира Риттман 10 маусымда жариялаған мәлімдемесінде сайлау күнгі полицияның әрекетін «репрессияға» теңеді.
«Бейбіт митингіге шыққандарды жаппай ұстау Қазақстан үшін таңсық емес. Бірақ бұған дейінгі наразылықтар әлемнің назарына ілінбеген еді. Ал сайлау күнгі митингілерді халықаралық сарапшылар мен шетелдік БАҚ байқады» деп жазды Риттман ұйым сайтына жарияланған мәлімдемесінде.
Риттманның айтуынша, наразылық кезінде полиция шетелдік журналистерді ұстамайтын. Бірақ 9 маусымда Алматыда полиция AFP тілшісі Крис Риклтонды ұстады.
HRW зерттеушісінің дерегінше, Қазақстан сыртқы істер министрлігі араласқан соң полиция Риклтонды босатқан. Сайлау күні полиция Азаттық тілшілерін де ұстап, кейін қайта босатқан.
Мира Риттман 9 маусымда Алматыдағы Астана алаңында полиция норвегиялық Хельсинки комитетінің өкілі Мариус Фоссумды да ұстап, босатқанын еске салды.
«Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев журналистермен кездесуде халықтың айтқанын тыңдап, келіссөзге дайын екенін айтты. Бірақ полиция халыққа бейбіт түрде талаптарын айтуға мүмкіндік бермей жатқанда, Тоқаевтың уәдесіне сену қиын» деп жазды Риттман мәлімдемесінде.
HRW өкілі Қазақстан билігін халыққа өз ойын еркін айтып, бейбіт түрде митингіге шығуға рұқсат беруге шақырды.
Америкалық Foreign Policy журналының тілшісі Рэйд Стэндиш «Қазақстанның екінші президентіне наразылық шаралары ұнамайды» деген мақала жариялады.
Автор мақаласында «Қазақстанда билік транзиті қолдан ұйымдастырылғанын» жазды
«Назарбаевтың қазіргі мәртебесі елдің ішкі және сыртқы саясатына ықпал етуге мүмкіндік береді. Билікті сынайтындарға бұрынғыдай қысым жасалып жатыр» деп жазды Стэндиш.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Қазақстан билігі сайлау күні бейбіт митингіге шыққандарды ұстау арқылы «демократиялық стандарттарды сыйламайтынын көрсетті» деп мәлімдеді. ЕҚЫҰ Қазақстан билігі әлеуметтік, құқықтық және саяси реформа жасауы тиіс деп санайды.
Фото: Полиция наразыларды қалай ұстады? Алматы, 10 маусым 2019 жыл.
Қазақстан билігі маусымның 9-ы күнгі митингіні елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының "радикалды пиғылдағы өкілдері" ұйымдастырды деп мәлімдеген.
Маусымның 10-ы күні Нұр-Сұлтандағы баспасөз мәслихатында Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы мен ел астанасында "біршама азамат өз пікірін білдіру, наразылық және басқа мәселемен көшеге шықты" деп мәлімдеді, бірақ қанша адам және қандай талаппен шыққанын нақтыламады. Тоқаевтың сөзінше, кей азаматтар "лайықсыз қылық жасап, полиция қызметкерлерін арандатуға" барған, олар "сырттан алған ақпаратты пайдаланып, заңсыз іс-әрекеттерге итермелеген". Сонымен бірге ол полицияның мақтап, акцияларға қатысушыларды ұстау "қажет болғанын" айтқан. Оның пікірінше, елде азаматтардың "өз еркін білдіру бостандығы толық көлемде сақталып отыр".
Маусымның 10-ы күні кешке Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президент сайлауының түпкілікті қорытындысын жариялады. Ресми ақпарат бойынша, Қасым-Жомарт Тоқаевты дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 70,96 пайызы, Әміржан Қосановты 16,23 пайызы жақтаған.
ПІКІРЛЕР