Accessibility links

Виктор Храпунов сырттай 17 жылға сотталды


Виктор Храпунов
Виктор Храпунов

Алматы соты ерлі-зайыпты Храпуновтар мен оларға қатысты қылмыстық іс бойынша айыпталған он адамға сот үкімін оқыды.

Бүгін түстен кейін Алматы қалалық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында судья Қасым Қалмағамбетов "Храпуновтар ісі" бойынша айыпталғандарға сот үкімін оқыды.

Үкім бойынша, Алматы қаласының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов - 17 жылға, оның әйелі Лейла Храпунова - 14 жылға сотталды. Бұған қоса, сот Виктор Храпуновтың мүлкін тәркілеуді, Қазақстан президенті атына оның ордендері мен наградаларынан айыру туралы ұсыныс жасауды үкім етті.

Сот Храпуновтардың "сыбайласы" ретінде аталған Алматы қалалық әкімдігінің бұрынғы қызметкері, қазір шетелде жүрген Аяр Ілиясовты 5 жылға соттап, жазасын қатаңдығы жағынан орташа режимдегі колонияда өтеу туралы шешім шығарған.

“Храпуновтар ісі” бойынша сот процесінде үкімнің оқылып жатқан кезі. Алматы, 8 қазан 2018 жыл
“Храпуновтар ісі” бойынша сот процесінде үкімнің оқылып жатқан кезі. Алматы, 8 қазан 2018 жыл

Ал қалған тоғыз адам Қылмыстық кодекстің 69-шы бабының 1-ші тармағы бойынша, қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Бұлар: Яков Заяц, Ғабиден Қайымсұлтанов, Қуандық Бискультанов, Абай Сапаров, Алтай Қасымов, Серік Есмұқанов, Айнакүл Садықбаева, Абылайхан Қарымсақов және Абдул-Ғазиз Мұқашев. Бұл азаматтар Алматы қалалық әкімдігінде әр жылдары әртүрлі қызмет атқарған.

"250 МИЛЛИОН ШЫҒЫН КЕЛТІРГЕН"

Ерлі-зайыпты Храпуновтарға “қылмыстық топ құру", "алаяқтық", "пара алу" айыптары тағылған. Виктор Храпунов сонымен бірге “өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иелену” және "қызмет бабын асыра пайдалану" баптары бойынша айыпталған. Сот материалдары бойынша, олардың "қылмыстық әрекеттерінің кесірінен мемлекетке 250 миллион доллар көлемінде шығын келген".

Ал қалған азаматтарға "ақша жымқыру" және "қылмыстық топқа қатысы бары" туралы айыптар тағылған еді.

Шамамен екі айға созылған сот процестері басты айыпталушылар ерлі-зайыпты Храпуновтардың қатысуынсыз өткен.

Бұған дейін Швейцарияда тұратын ерлі-зайыпты Храпуновтар мен "олардың сыбайласы" деп саналатын Аяр Ілиясов Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросына тергеуге бірнеше мәрте шақырылғанмен келмеген.

400 ТОМДЫҚ ІС

Жергілікті ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, бұған дейін айыпталушылардың адвокаттары мерзімі өтіп кеткендіктен қылмыстық істі тоқтатуды сұраған. Бірақ сот бұл өтінішін қанағаттандырмаған.

Қыркүйектің 28-і күні өткен жарыссөзде прокурор Алмас Байбарақов Виктор Храпуновты 20 жылға, Ләйла Храпунованы 17 жылға соттауды, дүние-мүлкін тәркілеуді және мемлекеттік лауазымды қызмет атқару құқығынан айыруды сұраған еді. Прокурор сонымен қатар Қазақстан президенті атына Храпуновты ордендері мен наградаларынан айыру туралы ұсыныс жасаған.

Іске қатысты 212 куәгер тартылып, іс материалдары 400 томға жеткен.

Сот ерлі-зайыпты Храпуновтар мен Аяр Ілиясовты қамау туралы сырттай шешім шығарған. Ал қалған азаматтардан елден кетпеу туралы қолхат алынған болатын.

Азаттық тілшісі Виктор Храпунов пен Ләйла Храпуноваға хабарласуға тырысқанмен әзірге, жауап ала алмады.

Алматының бұрынғы әкімі, Қазақстанның бұрынғы энергетика министрі, 69 жастағы Виктор Храпунов қазір Швейцарияда тұрып жатыр. Храпуновқа және оның жақындарына Қазақстан билігі сыбайлас жемқорлық айыптары бойынша іздеу жариялаған.

Храпунов - БТА банкінің бұрынғы басшысы, 2009 жылдан бері шетелде жүрген Мұхтар Әблязовтің құдасы. Әблязовтің қызы экс-әкімнің ұлы Ілияс Храпуновқа тұрмысқа шыққан.

Мұхтар Әблязов та, Виктор Храпунов та өздерін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы шыққандықтан қудалап отыр деп біледі.

Қазақстан билігін Facebook-тағы парақшасында жиі сынайтын ерлі-зайыптылар жақында АҚШ сотының өздеріне қарсы Қазақстан билігінің шағымын кезекті рет қанағаттандырмай тастағанын хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG