Астанаға Жаңаөзеннен тұрақты жұмыс беруді талап етіп келген 80-нен астам мұнайшының көбі бүгін пойызбен Маңғыстауға қайтуды ұйғарды. Бұл туралы Азаттыққа 12 сәуір күні таңертеңгі сағат 8-де мұнайшылар белсендісі Есенжан Әбдірахимов хабарлады.
– Келіссөз жалғасады, 10 адам қалды. Бар айта алатыным осы, – деді ол.
– Келіссөз қашан жалғасады?
– Бүгін жалғаспайтын шығар.
"Сіздерге қысым жасалған жоқ па?" деген сұраққа Әбдірахимов "жоқ" деп жауап берді. Ол сейсенбінің кешінде Астанада полиция энергетика министрлігінің алдынан күштеп алып кеткен наразы мұнайшылардың арасында зардап шеккендер бар-жоғын білмейтінін айтты.
Сәрсенбі күні таңертең әлеуметтік желіде жаңаөзендік мұнайшылардың Астанадағы теміржол вокзалының алдында түскен видеосы тарады. Қолында жүгі бар олар өздеріне қолдау білдірген халыққа алғыс айтып, мәселелері шешілетінін, Маңғыстауға қайтатынын мәлімдеген.
"Біз дін аманбыз, деніміз сау, балаларымыз түгел. Қазір, бұйырса, ауылымызға аттанамыз. 10 адам келіссөз өткізуге қалады. Еш уайымдамай, жұмыстарыңызды жалғастыруыңызға болады. Жаңаөзеннің, Маңғыстау облысының мұнайшыларына алғысымызды білдіреміз" деді видеода ондаған адамның алдында тұрып сөйлеген мұнайшылардың бірі.
"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта компанияның байланыс тобы мен "БерӘлі Маңғыстау Company" компаниясының өкілдері арнайы жұмыс комиссиясын құруға келіскені, ол комиссия Жаңаөзен мұнайшыларының жұмыс туралы талабын шешу мәселесін заң аясында қарайтыны айтылған.
Астанаға 10 сәуірде пойызбен жетіп, энергетика министрлігінің кеңсесі алдында түнеген жаңаөзендік мұнайшылар талаптары орындалғанша тұратынын мәлімдеген.
"ҚазМұнайгаз" бен "Өзенмұнайгазға" қызмет көрсететін "БерӘлі Маңғыстау Company" кәсіпорнында жұмыс істеген бұл адамдар "ҚазМұнайГаз" ұйымдастырған тендерде "БерӘлі Маңғыстау Company" жеңілгеннен кейін жұмыстан қысқарып қалған. "ҚазМұнайГаз" оларға жалақысын сақтай отырып, Кезби" және Ai-Bis компанияларынан жұмыс ұсынған. Бірақ олар бұл ұсынысқа келіспей, "тоғыз айдан соң тағы тендер өтіп, тағы да жұмыссыз қаламыз, бізге тұрақты жұмыс керек" деген талап қойған.
11 сәуір күні энергетика министрлігінің алдына түнеп шыққан наразы мұнайшылармен "ҚазМұнайГаз" өкілдері кездескен, бірақ екі жақ мәмілеге келе алмаған еді. Жаңаөзендіктер тұрақты жұмыс беру туралы талабы орындалмайынша тұрған жерінен тарамайтынын мәлімдеген.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев жұмыссыз жаңаөзендіктердің талабы туралы не деді?
Сейсенбі күні кешкісін полиция жасағы күштеп көлікке тиеп, алып кеткен жаңаөзендік мұнайшылардың жағдайын білуге Алматы және Сарыарқа аудандық полиция басқармаларына барған белсенділерді полиция ұсталған адамдарға жолықтырмады.
Полиция алып кеткен жаңаөзендік мұнайшылардың екеуінің видеоүндеуі өткен түні әлеуметтік желіде тараған. Видеода сөйлеген "БерӘлі Маңғыстау Company" компаниясының бұрынғы жұмысшылары Жолмұрат Лұқпан мен Нұрсұлтан Нұрымұлы "көбіміз бүгін пойызбен, кейбіріміз ертең ұшақпен Маңғыстауға қайтатын болдық" деп хабарлады. Олардың сөзінше, Астанада мұнайшылардан бес адам қалып, "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясымен және энергетика министрлігімен келіссөз жүргізіп, келісімшартты талқылаймыз деп келіскен.
Алматы аудандық полиция басқармасының алдында таңғы сағат 4-ке дейін тұрған Азаттық тілшісіне билік ұсталғандар туралы ақпарат бермеді. "Билік пен "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының өкілдері мұнайшылармен келіссөз жүргізіп жатыр екен" деген бейресми ақпарат тарады, алайда оны растау мүмкін болмады.
12 сәуір күні таңертең Астанадағы бұрынғы теміржол вокзалына барған Азаттық тілшісі Астанадан Маңғыстауға сағат 08.57-де шығатын жолаушы пойызына қосымша ескілеу үш вагон тіркелгенін, сол маңда полиция қызметкерлері көп жүргенін көрді.
Жаңаөзендіктер мінген пойыз жергілікті уақыт бойынша сағат 9-да Астанадан Маңғыстауға жолға шықты. Кесте бойынша, пойыз діттеген жерге 49 сағат жүріп жетеді.
ЖАҢАӨЗЕНДЕ НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?
Маңғыстаудағы Жаңаөзен қаласында сәрсенбі күні таңертеңгі сағат 7-де (Астана уақытымен сағат 8) полиция адамдарды ұстап әкетіп жатыр деген ақпарат тарады. Азаттыққа түскен видеода арнайы жасақтың формасына ұқсайтын қара түсті киім кигендер шалт қимылдап, көшеден әлдекімдерді ұстап, көлікке күштеп салып жатқаны байқалады.
11 сәуірде Жаңаөзендегі орталық алаңға жиналған жүздеген адам биліктен Астанада ұсталған мұнайшыларды дереу босатуды және олардың мәселесін шешуді талап еткен. Талабы орындалғанша тұратынын мәлімдеген олардың видеосы әлеуметтік желіде тараған.
Жаңаөзен қаласы мен Маңғыстау облысының басшылары тұрғындарды "сабыр сақтауға", "арандатуға ермеуге" шақырып, видеоүндеу жасаған. Жергілікті билік жұмыс талап еткен мұнайшылармен келіссөз жүргізіледі деп хабарлаған.
Жылдар бойы шешілмей келе жатқан әлеуметтік проблемасы көп Жаңаөзенде наразылық жиі болады. Қазақстанның батысындағы мұнайлы өңірде орналасқан моноқалада жұмыссыздық деңгейі жоғары. Өткен аптада ондаған әйел жұбайлары мен балаларын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуді талап етіп, наразылық акциясын өткізген. Ал бұрынғы жұмыс орнынан қысқарған жүздеген мұнайшы жергілікті "Өзенмұнайгаз" компаниясының кеңсесі алдына жиналып, жұмыс беруді талап еткен.
2011 жылы Жаңаөзенде мұнайшылардың жеті айдан астам уақытқа жалғасқан ереуілін билік күш қолданып басқан, полиция наразылар тұрған алаңдағы адамдарға жаппай оқ атқан. Жаңаөзен оқиғасы кезінде кемінде 17 адам қаза тапқан.
Былтыр қаңтардың басында Жаңаөзен тұрғындары сұйылтылған газдың күрт қымбаттауына қарсылық білдіріп, шеруге шыққан. Оларды өзге өңірлерде халық қолдап, наразылық ірі қалалар мен өзге де елді мекендерге тараған. Халық толқуы кейін дүрбелеңге ұласып, бірнеше қалада мемлекеттік және жекеменшік дүние-мүлік бүлінді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елге шетелде жаттыққан "террористер" шабуыл ұйымдастырды деп, күш құрылымдарына ескертусіз атуға бұйрық берді. Елде тәртіп орнату үшін Ресей үстемдік ететін Ұжымдық қауіпсіздік шарт туралы ұйымның әскерін шақырды. Қаңтар оқиғасынан кемінде 238 адам қаза тауып, 4500-дей адам түрлі жарақат алды.
"Қауіп-қатерді бағалау тобының" жетекшісі, саясаттанушы Досым Сәтпаев мұнайшылар наразылығын ондаған жыл бойы тәуелсіз кәсіподақты жоюмен айналысып, экономиканы олигархтардың, ұлттық компаниялардың, квазимемлекеттік құрылымдардың және өзіне етене жақын топтардың қолына беріп қойған билік саясатының салдары деп сипаттайды. Ол пікірін Instagram-дағы парақшасында жазды.
"Халықта өз проблемасын шешудің жалғыз амалы қалғанына биліктің таңғалатын жөні жоқ. Ол – алаңға шығып, билікке талап қою. 2011 жылы Жаңаөзенде солай болған. Қазір де сол болып жатыр. Алда да солай бола береді. Кәсіподақтан бастап БАҚ пен партияларға дейін көптеген тәуелсіз институттың пайда болуы мен дамуына жол бермей келе жатқан билік жағдайды бақылауда ұстап отырмыз деп ақымақ ойлайды. Бірақ онысы – кезекті рет өзін-өзі алдау ғана, өйткені әлеуметтік қазанға жиналған бу ерте ме, кеш пе, қақ жарып, бәрібір сыртқа шығады" деп тұжырған саясаттанушы.
ПІКІРЛЕР