Accessibility links

Қытай саудагерлері Қорғастағы "пара мен кедергіге" шағынады


Қазақ-қытай шекарасындағы Қорғас кедені. Алматы облысы, 20 наурыз 2014 жыл.
Қазақ-қытай шекарасындағы Қорғас кедені. Алматы облысы, 20 наурыз 2014 жыл.

Financial Times шекарадағы Қорғас еркін сауда бекетінің қиындықтары туралы жазып, ол жердегі "ұзақ бөгеліс пен параға" назар аударған. "Ислам мемлекеті" экстремистік тобына қосылмақ болғаны үшін Қазақстан азаматы 15 жылға сотталды.

ҚОРҒАСТАҒЫ ҰЗАҚ БӨГЕУ МЕН ПАРА МАШАҚАТЫ

Ұлыбританиялық Financial Times газеті "Жібек жолын жаңғырту амбицияларын іске асыруға Қытай-Қазақстан шекарасы бөгет болып тұр" деген мақаласында Қорғас еркін сауда бекетіндегі жағдай туралы "Пекиннің [жаңа Жібек жолындағы] негізгі сауда орталығына бөгелістер, қымбатшылық пен өзара өшпенділік бөгет болып тұр" деген комментарий жазған.

Қытайдың ежелгі Жібек жолын жаңғыртуды көздейтін "Бір белдеу – бір жол" жобасы осы кезге дейін бір елдің шетелде іске қосқан ең ірі инвестициялық жобасы саналады. Ал Қазақстан мен Қытай арасындағы шекарада орналасқан Қорғас бекеті осы жолдағы аса маңызды жүк тиеу орны болып есептеледі. 2020 жылға қарай Қорғас бекеті Қытай мен Қазақстан арасында жылына төрт миллион тонна тауар сақталып, тасымалданатын әлемдегі ең ірі "құрлық портына" айналады деген болжам айтылады.

Бірақ саудагерлер Қорғастағы үнемі ұзаққа созылатын бөгелістер, шығынның көптігі және импортты шектеу туралы шағымданады. Мысалы, бұл – Қытайдағы ең баяу өткізетін шекара бекеттердің бірі деген шағымдар түсіп жатыр. Орталық Азия аймақтық экономикалық ынтымақтастығы (Carec) бағдарламасы дерегінше, Қорғас арқылы Қытайдан Қазақстанға тауар апаруға орташа есеппен 10,6 сағат кетеді, бұл – кері бағытқа жүк тасымалдауға қарағанда екі еседей ұзақ. Financial Times газеті Әлім деген қытайлық ұйғыр саудагердің "шындығында, Қытай жағында кедендік процестер өте шапшаң жүргізіледі. Бірақ Қазақстанға тауар өткізу процедурасы қаншаға созылатынын білмейсің, ал кеденде жинайтын алым-салық екі есе көп болуы мүмкін" деген сөзін келтірген.

Қорғас кеден бекетінен жүкпен өтіп жатқан адамдар. Алматы облысы, 25 ақпан 2013 жыл.
Қорғас кеден бекетінен жүкпен өтіп жатқан адамдар. Алматы облысы, 25 ақпан 2013 жыл.

Поездан жүк түсіру құны жағынан Қорғас "[Carec мониторинг жүргізіп отырған] сауда дәліздері ішіндегі ең қымбаты болып тұр, ал бұл Қорғасты Орталық Азиядағы ең қымбат шекара бекеті етіп тұр" деп жазған Financial Times.

Өзге елдерге қарағанда, Қазақстанға Қытай тауарлары баяу жеткізіледі деген мәлімдемені Қазақстан өкілдері жоққа шығарады. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің дерегінше, 2016 жылға дейінгі бес жылдың ішінде екі ел арасындағы трансшекаралық сауда-саттық көлемі 100 есе ұлғайған және биыл жүк тиелген 200 мың контейнерге дейін еселенбек. Қазақстан өкілдерінің айтуынша, Қытай мен Еуропа арасындағы транзиттік жүк тасымалының 70 пайызы Қазақстан арқылы өтеді.

Бірақ Қытайда бұл мәлімдемемен келіспейтіндер бар. Мысалы, Қазақстанда Қытайға қарсы көңіл-күй күшейіп, Қазақстан жағындағы жобаларды аяқтау үшін инвесторлар жетпей жатқаны айтылады. Бұған қоса, Ресей басқарып отырған Еуразия экономикалық одағы аясында бір адам айына Қазақстанға 50 килограмға дейін немесе 1500 еуроның ғана жарияланбаған тауарын әкеле алатындай етіп шектеу қойылған. Ал Қытай Қазақстаннан келетін арзан импорттың отандық өндірушілерге кесірі тиюі мүмкін деп алаңдап, салықтан бос аймаққа ауыл шаруашылық өнімдерінің көп бөлігін әкелуге тыйым салған.

"Бұған қоса, Қорғастағы саудагерлер пара төлеуге мәжбүрміз деп шағымданады. Қорғастағы қытайлық трейдер "Қазақстан 1980 жылдардағы Қытайға ұқсайды. Заң үстемдігі жоқ, тек "ережелер" ғана бар. Бұл жақта ақшаның ғана күші жүреді" дейді. Қазақстанның кеден органдары таратқан мәлімдемеде "жекелеген [пара алу] оқиғалар тіркелгені болмаса, мұндай жүйелі құбылыс жоқ" деп хабарлайды" деп жазған Financial Times.

ИМ ТОБЫНА ҚОСЫЛМАҚ БОЛҒАНЫ ҮШІН 15 ЖЫЛҒА СОТТАЛДЫ

Жапонияда шығатын Diplomat газеті "Ислам мемлекеті" тобына қосылмақ болғаны үшін Қазақстан азаматы 15 жылға сотталды" деген мақаласында "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының қатарына қосылмақ болғаны үшін Қазақстан азаматы Ахрор Сайдахметовті 15 жылға соттау туралы үкім кескен Бруклин федералдық сотының жуырдағы шешімі туралы жазған. Түркияға ұшпақ болып билет сатып алған 19 жастағы Ахрор Сайдахметовті Нью-Йорк әуежайында тұтқындаған.

АҚШ президенті Барак Обама Израильге сапары кезінде. 30 қыркүйек 2016 жыл.
АҚШ президенті Барак Обама Израильге сапары кезінде. 30 қыркүйек 2016 жыл.

Іске Сайдахметовпен қатар Өзбекстан азаматтары – 24 жастағы Абдурасул Журабоев пен 30 жастағы Аброр Хабивов та тартылған. Сотта үшеуі де кінәсін мойындаған, ал Журабоев Сирияға кетпек болғандарын немесе АҚШ-тың сол кездегі президенті Барак Обамаға шабуыл жасамақ болғандарын, бірақ бұған үшеуінің ақшасы жетпегенін айтып берді. Оның сөзінше, "Барак Обаманың өзі де, Израильді қолдау арқылы мұсылмандарды өлтірудегі рөлі де, ДАИШ-ты ["Ислам мемлекеті" экстремистік тобының арабша қысқарған атауы – ред.] жуырдағы бомбалау да ұнамайды". "Иерусалимді Израиль астанасы ретінде тану бұл жағдайды жақсартпасы кәдік" деп жазған Diplomat.

"Сотқа тартылған адамдар Орталық Азиядан шыққанымен, олардың діни ұстанымы [әлгі астыртын әрекетке] онша байланысты емес тәрізді. Сотталушылардың авторитарлы режимдерден кек алу үшін Орталық Азияға барғысы келгені туралы еш жерде айтылмайды. Айыпталушылар Орталық Азиядағы достары мен байланыстар желісін өз мақсаттарына пайдаланған, бірақ олардың бәрі мұсылмандар көп тұратын өзге әлдебір аймақтан болса да бұдан бірдеңе өзгере қоймас еді" деп жазған Diplomat.

ҚАЗАҚСТАНҒА САЯХАТ ЖАСАУҒА 10 СЕБЕП

Ағылшын тіліндегі Telegraph газетінде "2018 жылы саяхаттағыңыз келетін елдер тізіміне Қазақстанды енгізудің 10 себебі" деген мақала шықты. Мақалада 2018 жылы Ұлыбритания азаматтары Қазақстанға 30 күнге дейін визасыз бара алатыны туралы хабарланған.

Астанадағы "Бәйтерек" мұнарасының алыстан түсірілген суреті.
Астанадағы "Бәйтерек" мұнарасының алыстан түсірілген суреті.

Telegraph басылымының пікірінше, Қазақстанда көруге тұратын ең қызықты жерлер – Таңбалы тастағы суреттерді тамашалауға; Шымбұлақта шаңғы тебуге; Шарын шатқалында құстарды қызықтауға; Семейдегі Достоевский мұражайы мен Алматыдағы музыкалық аспаптар мұражайына баруға; жылқы еті мен қымыздың дәмін татып көруге; "Нұр Астана" мешітіне және Қайыңды көліне, мақалада "төбесінде жұмыртқа тұрған мұнара" деп атаған Бәйтерекке экскурсия жасауға болады. Бұған қоса, "ең бай адамдар немесе тамыр-таныстары барлар" үшін Байқоңыр ғарыш айлағына баруға кеңес берген.

Telegraph газеті Қазақстанды ұлттар саны жағынан әлемдегі "ең бай" елдердің бірі, қазір Қазақстанда 131-ден астам этникалық топ өкілдері тұрады деп сипаттаған. Бұған қоса, елді "тәуелсіздік алған сәттен бері Нұрсұлтан Назарбаев үзбей басқарып келеді", оның режимін "сөз бостандығын шектегені үшін құқық қорғау ұйымдары аяусыз сынайды" деп жазған.

XS
SM
MD
LG