Accessibility links

Көмірлі өлкеге газ тарту. Жұрт бағасын қымбатсынады


Көмірмен жылитын жеке меншік үйлерді желтоқсанның аяғынан бастап газ құбыры желісіне қосу жоспарланған. Теміртау, 16 қараша 2019 жыл.
Көмірмен жылитын жеке меншік үйлерді желтоқсанның аяғынан бастап газ құбыры желісіне қосу жоспарланған. Теміртау, 16 қараша 2019 жыл.

Қарағанды облысындағы үш қалада жеке меншік үйлерді газбен қамтамасыз ету жоспарланған. Үйін жергілікті шахталарда өндірілетін көмірмен жылытып үйренген тұрғындар газға қосылу бағасын қымбатсынады. Тау-кен және тау-металлургия кәсіпорындары қауымдастығы көмірден бас тартқысы келетіндерді газ бағасының қымбат болуы тежейді деп санайды.

ТҰРҒЫНДАРДЫ НЕ АЛАҢДАТАДЫ?

Көмір өндірісіне тәуелді Қарағанды облысында (әлемдегі ең ірі көмір бассейндерінің бірі орналасқан) тұрғындарды газ желісіне қосуға дайындық жүріп жатыр. Қызылорда облысынан басталатын газ құбыры Орталық Қазақстанға дейін тартылған.

Қарағанды өңірінде жеке сектор мен жүздеген көпқабатты үй көмір жағады. Совет одағы тарап, инфрақұрылым істен шыққаннан кейін орталық қазандықсыз қалған үйлерде тұратын халық көмірді жоғарғы қабатқа тасып, қолдан жасалған пешке от жағып жылынуға мәжбүр.

Қыстыгүні пәтеріне шелекпен көмір тасып жатқан егде адам.
Қыстыгүні пәтеріне шелекпен көмір тасып жатқан егде адам.

Аймақта газды әзірге тек тарату желілері құрылысы басталған үш қаладағы жеке меншік үйлерге қосатын болды. Билік өкілдері желтоқсан айының соңында Жезқазған, Қарағанды мен Теміртауда газ құбырына жақын орналасқан көшелердегі 300 үйге газ кіргізуді жоспарлап отыр.

Газға қосылу қаншаға түсетінін есептеп көрген жергілікті тұрғындар газды үйге кіргізу жұмысы мен тарифіне көп ақша керегін айтады. Газ тарифі әлі толық бекітілмегенімен, болжалды есеп бойынша, белгіленген бір текше метр газ бағасы 47 теңге (шамамен 12 цент) тұрады. Салыстырмалы түрде, Қазақстанның ірі қаласы Алматыда тұрғындар тұтынатын газдың текше метрінің бағасы 30 теңгеден төмен. Қарағанды облысында климатқа байланысты қыркүйектен сәуірге дейін жеті ай бойы от жағуға тура келеді.

- Мен төрт тонна көмірдің тоннасын 11 мың теңгеден сатып аламын. Одан бөлек, ағаш бар. Жылыту маусымына елу мың теңге жұмсаймын. Ал газға көшу бұдан да қымбатқа түсейін деп тұр. Жұрт үйіне газ тартуға келісу үшін, оның бағасы көмірден үш-төрт есе арзан болуы керек. Еліміз газды шеттен сатып алып отырған жоқ қой. Неге сонша қымбат екені түсініксіз, - дейді Теміртауда жеке меншік үйде тұратын Николай Поцелуев.

Жеке секторда тұратын зейнеткер Рабиға Дәріпбаева күлден құтылу үшін газға көшкісі келеді. Бірақ басқа тұрғындар сияқты ол да газ бағасын қымбатсынады. Зейнеткер бір айда газға кететін шығын көмір жаққаннан бірнеше есе қымбатқа түсетінін есептеп шыққанын айтады.

- Көмір лас, әрине, күлі жиналады. Бірақ газға қосылу үшін шамамен 300-600 мың теңге аралығында ақша керек. Осы дұрыс па? Зейнетақым - 60 мың теңге. Маған көмір жаққан тиімді. Өйткені көмір шығындарын бұрын зейнетке шыққанша жұмыс істеген зауытым өтейді. Біз шамалап есептеп көрдік: ай сайын газға отыз мың теңгенің үстінде ақша төлеуім керек екен. Билік өкілдерінің өзі қымбат екенін мойындап отыр. Зейнетақымның жартысын газға беріп, қалай күн көремін? - дейді Рабиға Дәріпбаева.

Тұрғындар билік өкілдерінің желтоқсан айының соңында газ беретіндерін, оған дейін үйлер дайын болуы керегін ескертіп, асықтырып жатқанын айтады. Бірнеше тұрғын газ қазандығын сатып алған, бірақ әлі оны орнататын адам таппаған. Билік өкілдері қалаға газ келген кезде сервистік ұйымдар өз қызметін ұсынатынын, қауіпсіздік мақсатында әр үйде табиғи және улы газға арналған аспап (сигнализатор) болуы керегін айтады.

Теміртау тұрғыны Елена Шутова. Қарағанды облысы, 16 қараша 2019 жыл.
Теміртау тұрғыны Елена Шутова. Қарағанды облысы, 16 қараша 2019 жыл.

- Біз газдан бас тартып отырған жоқпыз. Қорқынышты болса да, газ келгенін қалаймыз. Бірақ осы ақшаға бізді бұрын жылумен қамтамасыз еткен станцияға қосып берсе, жақсы болар еді. Өйткені газ бойынша ұсынған шарттары көбінің көңілінен шықпады. "Газ тасымалы қымбат, газ бағасы да сол үшін жоғары" деп жатыр. Газ Қызылордадан келеді, жол-жөнекей тұтынушы көп. Компанияның шығын көріп отырмағаны анық. Сондықтан бұл жерде тұтынушы тілегін де ескерген жөн. Өйткені тұрғындардың көбі - зейнеткерлер, көп балалылар мен аз қамтылған отбасылар, - дейді бір жылыту маусымына 70-80 мың теңге көлемінде ақша жұмсайтын Теміртау тұрғыны Елизавета Шутова.

ӘКІМ: "ТЕК ҚОРЫҚПАҢЫЗДАР!"

Билік өкілдері газ тартудың қымбатқа түсетінін мойындайды, бірақ оған көшкен соң ауа тазарып, көмір мен отын жағатын тұрғындардың коммуналды-тұрмыстық мәселелері шешіледі дейді. Желтоқсанның соңында жеке сектордың бірнеше көшесіне газ қосуды жоспарлап отырған Теміртауда шенеуніктер тұрғындармен кездесу өткізген.

Қараша айында өткен кездесуде Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов:

- Бізде қазір газ бағасы қымбат шығып жатыр. Тек қорықпаңыздар! Әзірге есеп бойынша, бір текше метр газ бағасы 47 теңге деп белгіленген. Сонда айына шамамен 40 мың теңге шығады. Есептеу кезінде 36 немесе 37 теңге қылуға қол жеткізсек, бұл біз үшін жақсы баға болады. Бізде тұрғын үйлерге арналған көмек қарастырылған, сондықтан шуламаңыздар, айқайламаңыздар. Қазір бастысы – газды көшелерге жеткізіп алу, ары қарай біртіндеп қосыла береміз. Кемшілік көп: біреудің пеші дайын болмай жатады немесе басқа мәселесі шығуы мүмкін, - деді.

Теміртаудағы орталық жылу жүйесі жоқ көпқабатты үйдің тұрғындары баспанасын қолдан жасалған пешке көмір жағып жылытады.
Теміртаудағы орталық жылу жүйесі жоқ көпқабатты үйдің тұрғындары баспанасын қолдан жасалған пешке көмір жағып жылытады.

Газға қосылу шығындары газ құрылғысының бағасына байланысты 350-600 мың теңге (900-1500 доллар) аралығында болады. Ресми статистика бойынша, Қарағанды облысында орташа жалақы - 172 мың теңге, яғни орташа республикалық көрсеткіштен 10 пайызға төмен. Азаттық тілшісі облыс шенеуніктерінен "Газ тарту кезінде аз қамтылған тұрғындарға жеңілдік беріле ме?" деп сұрады.

- Қазір тұрғын үй көмегін тағайындау деген мемлекеттік қызмет бар. Тіркелген тұрғылықты мекен-жайы бойынша тұратын, үйді қамтамасыз етуге кететін шығындары мен коммуналды төлемдері отбасылық табыстың алты пайызынан асатын (зейнет жасына жетпеген, жалғыз тұратын мүгедек азаматтарға - төрт пайыз) отбасыларға коммуналды төлемдер мен байланыс қызметтерінің шығынын мемлекет өтеп береді. Тұрғын үй көмегін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясында тіркетуге болады, - деді Қарағанды облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының өкілі.

Билік өкілдерінің сөзінше, газ кіргізу шығындарының жартысын құбыр құрылысына жауапты компания, жартысын тұрғындар өтейді.

- Құрылыс компаниясы өз есебінен газ құбырын үйге кіргізіп, есептегіш құрал қойылған жәшік орнатады. Үй ішіндегі газ құбырын орнату, табиғи және улы газға арналған аспап қою, құрылыс материалдары мен қазандық сатып алу шығындарын тұрғындар өз мойнына алады, - деді облыс әкімдігі өкілдері.

Есептегіш құрал қою мәселесі әлі толық шешілген жоқ. "Әлия-сервис" мердігер компаниясының директоры Әнуар Мардановтың айтуынша, бұл тұста техникалық мәселелер кездескен. "Жобасы жасалған есептегіш құрал 25 градустан төмен температурада жұмыс істемейді" деді ол.

БОЛЖАМ: КӨМІРГЕ СҰРАНЫС БІРДЕН ТӨМЕНДЕМЕЙДІ

Қазақстанның тау-кен және тау-металлургия кәсіпорындары қауымдастығы көмір өндірісімен айналысатын кәсіпорындар орналасқан өңірлерде тұрғындар көмірден толық бас тартады деп күтудің қажеті жоғын айтады.

- Көмірге деген сұраныс әлі де жоғары екенін түсіну керек. Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарына газ тартылса, Қазақстандағы энергетикалық көмір қолданысы 3,6 миллион тоннаға азайып, коммуналды-тұрмыстық көмір көлемі 2,9 миллион тоннаға дейін қысқарады деп болжап отырмыз. Халық бірінші кезекте газ кіргізу шығыны және ай сайынғы төлем қаншаға түсетініне назар аударады. Жеке үйлерге газ тарту жобасының қымбатқа шығып отырғанын ескеріп, алдағы үш жылда Қазақстанда коммуналды-тұрмыстық көмір қолданысын азайту баяу жүреді деп ойлаймыз. Біздің есеп бойынша, коммуналды-тұрмыстық көмір көлемін азайту бір сәтте жүзеге аспайды. 2020-2022 жылдары бұл көрсеткіш 1,5 миллион тоннаға қысқарады, - деді тау-кен және тау-металлургия кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец.

Теміртаудағы көпқабатты үйде тұратындардың көмір сақтайтын қорасы.
Теміртаудағы көпқабатты үйде тұратындардың көмір сақтайтын қорасы.

Қарағанды облысы әкімдігінің дерегінше, қазір өңір аумағында көмірді негізінен жылына орташа есеппен жеті миллион тоннадан астам көмір жағатын сегіз жылу электр станциясы тұтынады. Жағылған көмірдің тек бес пайызы ғана жеке тұтынушылардың үлесіне тиесілі.

2018 жылы Қазақстанның орталығы мен солтүстігіндегі өңірлерді газбен қамтамасыз ету мақсатында "Сарыарқа" газ құбыры магистралінің құрылысы басталған. 12 ай ішінде газ құбырының 1000 километрі салынған. Билік өкілдерінің жоспарына сәйкес, газ құбыры ондаған мың жеке үйді және болашақта жылыту маусымы кезінде Қарағанды облысындағы өндірістік қалалар сияқты қалың тұманның астында қалатын Нұр-Сұлтандағы қалалық қазандықтар мен жылу электр станцияларын газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Түтінге көмілген Нұр-Сұлтанға газ тарту кейінге қалды

Түтінге көмілген Нұр-Сұлтанға газ тарту кейінге қалды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:11 0:00


Қазақстанда жартылай негізде елдің оңтүстігі (негізінен Қытайға газ экспорттайтын инфрақұрылымның арқасында) және көмірсутек кен орындары орналасқан батыс өңірі газбен қамтылған. Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарына газ тартылмаған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG