23 қаңтар күні Алматыда жер әдеттегіден қаттырақ сілкініп, елді дүрліктірді. Бұл оқиға кең ауқымдағы табиғи апатқа қала билігі мен тұрғындар қаншалықты дайын деген әңгімені қайта қоздырды. Жұрт әсіресе төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің ерте хабарлау жүйесі дұрыс жұмыс істемегенін, СМС-хабарламалар дер кезінде түспегенін де сынға алды.
Жер бірінші рет сілкінген сәтте Алматы тұрғындары жапа-тармағай үйден сыртқа қарай жүгірді, кейбірі тіпті сырт киімін де кимеген қалпы атып шықты. Қаладан шығып кетуге тырысқандар да көбейді, жол бойында көлік кептеліп, жанармай бекеттерінде ұзын-сонар кезек пайда болды.
Алматылықтар төтенше жағдайлар департаменті уақытында хабарлама жібермеді деп ашуланды: СМС-хабарлама келмегенін, дабыл жүйесі жұмыс істемегенін айтып сын айтты. ТЖД мұны "үрей тудырғымыз келмеді" деп түсіндірді. Бір күннен кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы азаматтық қорғаныс жүйесі жер сілкінісіне дайын болмады, "сын сағатта құзіретті органдар апаттың алдын алуға дайын емесі байқалды" деп мәлімдеді.
Ал 8 ақпанға қараған түні Алматының "Таусамал" ықшамауданында лай көшіп, тұрғын үйді тып-типыл қылды. Үйде тұрып жатқан төрт адам үйінді астында қалып, мерт болды. ТЖД хабарламасында лай көшкініне су құбырының жарылуы салдарынан топырақтың шамадан тыс ылғалдануы себеп болғаны айтылған.
Осы екі оқиға Алматыдағы құрылыс нысандарының жай-күйі туралы әңгіме қозғауға түрткі болды. Оған қоса, мамандар қалада салынған үйлер құрылыс заңдары талаптарын сақтамастан тұрғызылғанын, оның аяғы қайғылы жағдайға апарып соғуы мүмкін екенін көптен бері айтып, дабыл қағып жүр.
"ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖОҚ"
– 23 қаңтар күнгі жер сілкінісі көптеген проблеманың бетін ашты: СМС-хабарлама келмеді, адам жиналатын орындардың кейбірі жабық тұрды, апат болған жағдайда не істеу керегін білмей абдыраған, ондайға дайын болуды үйренбеген халықтың іс-әрекеті қауіпсіздік ережелеріне қайшы келіп жатты.
– Жер сілкінісі ешқандай жаңалық ашқан жоқ, тек бұрыннан келе жатқан проблемаларды аймандай етті: билік те, халық та мұндай апаттарға дайын емесін көрдік. Бірақ ең қорқыныштысы, бізде төтенше жағдай инфрақұрылымы жоқ. Егер дайын инфрақұрылымың болмаса, жер сілкінісінен кейін халыққа қалай хабар жеткізу керек, азаматтар қайда жиналуы керек, адамдарды қаладан қалай шығару керек деген сияқты іс-әрекеттердің мәні болмай қалады.
Былай елестетіп көрейік: қалада күші жеті-сегіз балға тең жер сілкінісі болып, ғимараттардың біразы толықтай, енді біразы жартылай қирап қалды делік. Зәресі ұшқан адамдар сыртқа шығып, үйінің жанында үрпиіп қарап тұр. Ішке кіруге болмайды, өйткені ғимарат аман қалды ма, әлде ілініп әрең тұр ма, белгісіз.
Халық, мәселен, мектеп маңы сияқты адам жиналатын бір жерде топтасып тұр. Сосын не болады? Ары қарай бұл адамдарды бір жерге орналастыру, тамақтандыру, жедел түрде паналайтын орындар – шатырлар, киіз үй, лагерьлер тігу керек. Бірақ қалада электр жарығы да, су да жоқ – бәрі өшіп қалған. Демек, жиналатын орын дегеніміз жай ғана жұрт жиналатын алаң емес, оған қоса қажет заттардың, ең бастысы, ауыз су қоймасы болуы керек.
Құтқарушылар келіп жеткенге дейін адамдар аман қалуы үшін барлық инфрақұрылымды дайындау керек. Құтқарушылардың қаншалықты тез жете алатыны да – үлкен мәселе. Мұндай үлкен ауқымдағы құтқару операциясын қалай ұйымдастыруға болатынын, дайындыққа қаншалықты көп ақша жұмсалатынын елестетудің өзі қиын. Бірақ біздің қаланың билігі оны ойламай, жазық жерге таза қала саламыз деп қиялдап жүр (қаңтарда Алматының жанынан Алатау деп аталатын жаңа қала пайда болған – ред.). Сондықтан олардан жақын арада төтенше жағдайлар инфрақұрылымын қамтамасыз ететіндей маңызды іс-қимыл күтпеймін.
ЖЕР СІЛКІНІСІНЕ ҚАНДАЙ ҒИМАРАТ ТӨТЕП БЕРЕДІ?
– Алда-жалда жер қаңтар айындағыдан да қатты сілкінсе, қандай ғимарат аман қалады, қайсысы қирайды деген гу-гу әңгіме қайта басталды. Алматының тұрғын үй қорын сейсмикалық тұрақтылығы жағынан қалай бағалайсыз?
– Мен оны шартты түрде төрт топқа бөлемін: жеке сектор, 1960 жылдарға дейін салынған ғимараттар, 1960 жылдар мен 1990 жылдардың басына дейін тұрғызылған үйлер және 1990 жылдардан бастап қазір салынып жатқан жаңа ғимараттар.
Ең қауіптісі – сейсмикалық нормалар пайда болғанға дейін, яғни 1960 жылдардың ортасына дейін салынған ғимараттар. Олар қатты жер сілкінісіне төтеп бере алмайды, көпшілігінің іргетасына кесек тастар пайдаланылған (әртүрлі көлемдегі үлкен, біркелкі емес тастар – ред.), қабырғасын арматура салмай тастан қалаған, ондаған жылдар бойы тұрған ағаш едені шіріп кеткен. Мұндай ғимараттарды бұзып, орнына жаңасын салу немесе күшейту керек. Бірақ бұзу мен жаңасын салғаннан гөрі ондай ғимаратты күшейткен қымбатқа түседі. Әрине, мұндай ғимараттар сапалы салынуы мүмкін, бірақ қазіргі заманғы дизайн тұрғысынан алғанда олардың жобалық шешімі тиімсіз.
– Жұрттың көбі совет кезінде салынған үйлер қазіргі көп қабатты үйлерден әлдеқайда берік деп есептейді. Мұндай пайым қаншалықты дұрыс?
– Қазіргі өлшеммен алсақ, 1980-жылдары салынған үйлер бәрібір ескірген, бірақ 1960-жылдарға дейінгі ғимараттармен салыстырғанда, әрине, өте берік. Ал 1990-жылдардың құрылысы бір түсініксіз кезеңге тап келді, өйткені ол кезде ешқандай бақылау болған жоқ және сол бейберекет құрылыс 21-ғасырда ғана реттеле бастады.
Алматыдағы ғимараттар туралы айта бастасам кейбіреулер жақтырмайды, өйткені олар қазіргі 16 қабат үйлер қауақ сияқты бірінші кезекте қирайды дегенді естігісі келді. Олай емес. Біздің 12 және 16 қабат үйлер – монолитті қорап. Бұл құрылыс нысандарын ескі советтік үймен салыстыру – қазіргі заманғы автокөлікті ескі арбамен салыстырғанмен тең.
Оның үстіне, есептеу коэффициенті жыл сайын өзгеріп отырады. Бұл ғимаратты жобалау кезінде есептелетін нормативтік көрсеткіш: олар белгілі бір жағдайда ғимарат беріктігін қалай сақтайтынын модельдейді. Осыған сүйене отырып, құрылымның түрі, арматура пайызы және т.б. жасақталады. Менің ойымша, осы есептеу коэффициентінің арқасында қазіргі заманғы ғимараттарға өте көп мөлшерде құрылыс материалдары жұмсалады, сондықтан оларды күшті деп айтуға болады. Әрине, олардың бәрі шынымен де сапалы салынған деп айта алмаймын, дегенмен қазіргі заманғы ғимараттар басқалармен салыстырғанда жер сілкінісіне шыдас береді.
"ТЕХНИКАЛЫҚ БАҚЫЛАУ АКТІЛЕРІ АШЫҚ БОЛҒАНЫ ЖӨН"
– Құрылыс сапасына қатысты проблемалар неден туындайды?
– Ең алдымен, ғимараттың сапасын тексеретін техникалық бақылаудың дұрыс болмауынан дер едім. Құрылыстың технологияларды сақтап салынуын бақылау, көзге түспейтін жұмыстарды актілеп отыру керек. Өйткені, сыртына бетон құйып тастайтындықтан арматура қалай өрілгенін көрмейміз. Арматураны қайдан алғанын, қай жақта өндірілгенін, бетонның қайдан келгенін, кейін зертханаға сараптамаға жіберіп, беріктігін анықтау мақсатында неше текше метр бетон құйылғанын бақылау қажет.
Құрылыс сапасын қадағалайтын техникалық бақылау, негізінен, тәуелсіз болуы керек, сондықтан оны мердігер емес, негізгі тапсырыс беруші жалдайды. Бірақ көбіне негізгі тапсырыс беруші мен мердігер іс жүзінде бір тұлға болып шығады да, техникалық бақылау олардың жұмысын формалды түрде ғана қадағалайтын "әмиянға" айналады. Содан келіп, құрылыс сапасына қатысты күмән туындайды.
Әсілі, техникалық бақылау актілері, құрылыс, арматура төсеу, бетон құю видеолары – бәрі құрылыс нысанына арналған сайттардың бірінде ашық дереккөз ретінде тұрса, оған бақылайтын бәсекелес фирмалар кіріп, тексеріп, шұқшиып қарап, тіміскілеп, егер қандай да бір құрылыс заңдарына қайшы әрекеттер байқалса, оны ашық айтса дұрыс болады.
Құрылыс компаниясы үшін бұл керемет маркетинг қадам. Өйткені егер ол ғимаратты шынымен барлық талаптарға сай тұрғызса, пәтерлері де басқалардан қымбат болғанына қарамастан жылдам сатылып кетер еді. Себебі құрылыс компаниясы өз нысанының сапалы екенін әрбір сатысын көрсете отырып дәлелдей алады.
Құдайға шүкір, бізде әйтеуір құрылыс нормативтері бар, бірақ бұл салаға өзгеріс керек. Өйткені жаңа технологиялар пайда болып жатыр, ал нормативтер оған сай емес.
Әрине, Қазақстанның құрылыс нормалары да үнемі өзгеріп отырады, бірақ бұл нормативтерге жаңа технологияларды енгізіп отыратын ғылыми орта өте қатты ескірген. Ол нормативтерді халықаралық стандарттарға сай ұдайы өзгертіп отыруға қабілетсіз. Бұл дегеніміз ауқымды жұмыс, бір әттең-айы, елімізде ол жақсы дамып жатқан жоқ.
Оған жарқын мысал – ғимараттардың сейсмикалық төзімділігі. Дүние жүзінде жобалаушылар әдетте екі әдіспен сейсмикалық тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Оның бірі – дәстүрлі әдіс. Мұнда тірек құрылымының беріктігі маңызды рөл атқарады. Екіншісі – балама әдіс. Бұл әдіс бойынша құрылыста сейсмикалық оқшаулағыш деп аталатын нәрсе қолданылады. Ол ғимараттың тірек құрылымына кіріктірілген, жер сілкінісі қуатының едәуір бөлігін өзіне қабылдайтын арнайы құрылғы. Бір сөзбен айтқанда, сейсмикалық оқшаулағышы бар ғимараттар иілгіштігінің арқасында сейсмикалық тұрғыдан берік болады.
Жапония сияқты елдерде сейсмикалық оқшаулағышты жиі қолданады: оқшаулағыштар ғимаратты селкілдетіп-дірілдетпей ұстап тұратынын былай қойғанда, компьютерге жалғанып, автоматтандырылған, сондықтан олар бір-бірімен байланыста жұмыс істейді. Сол себепті олар биік үйлер тұрғызады. Мұндай үйлер әрлі-берлі қозғалса да, еш зақымданбайды.
Қазақстанда қолданыла бастаған сейсмикалық оқшаулағыштың ең қарапайым түрі – металл тіректер. Меніңше, жуырдағы жер сілкінісінен кейін оларды жиірек пайдалана бастайды. Негізінде, мұны бұдан 20 жыл бұрын бастау керек еді. Өйткені бұл әдіс сол кездің өзінде-ақ стандартқа айналған-тын. Алайда біздікілер сол дәстүрлі әдістен айнымады. Бір жағы, сейсмикалық оқшаулағыштардың қолданысқа енбеуінің себебі – нормативтер жасау ұзаққа созылды. Бұл – Қазақстанда сейсмикалық тұрақты үй құрылысын айтарлықтай дамытатын әдіс.
"ЖЕКЕ СЕКТОРДА ӘРКІМ ӨЗІ САЛҒАН ҮЙ КӨП"
– Жеке секторға қатысты не айтасыз? Бір қабатты үйлер жер сілкінген кезде құламайды немесе, ең болмағанда, адамдар аулаға шығып үлгеретіндей уақыт болады дегенді жиі естимін.
– Жеке секторды бөлек топқа жатқызған себебім де сол. Ол жақта құрылыс алуан түрлі. Алматының маңайындағы көптеген үйді жобалаған адам ретінде айтсам, жеке секторда сәулетші мен инженер-құрылысшы жобалап, білікті құрылысшылар тұрғызған үйлер аз емес. Бірақ көбі, тіпті басым бөлігі – әркім өз бетінше салған үйлер. Іргетасын орнату, арматурамен өру, бетон құю дегеннің қандай болатынын түсінбейтін, біліксіз бригадалар қалай болса солай салған.
Жер сілкінісе, жеке секторда, әсіресе ол жаққа жету мәселесінде өте көп проблема болуы мүмкін. Өйткені Алматының айналасында, әсіресе қаланың жоғарғы бөлігінде үйлерді бір-біріне иін тірестіріп өте тығыз салып тастаған, өрт сөндіретін мәшине кері бұрыла алмайтындай қоршаулар арасындағы көшесі тар, бұрын саяжай болған аудандар өте көп. Олардың қоршауы да дұрыс салынбаған: іргетасы бар қоршауды сирек кездестіресің. Оған қоса қоршаудың көпшілігі тірек қабырғасының қызметін атқарады, яғни бір жағын үнемі жер қысып тұрады. Жер сілкінген жағдайда бұл әлсіз конструкциялар түгел қирап, құтқарушылардың жолын бөгеп тастайды.
– Оған қоса көшкін де қауіп төндіреді. Жуырда ғана ылғал топырақ құлап, Алматының жоғарғы бөлігіндегі үйді қиратып, бүкіл отбасын үйінді басып қалды.
– Су – Каменское үстірті немесе Бағанашыл сияқты тау бөктеріндегі аудандар үшін ең зор қауіп. Ал біз дәл сол биік бөктерге үй тұрғызғыш болып алдық.
Бұл қалағанымызды тұрғыза беретіндей тау жынысы емес, үлкен сазды жер ғой. Балшық құрғақ болса ғана жақсы, бірақ ол жерде жағдай басқаша, себебі ол аумаққа әлі кәріз жүйесі толық жүргізілмеген. Адамдар шайынды суды ағызбай, шұңқыр қазып, соған төгеді. Лас суды соратын ассенизаторды жиі шақырмас үшін әлгі шұңқырды су өтпестей бітеу етіп жасамай, кей тұсынан әдейі саңылау қалдырып қояды. Су жерге сіңіп, уақыты келетін сәтке дейін жинала береді. Сөйтіп жер төтеп бере алмаған кезде көшкін жүреді. Мұндайда үйді қаншалықты берік және сапалы салғаныңыз маңызды емес. Ол керемет жоспарланған болуы мүмкін, бірақ ондай беткейлерді нығайтудың ешқандай инженерлік әдісі жоқ, өйткені анадай үлкен көлемдегі топырақты ештеңемен ұстап тұра алмайсыз.
Қаланың жоғарғы бөлігіндегі аудандарға ең дұрысы – ағаш отырғызу, олардың тамыры топырақты қозғамай ұстап тұруы үшін, жердің үстіңгі жағындағы судан жұмсармып, жылжып кетпеу үшін оған тиіспеу керек. Совет заманында солай істейтін. Енді бұл аудандарға не істеу керегін де білмеймін. Дұрысы, оларды басқа жаққа көшірген жөн болар еді, бірақ дәл қазір түгел көшіру мүмкін емес. Сондықтан тым болмағанда оларды кәріз жүйесіне қосу қажет. Шынымды айтсам, тауға үй салуға болмайтынын біле тұра үй тұрғызған адамның не ойлағанын түсінбеймін.
ПІКІРЛЕР