Accessibility links

Жапония жиі болатын зілзалалардан адамдарды аман алып қалу үшін не істеп жатыр?


Жапониядағы жер сілкінісінен бүлінген ғимарат. Исикава префектурасы, 2 қаңтар 2024 жыл.
Жапониядағы жер сілкінісінен бүлінген ғимарат. Исикава префектурасы, 2 қаңтар 2024 жыл.

Жапонияның Исикава префектурасында 1 қаңтардағы магнитудасы 7,6 жер сілкінісінен 70-тен аса адам қаза тапты. Бірақ сарапшылар 7 баллдық мұндай үлкен зілзала басқа елде болса, ондаған мың адамның өмірін алар еді деп болжайды. Жапондар үлкен зілзалалардан барынша көп адамның өмірін сақтап қалу үшін не істеп жатыр?

Бәрі 1923 жылы Канто жер сілкінісінен басталды. Магнитудасы 7,9 зілзала Токио мен Йокогаманың бір бөлігін жойып жіберген. 140 мыңнан аса адам қаза тапқан. Сол кезде кірпіштен салынған ғимараттардың басым бөлігі қираған еді. Осыдан соң жапондар биік ғимараттарды темір мен бетоннан тұрғызады. Ағаш үйлерді қалың бөренеден салады. Зәулім ғимараттардың астына қозғалмалы іргетас қалайды. Яғни, жер сілкінгенде билік үйлердің іргетасы да тербеліп, зілзалаға төтеп береді.

1923 жылы Канто жер сілкінісінен қираған Токио қаласы.
1923 жылы Канто жер сілкінісінен қираған Токио қаласы.

Ал биіктігі 634 метрлік Tokyo Skytree (Токио скайтри) ғимаратының ортасына қозғалмалы діңгек орнатылған. Жер сілкінгенде ортасындағы темір де қозғалып, мұнараны құлаудан сақтауы тиіс.

1995 жылы Кобеде магнитудасы 6,9 жер сілкінісінен 6400 адам қаза тапты. Бұл апаттан да Жапония сабақ алып, құрылыс стандарттары мен сақтықты күшейте түсті.

Токио қаласының ортасындағы Tokyo Skytree ғимараты. 2021 жылғы сурет.
Токио қаласының ортасындағы Tokyo Skytree ғимараты. 2021 жылғы сурет.

2011 жылы Жапонияда магнитудасы 9-ға жеткен жер сілкінісі болды. Бұл 1923 жылғы зілзаладан да күшті еді. Токиодағы теңселген зәулім ғимараттар көрген адамды үрейлендірген. Бірақ 1923 жылмен салыстырғанда Токиода көп ғимарат құламады. 2011 жылы 19 мың адамның көбі жер сілкінісінен емес цунамиден қаза тапты.

Кейін бұл ел цунами мен дауылды ерте ескертетін жүйе жасап шықты. Қандай да бір цунами қаупі төнсе, жұртқа ертерек хабарлайды. Бұған қоса, жыл сайын зілзаладан сақтану үшін халық арасында жаттығулар болады.

Жапониядағы 2011 жылғы цунами.
Жапониядағы 2011 жылғы цунами.

Ал 1 қаңтарда Исикавадағы зілзаладан 70-тен аса адам қаза тапты. Бұл сан өсуі мүмкін, бірақ бұл жолы 7 балдық зілзаладан мыңдаған адам аман қалды. Сарапшылар цунами қаупінің алдын ала ескертілгені, халықтың сақтыққа баса назар аударғаны, биліктің осыған дейінгі апаттардан сабақ алғаны шешуші рөл атқарды дейді.

Бұдан бөлек 2007 жылы ғалымдар 1975-2003 жылдары 42 елде болған 344 жер сілкінісін зерттей келе, "жемқорлығы жоғары елдерде жер сілкінісінен қаза табатындар көп болатынын" анықтаған.

Ғалымдар құрылыс саласында ең көп жемқорлық фактілері тіркелетінін, пара беру арқылы құрылыс сапасын тексеру мен лицензия беру ережесі бұзылатынын айтады. Ал құрылыс сапасы зілзала, табиғат апаты кезінде шешуші маңызға ие.

Жапонияның NHK World телеарнасының эфиріндегі "тезірек эвакуация жасаңыз" деген ескерту. 1 қаңтар 2024 жыл.
Жапонияның NHK World телеарнасының эфиріндегі "тезірек эвакуация жасаңыз" деген ескерту. 1 қаңтар 2024 жыл.

Тағы бір зерттеуде ғалымдар 1960-2002 жылдары болған 269 жер сілкінісін зерттей келе әлеуметтік теңсіздік зілзаладан қаза табатын адам санына тікелей әсер ететінін айтты. Зерттеу авторлары бай мен кедей апат кезінде бірлесіп қимылдай алмайтынын, құрылыс стандарттары дұрыс сақталмайтынын, үйлер бір-біріне жақын салынатынын көрсеткен.

Ал Жапония Transparency International ұйымының жемқорлық индексінде парақорлық аз жиырма елдің қатарына енеді. Сондай-ақ Жапония әлемде экономикасы ең мықты бес елдің қатарында.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG