Accessibility links

Қоқыстан шыққан дау. Доскей халқы күресіннен тараған улы түтінге тұншығып отыр


Қоқыс-қалдық төгетін полигондағы өрттен тараған түтін. Доскей ауылы, Қарағанды облысы, 30 маусым 2021 жыл.
Қоқыс-қалдық төгетін полигондағы өрттен тараған түтін. Доскей ауылы, Қарағанды облысы, 30 маусым 2021 жыл.

Қарағанды облысы Доскей ауылында ондаған гектар жерді алып жатқан қоқыс-қалдық төгетін полигон бизнес пен халық арасындағы дауға себеп болды. Жергілікті жұрт өрт, жағымсыз иіс пен қоршаған ортаның ластануын алға тартып, полигонды жабуды талап етеді. Ал оның иесі болса мұның артында өзінің кәсібін тартып алғысы келетін әлдекімдер тұр деп есептейді.

"БІЗ УЛЫ ТҮТІН, ОЛАР МОРАТОРИЙ ТУРАЛЫ АЙТАДЫ"

Бұхар жырау ауданындағы Доскей ауылы. Жергілікті халық бұл жерді ескіше "Зеленая балка" деп атайды. Ауылда шынымен жасыл-желек көп, көз ұшында көк майса жайылым жатыр. Ауыл халқы жақын маңда орналасқан қоқыс полигонында өрт жиі болатынын, одан тараған қолқаны қабатын түтін бүкіл аймақты басатынын айтып, алаңдайды.

Тұрғындарға полигоннан күл-қоқыс ұшатыны да ұнамайды. Егін егіп, мал жаятын далада полиэтилен пакеттер шынымен көп кездеседі. Желмен ұшқан пакеттерді бұл жақты мекендейтін суырлардың інінен де көруге болады.

Қоқыс полигонынан ұшқан целлофан пакеттерді осы маңдағы суыр інінің төңірегінен де кездестіруге болады. 29 маусым 2021 жыл.
Қоқыс полигонынан ұшқан целлофан пакеттерді осы маңдағы суыр інінің төңірегінен де кездестіруге болады. 29 маусым 2021 жыл.

– Шағым жазбаған жеріміз қалмады. Біз улы түтінді айтсақ, шенеуніктер мораторий жайлы жазады. Халықтың денсаулығына қауіп төніп тұрғанда бизнесті тексеруге қайдағы мораторий? Билік бізге назар аударуы үшін жаппай эпидемия болуы керек пе? Полигон жабық болуы тиіс, бірақ оның айналасы қоршаламаған. Жерді полигонға жалға беру туралы келісімшартқа сәйкес, билік шартта көрсетілген талаптардың орындалуын қадағалауы керек. Бірақ біз бақылау жүріп жатқанын көріп отырған жоқпыз, – дейді Доскей ауылында тұратын Жомарт Хамитжанов.

Ауыл халқының айтуынша, жаңбыр жауып, қар еріген кезде шұңқырларда жатқан қоқыстың иісі сіңген ылғал топыраққа шығады. Доскей халқы суды скважинадан алады, сондықтан олар жерасты суының сапасына алаңдайды.

Қоқыс полигонындағы өрттің түтіні Доскей ауылына қарай тарап жатыр. 30 маусым 2021 жыл.
Қоқыс полигонындағы өрттің түтіні Доскей ауылына қарай тарап жатыр. 30 маусым 2021 жыл.

– Жаңбыр жауса, бәрі топыраққа сіңеді. Қар ерігенде бәрі төменге, өзенге қарай ағады. Ағыстың төменгі жағында балалар лагері, Нұраға құятын Көкпекті өзені бар. Полигон ашылған кезде біздің пікірімізді ешкім сұраған жоқ, – дейді жергілікті тұрғын Александр Шатохин.

Доскей халқы қоқыс полигонына жақын тұратынын ойлап, көп нәрседен қауіптенеді. Азаттық тілшісіне көшеде кездескен Сергей Рекуц өзі тұрып жатқан ауылды журналистпен бірге аралап, халықтың неге қоқыс полигонының жанында тұрғысы келмейтінін түсіндірді.

– Бүкіл қоқыс ашық-шашық жатыр. Үсті-үстіне үйілген қоқысты жинап, жерге көміп жатқаны байқалмайды. Целофан пакеттер желмен ұшып, далада, жайылымдық жерде шашылып жатады. Оны сиыр жеп қоюы мүмкін. Осы полигонның кесірінен мал жаюға байланысты үлкен мәселе туып отыр. Биыл сәуірде мал жайып жүріп, қоқыстың жанып жатқанын көрдім. Халық әбден қиналды, жанған қоқыстан шыққан түтін ұзақ уақыт бойы сейлімеді, тіпті жайылып жүрген малымыз көрінбей қалатын. Демікпесі бар көршіме қиын болды. Бұл жерде тыныстайтын ауа болмады: біресе ақ, біресе қара түтін шықты. Қоқыс полигонына көрші тұру экологияға әсер етеді. Кейін балаларымыз бен немерелеріміздің жағдайы не болады? – деп уайымдайды Сергей Рекуц.

Күресіндегі қоқыс алыстан көзге түседі. Полигон маңында оқ-дәрі зауытының қоймасы орналасқан.
Күресіндегі қоқыс алыстан көзге түседі. Полигон маңында оқ-дәрі зауытының қоймасы орналасқан.

ҚОҒАМДЫҚ МОНИТОРИНГ ЖҮРГІЗУ ТУРАЛЫ ӨТІНІШ

Ауыл халқы биліктен қоғамдық мониторинг жүргізіп, полигон жұмысын тексеретін комиссия құруды сұрап отыр. Жұрттың шағымында жазда ауылдан жағымсыз иіс шығып, полигон маңына өте көп шыбын үймелейтіні, олардың әртүрлі инфекция таратуы мүмкін екені айтылған. Жергілікті халық полигонға тұрмыс қалдығынан басқа да нешетүрлі қоқыс төгілетінін айтады.

– Кәсіпорындардан да қоқыс шығады. Солтүстік жақтан жел соқса, қоқыс полигонының иісі келеді. Полигонда өрт болса, содан шыққан түтінді жұтамыз. Одан басымыз ауырады. Ал біз өмір сүргіміз келеді. Ауыл халқы әкім мен басқа да органдардан полигонды жабуға көмектесуді сұрап отыр, – дейді Доскей аулында тұратын Қоянбай Сағымбеков.

Өртеніп жатқан күресін және оның маңындағы қоқыс салынған қаптар. Қарағанды облысы, 30 маусым 2021 жыл.
Өртеніп жатқан күресін және оның маңындағы қоқыс салынған қаптар. Қарағанды облысы, 30 маусым 2021 жыл.

Жұрт жиі өртенетін қоқыс полигонының жанында оқ-дәрі зауыты барына назар аударып, ол адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін деп ескертеді. Олар шенеуніктер мен қоғам белсенділеріне жазған хатында осы мәселенің бәрін қамтыған.

Биыл сәуірде полигонда қатты өрт болып, ауыл мен даланы түтін басқан кезде (мұны тұрғындар түсірген фото және видеоматериалдар дәлелдейді) халық тағы да жергілікті биліктен тексеру жүргізіп, ауадағы зиянды қалдық мөлшерін өлшеуді сұраған. Елдің айтуынша, өрттен кейін ауа құрамындағы зиянды қалдықты анықтаған. Тексеру нәтижесі ауадағы зиянды заттар концентрациясы рұқсат етілген шекті шамадан аспайтынын көрсеткен. Бірақ халыққа бұл ұнамаған. Олар қоғамдық ұйымдар мен ақпарат құралдарына көмек сұрап жүгінген.

Доскей ауылында тұратын адамдар. Қарағанды облысы, 29 маусым 2021 жыл.
Доскей ауылында тұратын адамдар. Қарағанды облысы, 29 маусым 2021 жыл.

– Қарағанды облысында тұрмыс қалдығын төгетін полигондарға мониторинг жүргізумен айналысатынымызды білген адамдар бізден көмек сұрады. Осыдан кейін полигонды мұқият зерттей бастадық. Бірқатар заңбұзушылықты анықтадық. Полигонға тұрмыс қалдығы ғана емес, құрылыс пен өндіріс қалдықтары да төгілетіні белгілі болды. Полигон аумағы кеңейіп жатыр. Біз спутниктен түсірілген суреттерді қарадық: 2 километр 600 метр (ауылдың шетіндегі үйден полигон шекарасына дейінгі қашықтық), негізі одан көп болуы керек. Айналма арна, техниканы жууға арналған темір-бетон ванна, желді күні полигондағы қоқыстың ұшуына жол бермейтін қоршау керек. Қоқыстың далаға ұшып жатқанын көзіммен көрдім, – дейді "Қазақстан экология альянсы" қоғамдық бірлестігінің өңірлік директоры Серік Бектұрғанов.

Азаттық тілшісі ауыл халқымен сөйлескен күні қоқыс төгетін орынды көріп, әкімшілік өкілдерімен әңгімелесу үшін полигонға барды. Бірақ тілшіні бақылау-өткізу пунктінен ары кіргізбеді. Бірақ қоқыс-қалдықтың бір бөлігін полигон аумағына кірмей-ақ көруге болады.

Қоқыс полигонының шетін топырақ үйіп қоршап қойған. Қарағанды облысы, 29 маусым 2021 жыл.
Қоқыс полигонының шетін топырақ үйіп қоршап қойған. Қарағанды облысы, 29 маусым 2021 жыл.

Полигонның айналасында биік қоршау жоқ, тек топырақтан тұрғызылған қабырғалар ғана бар, оның өзі барлық жерде емес, ара-тұра кездеседі. Азаттық тілшісі осындай көрініске куә болды. Полигон маңынан жағымсыз иіс сезіледі. Қоқыс алаңының үстінде шыбын қаптап жүр.

ПОЛИГОН ДИРЕКТОРЫ: БҰЛ – СОҒЫС

Біз барғанда жұмыс орнында болмаған полигон директорымен күзет қызметі арқылы сөйлесудің сәті түсті. Ол Азаттық тілшісін ертеңіне кездесуге шақырып, полигонды аралатып, жағдайға байланысты пікірін айтуға келісті. Сол күні кешкісін жергілікті жұрт полигон тағы да өртеніп, ауыл улы түтінге тұншығып жатқанын хабарлады. Олар сөзіне дәлел ретінде фото және видеолар жіберді. Сол күні ауа райы ыстық еді, үп еткен жел жоқ, осының бәрі жағдайды одан әрі қиындатты.

Қоқыс полигонындағы өрттен тараған түтін Доскей ауылының үстін басып қалды. Қарағанды облысы, 29 маусым 2021 жыл. Азаттыққа ауыл тұрғындары жолдаған сурет.
Қоқыс полигонындағы өрттен тараған түтін Доскей ауылының үстін басып қалды. Қарағанды облысы, 29 маусым 2021 жыл. Азаттыққа ауыл тұрғындары жолдаған сурет.

Ертеңіне Азаттық тілшісі басшылықтан сұхбат алуға полигонға екінші рет барғанда қоқыс алаңынан әлі де түтін шығып жатқанын көрді. Полигон директорымен бірге қоқыс алаңын аралап жүргенде соның алдында ғана түтін бықсып жатқан жерден өрт шықты. Ұшқындап жанған от санаулы секунд ішінде лаулап, үлкен жалынға айналды. Бұл жақында болған, толық өшірілмеген кейінгі өрттің салдарына ұқсайды.

Полигон директоры Абай Зікіров ондағы өрт біреулер қасақана от қойғаннан шығады деп есептейді. Ол өртке "тапсырыс берушіні" табуды сұрап, полицияға арыз берген. Кәсіпкер президентке хат жазып, бизнеске "қысым жасап", мораторий туралы жарлықты айналып өтуге ресми құқық беретін жағдай қалыптасып келе жатқанын айтып, "шенеуніктер мен басқа да мүдделі адамдарға тоқтау салуды сұраған. Зікіров тұрғындардың полигонға тексеру жүргізу жайлы талабына қарсы. Ол бұған өзінің бизнесін тартып алғысы келген әлдекімдердің қатысы болуы мүмкін деп санайды.

Қоқыс полигоны директоры Абай Зікіров. Қарағанды облысы, 30 маусым 2021 жыл.
Қоқыс полигоны директоры Абай Зікіров. Қарағанды облысы, 30 маусым 2021 жыл.

– Біреулер от қойып кетеді, әр жолы "Тағы қай тұстан өрт шығар екен?" деп уайымдап отырамын. Биыл бірнеше рет өрт болды. Қазір ашық соғыс жүріп жатыр, – дейді қоқыс полигоны директоры Абай Зікіров.

Ол қоқыстың қағаз, пластик, әйнек пен темір сияқты бір бөлігі сұрыпталып, тағы бір бөлігі жерге көмілетінін айтты. Зікіров полигоннан қоқыс, оның ішінде пакет ұшады деген ақпаратты, жалпы алғанда, жұрттың барлық талабын жоққа шығарды.

– Бұл жерге жақын аудандар мен облыстан қоқыс әкеледі. Ұйымдар да, жекеменшік мекемелер де. Сұрыптауға келмейтін қоқысты шұңқырға көмеміз. Біраз уақыттан кейін үстіне тағы да топырақ сеуіп, жауып тастаймыз. Қазір қоқыс қалмады деуге болады: бәрі жанып кетті, төрт рет үлкен өрт болды. Қазір ресейлік фирмамен келісімге қол қойып жатырмыз. Олар бұл жерге станогын қойып, қағаз қоқысты престеп, дөңгелектерге айналдырады. Осыған дейін Алматыдан сатып алушылар келіп, әйнектерді алып кеткен. Әзірге олардан хабар жоқ,– дейді Абай Зікіров.

Полигон бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Аумағы ондаған гектар жерді алып жатыр. Қоқыс алаңын бір жағынан топырақтан тұрғызылған қабырға мен шұңқыр қоршаса, екінші жағынан трактормен итеріп, топырақтан бөгет орнатып жатыр.

Қоқыс полигоны аумағының шетіне топырақ үйіп, қоршау жасап жүрген трактор.
Қоқыс полигоны аумағының шетіне топырақ үйіп, қоршау жасап жүрген трактор.

БИЛІК: ЖҰРТ КӨПТЕН БЕРІ ШАҒЫМ АЙТЫП КЕЛЕДІ

Бұхар жырау ауданының билігі Доскей ауылы халқының полигонға тексеру жүргізіп, қоқыс алаңын жабуды талап етіп, бірнеше рет шағым айтқанын растады.

– Жұрт полигон мәселесін бірнеше жылдан бері көтеріп келеді. Ауыл шаруашылық құрылымдары да шағынып отыр. Өйткені полигонның айналасында игеруге жарамды жерлер бар. Жер өңделіп жатыр, ал полигоннан қоқыс ұшып, шаруа қожалықтарына кедергі келтіреді. Халық түтінге байланысты шағым айтып отыр. Сәуірде өрт болған кезде техногенді сипаттағы төтенше жағдай жариялауға тура келді, өйткені улы түтін Қарағанды қаласына қарай тарай бастады. Ал бұл халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді ғой. Полигон басшылығы қажет шараларды қолға алған жоқ. Біздің тарапымыздан ешқандай қысым жоқ. Халықтың денсаулығы мен экологияға қауіп төнгенде, реакция білдіру керек қой. Көктемде Доскей ауылы мен аудан әкімдігінен полигон директорына хат жіберіп, мұндай жағдай қайталанбауы үшін қажет шараларды қолға алуын сұрадық, – дейді Бұхар жырау ауданы әкімінің орынбасары Арман Дардақов.

Шенеунік атаған хатта әкімдік Доскей ауылының аумағында қалыптасқан жағымсыз экологиялық ахуалға, қоғамдағы наразылық пен әлеуметтік шиеленіске байланысты алаңдаушылық білдірген. Әкімдік хатында сондай-ақ "полигондағы қоқыс дұрыс сақталмайтыны", "жыл сайын көктем-жаз мезгілінде тұрмыс және өндіріс қалдықтары өртеніп, ауаға улы иіс тарайтыны" жазылған.

Полигонға кетіп бара жатқан қоқыс тиелген көлік. Қарағанды облысы, 30 маусым 2021 жыл.
Полигонға кетіп бара жатқан қоқыс тиелген көлік. Қарағанды облысы, 30 маусым 2021 жыл.

Осыған қарамастан, билік өкілдері қоқыс полигондары керек екенін, халық саны өскен сайын, қалдық көлемі де артатынын айтады.

– Қоқыс полигондары керек, бірақ олар экологиялық кодекске сай жұмыс істеуі тиіс. Заң бойынша қоқысты өңдеуге жіберу үшін сұрыптау қажет. Қазір бұл полигонда заң талаптары түгел сақталып отырған жоқ, – дейді Дардақов.

Маусымда үкімет отырысында сөйлеген экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзум Мырзағалиев Қазақстан өңірлеріндегі негізгі экологиялық мәселе ретінде қалдықпен жұмыс істеу жүйесінің кемшіліктерін атады.

"Тұтыну және өндіріс қалдықтарымен жұмыс істеу, оның ішінде қатты тұрмыс қалдығын төгетін полигондардың санитарлық және экологиялық талаптарға сай болмауы, қатты тұрмыс қалдығын өңдеу деңгейінің төмендігі және заңсыз салынған қоқыс алаңдары көкейкесті мәселеге айналып отыр" деді министр.

Экология министрлігінің дерегінше, елде қатты тұрмыс қалдығы төгілетін нысандардың жалпы саны – 3,3 мың. Олардың 80 пайызы санитарлық не экологиялық талаптарға сай келмейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG