Accessibility links

Тегеран шетелдегі ирандық журналистерге қысымды күшейтті


Иран президенті Махмуд Ахмадинежад журналистерге сұхбат беріп тұр. Иран, 7 қараша 2012 жыл.
Иран президенті Махмуд Ахмадинежад журналистерге сұхбат беріп тұр. Иран, 7 қараша 2012 жыл.

Тегеран шетелдегі ирандық журналистерге олардың елдегі қаржы шоттарын жабу және Ирандағы туыстарын қорқыту сияқты тәсілдерді қолданып отыр.

Мұндай қорқыту амалдары мемлекет бақылауындағы БАҚ өкілдеріне де жасалған.

«ЖАЗУДЫ ТОҚТАТПАСАҢДАР, БӘЛЕГЕ ҚАЛАСЫҢДАР»

Бұл - шетелдегі ирандық журналистерге биліктің жолдаған ескерту хаттарының мәтіні. Мұнымен қатар, «егер айтқанды істемесеңдер, абыройларың төгіліп, қаржы шоттарың жабылып, туыстарың қиын жағдайда қалады» деп ескертілген.

Лондонда істейтін саяси журналист Әли Асгар Рамазанпурдың туыстары «Иранның қауіпсіздік қызметкерлері бізге «Бауырларыңа айтыңдар, белсенді әрекетін тоқтатып, Иранға қайтып оралсын. Олай болмаса, қысым күшейе береді» деп ескертті» дейді.
Егер айтқанды істемесеңдер, абыройларың төгіліп, қаржы шоттарың жабылып, туыстарың қиын жағдайда қалады.

Журналистің туыстары өздерінің «бірнеше рет қамалып, тергеліп, қоқан-лоқы көргендерін, жалақыларының қысқарып, қызметтерінің төмендетілгенін» айтып отыр. Олар «осының бәрі бізге Рамазанпурдың шетелде журналист болғаны үшін ғана жасалды» деп санайды.

Бір кездері реформашыл президент атанған Мұхаммад Хатамидің тұсында мәдениет министрінің орынбасары қызметін атқарған Рамазанпур - парсы тіліндегі бұқаралық ақпарат құралдарының шетелдерде жұмыс жасауына ықпал еткен тұлға. Ол Азаттыққа «Иран режимінің туыстарына қысым жағанынан бөлек, абыройын да төгуге тырысқанын» айтты.

- Олар Facebook-тегі парақшамда тұрған жеке суреттерімді көшіріп алып, баспасөз мен телеарналарда мені «шетелдің тыңшысы» деп қаралады, - дейді ол.

Рамазанпурдың «үнін өшіру» әрекеттері Иран басшылығы былтыр бастаған шетелде істейтін ирандық журналистерді үркітіп-қорқыту науқанының бір бөлшегі ғана сияқты.

SKYPE-ПЕН ТЕРГЕУ

Осы науқан барысында қауіпсіздік органдары журналистердің туыстарын қорқыту, қамап қою және әлеуметтік желілерде оларға жалған айыптар тағып, өсектер тарату, тіпті кей-кездері жыныстық тұрғыда масқаралау сияқты амалдар қолданған.

Иранда шетелдегі бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат берген ирандықтарды кейде түрмеге де қамаған.
Азаттық радиосы Парсы қызметінің директоры Арманд Мостофи.
Азаттық радиосы Парсы қызметінің директоры Арманд Мостофи.

Мәселен, BBC-дің парсы бөлімі тілшісінің туысын 2012 жылдың ақпан айында қамап ұстап, тілшінің өзін Ислам революциясы сақшылар корпусының қызметкерлері Skype арқылы тергеген.

Азаттық радиосының Farda деп аталатын Парсы қызметінің директоры Арманд Мостофидің айтуынша, Иранның билік органдары Farda радиосының кем дегенде штаттағы 20 қызметкерінің туыстарын қорқытып, түрмеге қамаған.

Аты-жөнін айтпаған Farda радиосының тілшісі барлау органдарының соңғы айларда оның жақын туыстарын бірнеше рет шақырып тергегенін айтты.

- Олар туыстарымнан менің Иранға оралуымды және Farda радиосындағы жұмысымды тоқтатуымды талап еткен. Билік өкілдері де туыстарыма «қоғамдық әрекеттеріңді тоқтатыңдар» деп ескерту жасады, - дейді ол.

«ИРАН РЕЖИМІНІҢ ТАҢДАП АЛҒАН ТӘСІЛІ»

Мұндай қорқыту амалдары шетелдегі ирандық журналистерге ғана жасалып отырған жоқ. Мемлекет бақылауындағы БАҚ журналистеріне қарата жасалған ескертулер болып тұрады.

2013 жылы қаңтардың 3-і күні Bultannews сайтына қауіпсіздік органдарының журналистерге ескертуі жарияланды. Аталмыш сайт «ақпарат көздеріне» сілтеме жасай отырып, барлау органдарының «террористерге» қолдау көрсетіп, «контрреволюциялық» желілерде жұмыс жасайтын ирандықтардың үстінен қылмыстық іс қозғайтынын жазған. Осы сайтта тиісті органдардың шетелдегі ирандықтарды тұтқындау үшін халықаралық ордерлер алуға да әрекеттеніп жатқаны айтылған.
Ирандық журналист Ахмад Зейдабади (ортада) түрмеден 48 сағатқа босатылып, отбасымен қауышты. Иран, 4 тамыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Ирандық журналист Ахмад Зейдабади (ортада) түрмеден 48 сағатқа босатылып, отбасымен қауышты. Иран, 4 тамыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Bultannews сайтындағы сол ескертуде «күдікті адамдардың барлық дүние-мүлкі мен банктегі қаржылары тексеріледі» деген сөз бар. Сонымен қатар, «парсы тілінде ақпарат тарататын Farda радиосы, BBC, VOA сияқты бұқаралық ақпарат құралдарына шара қолданылады» деп жазылған.

Иран туралы ақпарат тарататын халықаралық жаңалық агенттіктерін «террористік, тыңшылық топтар» деп қаралау - Иран режимнің таңдап алған тәсілі.

«Кейхан» деп аталатын телеарнаның жүргізушісі Мехди Мохаммади қаңтар айында күнара тікелей эфирдегі бағдарламасында BBC мен Farda радиосы террористер дайындап жатыр» деп хабарлап отырды.

Farda радиосына Ираннан хабарласқан азамат «жаңалықта айтылған мәселе бойынша мен сіздермен бірігейін деп едім» деп ұсыныс жасаған. Ол алты айдан бері қару алып, дайындалған екен.

Қыркүйек айында Resalat консервативті телеарнасы парсы тілінде хабар тарататын шетелдік БАҚ-та істейтін ирандық журналистерге «Батыс ақпарат құралдарының сарбаздары» деген ат қойып, билікті оларға қарсы «құқықтық, саяси және қауіпсіздік» шараларын қолдануға шақырды.

«ЗЕЙНЕТАҚЫ ШОТЫҢДЫ ЖАУЫП ТАСТАЙМЫЗ»

Рамазанпур «Әу баста билік журналистердің өзін ғана қорқытқанын, бірақ қазір бұл тәсілдің ауқымы кеңігенін» айтты.
«Шекарасыз тілшілер» ұйымында істейтін ирандық ғалым Реза Мойни.
«Шекарасыз тілшілер» ұйымында істейтін ирандық ғалым Реза Мойни.

- Билік бұған дейін өнер адамдарына тиіспей, мен сияқты саясатқа араласқан адамдарға ғана қысым жасайтын. Бірақ кейінгі айларда билік өкілдері анимациямен айналысатын өнер адамдарына да қысым жасап отыр. Билік өкілдері аниматордың анасын шақырып алып, оған зейнетақы шотыңды жауып тастаймыз, балаңның шетелден саған ақша салатын шоттарын да құлыптаймыз деген, - дейді ол.

Reporters Without Borders («Шекарасыз тілшілер») ұйымының қызметкері, ирандық ғалым Реза Мойнидің айтуынша, «үкімет Иранның бұқаралық ақпарат құралдарын репрессия құралына айналдыруға әрекеттеніп жатыр».

- Бұл - еркін ақпарат алмасуды тоқтатуға бағытталған шара. Ең басты мақсат - шетелдерде орналасқан тәуелсіз БАҚ-қа ел ішінде тосқауыл қойып, оларды репрессияға ұшырату, - дейді ол.

Иранда жақын туыстары қоқан-лоқыға ұшыраған тағы бір журналист Азаттық радиосына берген сұхбатында «Қорқыту амалдары маусым айының 14-і күні өтетін президент сайлауына дейін қарқынды түрде жалғасады. Билік өкілдері қазір шетелдегі журналистердің аузын жабу үшін бар күшін салып жатыр. Билікте отырғандар әшкере болғысы келмейді» деп болжайды.

Иран басшылары 2009 жылы президент Махмуд Ахмадинежад қайта сайланған соң басталған көшедегі жаппай толқу мен оларды күшпен басу оқиғаларын Ирандағы БАҚ арқылы жариялауға мүмкіндік бермеген еді. Сол кезде шетелдегі парсы тіліндегі БАҚ Ирандағы әріптестері арқылы ол ақпараттарды жарыққа шығарған.
Иран президенті сайлауының даулы нәтижесіне қарсылық шеруі. Тегеран, маусым 2009 жыл.
Иран президенті сайлауының даулы нәтижесіне қарсылық шеруі. Тегеран, маусым 2009 жыл.

Ираннан жырақта орналасқан, парсы тілінде ақпарат тарататын Farda сияқты ақпарат құралдары Иранның осы оқиғаға (сайлаудан кейінгі толқулар – ред.) берген ресми мәлімдемесін теріске шығарды. Олар сонымен қатар, азаматтық белсенділердің ойын ашық білдіруге және олардың Ирандағы жабық тақырыптарды ашық талқылауына мүмкіндік береді.

Шеттегі журналистерге қысым жасау науқаны ел ішіндегі цензураның күшеюімен бірге жүріп жатыр. Иран билігі саяси ахуалдың қызған шағында парсы тіліндегі жаңалық агенттіктерінің таралымын ел ауқымында тоқтатып тастайды.

Қазан айында Тегеранда Иранның құлдыраған валютасына байланысты толқулар басталғанда Иран режимі Farda радиосының спутник арқылы берілетін жаңалықтарының таралуына бөгет жасады.
XS
SM
MD
LG