Accessibility links

Полиция "салғырттық" танытты. Экс-күйеуінен қастандық көрген әйелдің ісінде айыптау үкімі оқылды


Индира Тергеубаева
Индира Тергеубаева

Алматының Алмалы аудандық соты көші-қон полициясының бұрынғы аға инспекторы Данияр Әденовті салғырттық айыбы бойынша кінәлі деп тапты. Іс бойынша, айыпталушының салғырттығы Алматы тұрғыны Индира Тергеубаеваның өміріне қастық жасалуына жол берген. Бұл туралы Тергеубаеваның адвокаты хабарлады. Сот сондай-ақ көші-қон полициясы қызметкерлеріне екі жеке қаулы шығарды.

Судья Қайрат Иманқұлов айыптау үкімін шығарғанымен, "ескіру мерзіміне" сілтеп, Әденовті қылмыстық жауапкершіліктен босатты деп жазды "Настоящее время".

Әденов Ресей азаматы Әли Боприевті Қазақстаннан кетіруге міндетті болған. Боприев бұрынғы әйелі Индира Тергеубаеваның қыр соңына түсіп, мазасып алған, оған зорлық-зомбылық жасағаны үшін бірнеше рет айыпты деп танылған. Ақыры 2021 жылы Қазақстан жоғарғы соты оны елден депортациялау туралы қаулы шығарған. Бірақ сот қаулысы орындалмады. Бір жарым жылдан соң Боприев бұрынғы әйелі жұмыс істейтін дүкенге келіп, оған және өзіне бензин құйып өрт қойған. Боприев қаза тауып, денесі қатты күйген Индира тірі қалған.

Индира үш жылдан астам уақыт бойы осы оқиғаға жол берген құқық қорғау органы қызметкерлерін жауапқа тартуға талпынып келеді. Бастапқыда оның адвокаттары "әрекетсіздік" бойынша (Қылмыстық кодекстің 370-1-бабы) іс қозғауды талап еткен. Бірақ Боприевтің қазасы мен Индираның ауыр жарақатына қарамастан, сотқа дейінгі тергеу кезінде-ақ іс жазасы жеңілдеу 371-бапқа ("салғырттық") ауыстырылған.

Тараптардың пікірталасы кезінде прокурор соттан айыпталушыға қарсы істі "ескіру мерзіміне" байланысты тоқтатуды сұраған. Заң бойынша, егер қылмыстың салдары ауыр болмаса және содан бері екі жыл өтсе, істі жабуға болады. Әденов жасады деген құқықбұзушылықтан бері екі жылдан астам уақыт өтті деді прокурор.

Былтыр тамызда Индира болған жайтты Азаттық радиосына баяндап берген. Видеосын көре отырыңыз:

СОТ ҚАЛАЙ ӨТТІ?

Индираның адвокаты Айнара Айдарханова құқық қорғау органы қызметкерлері қылмыстық іс қозғауға мейлінше кедергі келтіріп, тергеуді созбақтады дейді. Олар істі ашу үшін ғана кемі жарты жыл уақыт кетірген. Ал Тергеубаеваны жапа шегуші деп тануға тағы 15 ай кеткен. Іс шабуылдаушының қазасына байланысты деп бірнеше мәрте жабылып та қалған.

"Өкінішке қарай, Қазақстанда әйелдер қастыққа, қудалауға, ұрып-соғуға және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болып жатады. Ал Тергеубаева үнсіз қалмайтын әйелдер қатарынан табыла білді. Бұл – әрдайым өз құқығы үшін күрескен әйел. Бірақ ол үнсіз отырса да, отырмаса да нәтиже біреу, – деді Айдарханова.

Индираның екінші адвокаты Гүлнар Жуаспаева құқық қорғау органдарындағы ер адамдар көп жағдайда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелге көмек көрсетуге құлықсыз екенін айтады.

"[Индира Тергеубаева] көп жыл бойы бұрынғы күйеуі Боприевтен зорлық-зомбылық көріп, полицияда да, сотта да әділетке қол жеткізе алмады. Егер бұл істі жауып тастаса, тергеу кезінде де, сотта да әділетке қол жеткізе алмай жүрген әйелдер не істеуі қажет?! Жауабын түсінген боларсыз. Боприев құқық қорғау органдарында жұмыс істейтін ер адамдар әрдайым абьюзер мен садистің жағында болатынын білгендіктен ғана оған емін-еркін зорлық-зомбылық көрсете берген", – деді Жуаспаева.

Әденовтің адвокаты Алмас Әлайдар қорғауындағы адамның кінәсіздігін куәгерлердің сөзі және 2022 жылы (Жоғарғы сот шешімінен бір жыл өткенде) оның өзге жұмысқа ауысып, қолындағы істерді әріптестеріне бергені дәлелдеп отыр дейді. Ішкі қызметтік тексеру де Әденовтің кінәсіз екенін анықтаған.

"Оны [өзге бөлімге] ауыстырғаннан кейін, Боприевті елден шығару материалдарымен куәгер Ержан Кемал айналысқан. Ол мұны сотта растады. Сотта тергелген [Әденовтің бастығы Азамат] Қойшыбеков те [Әденов] қызметін ауыстыру туралы бұйрық шыққан күні өз материалдарын Ержан Кемалға бергенін растады. Ол сондай-ақ атқарылған жұмыстарды да растады. Әденов 2022 жылғы 8 сәуірден бастап Әли Боприевті елден шығару ісіне жауапты болмаған", – деді адвокат.

Алайда іс материалдарында Қойшыбеков сот кезінде мәлімдеген баянаттар табылмады. Бұл құжаттар қайда екенін қорғаушылар жағынан ешкім айта алмады.

Данияр Әденов
Данияр Әденов

Соттағы соңғы сөзінде Данияр Әденов өзін кінәлі деп санамайтынын айтып, соттан "әділ шешім шығаруды" сұрады.

Индира Тергеубаева мен оның адвокаттары осы іс бойынша көші-қон полициясының өзге де қызметкерлерін, учаскелік полицейлерді де жауапқа тартпақ болған. Индира осы азаматтарға да бірталай мәрте жүгінген. Бірақ сотқа дейінгі тергеу кезінде олар куәгер атанды.

Сот отырыстарына олардың бәрі бірдей қатысқан жоқ. Ал қатысқан куәгерлердің бірі, Алматы көші-қон полициясының бұрынғы бөлім басшысы полковник Қайыржан Тоқтыбаев экраннан майка киіп отырған күйі көрінді. Кейінірек Алматы полициясы оны осы үшін қызметінен босатқанын хабарлады.

Индираның адвокаттары айтқандай, қастандық пен қызметкерлердің әрекетсіздігінен 13,5 млн теңге (шамамен 28 мың доллар) шығын келген. Оның ішінде ем және оңалту, несие шығындары бар. Әлі бірнеше ота жасату қажет. Ол оталар қолдың икемділігі мен есту қабілетін қалпына келтіру үшін керек. Мұның құны шамамен 100 мың доллар болады. Адвокаттар бұдан бөлек моральдық нұқсан ретінде тағы 100 мың доллар талап етіп отыр. Индира бұл ақшаны оңалту шараларына жұмсағысы келетінін айтады.

Жарыссөз кезінде прокурор Индираның шығынын жартылай өтеуді, яғни түбіртегі бар сомаларды ғана өтеуді талап етті. Судья материалдық шығын туралы шағымды қараусыз қалдырып, оны азаматтық істер жөніндегі сотқа берді.

КҮРЕС ӘЛІ АЯҚТАЛҒАН ЖОҚ

Данияр Әденовке айыптау үкімі шыққанына қарамастан, Индира мен оның қорғаушылары әділет жолында бұдан әрі де күреспек. Тергеубаева Қазақстан президентінің қабылдауына жазылып, бас прокуратураға арыз жазған.

"Соттағы жарыссөзден шыққан соң аздап жылап алдым. Бірақ [адвокатқа]: "Айнара, біз мұнымен тоқтамаймыз, бұдан әрі барамыз" дедім. Есіктің тарс жабылғанын көріп тұрғаным бірінші рет емес. Меселімді қайтарғанға үйреніп қалғанмын. Бірақ мен бұл қызметкерлер шартты болса да, жаза алуы үшін аяғына дейін жеткім келеді", – деді Индира.

Прокурордың мәлімдемесінен соң Индира Тергеубаева жалғыз адам пикетін өткізбек болған. Бірақ Алматы әкімдігі оның акция өткізуге деген ешбір өтінішін мақұлдамаған. Адвокаттардың айтуынша, әкімдік өз шешімін негіздей алмаған. Сөйтіп олар қала әкімдігі үстінен әкімшілік арыз түсірген.

Осы жылдары Индира Тергеубаева әділдік іздеумен қатар тәні мен жанының саулығын оңалтумен айналысып келді. Алған жарақаты салдарынан оны екінші топтағы мүгедек деп таныған. Бірақ бұл статусты жыл сайын растап тұру қажет. Индираға осы кезге дейін он күрделі ота жасалған. Қазір ол тұрақты түрде оңалту шараларына барып жүр.

"Бұл туралы ешкім ойлана бермейді. Бетіме тыртық пен тігісті жазу үшін ай сайын 90-100 укол салады. Төрт рет бетімді лазермен тегістеді. Осының арқасында бетім жұрттікіне ұқсай бастады. Шашым өсті. [Полицейлер] мені "қалыпты" адам көріп, "саған енді не керек, тынышталсаңшы" дейді. Осы оқиға болғанда мені ешкім көрмеген, сол себепті мен үшін [жарақат көрінетін] суреттерімді тіркеу маңызды болды. Мұның бәрі олар қызмет міндетін орындамағаннан болды", – дейді Индира.

Индира Тергеубаева бұрынғы күйеуінің қылмыстық әрекеттерін бірнеше жыл бойы айтып келеді. Соның қай-қайсысы болсын оған ауыр тиеді. Басынан өткен жайттар мен күйзелістен, сот процестерінен оның ұйқысы да қашқан.

"Үйде көз жасымды көрсете алмаймын, әке-шешеме мықты, сынбайтын адам болып көрінгім келеді. Қиындықты көтере алатындай кейіп танытамын, бірақ іс жүзінде маған өте ауыр. Барлығы да заңға сай, әділет бойынша шешіледі деп үміттенгенмін", – деді Индира үкім шығардың алдында.

Өзінің Instagram-парақшасында ол болған жағдай туралы, мүгедектік қосылған өмірі жайлы баяндап тұрады. Ол онда бетіндегі тыртықтар мен олардың ізін жасыратын, денсаулығын қалыпқа келтіретін оталар мен шаралар туралы айтады, өзгелерді тұрмыстық зорлық-зомбылыққа төзбеуге үндейді.

Индираны барынша қолдап келе жатқан туыстары кейде оған жүйемен күресудің қисыны жоқ деп айтады екен. Бірақ ол оған келіспейді.

"Мен оларды тыңдамаймын. Менің міндетім бар деп санаймын. Тірі қалғаным бекер емес. Менде осы жүйені аздап болсын өзгертуге деген ұмтылыс бар".

XS
SM
MD
LG