Accessibility links

Қауіпті жүктің кідіруі. Қазақстан өндірістің улы қалдығын қайда жібереді?


Жүк таситын ұшаққа тиелген улы қалдық салынған контейнерлер. Қарағандылық эколог Дмитрий Калмыковтың жеке архивіндегі фото. Көрнекі сурет.
Жүк таситын ұшаққа тиелген улы қалдық салынған контейнерлер. Қарағандылық эколог Дмитрий Калмыковтың жеке архивіндегі фото. Көрнекі сурет.

Қазақстан Бельгияға құрамында аса улы заттар бар ондаған тонна өндіріс қалдығын жоюға жөнелтпек болған. Бірақ қауіпті жүк Қарағандыда апталап тұрып қалды. Бұл мәселені шешетін экология министрлігі улы қалдықты аттандыруға асығар емес.

"БҰЛ КОНВЕНЦИЯНЫ БҰЗЫП, БИЗНЕСКЕ КЕДЕРГІ КЕЛТІРЕДІ"

Қазақстандағы ірі өндіріс кәсіпорындарынан жиналған 118 тонна сұйық полихлордифенилден (ПХД) тұратын ондаған контейнер мен оны сақтайтын құрылғы қазір Қарағандыдағы қоймада қаңтарылып тұр.

Бұл хикаяның басталғанына едәуір болды. ПХД тұрақты органикалық улы затқа жатады. Аса улы әрі қауіпті болғандықтан әлемде бұл заттардың өндірісіне тыйым салынған. 20 жыл бұрын қол қойылған Стокгольм конвенциясы қатысушы мемлекеттерді бұл заттарды айналымнан шығарып, өз аумағындағы ПХД қалдығын 2025 жылға дейін жоюға міндеттейді.

Конвенцияға қосылған мемлекеттердің арасында Қазақстан да бар. Бірақ елде ПХД қалдықтарын жоятын зауыт жоқ. Ал экология заңнамасы мен мемлекеттің халықаралық міндеттемелеріне сәйкес, кәсіпорыннан шыққан қалдықтарды жою керек.

Бұл мәселені шешуге арнайы компаниялар, мысалы, "Қалдықтарды басқару жөніндегі қазақстандық оператор" көмектеседі. Қарағандыда бөгелген улы заттардан тұратын ПХД қалдығы тиелген жүк осы компанияға тиесілі. Кәсіпорын ПХД қалдығын Бельгияға жөнелтуден әлі де үмітті.

Екібастұз қаласындағы жоғары кернеулі жабдық. Зерттеу қорытындысы мұндағы бірнеше тонна майдың құрамында ПХД барын анықтаған. Улы майды Бельгияға жоюға жөнелтуге дайындаған. Қазір ол басқа жүкпен бірге Қарағанды қоймасында тұр.
Екібастұз қаласындағы жоғары кернеулі жабдық. Зерттеу қорытындысы мұндағы бірнеше тонна майдың құрамында ПХД барын анықтаған. Улы майды Бельгияға жоюға жөнелтуге дайындаған. Қазір ол басқа жүкпен бірге Қарағанды қоймасында тұр.

Директор Вячеслав Тюхтиннің айтуынша, осыған дейінгі бірнеше апта ішінде кәсіпорын ұлттық қауіпсіздік қызметі, бас прокуратура, жемқорлыққа қарсы күрес қызметі, бұрынғы және қазіргі президентке хат жазып, ұлттық қауіпсіздік пен экологияға қатер төніп отырғанын айтқан. Ведомство өкілдері компания шағымын жауапсыз қалдырған, я басқа органдарға сілтеумен шектелген.

– Бұл [Стокгольм] конвенциясын бұзу және кәсіпкерлікке кедергі келтіру болып саналады. Қазір қолымызда ресми рұқсат жоқ, белгіленген мерзім өтіп кетті. Бас прокуратура, ұлттық қауіпсіздік қызметі мен президент әкімшілігі көмектесе алмаса, басқа кімге баруға болады? Олардан жоғары кім бар? Ақылға сыймайтын жағдай, – дейді Тюхтин.​

Полихлордифенил несімен қауіпті?

Қазақстандық экологтардың пікірінше, қатардағы азаматтар полихлордифенил (ПХД) сөзінің астарында қандай қауіп жатқанын біле бермейді, ал елдегі кәсіпорын басшыларының көбі Қазақстанда жүріп жатқан ПХД қалдықтарынан арылу науқаны туралы естімеген.

– ПХД – әлем қауымдастығы айналымнан біржола алып тастау керек деп шешкен жалғыз заттар тобы. 1930-жылдары жасалған бұл заттар әлі күнге қоршаған ортада айналымда жүр. Қазақстанның Стокгольм конвенциясына қосылуына Өскемендегі зауыт конденсаторларынан шыққан ПХД затының Канада аумағынан табылуы себеп болды. Бұл заттар өте алысқа таралады, адам ағзасында жиналып, көп жүйені зақымдайды. ПХД отқа түскенде (улы заттарды жою процесін дұрыс жүргізбесе немесе өрт болса) улылығы мыңдаған есе артады. Бұл заттар диоксиндерге (осы уақытқа дейін табылған заттардың ішіндегі ең қауіптілерінің бірі) айналады, – дейді эколог Дмитрий Калмыков.

Оның дерегінше, әсіресе, ПХД қалдығымен ластанған, иесіз қалған өндіріс нысандарына, қауіпті қалдық үйілген жерге жақын маңда тұратын, сол аумақта жүрген аңның, балық пен жануардың етін жеп, сүтін ішкен адамдарға аса зор қауіп төнеді. ПХД-ның жоғары мөлшері ана сүтімен де беріледі. Бұл заттардың адам ағзасынан жартылай шығуына бірнеше айдан бастап 15 жылға дейін уақыт кетеді.

Тюхтиннің компаниясы арнайы қалдықтарды жоюға маманданған. Кәсіпорын қалдық жинаудан бастап, оны жою процесін бақылауға дейінгі барлық жұмысты атқарады. Осыған дейін ПХД қалдықтарын бірнеше рет шетелге шығарған. Директордың сөзінше, мемлекет бұған мүлде ақша бөлмейді. Тюхтин өзі басқаратын компания жөнелтпек болған қауіпті жүктің Қазақстанда тұрып қалуының астарында кәсіпкерлік жұмысына "қасақана кедергі келтіру" ниеті жатқан болуы мүмкін деп есептейді.

Эко-кәсіпкер Вячеслав Тюхтин.
Эко-кәсіпкер Вячеслав Тюхтин.

– Біз тапсырыс беруші кәсіпорындармен жұмыс істейміз: қалдықты жинаймыз, оны қаптап, шекара асырып, шетелдегі жойылу процесін бейнебақылау арқылы қадағалаймыз. [Осы жолы] қалдықты елден шығаруға қарсылық жасалып жатқан сияқты. Әйтпесе бұрын мұндай мәселе болған емес, ал дәл қазір осындай қиындық туып отырғанын басқаша қалай түсіндіруге болады? – дейді Тюхтин.

Кәсіпкердің айтуынша, Қазақстанда қалдықтарды жоюға арналған зауыт салу жоспарланған. Тюхтин қалдықты елден шығаруға байланысты қиындықтар осымен байланысты болуы мүмкін деп топшылайды.

Экология министрлігінің Азаттыққа жіберген жауабында "Қалдықтарды басқару жөніндегі қазақстандық операторға" қажет құжаттың бәрі, оның ішінде 2021 жылдың соңына дейін құрамында ПХД заттары бар 140 тонна қалдықты шекарадан алып өтуге рұқсат қағазы берілді" делінген.

Қазақстандағы өндіріс орындарынан жинап, арнайы ыдысқа салып, Бельгияға жоюға жөнелтуге дайындаған улы қалдықтар. 20 мамыр 2021 жыл. Пришахтинск, Қарағанды облысы.
Қазақстандағы өндіріс орындарынан жинап, арнайы ыдысқа салып, Бельгияға жоюға жөнелтуге дайындаған улы қалдықтар. 20 мамыр 2021 жыл. Пришахтинск, Қарағанды облысы.

Тюхтин министрлік жауабымен келіспейді. Оның айтуынша, құжаттар шынайы қолтаңба мен мөрсіз келген, ал мұндай қағаздар шекарадан өтуге жарамайды, көліктерді кеден бекетінде-ақ тоқтатады.

"ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚОЛЫНАН КЕЛЕ МЕ?"

Қазақстан экология министрлігі тұрақты органикалық улы заттар елдегі көкейкесті мәселеге айналып отырғанын жоққа шығармайды. Азаттыққа жолдаған жауабында министрлік Қазақстанда ПХД қалдықтарын жоятын зауыт салу жоспары барын да айтқан, бірақ қай жерде салынатынын және құрылыстың нақты қашан аяқталатынын жазбаған.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Серікқали Бірекешевтің Азаттыққа жолдаған жауабында "ПХД және тұрақты органикалық улы қалдықтарды жою мәселесін шешу мақсатында министрлік БҰҰ-ның өндірістік даму жөніндегі ұйымымен (ЮНИДО) бірлескен жобаны қолға алып жатыр. Жоба аясында 2021 жылы тұрақты органикалық улы заттары бар қалдықтарды жоятын зауыт салу жоспарланған" деп жазылған.

"Украина, Беларусь, Қазақстан мен Армениядағы озон қабатын бүлдіретін және тұрақты органикалық улы заттарды жоюды өзара келісіп басқарудың өңірлік, демонстрациялық жобасы" деп аталатын жобаның сипаттамасына сәйкес, зауыт құрылысын "ЭкоЛюкс-Ас" компаниясы салады. Ашық дереккөздердегі ақпаратта Степногорскіде орналасқан осы кәсіпорынның қалдықтарды жою және өндіріс қауіпсіздігіне сараптама жүргізумен айналысатыны жазылған.

Қазір ПХД қалдықтарын жоятын зауыттар Бельгия, Швейцария, Германия, Франция, АҚШ, Австралия мен Жапонияда бар. Бір килограмм қалдықты жою бағасы екі еуродан басталып, сегіз еуроға дейін барады.

Экологтар мұндай қалдықты жою технологиясының қиындығын ядролық энергетикамен салыстырады. Сондықтан кей сарапшы Қазақстанда мұндай кәсіпорын салу жобасына күмәнмен қарайды. Олардың арасында қарағандылық эколог Дмитрий Калмыков та бар. Ол осы уақытқа дейін көңілге сенім ұялататын есеп көрмегенін айтады.

– Бірнеше жыл бұрын Қазақстан Дүниежүзілік банктен несие алып, Павлодарда осындай зауыт салуға талпынып көрді. Бірақ ол зауыт табысты бола ма? Өйткені кейін несиені пайызымен қоса қайтару керек қой. Бастысы, мемлекет зауыттың қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеді? Бәрі сауатсыз жасалды, ешкім жұртқа жобаны түсіндірген жоқ, оларға жай ғана "қоғамдық тыңдау өтеді, зауыт салынады, онда тұрақты органикалық улы заттар жойылады" деп айтты. Бірақ павлодарлықтар патриоттық танытып, жобаға қарсы 100 мың қол жинады. Сол кезде өткен қоғамдық тыңдауға қатыстым. Жиынға мыңға жуық адам келді, көбі залға сыймай қалды. Олар көшеде тұрып "Бұл жақтан кетіңдер! Зауытқа жол жоқ!" деп айқайлады. Осы хикая тағы да қайталанғалы жатыр. Енді осындай зауытты Степногорскіден салмақшы. Менің ойымша, тендер ашық өтпеген, бұл қауіпсіздік мәселесі қалай болады деген алаңдаушылық туғызады. Бұл Қазақстанның қолынан келе ме? – дейді Калмыков.

"ЖАЙ ҒАНА КӨМЕ САЛДЫ"

Экологтар қауіпті қалдықтарды жою туралы айтпас бұрын, қолда бар қалдықты толық тексеруден өткізу керек, бірақ елде мұның өзі дұрыс жүргізілмейді деп есептейді.

– Қазіргі кезге дейін мың тоннаға жуық ПХД қалдығы шетелге шығарылды. Мемлекетте қауіпті заттардың нақты мөлшері туралы нақты дерек жоқ. Билік кәсіпорындарды тағдыр тәлкегіне қалдырып отыр. Ірі компаниялар қалдықты жою бойынша міндеттемесін орындайды, ал шағын кәсіпорындар қоқысты жай ғана бір жаққа апарып төге салады. Кей кәсіпорын жұмысшыларынан "бізде мынадай құрылғы бар еді, енді жоқ, оны көме салды" дегенді естимін. Ондай ізді өзім де көрдім. Атырау облысында мұнай өнімдері қалдығын өңдейтін, өз аумағында қауіпті қалдық барын білмеген жергілікті фирма аумағындағы топырақ үйіндісінен ПХД ізі табылған. Топырақтан алынған сынама онда полихлордифенил барын көрсеткен, – дейді эколог Калмыков.

Улы зат бары анықталған жабдықты орнынан алып жатқан адамдар.
Улы зат бары анықталған жабдықты орнынан алып жатқан адамдар.

Сарапшының дерегінше, ПХД қалдығы тиелген бірінші жүк Балқаштағы "Дарьял" радиолокация станциясынан шығарылған. Эколог бұл жағдай қауіпті заттарды утилизациялау процесінде бақылау жоғын дәлелдейтін мысалдардың бірі деп есептейді. Оның айтуынша, бірнеше жыл бұрын қауіпті қалдықтардың үштен екісі Еуропаға жоюға жіберілген, ал 30 пайызы Қазақстанда қалған: Балқашта қауіпті қалдықты контейнерлерге салып, Степногорскіге жеткізген, қазір олар құс фабрикасы мен көкөніс өсірумен айналысатын ірі жылыжайға жақын маңда сақтаулы тұр.

– "Дарьял" станциясының аумағы қираған күйде тұр, өйткені мемлекет ол жерде қалған ғимараттардың күзетін қамтамасыз ете алмады. Жергілікті халық ол жақтағы кірпішті тасып, ПДХ қалдықтарымен уланған материалдарды түгелдей бұзып алып кеткен. Бұл құрылғыны бұзған кезде жұмысшылар құрамында мысы бар бөлшектерді ұрлаған. Ол үшін құрылғыны сындырған, оның ішінен сұйық зат төгілген, қазір ол жер ластанған аумаққа жатады. Енді облыс бюджетінен бұл жерді қайта қалпына келтіруге ақша іздеп жатыр. Бәрін ақылмен істесе, қымбат тұратын жерді қалпына келтіру жұмысына ақша іздеп сабылмас еді, – дейді Калмыков.

Қазақстан экология министрлігі өндіріс қалдықтарын жоюға өндіруші кәсіпорындар толық жауапты екенін айтады.

Шетелге жөнелтілетін қауіпті қалдықты көлікке тиеу.
Шетелге жөнелтілетін қауіпті қалдықты көлікке тиеу.

Экология министрлігі жолдаған жауабында "Табиғатты пайдаланушылар өндіріс қалдығын тұрақты органикалық улы заттары бар қауіпті қалдықтарды өңдеп, жою технологиясы бар елдерге өздері шығарады. Жеке және заңды тұлғалар өз қызметінің нәтижесінде түзілген өндіріс және тұтыну қалдықтарына өздері иелік етеді және Қазақстан Республикасының заңында немесе келісімшартта басқа жағдай қарастырылмаған болса, түзілген сәттен бастап қалдықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты болады" деп жазған.

Министрлік 2020-2021 жылдар аралығында Қазақстан аумағында құрамында ПХД бар қалдықтарды төгу немесе көму фактілері тіркелмегенін мәлімдеді.

Қауіпті қалдықтарды жоятын зауыт құрылысының жоспарын жүзеге асыру қай кезеңде жүріп жатқанына қарамастан, қазір Қазақстанда ПХД қалдықтарын жоятын орын жоқ. Мәселені шешудің жалғыз жолы – мұндай материалдарды шетелге шығаратын "Қалдықтарды басқару жөніндегі қазақстандық оператор" сияқты жекеменшік арнайы экокәсіпорын қызметін пайдалану. Бірақ бұл компания жүз тонна қалдықты шетелге жеткізу үшін ұзақ уақыт күресіп жүргенімен, онысынан әзірге нәтиже болмай отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG